• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
100 14 Тамыз, 2020

Қызыл Қазақстан (Қазақ Республикасын құру жөніндегі Декретке – 100 жыл)

1051 рет
көрсетілді

Біздің ел Кеңестер билігі астында 71 жыл өмір сүрді. Осы жылдарда шыңға да шықтық, құзға да құлдырадық, ақыры, сонша уақыт ішінде бастан кешкен барша жеңістеріміз бен жеңілістеріміздің, әсіресе алапат ашаршылыққа ұшырап, шыбынша қырылуымыздың өтеуіне, тәуелсіздік туын көтеруге мүмкіндік алдық. Ал совет өкіметінің басты басшы органдары Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінің 1920 жылғы 26 тамызда шығарған құжаты кеңестік қазақ мемлекеттігінің туған күнін шегелеп көрсеткен тарихи қаулы – Автономиялы Киргиз (яғни Қазақ) Социалистік Советтік Республикасын құру туралы Декрет болатын.

Қазақ Республикасының туын тігу­ге пұрсат арнайы Декретпен больше­визм биігінен берілген. Тиісінше бұл мем­лекеттік бірлік жоғарыдан көзделгендей, таптық негізде құрылды. Күштінің құқымен өмір сүруін тоқтатуға мәжбүр болған Алаш автономиясының қайраткерлері осы таптық мемлекеттік бірлікке қызмет етті. Неоимперия билігінің рұқсатымен құрылып жатқан республика ауқымында аңсаған елдік мүдделеріне қол жеткізуге күш-жігерлерін жұмсады. Сөйтіп құры­лысына солар да белсене атсалысқан Қазақ Республикасы тап туымен Совет өкіметінің қоластында даму бағытымен жүрді. Терістік-батыс өңірлерде Ресей Федерациясындағы Автономия ретінде бастаған елдік тіршілігін жер-суы мен халқын 1925 жылы бір шаңырақ астына жинап, байырғы «қазақ» атын өзіне ресми түрде қайтара отырып жалғастырды.

Бірақ іргесін кеңейтсе де, Қазреспуб­лика сол қалыпта бейбіт өркендеу жолына түсе алмады. Мәскеу берген басшының жетегімен ауылдарда «шағын революция» өрті тұтатылып, таптық сына қағылды. Сөйтіп ішкі әлеуметтік араздықтар қол­дан өршітілді. Көп ұзамай, 30-жылдары, орталық өңірлердегі революциялық өзгерістерден қалмауға тырысып, қуыр­шақ республикаға тән құлдық санамен солақай реформалар жүргізілді. Қуыр­шақ республикадағы әскери күштер ке­леңсіз тәркілеу мен жүйесіз салықтарға қар­сылық білдірген көтерілісшілерді жуасытып, бағындырды. Қуыршақ республика қайраткерлері Орталыққа көзсіз емінуі салдарынан ел ішінде іс жүзінде жасанды ашаршылық саясаты өрістеді. Республика басшылығы жер-жерден түскен аштықтың алғашқы дабылдарына көз жұма қарады. Содан халқының жартысына жуығы қырылған ұлттық апатты бастан кешті.

