Карантин кезінде ауыр халде ауруханаға түсіп, дәрігерлердің жедел көмек көрсетуінің арқасында аман-есен сауыққан науқастар медицина қызметкерлеріне ризашылықтарын білдіре бастады. Осы уақыт ішінде Алматы қаласы Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының дәрігерлері ауыр жағдайдағы ондаған күрделі ота жасап, оның ішінде өкпесі толықтай зақымданған науқастарды да емдеп, аман алып қалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сондай науқастардың арасында өкпесі ауырған профессор Несіпхан Бектенов та болған еді. - Әкем ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне түсті, - деп науқастың қызы Сабина ЖШККА сайтына жазды. - Оның өміріне қауіп төнді, бірақ аурухана дәрігерлерінің кәсіби шеберлігі, адал жұмысы және біліктілігі арқасында әкем аман қалды. Ол бір айға жуық ауруханада жатып, 17 күнін жансақтау бөлімінде өткізді. Мен әкемнің өмірін сақтап қалған барлық дәрігерлерге, медбикелерге шын жүректен алғыс айтамын.
Жансақтау бөлімінің бастығы Тимур Райымжановтың айтуынша, науқас өте ауыр жағдайда түскенін ескеріп, мамандар оған әлі де кеңес беріп келеді. «Барлық медицина қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында аман алып қалдық, Бұл біздің аурухананың қалыптасқан дәстүрі ғой. Емдеу науқастың жағдайына байланысты үнемі түзетіліп отырды. Біз науқастарды тәулік бойы бақылап отырамыз, карантиннің ерекше жағдайларына қарамастан, дәрігерлер бірін-бірі алмастырады, медбикелер үнемі бақылау жүргізеді, санитаркалар да көмектеседі, қарқынды терапия кезінде массаж жасау, науқасты аударып отыру, оны жалғыз қалдырмау өте маңызды, дейді Тимур Райымжанов.
- Әрине, көп нәрсе медицина қызметкерлерінің жұмысына байланысты, бірақ науқастардың өмірге деген ынтасы да байланысты екенін ұмытпағанымыз жөн, - дейді хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Бахтияр Бекешев. - Бұл науқас өте қиын болған күннің өзінде де барынша позитивті көңіл-күйде болды. Біз адамдарды психологиялық тұрғыдан қолдауға тырысамыз, бірақ науқастың бәрі қайта жазылып, аяқтан тұру үшін барын салмайды. Несіпхан Бектеновтың өмір сүруге деген құлшынысы жоғары болды, ол өзін тастамады, сондықтан да аман қалды.
Қазір профессор өз үйінде, амандығынан үмітін үзбеген жақындарының қасында бірте-бірте қалпына келуде. Толық сауығып кеткеннен кейін оны ол ұзақ жылдар бойы дәріс берген Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дағы әріптестері мен студенттері күтеді. Ал Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы бұрынғы жұмыс режімінде көпсалалы қалалық емхана ретінде жұмысын жалғастыруда.