• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Тамыз, 2020

Атом көлінен аққу ұшып, қаз қонбайды...

2548 рет
көрсетілді

1965 жылдың қысында Шаған өзенінің бойындағы дүмпу қазақ даласын дүр сілкіндірді. Семейден жүз шақырым жердегі жойқын жарылыс Жапонияның Хиросима қаласына тасталған атом бомбасынан тоғыз есе қуатты еді. Тоғыз есе! Елестетудің өзі үрейлі...

Сынақ полигонының «Бала­пан» алаңындағы 200 метр тереңдікке салынған жарылғыш зат тонналық тастардың өзін сегіз шақырымға дейін ұшыр­ған. Көкке көтерілген шаң-тозаң бірнеше күнге дейін сейіл­ме­ген. Семейдің зеңгір көгін қа­раңғылық басқан. Түнгі аспан да радиацияның әсерінен қып-қызыл болып тұрған екен.

Халықтың басына қара бұлт төнген уақытта Кеңес өкіметі №7 «Халық шаруашылығы үшін ядролық жарылыстар» мем­лекеттік бағдарламасы аясында Қазақстанның шөлейт даласында жасанды көл жасадық» деп төрткүл дүниеге мақтанып жатқан-тұғын. Ал қарапайым ха­лыққа ядролық жарылыс­ты ша­руашылық мақсатта жүр­гізі­леді деп түсіндірген.

Ядролық жарылыс 1965 жылы 15 қаңтарда Семей поли­гонының негізгі су күретамыры – Шаған және Ащысу өзендерінің құйылысы орнында жүргізілді. Жарылыс орнында диаметрі 500 метр, тереңдігі 80-100 метр қазан­шұңқыр пайда болған. Жоғары температураның әсе­рінен шұңқырдың түбіндегі гранит тастар еріп, шыныдай жылтырап жатқан. Арнаны құру бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілген соң екі үлкен су қоймасы, атап айтқанда ішкі қазаншұңқырда және сыртқы Шаған, Ащысу өзендері алқап­тарының суымен толтыру есе­бінен пайда болды. Сөйтіп, бұл халық арасында «Атомкөл» аталып кетті.

Жұмысшылар үшін Шаған­нан шұңқырға дейін арна қазу оңайға соқпаған көрінеді. Құры­лысшылар үшін қиыны қара жұмыс емес, сондағы радиация сәулесі болатын. Радиацияға қарап тұрған өкімет бар ма?! Олардың ойы – шұңқырды суға толтыру. «Ұрыста тұрыс жоқ» деп құрылысшылар іске кі­ріскен. Техникалардың кабинасы қорғасын пластиналармен қапталғанымен, жұмысшыларды зиянды сәулелерден қорғай алмайтын. Зиянның әсері сол, құ­рылысшылардың көбі қайтыс болды. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» емес пе, аман қалғандар да жоқ емес. Көл төңірегінде жұмыс істе­гендердің бірі – Владимир Жиров.

– Радиация алаңында жұ­мыс істегенде жиырма үш-ақ жаста едім. Қақаған қыста комсомолдық тапсырманы орын­дау үшін жіберді. Темір «будкаларда» тұрдық. Суық­тан шығар деп ойладым, мұр­нымнан қан ағып, тамағым қар­лығып, қатты ауырдым. Сөйт­сем, радиацияның әсері екен ғой. Қарап отырсам, үш жүз жігіттің отыз шақтысы ғана тірі қалыппыз, – дейді В.Жиров.

Тарихи деректерге көз жү­гірт­сек, сол уақытта партия бас­шылығына тапсырманың сәтті орындалғаны туралы баяндамалар жолданып жатты. 1966 жылы «Известия» газетінде «жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары қолдан жасалған көлде шомылуда» деп жалған ақпарат та тарапты.