Ақыры қасіретті кезең де артта қалып, Қазақ Республикасының жаңа басшылығы өлкедегі халықтың ашаршылықтан аман қалған бөлігін мәдениет революциясын жасаумен серпілтті. Кеңестік құрылыс аясында мектептер көбейді, жоғары оқу орындары ашылды, өнерпаздарға көңіл бөлінді, байқаулар өткізілді. Ұлттық өнер құдіретінің 1936 жылы арнайы өткізілген декада барысында Мәскеуді дүр сілкіндіруі республикамыздың ав­то­номиялық мәртебеден жоғарылап, одақ­­құрушы «тәуелсіз мемлекеттер» қа­та­рына кіруін мүмкін етті. Осы ұлы оқи­ғаның артынша Үлкен террор басталды. Жұрт жаппай саяси қуғын-сүргінге түсірілді. Одан халқымыз ортақ отан болып тұрған советтік империяның екінші дүниежүзілік соғыста шеккен қасіретін бірге бастан кешіп, қаһармандықтың үздік үлгілерін көрсетті. Жеңіске тәубе етіп, соғыс ауыртпалықтарынан халық енді еңсе көтере бергенде, 50-жылдары, қазақ жеріне «тың көтереміз» деген тәтті ұранмен империяның еуропалық бөлігінен бақ іздеушілер нөпірі төгілді. Соның салдарынан Ұлы Дала жаңаша отарланды. Қазақ өз Республикасында бар болғаны 29 пайызын құраған ұлттық азшылыққа айналды. Алайда ұлттық рух қуаты жұртымызды алға жетелей берді. 60-70-жылдарғы бейбіт өмірде демографиялық дүмпу үдерісі орын алды. Сан жағынан да, сапа жағынан да өсті. Оқыды, жетілді. Бірақ ұлттық мүд­делері толық қанағаттандырылмай, шек­теу көріп тұрды. Мұны алдымен жас­тар өткір сезініп, наразылық таныт­ты. Орталықтың өктем озбырлығы мүлдем шектен шыққанда, бейбіт ереуілді сая­си көтеріліске ұластырды. Қатаң тотали­тарлық құрсау осылай шытынап, кеңестік империяның өзге өңірлерінде де туған бұлқыныстар нәтижесінде мүлдем қау­сады. Сөйтіп халқымыздың алты мүшелге жуық бұралаң жолы, ақыры, аңсаулы егемен елдікке алып келді...

Аз-кем шегініс жасайық. Барлық тарихи өзгерістердің көзі күлліресей жеке-дара билеушісінің тақтан түсуі болғаны баршаға белгілі. Болашақ мемлекеттік құрылым түрі Бүкілресейлік Құрылтайшы жиналыста анықталып, белгіленеді деген үміт көзі ашық қауым алдында жар­­қырап жанып тұрды. Мемлекеттік дума­ның Комитеті құрған Уақытша үкімет Ресей Империясының орнына Ре­сей Республикасы орнағанын жариялады. Бірақ билікті большевиктер басып алды да, өкіметті түгелдей Советтерге беру ұранын көтерді. Өздері ұсынған мем­лекеттің құрылым жайындағы жобаны қабыл алмағандықтан, 1918 жылғы 5 қаң­тарда ашылған Құрылтайшы жиналыс­ты бірінші жұмыс күнінің соңында-ақ тарқатып қуып жіберді. Уақыт өткен са­йын Кеңестердің жер-жерде күшейіп бара жатқаны аныққа айналды. Сонда Бүкіл­қазақтық «Алашорда» Ұлт Кеңесі Ресей Халық Комиссарлары Кеңесімен тікелей келіссөз жүргізуді мақұл көрді.

Жаһанша Досмұхамедов бастаған Алашорда делегациясы Предсовнарком Ленинге, Наркомнац Сталинге қазақ автономиясының жайын баяндады. Совет үкіметі 1918 жылғы сәуірдің басында Алашорда делегациясына қазақ істерімен шұғылданатын арнайы комиссариат ашуға және таяу мезгілде қазақ автономиясын жариялауға уәде берді. Бірақ артынша-ақ Алашорданы совет ниетіне жат ұйым деп тапты. Сөйтті де, Халкомкеңестегі келіссөзде Досмұхамедов делегациясына – тікелей, Семейдегі орталық Алашорда басшыларына – төте желі арқылы берген уәдесін тәрк етіп, құрған жоспарын оларсыз, кеңестік негізде орындауға кірісті.

