• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 11 Қыркүйек, 2020

Ерлан Сыдықов: «Абай академиясы» – елдік жоба

770 рет
көрсетілді

– Ерлан Бәтташұлы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы ха­лыққа Жолда­уында жаңа іс-қимыл кезеңіндегі бәсе­кеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт, жаңғыру бағытындағы қо­ғам мәселесін ерекше атап өтіп, Абай даналығын тағы да еске алды. Сіз­дердегі «Абай акаде­миясы» ғы­лым мен бүгінгі әлеумет сұра­нысын қа­лай бай­ланыстырады? Бұл орталықтың мақ­сат-міндеті не?

– Осы жылғы Жолдау әлем мен мем­лекетіміздің аса жауапты кезеңінде жа­­рия етілді. Сондықтан оның мәні де, маңызы да ерекше. Мемлекет басшы­сы: «Қазақ зиялыларының жаңа кезең­дегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қа­ғидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға атсалысу» деп тұжырымдауының терең мағынасы бар. Ұлт болмысының коды – Елбасы айқындаған «Мәңгілік ел» идеясы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасында жан-жақты айтылды. Абай сынды тұлғалар – қашан да ел жаңғыруының темірқазығы. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Абай – рухани реформатор» атты бағдарламалық мақаласында ақынды сан ұрпақтың «басын біріктіретін мәңгілік рухани тірек» деп сипаттай келе, Еуразия университетіндегі «Абай академиясының» қазіргі міндетін айрықша атады.

Біріншіден, «Абай академиясы» – Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев те­рең жауапкершілікпен айқындаған әрі ұлт­тық, әрі әлемдік Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында өмірге келген ғылыми платформа. Еуразия ұлттық университеті жанынан аталған академияны ашу идеясын да Қасым-Жомарт Кемелұлы көтерді. Білім және ғылым министрлігі мен Еуразия университеті – өрелі бастаманы қолдаушы. Ақын­ға қатысты аталған еңбегінде Мемлекет бас­шысы: «Қазір елімізде абайтанумен айналысатын бірнеше ғылыми-зерт­теу орталығы бар. Осылардың жұ­­мысын жүйелеп, ел­ордамыздағы Абай академиясының төңірегіне топ­тас­­тырған жөн. Академия барлық зерттеу мекемелерінің жұмысын ғылыми тұрғыдан үйлестіруші міндетін атқара алады» деп, бізге нақты міндет жүктеді. Бұл ой, әрине, өзге орталықтардың бәсін төмендетпейді. Бәрімізді ортақ маңыз­ды істі үйлестіру мен жүйелі атқаруға жұ­мыл­дырады. Әріптестеріміз де мұны түсіністікпен қабылдады.

Екіншіден, Абайтану – ұлттану немесе тұлғатану бағытындағы ғылымның кешенді саласы. Бұл – үздіксіз жалғасатын таным мен талғам, парасат пен білік мектебі. Президент айтқандай, «Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі».

Расын айтайық, кез келген ғылыми жобаны жүзеге асыру үшін қажетті алғы­шарт пен интеллектуалдық әлеует, тиісті қаржы мен оны ұқсататын жүйе болуы маңызды. Осы орайда біз қа­лып­тасқан Алматы, Семей сынды қала­лар­дағы абайтануға қатысты мамандар беделін аласартпай, елордада жаңа ғы­лыми мектепті топтастыруды парызымыз деп білдік. Шүкір, ширек ғасырда уни­верситетімізде гуманитарияның түрлі саласы бойынша білікті ғалымдар жиналды. Философия, филология (әдебиет­­та­ну және лингвистика), тарих, этноло­гия, әлеуметтану, психология, педагогика т.б. мамандарын жаңа құндылықтар мен әлеуметтің рухани сұранысын қа­нағаттандыру негізінде Абай құбылы­сын зерделеуге бағыттадық. Тіпті докторант, магистранттарымызға дейін таңдаған диссертациясы тақырыбына Абай танымы, даналығы тұрғысынан қарау тапсырылды. Осы арқылы ұлт да­муындағы сабақтастықтың үзілген желісін жалғастыруды қаладық.

