Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі мақсаты – парасаттылық идеологиясын ілгерілете отырып, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру. Өткен жылдың соңында қабылданған заңнамалық түзетулерге сәйкес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі білім беру, ақпараттық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар кешенін қабылдау арқылы парасаттылық қағидаттарын енгізу мәселелерінде үйлестіру функциясын белсенді іске асыруда.
Агенттіктің жаңа құрылымын қалыптастыру кезінде мемлекеттік аппараттың жариялылығын, қолжетімділігін, ашықтығы мен айқындылығын және адалдық пен пара алмаушылық идеологиясын тұрғындар арасында кең көлемде насихаттау мақсатында Парасаттылық департаментін құру туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ «Адалдық алаңы» – «сыбайлас жемқорлықтан азат өңірлер» жобасы бүгінде тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюдың бірегей жобасына айналды. Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтерді алу кезінде қолайлы жағдайлар жасау және қоғамдық бақылау құралдарының пәрменді іске асырылуын қамтамасыз ету – аталған жобаның алдына қойған нақты міндеттері болса, жобаның мызғымас бөлігі – ел азаматтары мен қоғам өкілдерінің азаматтық белсенділік таныта отырып, қоғамдық бақылауды күшейтуге және адалдық идеологиясын ілгерілетуге жұмыла атсалысуы болып отыр. Ел игілігі жолында осы бір ортақ мақсатты жүзеге асыру мақсатында орталық мемлекеттік органдар мен өңірлер арасында жоба жетекшілері тағайындалып, қазіргі таңда қоғамдық кеселдің алдын алу жолында және оның жолын кесуде қарқынды жұмыс жүргізуде.
Бүгінде ауылдық деңгейге дейінгі 200-ге жуық әкімдік азаматтарға қызмет көрсетудің сервистік моделіне көшсе, жергілікті тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түру үшін ел бойынша 1000-нан астам оpen space үлгісіндегі кеңсе мен 750-ден астам фронт-офис ашылды. Нәтижесінде, қоғам өмірінде ашықтықты қамтамасыз ету арқылы сыбайлас жемқорлық деректері туындайтын себептер мен жағдайлардың деңгейі төмендеуде. Еліміздің 16 өңірінде ашылған Antikor-сервистік орталықтарында әрбір азаматтың сапалы құқықтық көмек пен кеңес алуына толық мүмкіндік қарастырылған.
Ел аумағында ашықтық пен айқындылықпен қатар, азаматтар үшін мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты ұсынылатын ақпараттардың барынша қолжетімділігіне агенттік тарапынан баса назар аударылуда. Мәселен, жалпыға қолжетімді сервис – «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» мемлекет тарапынан бөлінетін бюджет қаражатын әр азаматтың көріп, бақылауына және тиімді игерілуі бойынша пікірлер мен шағымдар қалдыруларына толық мүмкіндік беретіндігімен ерекше. Бүгінде картада 7,2 трлн теңгеден астам бюджет қаражаты ашық түрде жарияланған. Сондай-ақ парасаттылық мәдениетін қалыптастыруда бүгінгі эпидемиялық жағдайға байланысты мемлекеттік органдар мен қызметшілердің халық алдында есеп беруі мен ашықтықты қамтамасыз етуінде жаңа интерактивті онлайн-жобалар қолданылуда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызмет туралы халықты үздіксіз ақпараттандыруды қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қарқынды күрестегі жаңашылдықтарды түсіндіру үшін «Antikor.LIVE» жобасы іске қосылып, осы күнге дейін әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарды толғантқан түрлі тақырыптар бойынша 1 800-ден астам «тікелей эфир» өткізілді. «Antikor.LIVE» жобасы әр күн сайын тұрақты негізде тікелей эфирге жол тарту арқылы қысқа мерзім ішінде өзекті мәселелер бойынша ақпарат таратудың ең тиімді тетігіне айналды.
Бүгінгі күні парасаттылыққа негізделген қоғамды құруда сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім алуды мектеп қабырғасынан бастауға баса назар аударылып келеді. 2019 жылдан бастап еліміздің жоғары сынып оқушылары мен студенттері арасында парасаттылық идеологиясының ауқымын кеңейтуге және терең білімнің маңыздылығын түсіндіруге бағытталған жалпыреспубликалық «Адалдық сағаты» акциясы бастау алған. Коронавирустық инфекцияның таралуына қарамастан, білім алушыларды адалдық пен әділдік сынды қасиеттерге үндейтін дәрістер өз маңыздылығын жоғалтпай, тікелей кездесулер онлайн-дәрістерге көшу арқылы өз жалғасын табуда. Бұдан бөлек, агенттік ұлы ойшылдардың еңбектерін кеңінен насихаттау – саналы қоғамды тәрбиелеудің тиімді тетігі екендігін назарға ала отырып, 2020 жылдың мамыр және шілде айларында әділдікті арқау еткен «Адалдық сағаты» – «Адалдықты мұра еткен ұлы Абай» және «Әл-Фараби және қайырымды қоғам» тақырыптары бойынша жалпыреспубликалық деңгейде ұйымдастырылып, бейне-дәрістер республикалық және өңірлік телеарналарда көрсетілді. Сондай-ақ оларды әлеуметтік желілерде орналастыру мектеп оқушылары және студенттермен тиімді кері байланыс орнатуға және олардың қоғам өмірінде жиі кездесетін әлеуметтік індетке қарсы тұруда белсенділік танытуларына айрықша серпін беруде.
Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғары стандарттарға ие қазақстандық 11 жоғары оқу орны академиялық адалдық лигасына бірігіп, одан бөлек жалпы білім беретін және орта-арнайы мекемелер үшін парасаттылық мектептері лигасын құруға бастама жасалуда. Адалдық, парасаттылық, сенім құндылықтарын кең көлемде дәріптеу мақсатында агенттіктің сенімді серіктестері ретінде бүгінде жалпы саны 8 мыңға жеткен мектеп оқушылары мен студенттер Adal Urpaq ерікті мектеп клубтары мен Sanaly Urpaq жобаларына біріктірілген. Сыбайлас жемқорлықтың отбасыға тигізер салдарын, мемлекетке тигізер зардабы мен залалын әлеуметтік тұрғыдан көрсете отырып түсірілген бейнематериалдар оң мінез-құлық үлгілерін қалыптастыруға, қатып қалған көзқарастарды өзгертуге және заң аясында іс-әрекеттер жасауға дәріптейді.
Қорыта келгенде, іске асырылып жатқан шаралардың тиімділігін әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері арқылы байқауға болады. Бүгінде TALAP қолданбалы зерттеулер орталығының бағалауы бойынша қазақстандықтардың шамамен 70%-ы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге өз үлестерін қосуға дайын екендігі белгілі болып отыр.
Ғанижан АСАНҰЛЫ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Парасаттылық департаментінің директоры