• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 26 Тамыз, 2020

Қазақ тарихының бір кезеңі

7165 рет
көрсетілді

Қазан төңкерісі

1914 жылы басталған дүние­жүзілік соғыстың салдарынан Ре­сей империясы: бірінші – эко­номикалық, екінші – саяси дағдарысқа ұшырады. Елдің шаруашылығы қирады, өн­діріс орындары тоқтады, сауда-эко­номикалық қатынас бұзылды, ауыл шаруашылығы құлдырап, жұмысшылар мен шаруалардың өкіметке деген наразылығын туғы­зады. Сөйтіп осы дағдарыс себепті, 1917 жылы ақпан айында патшалық билік құлады. Бұл оқиғаны тарихта «Ақпан төңкерісі» деп атап жүрміз. Осы төңкерістің нәтижесінде бур­жуазиялық Уақытша үкімет пайда болды. Бірақ бұл билік халықты экономикалық дағдарыстан алып шыға алмады.

Осы орайлы сәтті пайдаланған Жұмысшылар мен шаруалар кеңесін қолдаушы больше­вик­тердің ықпалы артты. Нәтижесінде, 1917 жылы 24 қазанда (6 қарашада) Петерборда қарулы көтеріліс басталып, 25 қа­занда (7 қарашада) Әскери-ре­волюциялық комитет Уақытша үкі­меттің билігі жойыл­ғанын жария­лады. Осылайша Қазан төңкерісі жеңіске жетті.

1917 жылы 25 қазанда Кеңес­тер­дің ІІ Бүкілресейлік съезі ашыл­ды. Осы жиында төңкеріс көсемі В.И.Ле­ниннің бастауымен үндеу қа­былданып, бүкіл билік Кеңестердің (Советтердің) қолына көшетіндігі жарияланды.

Ресейдің қол астында болып келген орыс емес басқа халық­тар Қазан төңкерісінен кейін отар­шылдықтың бұғауынан босанып, тәуелсіздік алатын шығармыз деп үміттенді.

Соның бірі қазақтар еді. Осы тұста қазақ зиялылары күллі Орта Азия аумағына көшбасшылық жасайтындай деңгейге көтерілген болатын. Мысалы, аз ғана уақыт өмір сүрген Уақытша үкімет Торғай облысына Әлихан Бөкейхановты, Жетісу облысына Мұхамеджан Ты­ныш­баевты, Түркістан губерниясына Мұстафа Шоқайды басшылық қызметке тағайындаған болатын.

 

Қазақстан және Түркістан өлкесінде Кеңес өкіметінің орнауы

Кеңес өкіметінің Қазақстанда орнауына большевиктердің халыққа бейбітшілік, жұмысшыларға зауыт пен фабрика, шаруаларға жер, ұлттар мен ұлыстарға теңдік пен бостандық беру жөніндегі уәдесі өз септігін тигізгені сөзсіз. Кеңес би­лігі ең алдымен:

Сырдария, Ақмола облыстары және Бөкей ордасында бейбіт жолмен орнады.

Торғай, Орал, Орынбор, Семей және Жетісу облыстарында Кеңес өкіметін орнату үшін қиян-кескі күрес болды.

Перовск (Қызылорда) жұмыс­шылары мен солдаттары өкімет билігін 1917 жылы 30 қазанда (12 қараша) өз қолына алды.

1917 жылдың қараша айының орта кезінде Кеңес билігі Черняев (Шымкент) қаласында орнады.

Қараша-желтоқсан айларында Кеңес билігі Әулиеата, Түркістан, Қазалы, Арал кентінде және облыс­тың басқа да ірі елді мекен­дерінде бейбіт жолмен орнады.

Көкшетау, Павлодар, Атбасар, Өскемен уездерінде орыс-казак әскер­лерінің басым болуынан Ке­ңес өкіметі үшін күрес біраз қиындыққа тап болды.

1918 жылы наурыз айында Жар­­кентте, Сергиопольде (Аягөз), Тал­дықорғанда, сәуірдің бас кезінде Лепсіде Кеңес билігі орнады.

Кеңес өкіметі ең соңғы ор­наған аумақ Орал қаласы болды.

Сөйтіп, 1917 жылдың қазан айы­нан бастап 1918 жылдың наурыз айына дейін Кеңес өкіметі Қазақ­станның көп жерінде жеңіске жетті. Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату ісіне Ә.Жангелдин, С.Сейфуллин, К.Сүтішев, А.Асылбеков, Ә.Май­кө­­тов, И.Дубынин, К.Шугаев, Я.Уша­нов, А.Иманов, С.Цвиллинг, Т.Рыс­құлов, Т.Бокин, П.Виноградов, Л.Еме­лев, Т.Өтепов, А.Розыбакиев, т.б. не­ғұрлым белсене қатысты.