Академияның іргелі ғылыми бағыты – Абай мұрасын жаңа Қазақстанның рухани, мәдени, интеллектуалдық дамуымен сабақтастықта зерделеу, зерттеу, насихаттау, танымал ету. Мұнда XXI ғасырдың білімі де, гуманитарлық ғылымдар сала­сындағы іргелі және қолданбалы зерттеу­лер де бар.

«Абай академиясы» – қайтарымы мол елдік жоба. Осы аяда абайтанушылар­дың жаңа буыны өсіп-қалыптасады деп сенеміз.

– Бірнеше ғылым саласының басын қосқан жобаларыңыздың тақырыбы, бағыт-бағдары қандай?

– Президенттің жіті бақылауындағы Абай мерейтойын өткізу жөніндегі мем­лекеттік комиссияның жұмысын Мем­лекеттік хатшы Қ.Көшербаев сапалы, өр­кениетті деңгейде үйлестіріп отыр. Таяуда Семей өңірін аралап, елдік шара мен ғылыми ізденістерді толықтыратын өрелі кеңестер берді.

Жақында Премьер-министрдің орын­басары Е.Тоғжанов Еуразия уни­вер­ситетіне арнайы келіп, Абай акаде­миясының жұмысын ілгерілетуге байланысты жиын өткізді. Бұл шараға Білім және ғылым министрлігінің, Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты тұлғалары да қатысты. Болашақ кешенді жобаларымызды қаржыландыру, әзірле­ген еңбектерімізді жариялау, танымал ету және абайтанудың алдында тұр­ған көкейкесті мәселелер талқыланып, хат­тамалық шешімдер қабылданды.

Жаңа «Абай Құнанбайұлы мұрасы: қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар ас­пек­­тісіндегі жаңа ұғым», «Қазіргі Қазақ­стан және Абай мұрасы: сабақтастық және ықпал» жобаларымыздың ғылыми негіздемесі мен маңызы сараланып, ма­құл­данды.

Басты тақырыбымыз – «Абай Құнан­байұлы мұрасы және қазіргі Қазақстан: жаңаша аспектіде жүйелеу, талдау және басылымға даярлау». Мұндағы мақсат – ақынның таңдаулы мұрасын жан-жақты танымал ету орайында мәтіндік аспектісін қайта қарау, жүйелі талдап-таразылау. «Абайдың ақындық әлемі» атты ортақ тақырыпта монографиялар, ғылыми еңбектер, оқу-әдістемелік және жаңа тех­нологиялық жетістіктерге негізделген та­­нымдық құралдар дайындап, оны түрлі деңгейдегі білім алушылар мен жалпы әлеуметке ұсыну. «Абайдың ой кеңістігі» және «Абайтанушы ғалымдар» атты та­қырыпта библиографиялық-ақпараттық көрсеткіштер әзірлеу. «Абай және қазақ қоғамы» орайында пәнаралық ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру. Сонымен қа­тар ұлт тарихына, рухани˗мәдени мұра­ларына, ой˗тұжырымдарына, басқа да әлеуметтік мәселелеріне Абай парасаты тұрғысынан қарай алатын, отандық, түркілік, еуразиялық, әлемдік контексте зерделеуге себепші интеллектуалдық ұс­танымдар, қағидаттар қалыптастыру. Мысалы, отандық және дүниежүзілік теориялық озық тұжырымдар арнасында «Абай және қазақ социумы» мәселелеріне қатысты көпқырлы әрі сан салалы зерт­теулер ұйымдастырып, бастапқы нәти­жесіне қол жеткіздік. Сондай-ақ «Абай – Қазақ елі» ұстанымы аясында ұлт тарихы мен рухани мәдениетіне қатысты деректер жинау, жүйелеу, саралау, зерделеу де жүзеге асып келеді. Отан тарихы мен әдебиет тарихы кезеңдеріне тән заңдылықтар мен даму динамикасын, айтулы оқиғалар мен өзгерістерді, тұлға мен адам факторын, Қазақ елінің әлем өркениетіндегі орнын дүниежүзі­лік әлеуметтік-мәдени антропология арнасында, ұлттық құндылықтар, төлту­ма ­ауызша-жазбаша тарихи деректер не­гізінде қарастыру да мақсатымызға кіреді.

