Қостанайда өткен әлеуметтік бастамалар жәрмеңкесінде «Аманат» орталығының «Өмірге шыңдалу» атты жобасы үздік деп танылды. Аталған жобаның жүзден жүйрік шығатын жөні бар. Өйткені ментальды ауытқуы бар балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеуді көздейді. Бүгінде игі жоба аясында тумысынан аутизм дерті жабысқан 30 шақты бала тәрбие алып жатыр.
Балалар кеңдігі сарайға бергісіз көп бөлмелі жеке үйге орналасты. Бөлмелердің тазалығын сақтау, ас дайындау, ыдыс-аяқ жуу, ауланы реттеу, бақшадағы көкөністі суарып, топырағын қопсыту сияқты үй шаруасының бәрін өздері атқарады. Орталықта тәрбиеленіп жатқандардың ең кішісі – 9-да, үлкені 28-де.
– Біз 2018 жылдан бері аутизмге душар болған балаларды өмірге бейімдеп, балабақша мен мектепке дайындаумен айналысып келеміз. Сондай-ақ ментальды және өзге де ауытқулары бар жасөспірімдерді шынайы тұрмыс жағдайында дербес өмір сүруге үйретеміз, ересектері кішілеріне бас-көз болып отырады. Балалар орталыққа келгелі біраз нәрсені үйреніп қалды. Газды да өздері жағады. Аулаға самауыр тұтатып, шай қайнатады. Тауықтарға су беріп, жем шашады. Қазір тұрмысқа кәдімгідей төселіп қалды. Балалар өзі күтіп-баптап өсірген қызанақ, қиярмен салат жасауды да үйренді, – дейді орталық жетекшісі Айсұлу Күзенбаева.
«Аманат» алғашқыда мектепке дейінгі жастағы балғындармен ғана жұмыс істеп келген. Алайда өз қамқорлығындағы балалардың мектеп табалдырығын аттағаннан кейін де түрлі кедергілерге тап болып, тауы шағылып жататын жағдайлар жиі кездесетініне көз жеткізген орталық педагогтері былтырдан бастап ересек балаларды да қанатының астына алып, көпшілік ортаға, қоғамдық өмірге бейімдей бастады.
– Біз балаларды алдын ала ешбір ескертусіз әртүрлі қоғамдық орындарға ертіп шыға бастадық. Мысалы, қоғамдық көлікке қалай міну керектігін көрсетіп, жолақы төлеуді үйреттік. Әдетте төрт балаға бір педагог еріп жүреді. Алдымен белгілі бір нұсқаулық беріп, түсіндіреміз, содан кейін балалар тәжірибеге көшеді. Біз сырттай бақылап, керек жерінде көмектесіп, кеңес беріп отырамыз, – дейді орталық жетекшісі.
Тәлімгерлер дербестікке баулу орындарын баланың қалауына орай әр жағдайда әрқалай таңдап алады. Мәселен, жеміс-жидек жегісі келіп тұрса, жақын маңайдағы дүкенге апарады. Бала жеміс түрін өзі таңдап алып, дүкеншімен есеп айырысуды үйренеді. Аттракционға барған балалар кассаға кезекке тұрып, билетті өздері сатып алуға дағдыланады. Мамандардың айтуынша, мұндай тәжірибелер нақты көпшілік ортада баланың өзін өзі ұстай білуі, айналадағы адамдардан қажет ақпаратты сұрап ала білуі сияқты тұрмыстық дағдыларды қалыптастырады. Әр тәжірибе үстіндегі баланың әрекеті бейнетаспаға түсіріліп, алдымен тәлімгерлер арасында талқыланады. Содан кейін бейнетаспа баланың қандай да бір кедергіні еңсергенін көрсету үшін ата-аналарға жіберіледі.
Орталық балғындарды қоғамдық өмірге, әлеуметтік ортаға бейімдеумен қатар, оларға дұрыс киіну, дұрыс жуыну, өзін өзі күту, таңертеңгілік ас әзірлеу, киімін жинау сияқты күнделікті тұрмыс қажеттіліктерін үйретеді. Мұның сыртында, сөз әдебін, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру арқылы балалардың өзара белсенді қарым-қатынасын дамытуға да көп көңіл бөлінеді.
Балалар тұрып жатқан үй жалға алынғандықтан, жоба бюджетінің біраз бөлігі баспана ақысына жұмсалады. Қалған қаржыға тұрмысқа қажет заттар сатып алынған. Тәрбиешілер әр баланың күндік кестесін құрып, жеке жоспар жасап қойған. Бала өзіне міндеттелген күндік жүктемені осы жоспар бойынша атқарады.
– Көбіне көмектесіп, бір көрсеткенді бірнеше қайтара көрсетіп, түсіндіруге тура келеді. Өйткені ерекше балалар бір нәрсені бірден еске сақтап алса, екінші бір нәрселерді елең қылмай, тез ұмытып кетіп жатады. Қайсыбір балаларға қарапайым ғана қызанақ тураудың өзі аса қиынға соғады. Мұндай жағдайда тек қайталау арқылы ғана нәтижеге қол жеткіземіз. Сондай-ақ мәселен картоп аршуды суқаны сүймейтін балалар бар. Мұндай сәтте картопты басқа балаға бере қоямыз. Ол бала домалатып арши бастағаннан-ақ, оны көріп тұрған алғашқы баланың қызығушылығы оянады. Осындай нәзік әдістерді пайдалану арқылы балаларға көп нәрсе үйреттік. Әйтеуір әр күніміз зая кеткен жоқ, – дейді орталық тәлімгерлері.
«Аманат» орталығындағы балалар, ең бастысы, бір-біріне сүйеніш болуды үйреніпті. Тәрбиешілердің айтуынша, бірінің қолынан іс келмей жатса, екіншісі келіп көмектесіп, қолұшын созып жатады екен.
Биыл орталық мамандары өз қамқорлығындағы балалардың ішінен арнайы топ құрып, кәсіби бейімдеу курстарын өткізбек. Ұйымдастырушылар осы мақсатта балаларға қолдау көрсететін үлкен орталық ашуды көздеп отыр. Қазіргі орталық ғимаратының ауданы 100 шаршы метрдей болса, жаңа орталық ауданы кем дегенде мың шаршы метр болуы тиіс екен.
– Бір жерде тоқтап қалғымыз келмейді. Аймақта аутизмге шалдыққан балалар көп. Оларды толық қамтып, қамқорлығымызға алайық десек, қазіргі ғимаратымыз таршылық етіп отыр. Ал көздеген мақсатымыз жүзеге асатын болса, мектеп жасына дейінгі балғындардан бастап, ересек балаларға дейін қамтылатын болады. Көптен көкейде жүрген тағы бір мәселе – даун белгісі бар балаларды да ерекше қамқорлыққа алу, – дейді А.Күзенбаева.
Қазір орталықта даун белгісі бар 1-2 бала ғана бар. Олармен жүргізілетін педагогикалық жұмыс та, тұрмысқа бейімдеу әдістері де өзгеше. Сондықтан «аманаттықтар» алдағы уақытта бұл санаттағы балаларға арнап жеке топ ашуды жоспарлап қойған.
Қостанай облысы