• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 09 Қыркүйек, 2020

Әл-Фараби – екі әлемді біріктірген күш

658 рет
көрсетілді

Әл-Фарабидің пәлсапасын бүгінгі заманның адамына түсіндірмекке жазылған кітапта «Әл-Фараби адам туралы баяндағанда «Әлем – бір үлкен адам, ал адам – кішкентай әлем» деп екі ұғымды біріктіреді. «Адам болмысының негізі – ілім. Ақ пен қараны ажырату – білімнен» деген жолдар бар. Бұл ретте бізге Отырардан шыққан әлемнің екінші ұстазының мирасын өзінше пайымдап, «қайырымды қала» концептін жаңа ұрпаққа жеткізбекке талпынған түркиялық ғалым Нұрфер Терджанмен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Тамырын қазақ даласынан тартқанымен, еңбегі жалпы адамзат баласына ортақ тұлғаның іліміндегі ерекшелік пен ғұламаның ислам философиясындағы айрықша орны туралы талапты ғалым таңданыспен әңгімелеп берді.

– Алдымен қазақстандық оқыр­мандарға өзіңізді таныстырып өтсеңіз.

– Түркияның Эскишеһир қаласында туып-өстім. 20 жыл бойы туризм саласында жұмыс істедім. Жауапты қыз­метте болдым, үлкен компанияларда маңызды міндеттерді атқардым. Жол­дасым да туризм секторында жұмыс істейді. 2016 жылдан бері Қазақстан екінші үйімізге айналды. Қазақстанға келген соң тағы да университет есігін аштым. Бір кездері өзім қатты қалаған әлеуметтануды зерттеу үшін оқуға түс­тім. Қазір өзім қызығатын тақырыпты зерттеумен шұғылданудамын.

– Жақында әл-Фараби ілімі туралы кітабыңыз жарық көрді. Бұл кі­тапты жазуға не түрткі болды, идея қай­дан келді?

– Соңғы 10 жылда негізгі жұмысым­мен қатар философия мен әлеуметтануға қатысты ізденіп жүрмін. Өзім үшін түртіп қойғандарым, жазулы мақалаларым бар еді. Шыны керек, әл-Фарабиді өзім үшін оқыдым. Академиялық мақ­саттағы ізденіс болмаса да, кітапта бір академиктің еңбегі бар деп айта аламын.

Негізінде, Қазақстанға келіп әл-Фа­раби туралы деректер іздей бастадым. Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханаға күнде барып, сирек кездесетін қолжазбаларды оқитынмын. Былтыр Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры Мехмет Арсланмен кездесіп, ол кісімен де ойшыл турасында әңгіме-дүкен құрдық. Профессор 2020 жылы ЮНЕСКО деңгейінде әл-Фарабидің 1150 жылдығы тойланатынын айтып, кітап жазуды ұсынды. Әлбетте бұған дейін өзім үшін түртіп қойғандарым болды, дегенмен кітап шығару жоспарымда жоқ-ты. Шыны керек, батылым жетпеді, кітап жазудың оңай емесі анық қой. Оның үстіне бұл тақырыпта қаншама танымал профессорлар ой тербетті. Мен өзімді сол деңгейге сай көрмедім.  Кітапта «әл-Фараби былай деген» деп оның сөздерін тізбей, өзімнің пайымымды, данышпанның не айтқысы келгенін жеткізуге тырыстым.

– Түрік халқының да ғылымда өзін­дік орны бар данышпандары көп емес пе?.. Неліктен таңдауыңыз әл-Фарабиге түсті?

– Жоғарыда айтып кеткенімдей, әл-Фараби туралы ізденісім – жеке қызы­ғушылығым. Оның ілімі арқылы өзімнің рухани дүниемді толықтыруға тырыс­тым. Оның ілімінен өзімді іздедім.

Мен туризм саласында қызмет етсем де, жандүниеме философияға жақын еді. Түрлі ойшылдар мен философтардың еңбектерін оқыдым. Бұл ата-анамның бала кезімде еккен дәні десем болады. Сол дән бүгін жемісін беруде. Адам өмірге келгенде қай отбасында туып, қай дінді ұстанатынын таңдамайды ғой. Ата-анасы үйреткенді тоқи береді. Мен де түрік халқының дәстүрлі діні ислам шарттарын үйреніп өстім, арабша әріп таныдым. Сенбеу, күмән келтіру деген ойыңа кіріп-шықпайды. Өсе келе ол білімнің жеткіліксіз екенін түсініп, өзімше іздене бастадым. Әл-Фарабидің еңбектеріне кезікпес бұрын, қаншама ойшылдың жұмысы оқылып, алуан түрлі кітаптар ақтарылды.

Ең алғаш жолдасымның жұмысына, яғни Нұр-Сұлтандағы Rixos қонақүйіне келгенде әл-Фарабидің суретін көрдім. Осы кезде әл-Фараби еңбектерін оқып, мақалалар жазып жүр едім. Яғни, ізденістің қызған шағы. Бұл маған әсер етті. Яғни, мұны бір белгі ретінде қабыл­дадым. Былай қарасаңыз, біз 2016 жылы келдік. Ол сурет 2005 жылдан бері осында тұр екен.

Өзімді түсіну, қалыптастыру мен үшін әрқашан маңызды еді. Әл-Фарабиді оқу оңай емес, оған белгілі бір деңгей, білім керек. Оқығаныңызды түсінгенде, негізгі ойды саралай білгенде, одан да тереңге бойлай бересіз. Бәріміз біле­тіндей, оның Платон, Аристотельге қа­тыс­ты жазғандары көп. Жалпы, әл-Фа­рабидің ерекшелігі – Батыс пен Шығыс философиясын ұштастыра білгенінде. Бәлкім, маған дейін мұндай ой айтылуы мүмкін, алайда әл-Фараби – екі теңіздің біріккен жері дер едім. Яғни онда қос теңізді біріктірген алып күш бар.