Ал 1917 жылы 15-22 қарашада Ташкентте болған өлкелік съезде жаңа өкімет «Түркістан Халық комиссарлары кеңесі» орнады. Ке­ңе­стің 14 адамдық құрамында мұсыл­ман өкілі болмады. Кеңес­тің төрағасы Ф.Колесов: «Мұсыл­мандарды жоғарғы өкімет орган­дарына өткізу мүмкін емес, өйт­кені жергілікті халықтың бізге көзқарасы белгісіз және олардың ешқандай пролетарлық ұйымы жоқ», деп мәлімдеді.

1917 жылы 22 қарашада Қоқан қаласында болған Бүкіл Түркіс­тандық IV съезде Түркістан автономиясы, яғни Түркістан үкіметі құрылғаны туралы жарияланды. Бұл үкімет кейбір деректерде «Қоқан автономиясы» деп те атала­ды. Алғашқы басшысы М.Тыныш­баев, одан кейінгі басшы қызметін Мұстафа Шоқай атқарды.

1918 жылы 20 сәуірде Ташкентте Түркістан Кеңестерінің V съезі болды. Бұл съезде құрамында Жетісу облысы бар Түркістан автономиялы Кеңестік Социалистік республикасы жарияланды. Оның құрамына Қазақстанның оңтүстігіндегі Жеті­су, Сырдария облыстары кірсе, Ақмола, Семей облыстары орталы­ғы Омбы қаласы болған Батыс Сібір өлкесіне; Торғай, Орал облыс­тары Орынбор губерниясына; Бөкей Орда­сы Астрахань қарамағына қа­рас­ты жағдай қалыптасты.

 

Алаштықтар һәм Кеңес өкіметі

Осы тұста өзін өзі билеу құқы­ғын талап етуді заңды процесс ретінде түсінген Алаш арыстары Кеңес өкіме­тімен келіссөз жүргізіп, ұлттық автономия мәселесін шешу­ді қолға алды. Осы мақсатта 1918 жылы наурызда Алашорда үкіме­тінің тапсыруымен Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер Орал­дан Мәскеуге барып, Халық Ко­миссарлары кеңесінің төрағасы В.И.Ленин және Ұлт істері жө­нін­дегі халық комиссары И.В.Ста­линмен кездесіп, оларға 1917 жылы желтоқсанда өткен ІІ Қазақ съезінің қаулысын табыс етті.

Сталин қаулымен танысқаннан кейін 19-20 наурызда Семейдегі Ә.Бө­кейханов және Х. Ғаббасовпен телефон арқылы сөйлесті. Сөз Алашорда автономиясының мәр­тебесі туралы болды. Телефон ар­қылы сұхбаттасқан И.Сталиннің сөзі «Сарыарқа» газетінің бетінде қазақ тіліне аударылып жарияланды. Онда: «Ресейдегі халықтардың құқықтары туралы халық комиссарлары шығарған белгілі ережесі бұл күнге ұлт мәселесі тақырыбын Кеңес өкіметінің негізгі қызмет жобасы етіп келеді. Үшінші советтер съезі осы ережені жалғастыруға қаулы қылды. Өзіңіз бізге тапсырып отырған жалпықазақ съезінің қаулысы түгелімен жоғарғы жо­баға сай келеді. Бірақ жалғыз-ақ шарт қоямыз: егер сіздің съездің қаулысы өкілдеріңіздің совет өкіметін тануға қарсы болмаса болғаны. Үшінші советтер съезі советтік федерация жобасын жасап, бұл жоба Советтер съезінің бекітуіне салынсын деп қаулы қылынды. Бұған қарағанда енді сөзді қойып, іске кірісу керек, яғни тұрмысы бір, салты басқа халықтар жергілікті советтермен қосылып, автономия, федерациялау, тегінде басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығаруға съез шақыратын комиссия құруға тырысу керек. Біз ойлаймыз, жалпы қазақ-қырғыздың өкілдері тез қамданып, ыңғайлы уақытты өткізбей, жергілікті Советтермен бірігіп, әлгідей комиссияны құрар. Сізден өтінетініміз, біздің осы жобамызды Алашорданың Кеңесіне салып жауап қайтарсаңыздар екен» деген мазмұнда болды.

Өкінішке қарай, Ұлт істері жө­ніндегі халық комиссары алаш­тық­­тардың қойған талап-шарттарына ресми түрде жауап бермеді. Себебі алашордалықтардың автономия құру жөніндегі талаптары Кеңес өкіметінің мүддесіне қайшы келетін еді.

Сондықтан да Х.Ғаббасов 1918 жылдың 1 сәуірінде РКФСР Ха­лық комиссарлары мен Ұлт істері жөніндегі комиссариатқа жеделхат жолдап, қазақ халқының ұлттық тұтастық мүддесін көздейтін Алаш­орда өкіметін тез арада ресми түрде мойындауын тағы да талап етті. Кеңес өкіметі мұндай талаптарды жауапсыз қалдырды.