Революцияшыл қазақтардың көрнекті өкілі Әліби Жангелдин болғаны баршаға мәлім. Ол 1917 жылғы көктемде Петроград­тағы жаңа өкімет мінберінен қырдағы қылмыс жайында дабыл қақты. Патша өкіметінің келмеске кеткеніне қарамастан, қазақ даласында ескі биліктің жазалаушы жасақтары қанды ойнақ салып жүргенін, әлі күнге халықты жуасыту шараларын тоқтатпағанын әшкереледі. Сол жылдың жазында Жангелдин Петросоветтің өкілі ретінде Торғай даласында үгіт-насихатпен айналысқан. Сонысы үшін Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары Әлихан Бөкейхановтың әмірімен түрмеге түсіп, Петросовет араласқан соң ғана босатылған. Қазан төңкерісінен кейін Торғай облысының комиссары ретінде Орынборды ақтардан азат етуге қатысқан. Ол 1918 жылғы наурызда Орынборда Торғай облысы Кеңестерінің съезін өткізді, съездің Совет өкіметі идея­ларын толығымен қолдап, басшылыққа алғаны жайында Халкомкеңеске баянхат жөнелтті. Көп кешікпей Мәскеуге өзі барып, үкімет басшыларымен кездесті, олар Торғай Кеңестері съезінің қаулыларын түгелдей мақұлдады. Ақылдаса келе, Жанша Досмұхамедов басқарған алаш­ор­дашылар делегациясына уағда етіл­ген қазақ комиссариатына жаңаша түр беріп, Ұлт істері жөніндегі халық комис­сариатының жанынан Қазақ бөлімін ашу­ға келісісті. 1918 жылғы 11 мамырда тиісті қаулы шықты. Жангелдиннің ұсынысы бойынша бөлім бастығы болып, совет идеяларын бірден қабыл алған, Жангелдиннің сенімді көмекшісіне айналған, Торғай съезінде облаткомның жауапты лауазымына сайланған ескі режім интеллигенттерінің бірі Мұхамедияр Тұн­ғашин тағайындалды.

РКФСР Ұлт істері жөніндегі халко­ма­ты­ның Қазақ бөлімі Қазақтың Совет­тік Автономиясын жариялауға дайын­дық жұмыстарын азамат соғысы уақы­тындағы күрделі жағдайда, ерекше тия­нақтылықпен жүргізді. 1919 жылғы ма­мырда Дала өлкесінің Төтенше комис­са­ры Әліби Жангелдин Қазақ Совет авто­­номиясын құру мәселесі бойынша әуелі И.В.Сталиннің, одан В.И.Лениннің, со­сын тағы да Сталиннің қабылдауында болып, ағымдағы жағдайдан туындаған мәселелер мен оларды шешу жолдары жө­нінде ақылдасты. Ертеңіне Сталиннің басшылығымен Ұлт істері халкоматының отырысы өтті. Сол мәжілісте өлкені басқа­ратын әскери-революциялық комитет құру және оның ережесін жасау жайында маңызды шешім қабылданды. Мамыр – маусым айларында Қазақ революциялық комитетін құрудың әртүрлі қырларын пысықтауды көздеген бірқатар комиссия жұмыс істеді. Құрылмақ Қазревкомның Ережесін жасауға Наркомнацтың Қа­зақ бөлімі тікелей қатысты. Ұлт істері жө­ніндегі халкомат комиссиясы жасаған жоба 1919 ж. 25 маусымда Ұлт істері, Ішкі істер, Жер-су, Сыртқы істер халко­мат­­тарының, Бүкілресей Бас штабы мен Түркістан Республикасының өкілде­рінен құралған ведомствоаралық комиссияда қазақ делегациясының (Әліби Жангелдин, Мұхамедияр Тұнғашин, Құсайын Бекентаев, Байқадам Қаралдин) қатысуымен қаралды. Қазақ өлкесін бас­қаратын Революциялық комитет тура­лы уақытша ереже 1919 жылғы 10 шіл­деде Предсовнарком В.И. Ленин­нің төрағалығымен өткен РКФСР Халком­кеңесінің қаулысымен бекітілді де, сол күні Ленин Қазревкомды құру туралы Декретке қол қойды.