– Қандай монография, ғылыми жи­нақ, зерттеу кітаптарын әзірлеп, басып шығардыңыздар?

– Біз «Абай академиясының» ғы­лы­ми жұмыстарын өткен жылдың со­ңын­да бастап та кеттік. Осы аралықта ға­лым­дарымыз білек сыбанып, мақала, зерт­теу, кітап жазды. Бәрі де – әлеуетті, танымал зерттеушілер. Біраз еңбек бас­па өндірісіне тапсырылып, алды ақын­ның туған күні қарсаңында шығып та үлгерді. ҰҒА корреспондент-мүшесі Н.Дулатбеков жетекшілік ететін ғылыми топтың «Құнанбай Өскенбаев ісі» атты дерекнамалық қомақты кітабы жарияланды. Өзім ғылыми қауым мен жалпы оқырманға Абайдың ғұмырнамасын ұсындым. Жалпы, ірі рухани қайраткер­дің ғылыми өмірбаяны маңайындағы тұлғалар тарихымен ғана толыққанды болмақ. Абай­дың тұлғалық айналасында да ша­тас­тырылған, бірізге түспеген деректер жеткілікті. Менің зерттеуім осы бағдарда. Профессор Т.Жұртбайдың 4 том еңбегі шықты: «Білмей мұны жазған жоқ...» (мәтінтанулық зерттеу), «Кешегі өткен би Құнанбай...» (тарихи және әдеби тұл­ға), «Соқтықпалы, соқпақсыз заманда өсті...» (Абай және оның әлеуметтік ортасы), «Ол боламын демеңдер...» (ақын өмірі мен шығармашылығы). Ака­демик Ғ.Есім «Абай пәлсапасы», профессор С.Негимов «Абайдың көркемдік жә­не ғылыми дүниетанымы», акаде­мик Д.Қамзабекұлы, PhD С.Жүсіп бас­таған ғылыми топ «Абай және Алаш са­­бақ­тастығы: тарихи-философиялық, әдеби-лингвистикалық аспект», профес­сор Р.Төлеубекова басқарған ғылы­ми топ «Абайдың педагогикалық тағылым­да­­ры», қауымдастырылған профессор Е.Сай­­лаубай үйлестірген ғылыми топ «Абай және қазақ социумы» зерттеуін жа­­риялады. Мұның сыртында бірнеше ұжым­­дық монография мен қазақ, орыс, ағыл­шын тілдеріндегі «Шыңғыстаудың та­рихи-мәдени, архео-этнографиялық ес­­керт­кіштерінің жинағы», «Жидебай» қо­­рық-музейі» атласы және балаларға ар­налған «Бес асыл іс» кітабы бар. Біз­діңше, бұл бір университет үшін аз еңбек емес.

Біз қазіргі жастар форматын да ұмыт­қан жоқпыз. Ақын мерейтойы аясында «ЕҰУ жастары – Абай жылының мотиваторы» және «Абай мұрасын таныстыру арқылы сананы жаңғырту» атты арнайы әлеуметтік-мәдени жобалар жүзеге асырылады.

– Сіз біраздан бері Абайдың тұлға­лық айналасын зерттеп келесіз. Бұл тақырыптың өзектілігі неде?

