«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты ежелгі Түркістан, көне Шахристан және ортағасырлық магистральды көше бойына жүргізілген археологиялық қазба жұрыстары барысында: ежелгі керуен сарай, монша, керамикалық цех, сонымен қатар мектеп-медресенің оқу бөлмелері қатарлы аса маңызды нысандар табылып отыр.
– Бұл жәдігерлер еліміз археологиясы үшін тың жаңалық. Әсіресе Тәкия қақпасы маңынан табылған керуен сарайда: бағалы заттар сақтайтын қабырға қуыстары, керуеншілер жататын орын, намазхана, «мүричә» деп аталатын шағын монша орны анықталды. Көлемі 35-40 метрге жуық бұл нысанды «Тәкия Керуен сарайы» деп атадық, – дейді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері, археолог Марат Тұяқбаев мырза.
Сонымен қатар ұзындығы 40 метрден асатын ауласы екіге бөлінген, яғни ұлдар мен қыздарға арналған мектеп-медресе орны мен керамикалық өндіріс ошағының табылуы да сенсацияға балануда.
«Мұндай қыш бұйымдарын шығаратын үлкен цех алғаш рет табылып отыр. Бұл арада үлкен көлемде әртүрлі ыдыс-аяқ жасалып, кірпіш күйдірілген. Қазба кезінде саз илейтін апан, бұйымды қыздырып, кептіретін жер, сақтайтын орын бәрі нақтыланды. Сонымен қатар бірнеше бөлмеден тұратын монша құрылысының су резервуары және емдік тұнбалар дайындайтын ванна сияқты ыдыс жақсы сақталған. Сонымен қатар Ясауи кесенесі мен Жеті ата қақпасына дейінгі магистральды көшеде де зерттеу жұмыстары жүргізіліп, хан мешіті жанынан хандар намаз оқитын «Махсура» бөлмесі, мұнаралар, қонақ қабылдайтын «Мәлзел» бөлмесі анықталды. Бұл нысандар XV-XVI ғасырларға тиесілі құрылыс мұралары» дейді Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының қызметкері, археолог Ерлан Қазизов.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжановтың айтуына қарағанда, магистральды көше бойынан табылған хан ордасы мен мешіт археология үшін тың жаңалық екен. Сондықтан қалған жұмыс алдағы уақытта лабораторияда жалғаспақ. Ондағы мақсат – жаңадан табылған жәдігерлерді ғылыми тұрғыдан зерттеп, тарихи мұраларды қорық-музейге тапсыруға дайындық шарасын қарастыру көрінеді. Демек, алда атқарылатын зерттеу жұмыстары кезінде небір жұмбақтардың беті ашылары анық.