Ресей республикасының орталық өкі­меті Ревкомның алғашқы құрамына же­ті адамды бекітті. Қазревком төр­аға­сы – Станислав Пестковский, мүше­лері – Әліби Жангелдин, Бақытжан Қа­ра­таев, Сейітқали Меңдешев, Ахмет Байтұрсынов, Әбдірахман Әйтиев бол­ды. (Әділін айту керек, төрағалыққа кеңес­тік билік өкілі, ұлт комиссары Сталин ко­­­ми­теттегі қазақ мүшелердің бірін, атап айтқанда Жангелдинді ұсынған, алай­да қазақтар ұлттық мүддені ішкі ала­уыз­дыққа жығып беріп, қазақ ісін бас­қаратын адамды үкіметтің өз ішінен ұсынуын табандылықпен қалап отырып алған). Бұл құрамға ел ішіндегі бел­сенді қызметкерлерді Ревком мүшесі құқ­­ық­тарымен қосуға (кооптация жасауға) Қаз­­­ревком қақылы болды. Ережеде Қа­зақ өлкесінің территориясы Түркістан рес­публикасының, Қазақ съезінің және орталық Совет өкіметінің келісімімен анықталады делініп, оған дейін Ревкомның қарауына Астрахань губерниясындағы қазақ территориясы, Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстары кіретіні атап көрсетілді. Революциялық комитеттің ұйымдастырылуына байланысты Нарком­нацтың Қазақ бөлімі таратылатын және оның орнына ВЦИК жанынан Қазақ өлкесінің үш адамнан тұратын өкілдігі ашылады делінді. Қазақ өлкесінің жалпы съезін шақыру үшін Қазақ бөлімі құрған Бөкей ордасындағы Комиссияның орнына Қазревкомның жанынан сол міндеттерді атқаратын бөлім ашылатын болды. Ережеде барлық атқарылуға тиіс мәселе 19 тармаққа бөлініп, нақтылана тұжырымдалды.

Қазревкомның тұрақты жұмыс орны Орынборда болады деп белгіленді. 1919 жылғы 7 тамызда ревком төрағасы Пестковский партияның Орталық коми­тетіне, Халкомкеңеске, Наркомнацға, Наркомнацтың Қазақ бөліміне жеделхат салып, Қазревкомның Орынборға келіп жеткенін хабарлады. РК(б)П Орынбор губерниялық комитеті қаладағы жақсы ғимараттардың бірін (Совет көшесі, 10) Қазревкомға арнап босатып, ревкомның ұйымдық тұрғыда қысқа мерзім ішінде қалыптасуына көмек көрсетті.

Революциялық комитетке, оның бас­шылығы мен мүшелеріне өздеріне жүк­телген міндеттерді орындау үшін кең көлемдегі өкілеттілік берілді. Бұған мысал ретінде Қазревком жайын (ғалымдар С. Дәулетова, М. Исмағұловпен бірге) терең зерттеген академик Салық Зиманов «Казахский революционный комисса­риат» («Қазақ революциялық комитеті») атты монографиясында 1919 жылғы 23 қа­рашада С.Меңдешевке берілген ман­даттың мазмұнын келтіреді. Онда ревком төрағасының орынбасары Сейітқали Меңдешевтің өкілеттіктері: «Қазақ өлке­сіндегі Әскериревком бөлімдері мен бар­лық советтік мекемелердің қандай да болмасын шешімдерін бұзуға және рас­тауға, ...лауазымды тұлғалардың қай-қайсысын да қызметтен алуға», сон­дай-ақ Әскериревкомның кредиттері мен қаржы-қаражатына қожайындық жасауға, әскери жеделхаттар жолдап, төте желіні пайдалануға қақылы екені айтылған. Мы­салы осы Қазревкомның 1920 жылғы 5 наурыздағы қаулысымен Алаш­орда мем­лекеттік орган ретінде мүл­дем жойылды.

Ревкомның бірден қолға алған шаруа­сы – Бүкілқазақ съезін шақыру мәселе­сін тиянақтау болатын. Бұл ретте ол Нар­­ком­нацтың Қазақ бөлімі жүргізген жұ­­мыс­тарды жалғастырды. 1919 жылғы 15 қыр­күйекте Ерекше комиссия құрып, оған съезді шақыру жөнінде нұсқаулық әзірлеуді тапсырды. Комиссия бірінші кезекте Кеңестердің Бүкілқазақтық съезіне делегаттар сайлау тәртібін жасаумен шұ­ғылданды.