– Халқымыз «Жалғыздық құдайға ғана жарасқан» дейді. Ұлы ақынның ал­ды-артындағы тұлғалар, ақындық және тұлғалық айналасы – оны биіктете түспесе, төмендетпейді. Абай ұлттың қайнаған арман-шерінің, мұң-мұқтажының ортасынан шықты. «Қарадан шығып хан болған» әкесі Құнанбайдың да, «Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың» деп ғаламдық аяға қол сермеген немере інісі Шәкәрімнің де, ақын маңындағы басқа да тұлғалардың өз жолы бар. Бірақ бәрі Абай жолымен түйіседі.

Қазақ елінің бүгін Абайдың тұлғалық айналасын – үлкен мәдени құбылыс ре­тінде таныса, мұны өз әкесі Құнанбай Өскенбайұлының қайраткерлік өр тұл­ға­сы мен замана аясындағы пайым-пара­сатынан, немере бауыры Шәкәрім Құдай­бердіұлының зерек шәкірттігінен, ақындығы мен ойшылдығынан, сондай-ақ тағдыры дәуір тынысымен қатар өрілген, алты алашқа мәлім ерлердің ізі қалған Семей шаһарынан, ұлттық-мемлекеттік құрылымның отандық тәжірибесі – Алаш­орда үкіметінен, Ертістің сол жаға­лауына орналасқан оның саяси-әкімшілік орталығы – Алаш қаласынан бөліп қарау мүмкін емес. Ұлт қамын ойлаған ұлы тұлғалардың ортасы мен іс-әрекеті, шы­ғар­машылығы мен күресі өзара сабақ­тастықта дамып отырған.

Абайдың тұлғалық айналасын зерделеу ұлт тізгінін ұстаған Әлихан Бөкей­хан, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов заманынан бастау алғаны тарихтан белгілі. Кеңес өкіметінің біржақты таптық идеологиясы зардабынан талай уақыт жабық болып келген бұл тақырып Қазақстан саяси тәуелсіздікке қол жеткізген шақта ғана адамзат өркениеті принциптері негізінде қайта зерделеніп қарастырылуға мүмкіндік алды.

Сондықтан гуманитарлық ғылым та­лабының жаңашыл бағытымен тұлға тану, саяси элита өкілдерінің қайраткерлік қызметін, ұлт пен ұлыстың толассыз өр­кендеуіне қосқан жаһандық үлесін, шы­­ғармашылық-интеллектуал­дық әле­­уетін зерттеу – қашан да өзекті. Өз­де­рі­ң­ізге мәлім, мен едәуір уақыт Шә­кә­рім атындағы Семей мемлекеттік уни­вер­си­тетін басқардым. Осы уақытта «Шәкә­рім­тану», «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталықтарын ашып, арнайы ғылыми жур­налдар мен сериялық жинақтар шы­ға­руымыз, тіпті қаржы көзін тауып Шәкәрім мен Әлиханға ескерткіш орнатуымыз – тұлғаларды танытудың ғылыми да, практикалық та ізашар ісі еді. Тұлғалық «Шәкәрім» энциклопедиясын да осы мақсатта қолға алып, халыққа ұсындық.

«Шәкәрім және Алашорда», «Алаш қаласының тарихы» атты монографияларым, Мәскеудің әйгілі «Молодая гвардия» баспасынан «ЖЗЛ» сериясымен шыққан «Шәкәрім» және «Құнанбай» атты тарихи-мемуарлық кітаптарым да – Абайдың тұл­ғалық айналасын зерттеудегі ғылыми ізденістерім еді.

– Танымал шәкәрімтанушысыз. «Шәкәрім» атты кітабыңыз әлем оқыр­манына орыс, түрік, ағылшын, қытай, серб тілдерінде жетіпті. «Шәкәрім құ­былысы» деген ұғымға не сыйдырар едіңіз?

– Иә, қазақ тұлғасының әлемге таныла бергені бәрімізге абырой! Таяуда ғана Киевтен сүйіншілеген хабар келді: «Шәкәрімді» Украина ғалымдары өз тіліне аударып, Тарас Шевченко елінің қалың оқырманына жеткізіпті.

