Жуырда осындай тақырыппен «Егеменнің» ардагері, бүгінде Алматыда тұратын семейлік журналист-жазушы Дәулет Сейсенұлының көрнекті абайтанушы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайым Мұхамедханов туралы деректі кітабы шықты.
Хакім Абайдың 175 жылдығына орай шығарылған бұл кітаптың «Ер қазақ» деп аталатын алғашқы бөлімі Қайымның әкесі, Алаш арыстарының ардақтысы атанған айтулы халық ағартушысы, белгілі меценат Мұхамедхан туралы әңгімемен басталып, Семейде ту тіккен Алашорда үкіметінің тарихымен жалғасады. Бұл бөлімде Алаш арыстарының тізесінде отырып ержеткен жеткіншек Қайымға олардың жеке бастарының үлгі-өнегесімен әсер еткен игі ықпалы, әсіресе солардың ішінен әкесінің іні досы, жас Мұхтардың нақтылы қамқорлығы айтылады. Біреу білер біреу білмес, негізі Қайымның Абайдың ақын шәкірттері туралы ғылыми диссертациясы соғыстың соңында, жасы отызға енді иек артқанда дайын болған. Бірақ өкінішке қарай, оны қорғап шығу сол уақыт түгілі елуінші жылдардың басында қатты қарсылыққа ұшыраған. Ғалым осы еңбегі үшін 25 жылға сотталып, сталиндік лагерьдің азабы мен тозағына түссе де, ұстазы Әуезовті ешқашан сатпаған. Сонау соғыс жылдарының аяғында дайын болған ғылыми еңбегін арада он төрт жылдан соң, яғни 1959 жылы екінші қайтара қорғаған. Бірінші бөлімде осының бәрі рет-ретімен баяндалған. Еліміздің айтулы тұлғаларының Қайым Мұхамедхановтың еңбектері туралы айтқан байсалды пайымдары мен естеліктері де осы алғашқы бөлімде.
Ал екінші бөлімде автордың «Қайсар Қайым» деген атпен екі бөлім, үш көріністен тұратын драмалық туындысы оқырман назарына ұсынылған. «Ұстаз-ғалым туралы сөз» деп аталатын үшінші бөлімде әріптесіміздің абайтанушы ғалыммен әр жылдарда «Егеменде» жарық көрген сұхбаттары жарияланған. Бүкіл ғұмырын асыл Абайға арнаған ғалым өмірден өткен соң оның есімін қадірлеп, айшықтау мәселесі де алдымен ел басылымында көтерілген еді. Қазір сол мәселелер өз шешімін тауып, қала орталығындағы басты көшелердің біріне Қайым есімінің берілуі, осындағы Абай көшесінің бойындағы Абай кітапханасының жанында ғалымның бюстінің орнатылуы – бәрі-бәрі ел егемендігінің арқасы. Халқы барда Абай есімі, Абай барда Әуезов пен оның ізбасар шәкіртінің есімі ешқашан ұмытылмайды!
Шығыс Қазақстан облысы