1919 жылғы желтоқсанда ВЦИК Баш­құрт­стан, Татарстан, Қазақстан іс­тері бойынша мәжіліс өткізді. Басқа мәсе­ле­лер қатарында Қазақ өлкесінің шека­расы туралы мәселе қарап, түбегейлі ше­шімін табуды ВЦИК-тің әкімшілік ко­мис­сиясына тапсырды. Әкімшілік комис­сиядағы даулы талқылауларға қатыса келе, Қазревком 1920 жылғы 16 мамырда «Қазақ республикасының шекарасын айқындау жөніндегі комиссия туралы» арнайы мәселе қарады. Комиссияның Қазревкомның үш мүшесінен тұратын құрамын, шешуге тиіс міндеттерін бел­гі­леді. 20 мамырда «Жалпықазақ съезі туралы» мәселені талқылай келе, «Алаш­орданың бұрынғы қызметкерлерін пайдалану жөнінде» ұсыныс әзірлеуді, «Өлке шекарасын белгілеу жайындағы комис­сияның» жұмысын ұйымдастыруды нақ­ты адамдарға тапсырды. Орал губер­ниясының Қазақ өлкесі құрамынан бөлі­нуіне қатысты туындаған мәселе бойынша Қазревком табанды түрде Орал губревкомымен мақсаткерлік байланысын жандандырды. Ақмола, Семей облыстарын да Қазақ өлкесіне қосу мәселесінде 1920 жылғы шілдеде қиыншылықтар ұшырасты. Қазревкомның саяси комис­сиясы Омбы, Семей, Ақмолада жүргізген жұмыстар, Сібір ревкомымен келіссөздер оң нәтиже бермеді. Осы шамада Сібрев­комның әкімшілік бағынысындағы Пет­ропавл, Көкшетау, Омбы үйездері қайда қарайтынын шешу үшін Қазревком ВЦИК-тің Әкімшілік комиссиясына өті­ніш түсірді. Сондай-ақ Қазревком сол­түстіктегі үйездер мен облыстарды қазақ өлкесіне қосу шаруасымен түбегейлі шұ­ғылдану үшін өз тарапынан «Солтүстік комис­сиясын» құрып, осы Комиссия 1920 жылғы маусымда іссапармен терістіктегі аудандарға шықты. Ал Қазақ өлкесіне Сырдария мен Жетісу облыстарын қосу шаруасы өзінше жеке қаралуы тиіс мә­селе еді. Осы мәселе және аталған облыс­тармен қоса Маңғыстау, Красноводск үйездерін де Қазақ өлкесі құрамына беру хақында келіссөз жүргізуі үшін Қаз­ревком 1919 жылғы 11 қарашада өз өкілін тағайындап, Түркістан республикасына жіберген. 1920 жылы Қазревком бұл мәселені ВЦИК-тің қарауына шығарды. Ал 27 наурызда Түркаткомнан Орал об­лысына экономикалық және саяси тұр­ғыдан аса жақын адайлықтардың Қа­з­өлкенің әкімшілік бағынысында болуы дұрыстығын мойындауды ресми сұрап, Адай мен өзге де көшпелілер істері бойынша Ерекше комиссия құрды. Бүкіладайлық Кеңестер съезі өткізіліп, Адай үйездік ревкомы сайланды, Қазақ революциялық комитеті құзырына көшуге қаулы алынды. Соны арқа тұтқан Қазревком Түркаткомға, Каспий сырты (Закаспий) облревкомына тиісті өтініш жолдап, «Маңғыстау үйезінің Қазөлкеге қосылуына қарсы еместігін» тұжырымдаған келісімін алды. Мәселе болашақ республиканың аумақтық шектерін талқылаған Мәскеудегі тамыз мәжілістерінде біржола шешімін тапты.