Шәкәрім құбылысы, біріншіден, Абай жолына адалдық және ұлы ақын айқындаған биіктікке ұмтылу. Екіншіден, ұлттың, сол ұлтты құрайтын адамның үздіксіз ағаруы, тазаруы, кемелдікке бой түзеуі.

Шәкәрім шығармашылығында үш өмірлік тірек, үш ұстаз, үш анық идеясы көрініс береді. Бұл кездейсоқ емес. Үш саны – әлемдік мәдени доминанттың бірі және ол ежелгі философиялық және діни ілімдердің негізін құрайды. Кеңістіктің үш өлшемі (ұзындығы – ені – биіктігі), уақыттың үш өлшемі (өткен шақ – осы шақ – болашақ), адам жаратылысы (дене, жан, рух), сондай-ақ туу, өмір сүру, өлім – осының бәрі үштікпен айқындалады. Сондықтан оның болмыс негізін тауып, жанның мәңгілігін дәлелдеген фило­софиялық трактаты «Үш анық» деп аталады. Шәкәрім нені жазса да үнемі Алланың атымен бастағаны – оның діншілдігі ғана емес, иман байлығын жинаудағы, сенім қорғанын соғудағы ұстанымы. Ол Жаратқан үйлесімі аясындағы әлемнен адам бейнесін, адамның жан дүниесінен әлемнің күрделі құбылыстарын көре білді.

– «Құнанбай» кітабыңыздың жұрт­шылыққа жеткеніне көп уақыт бол­ған жоқ. Бұл тақырыпты біраз автор саралағанын да білеміз. Сіздің «Құнан­байыңыздың» ерекшелігі неде?

– Ең біріншіден, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына риза­шылығымыз шексіз. Мәртебелі қызме­тін Түркістан мен Шыңғыстаудан бас­тауының рәміздік мәні бар. Семей сапарында құнанбайтанудың жаңа белесін айқындап берді. Бұл – тарихты, тарихи тұлғаны қадірлеудің елеулі жолы. Сондай-ақ Президенттің жеке кітапханасынан «Құнанбай» атты кітабымның табылуы – ғылым саласы мамандарының абыройы.

Бұл кітапқа тапсырыс берген – Ресей­дің ең оқырманы көп «Молодая гвардия» баспасы еді. Әйгілі «ЖЗЛ» сериясы – әлемдік бренд. Баспа басшылары «Құнанбайдың» үлкен сұранысқа ие еке­нін айтып жатыр. Қазір нарық заманы, кітап бұдан әрі сол сұранысқа сай көбейтіліп шыға беретін болады.

Бәріміз ХХ ғасырдағы әдебиет клас­сигі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясымен жетілдік. Әдеби, рухани талғамымызды байыттық. Мұндағы Құнанбай – көркем бейне екені екібастан түсінікті. Бірақ ол бейненің астарында, диалогтар мен суреттеулердің әр тұ­сында талай сыр, құпия жатыр. Өз басым журналист Бейбіт Сапаралы мен ғалым-жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Құнанбайынан» көп нәрсеге қанықтым. Бұлар да – маңызды еңбектер. Мен Құне­кеңе кәсіби тарихшының көзімен қарауға тырыстым.

Айталық, «Аға сұлтан Құнанбай ісін» әңгіме еткенде, оны қазақ халқының, жалпы адамзат өркениетінің тарихына ретроспективті шолу жасай отырып байыптағым келді. Маңызды деген тарихи оқиғаларды тиісті параллельдермен талдап, салыстыру негізінде қорытынды жасадым. Бұл қорытынды фактілерді қаз-қалпында айтып берумен шектелмейді, шынайы тарихи және архивтік құжаттар негізінде, оларды жан-жақты түсіндіру және талдау арқылы айқындалады.

Ел аузында сақталған Құнекең туралы аңыздарды шынайы фактілермен растауға талаптандым. Жан-жақты жә­не түрлі бағыттағы ақпараттар таза ғы­лыми тезге салған кезде ұсынылған ма­те­риал объективтеніп, шынайы тарих ашыла­ды. Тарихи оқиғалармен қатар сол кезеңде қазақ қоғамында қалыптасқан моральдық-этикалық нормалар мен қа­ғи­даларды, салт-дәстүрді, рухани және мәдени құндылықтарды барынша көр­сетуге жұмылдым.