Түптеп келгенде кеңестік ға­лымдар Қазақстан жерінде мұндай қырыққа жуық шұңқыр жасауды көздеген. Сондағы оқы­­мыстылардың ойлары: «Азия­­ның қуаңшылық айма­ғын­да осындай су резервуарларын көптеп салып, қар суын жинақтау. Шұңқыр түбіндегі еріген тастар жиналған судың сіңіп кетуіне жол бермейді. Сөйтіп, көлге мал сурауға болады» деген екен.

Жоба сәтсіз болғанымен ке­ңес ғалымдары жұмыстарын жал­ғастыра берді. Көлге жылдар бойы әртүрлі балықтар, жән­­діктер жіберілді. Тү­біне су өсім­­діктері мен балдыр­лар­дың тұқымы шашылды. Өкі­ніш­ке қарай олардың 90 пайызы ор­таның қолайсыз жағдай­ына байланысты қырылып қал­ған. Тірі қалғандары мута­цияға ұшырап кеткен. Сазан­дардың ұзындығы екі метрден асып, жыртқыш балыққа айналған. Шаяндар да өзгеріске ұшыраған.

Кейінгі жылдары жария бол­ған құпия құжаттарға сенсек, «Шаған» жерасты сынағынан кейін 11 елді мекеннің аумағы радиоактивті ластануға ұшы­раған. Ал халықаралық эколо­гиялық тазалықты бақылаушы «Гринпис» ұйымы бұл жары­лысты адамзатқа қарсы жасал­ған ең сорақы қылмыс деп ба­ғалаған.

Сөйтіп, 1991 жылдың 29 та­мызында еліміздің Тұңғыш През­иденті Нұрсұлтан Назарбаев­­­­­­­­­тың Жарлығымен Семей ядро­­лық полигоны жабылды.

«Семей ядролық полигонында термоядролық жарылыстың салдарынан пайда болған «атом көлі» жағасында тұрғаным есіме түседі. Қап-қара су айдыны мен төңкеріліп түскен жердің жансыз шомбал кесектері қиял-ғажайып көріністен аумайды. Сол арада мен дүниеміздің қан­шалықты осал екенін мейлінше анық сезіндім. ХХ ғасырда бүкіл әлем осындай «төңкерілген» қазаншұңқырға айналуы мүмкін еді... Біздің халқымыз ядролық жанталаса қаруланудың барлық салдарын өз басынан өткерді. Сондықтан біздің дүниені ядролық өзін-өзі жою қаупінен құтқару жолында тынбастан əрекет етуге бүкіл адамзатты ша­қыратындай моральдық қа­қымыз бар», деп жазады Елбасы өзінің «G-global: ХХІ ғасыр әлемі» атты кітабында.

Қазіргі уақытта көл жаға­сында орналасқан елді мекендер жоқ. Айдынына үйрек-қаздар мүлдем қонбайды. Тек туристер ғана өтіп бара жатып тоқтайды, балығын аулап көр­мек болады. Жалпы бүгінде көлде зиянды радиация бар ма? Адамдар үшін қауіпті ме? Бұл туралы мамандардан сұрап көрген едік. 

– Қазақстан Республика­сының Ұлттық ядролық орта­лығының мамандары жүргізген зерттеулердің деректері бойынша қазаншұңқырдың радиоак­тивті ластанған ернеуі адамдар мен жануарлар үшін қауіпті болып табылады. Мұнда ұзақ уақыт болу қайта сәулеленуге ұшыратуы мүмкін. Сондықтан қоршаулар мен арнайы көрсет­кіштер орнату туралы мәселені қарастыру қажет. Ал судағы радионуклидтердің мөлшері нормативтік деңгейден аспайды, – дейді Ұлттық ядролық орталығы республикалық мем­ле­кеттік кәсіпорны Радиа­ция­лық қауіпсіздік және экология институтының директоры Асан Айдарханов.

Иә, адамзатқа зауал төндір­ген аждаһа ныспылы жойқын қарудан арылу туралы бастама көтерген Қазақстанның жер-жаһанға ізгілік елшісі болып танылуы бекер емес. Халқымызға мұндай қасіреттер енді жуымасын.

 

Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,

журналист

 

Шығыс Қазақстан облысы