Осылайша, алаштықтардың Кеңес өкіметі шеңберінде біртұтас ұлттық мемлекет құруға талпы­нысы нәтижесіз аяқталды. Боль­шевиктер Алаш партиясына ұлттық буржуазия мен феодалдық топ­тардың таптық мүддесін қор­ғай­тын, пролетарлық революция жо­лындағы кедергі есебінде қарады.

Алаш басшыларының Кеңес өкіметімен жүргізген келіссөздері нәтижесіз аяқталуына 1917 жыл­дың күзінде құрылған, жетекшісі Көл­бай Тоғысов болған, өздерін «Қыр­ғыз (қазақ) социалистік пар­тия­сы» деп атаған «Үш жүз» пар­тия­сы да ықпал жасады. 1918 жыл­дың бас кезінен-ақ «үшжүзшілер» большевиктермен одақтасып, Алаш­ордаға қарсы күресті.

Осы аралықта қазақ жеріндегі Кеңес билігі күшейе түсті. Олар да 1918 жылы 21 наурызда Орынборда Кеңестердің бірінші Торғай облыс­тық съезін ашты. Осы жиында қазақ жеріндегі жергілікті басқару жүйесі, әлеуметтік мәселелер жа­йын­да қаулы қабылданып, сонымен қатар Алаш қозғалысының үнқағазы, «Қазақ» газетін жабу туралы шешім қоса шықты.

Кешікпей, 1920 жылы 9 нау­рызда Казревком «Алашорда» буржуазиялық үкіметін жою туралы бұйрық шығарды. Сөйтіп, қазақ тарихында тұңғыш рет ұлттық мемлекет құруға талпынған қазақ зиялыларының әрекеті сәтсіздікке ұшырап, осы іске бастамашы бол­ған тұлғалардың бәрі қуғын-сүргінге тап болды, кешікпей бар­лығы дерлік атылды.

 

Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының құрылуы

Алаш қозғалысына тұсау са­лынғаннан кейін қазақ даласында Кеңес билігі күшейді. 1919 жылы 19 қыркүйекте Қазақ әскери ревкомы өзінің басқару орталығын Орынбор ету жөнінде шешім қабылдады. Кирвоенревком (Қазақ әскери революциялық комитеті) алғашқы төрағасы С.С.Пестковскийдің есте­лігінде: «Болашақ социалистік мем­лекет астанасы пролетариаты бар қала болу керек. Осы есептен мен Кеңес үкіметі алдында Орын­борды Қазақ АКСР құрамына қосу­ды сұрадым» деген жолдар бар (Қал­мұқан Исабаев. Патшадан шен алған қазақтар. «Өлке», 2007 ж. 7-б).

Сөйтіп, 1920 жылғы тамыздың 26-ында Бүкілодақтық Орталық Ат­қару Комитеті мен РСФСР Халық Комиссарлары Советінің «Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социа­листік Республикасын құру туралы» Декретіне қол қойды. Осы құ­жаттық негіз бойынша 1920 жылы 2-12 қазанда Орынборда өт­кен Қа­зақ­стан Кеңестерінің Құ­рыл­тай съезі РСФСР құрамында Қазақ Ав­тоно­миялық Кеңестік Социа­­листік Республикасы құрыл­ғанын жария­лады.

Сонымен қатар аталмыш съезде Қазақ Автономиялық Кеңестік Социа­листік Республикасы еңбек­шілері құқықтарының Деклара­циясы қабылданды. Осындағы құқық­тық құжаттар кейін тәуел­сіз Қазақстан Республикасы атануы­мызға негіз болғаны анық.

Сол кездегі Қырғыз (Қазақ) Ав­тономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының әкімшілік-терри­ториялық құрамы мынадай болды. Семей облысына – Павло­дар, Семей, Зайсан, Өскемен, Қара­қаралы уездері, Торғай облысына – Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Петропавл, Ырғыз уездері, Орал облысына – Орал, Ілбішін, Темір, Гурьев уездері қарасты болды. Оның сыртында, Маңғышлақ уезі, Закаспий болысы, Красноводск уе­зінің Адай болыстары, Бөкей ордасының территориясы енді.

1921 жылы 25 сәуірде КАЗЦИК-тің төтенше өкілетті комис­сиясының шешімімен Ақмо­ла губерниясы құрылып, орталы­ғы Петропавл қала­сы болды. Құра­мына бұрынғы Атбасар уезі (51 болыс), Ақмола уезі (75 болыс), Көкшетау уезі (63 бо­лыс), Петро­павл уезі (44 болыс) енді.

1924 жылы Түркістан АССР-інің Сырдария, Жетісу облыс­тарындағы қазақ ауылдары ҚазАССР-інің құра­мына бірікті. Орынбор губерниясы ҚазАССР-інің құрамынан шы­ғып, РСФСР құрамына енгізілді. Осы­лай қазіргі тәуелсіз Қазақстан Рес­публи­касының территориясы қалып­тасты.