Тарихи-биографиялық зерттеуімде Қа­зақстан тарихының біршама құжаттал­ған кезеңі қарастырылғанымен, хатталған тарихи деректері жеткіліксіз екенін жасырмаймыз. Тарихтың бұл кезеңіне не тарихшылар, не өзге де гуманитарлық сала өкілдері бірыңғай баға бермей келуі тегін емес. Сондықтан тұлға бейнесі мен тарихи оқиғаларды жүйелі жалғау арқылы уақыт пен шынайы болмысты көрсеттім.

Ең бастысы, бұл еңбегім – Абай мерейтойына тарту. Орыс тілі арқылы әлем оқырманына жол тартқаны да қуан­тады. Түрік және араб ғалымдары өз тіл­деріне аударуды қалап, жақсы бастама көтеріп жатыр. Мұны да елдің, отандық ғылымның абыройы деп білемін.

– Ерлан Бәтташұлы, сөз басында әлеумет пен қоғам өмірін айтып қал­дық. Nur Otan партиясы мұ­рын­дық бол­ған праймеризге елор­даның ғылым-білім саласынан тәуекел деп түсіп жат­қаныңызды естідік.

– Nur Otan партиясы жаңа кезеңге аяқ басты. Барлық жақсы іс ел мен әлеумет мүддесінен, сұранысынан туындайды. Сондықтан ішкі бәсекелестікті арттыру, сапаны алқалау, жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпарларды анықтау – партияның өскенін, өрістегенін көрсететін фактор. Мен талай жылдан бері Нұр-Сұлтан қа­ласы мәслихатының депутатымын. Халық саны бір миллионнан асқан бас шаһардың проблемасы да аз емес. Бірақ оны даурықпай байыппен шешу керек. Әсіресе қалада білім саласы арқалайтын жүк ауыр. Білім бар да, оның мазмұны бар. Біз Абай мен ұлт зиялыларын көп айтқанда, білім мазмұнынан солардың парасатын, даналық сабақтастығын көргіміз келеді. Мұның бәрі – оқу үдерісінің нысанасы. Сонымен бірге мемлекетшілдік рух пен отаншылдықтың бастауы да – Абай жолында.

Мен праймеризге әріптестерімнің сенімін арқалап түсіп отырмын. Елорда білім жүйесінің күрмеулі мәселелері осы саланың мамандарымен кеңесе отырып қана шешіледі. Мысалы, қазір Нұр-Сұлтан қаласында орта мектеп саны 90-ға жуықтады. Ол жыл сайын көбейе беретіні белгілі. Бұған Ақмола облысының ел­ордаға таяу елді мекендерін қосыңыз. Ендеше өз алдына бөлек пединститут керек пе? Керек! Оның жаңа заманға лайықтап, әр мектепті тәжірибе алаңы ету де маңызды. Сонымен бірге ірі үш қала мен барлық облыс орталықтарынан ұлттық элита қалыптастыратын Абай мектеп-интернатын ашу – кезек күттірмес мәселе. Оның да өнеге-үлгісін Нұр-Сұл­тан қаласынан бастау қажет.

Білім де өмірдің өзі сияқты. Қалып­тасқан, сыннан өткен тәжірибеден без­бей, әлемнің инновациялық-тех­но­­логиялық жа­ңалықтарын табиғи сіңі­ре отырып бі­лім жүйесін дамыту – әлеу­меттің де, әлеу­метшіл биліктің де көңі­­лінен шыға­тын жол. Сондықтан ағар­тудың ХХІ ғасыр­дағы жаңғырығы Абай­­дың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» де­ген даналығын қай­та­лауды жөн санайды.

 

Әңгімелескен

Талғат БАТЫРХАН,

«Egemen Qazaqstan»