Мәселен, Ибн Сина туралы айтқаны­мызда медицинаның атасы дейміз, ал әл-Фараби туралы бір сөйлеммен тү­сініктеме беру қиын. Қасиетті кітаптарда қолданылатын бұл ұғымды әл-Фарабиге қатысты да айта алуыма келесідей се­беп бар. Білім дегеніміз – теңіз. Ал ол Батыс пен Шығысты, яғни ислам мен антика философиясын бір жерде то­ғыстыра білді. Әл-Фараби өмір сүрген кездегі ислам географиясында, нақты айтқанда, Шам аймағында көптеген ойшыл болды. Олардың көбі – Түркістан мен Отырардан барғандар. Дегенмен, бір-бірінен тым алыс екі әлемді байланыстырып сараптау әл-Фарабидің ғана қолынан келді. Ислам философиясы деген ұғым қалыптаспай жатқанда-ақ антика мен исламды ұштастыра білу – көптің қолынан келмеген ғажайып іс.

– Әл-Фараби еңбектерімен алғаш рет қашан таныстыңыз?

– Отбасында үйретілген, мектепте айтылғандарды толықтырғың келіп, одан әрі іздене бастайсың. Сіздің танымыңыз бен ойыңыз өзіңіз өсіп жатқан ортаға сай, сол жүйеде қалыптасады. Мен ата-анамның үйреткендерімен шектелгім келмеді. Дін адам жүрегін жылытуы мүмкін, алайда философия нұр құя алады. Яғни, менің сеніміме нұр құю қажет болды. Сіз үйреткенге сеніп, сол сәулеге ересіз,  осы дұрыс дейсіз. Ал жарықты көргісі келгендер ойланып, одан әрі жол іздейді.

Ізденіс те оңай емес. Жаңа ілім сіз­дің танымыңызға жат болмаса, қабыл­дайсыз. Түрік пәлсапасын тереңдетіп оқыған адамның ислам пәлсапасына кезігері сөзсіз. Түркияда ойшылдардан Мәуләнаның орны бөлек. Мен де сол нүктеден бастадым. Тізе берсең көп, Юнус Эмренің еңбектері қандай... Олар­дың мирасына бойлай бересіз, ол да жетпейді. Солай қадам басқан са­йын ілімнің үлкен мұхит екенін түсінесіз. Сондықтан әл-Фарабимен нақты осы кезде таныстым дей алмаймын. Оған дейін жүріп өткен үлкен жол болды. Бұл ізденіс жолын салып берген ешкім жоқ, ол жолды әркім өзі салады. Ең бас­­тысы сұрақ қойып, қызығушылық таныту. Мұның негізі – қызығушылық, ал қызығушылықтың негізі сұрақ қоя алуда.

– «Желден жолдау. Әл-Фараби» кітабын жазарда нені мақсат еттіңіз?

– Кітаптың негізгі мақсаты бүгінгі ұрпаққа әл-Фараби философиясын қазіргі тілмен, жастардың тілімен түсіндіру. Ибн Сина Аристотельдің «Метафизика» кітабын оқып, түсіне алмайды. Грек тілі­нен аударылған арабша нұсқасын оқи­ды, алайда қанағаттанбайды. Сөйтіп бір күні базарға барып әл-Фарабидің «Метафизика» ұғымын ширатып жазған трактатын қолға түсіреді. Сол трактаттан Аристотельдің не айтпағын, метафизика ілімін үйренеді. Менің мақсатым да бір кездері әл-Фараби бабамыз Арис­тотельдің ілімін тәпсірлегендей, жас ұрпаққа екінші ұстаздың білімін жеткізу.

Жасанды интеллект дамып жатқан заманда данышпандардың жан дүниемізге нәр беріп, көкірегімізге нұр құятын бі­лімі тарих тасасында қалып қоймауына әре­кет ету керек. Технология заманын­да өсіп жатқандардың ішінен мұндай ілім­ге қызығушылық танытатын балаларды табу да қиын. Бірақ тапқан күннің өзінде де түсінер ме? Кітабым жаңа заманның адамдарын ұлы ойшылдың идеясына жа­қындатар деген ойдамын.

Өмір өзгерді ғой. Қазір адамдар интер­неттің жылдамдығы азайса ашуланатын болды. Адамдар қалағанына оңай қол жеткізуді үйренді. Оқыған кітабын тез түсінгісі келеді. Менің өзім де, шыны керек, сол мақсатта іздендім. Мына түсінгенімнен де оңай түсіндірер еңбек бар ма деп одан әрі іздендім. Өзіміз үшін де, келер ұрпақ үшін де неге осыны қарапайым тілде жазып, түсінікті етпейміз деген ой пайда болды. Өйткені бір кездері әл-Фараби де Аристотельдің «Метафизикасын» осы географияның адамдарына түсінікті еткен. Мен де сол білімді жеткізе алсам – мақсатымның орындалғаны. Әл-Фараби бабамыз жазып кеткен «қайырымды қала», «бақыт» ұғымдарын түсіндіргім келді. Өйткені «қайырымды қаланың» тұрғындары – бақытты. Ал біз сол шынайы бақыттың не екенін білеміз бе деген сұраққа жауап беруге ұмтылдым.

 

Әңгімелескен

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»