Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың бірінші резиденциясы ғимаратында орналасқан Елбасы кітапханасы 3 қыркүйектен бастап келушілерге есігін ашты. Мұнда тақырыптық экскурсиялар 10 адамнан аспайтын топтарға алдын ала жазылу арқылы тегін көрсетіледі. Яғни кітапхана карантин кезінде қалыптасқан талаптарды сақтай отырып, көпшілікпен байланыстың жаңа форматына көшті.
«Төтенше жағдай кезінде де Елбасы кітапханасы өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Барлық іс-шаралар виртуалды түрде атқарылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер және Халықаралық мұражайлар күнін, сондай-ақ Халықаралық ядролық сынақтарға қарсылық шарасы, Қазақстандағы Президенттік институттың 30 жылдығы, т.б. қатарлы айтулы оқиғаларды атап өттік. Бұның барлығы кітапхананың ресми сайтындағы «Бейне галерея» арқылы көпшілікке таныстырылды. Бейнекөрмелер әртүрлі форматта өткізіледі: тақырыптық экспозициялардың бейнетурлар; бейнероликтер; презентация түрінде дәстүрлі электронды формат және алғаш рет «бір жәдігер» идеясы іске асты», дейді Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов мырза.
Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған «Ұлттар мәдениетін ұлықтаған мекен», Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Қазақстан жауынгерлері Сталинград түбіндегі шайқаста» атты көрмелер көпшілікке ұсынылып, күміс бұйымдар топтастырылған «Күмістің мәңгілік сәулесі» және «Пішін мен суреттің үндестігі» атты табақтар топтамасының көрмесі де сәтті көрсетіліп, «Болашақ санасы», «Қазақстандағы олимпиада қозғалысы» т.б. бейнекөрмелер де көптің көңілінен шығыпты.
Бұлардан басқа Елбасы Н.Назарбаевтың идеялары мен бастамаларына негізделген «Н.Назарбаев – Еуразиялық интеграцияның сәулетшіcі», «Елбасының асқақ арманы», сондай-ақ Тұңғыш Президенттің қоғамдық наградалар жинағының көрмесі, кітапханасының көшпелі кешен көрме жобасының материалдары бойынша «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көрме ұйымдастырылыпты.
Биыл ел көлемінде атап өткен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай кітапханада «Абай мұрасы – тәрбиенің қайнар көзі» бейнекөрмесі дайындалып, Ядролық сынақтарға қарсы күрестің халықаралық күніне орай «Н.Назарбаев – жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы» экспозициясы атты бейнетур ұйымдастырылған екен.
Заман талабына сай Елбасы кітапханасының ғылыми және білім беру қызметі де виртуалды кеңістікке көшіп, вебинарлар, марафон сабақтары, бейнедәрістер, дөңгелек үстелдер, онлайн-конференциялар өткізумен қатар, «Абай оқулары» эстафетасы, «Елін сүйген Елбасы» мұражай сабағы, мұғалімдердің республикалық шығармашылық байқауы, балабақша тәрбиеленушілері суреттерінің «Атамекен» онлайн байқауы, сонымен қатар әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған елорда мектептері арасында «Ұлы даланың ұлы тұлғасы» онлайн байқауы жоғары деңгейде атқарылған екен.
Сонымен бірге Елбасы кітапханасы өзінің сайты арқылы оқырмандарға онлайн-кітапхана қызметін тегін пайдалануға мүмкіндік беріп отырғаны қуантарлық. Бұндағы кітап қорында электронды форматта үш мыңнан астам басылым бар екен. Бұның сыртында, кітапхана сайтында қазақ халқының көрнекті тарихи тұлғаларына, сондай-ақ мемлекеттің дамуына үлес қосып жүрген қайраткерлерге арналған «Мәңгілік ел алыптары», «Ұлы дала тарландары», «Ұлттық код» т.б. рубрикалар ашылыпты. Жалпы алғанда, Елбасы кітапханасына онлайн-қатынасушылар саны 10 мыңның үстіне шығыпты.