Осы қысқа шолудан байқалатындай, қазақ жерлерін біртұтас республика ша­ңырағы астына жинауда Қазақ рево­лю­циялық комитеті елеулі рөл атқарды. Қаз­ревком 1920 жылғы маусымда Ұлт істері жөніндегі халкоматқа «Қазақ өлкесінің аумағы мен шекаралары туралы» деген атпен Қазақ Совет автономиясын құру туралы жобаны әзірлеу алдындағы құжатын ұсынды. ВЦИК Төралқасы мәселені өз қолына алды. «Қазақ өлкесін басқаруға байланысты мәселелерді талқылау үшін» Мәскеуге 1920 жылғы 1 тамызда мәжіліс өткізуге ұйғарды. Дегенмен Мәскеуде­гі мәжіліс 9 және 10 тамызда өтіп, екі күн бойы болашақ қазақ автономиясы аумағын айқындауға байланысты мәсе­лелер мұқият талқыланды. Мәжілістің қорытындысы және талқылау кезінде бой көрсеткен келіспеушіліктер 12 тамызда Ленин төрағалық еткен үшінші мәжілісте қаралды. Ленин мәселеге маңызды сая­си мән берді, алауыздық туғызған күр­­делі мәселелердің бірқатарына өз пікірін білдіріп, дұрыс шешіп берді. 14 тамыз­да Наркомнац алқасы Казақтың Со­вет­тік Республикасын құру туралы Дек­реттің жобасын бекіту туралы шешім қабылдады. Қазақ өлкесінің шектерін ресми рәсімдеу мәселесі осылай жұмысшы және ведомствоаралық комиссияларда келісілгеннен соң, оны 17 тамызда ВЦИК Төралқасы жанындағы Әкімшілік комиссия қарады. Наркомнацтың ұсынған жобасы бірлі-жарым елеусіздеу өзгерістер жасалып бекітілді. Әкімшілік комиссия бекіткен осы жоба алғаш рет сол күні, 17 тамызда, екінші мәрте 24 тамызда Хал­­комкеңестің Ленин төрағалық еткен оты­рыстарында талқыланды. Құжат жобасы мақұлданып, ВЦИК-тің қарауына жіберілді.

Халкомкеңестің Қазақ өлкесін басқа­ратын революциялық комитет құру туралы 1919 жылғы 10 шілдеде шығарған Декретін одан бергі оқиғалармен астастыра қарай отырып, ревком ұйысқалы бері жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде көзделген мақсатқа жеткендіктің көрінісі ретінде, 1920 жылғы 26 тамызда ВЦИК пен Совнарком Қазақ Республикасы құрылсын деп шешті. Қазақ халқының мемлекеттілігін жасауды әзірлеу жолын­дағы бір жыл жарты айға созылған ізде­ніске толы үдеріс күтулі нәтижеге қол жеткізді: тарихи Декрет дүниеге келді. Автономиялы Қазақ Республикасы Ресей Социалистік Федеративтік Советтік Рес­пуб­ликасының бөлігі ретінде құрылды.

26 тамыз Декреті бойынша «жергілікті Совдептер, Қазақ Социалистік Советтік Республикасының Орталық Атқару Ко­митеті және Совнаркомы» Қазақ Рес­пуб­ликасының басқару органдары болып табылатын. Осындай құрылымды толық заңдастыру мақсатымен Қазревком 1920 жылғы 4–12 қазанда Қазақстан Советтерінің Құрылтайшы съезін өткізді де, Автономиялы Қазақ Республикасы жа­рияланған соң, өкілеттігін тоқтатты.

Содан бері бір ғасыр өтті. Кеңестік Қазақ Республикасы ту тіккелі – жүз жыл! Сөз жоқ, төрт ғасыр дербес өмір сүр­геннен кейін отар қамытын киюге мәж­бүр болған, тиісінше ХІХ ғасырда ұмыт­тырылған қазақ мемлекеттігін ХХ ғасырда тұңғыш рет Алаш (Қазақ) Ордасы жаңғыртуға тырысты. Бірақ оның әрекеті баянды болмады да, кеудесінде біртұтас Алаштың ұлттық идеясы жалындаған азаматтар кеңестік платформада социалистік рес­публика тұғырын сомдауға атсалыс­ты. Сол таптық негізде жасалған Совет өкіметінің 1920 жылғы 26 тамыз Декреті дүниеге Социалистік Кеңестік Қазақ рес­публикасын әкелді де, оның жалғасы бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан болып отыр. Тәуелсіз Қазақстан өзінің бастауын ұмыт­пайды. Ал тарихи жадтың мықты болуы – елдің ертеңіне өте қажет отаншыл азаматтарды тәрбиелеудің берік кепілі.

 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты