• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жеңіл атлетика 14 Қыркүйек, 2020

Желмен жарысқан желаяқтар

754 рет
көрсетілді

Аңызға сенсек, біздің дәуірімізге дейінгі 490 жылы, шамамен 12 қыркүйекте Марафон түбіндегі соғыста гректер парсыларды ойсырата жеңген соң ежелгі Эллада елінің жауынгері Фидиппид (әлде Филиппид) екі тәулік ішінде 230 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтіп, шаршап-шалдыққан күйі Афинаға жетеді. Қуанышты хабарды елге естірткен бетте ол жан-тәсілім етеді. Бағзы заманда-ақ осы оқиғаның аңыз емес, ақиқат екенін Геродот пен Плутарх бастаған бір топ ғалым дәлелдеді. Араға ғасырлар салып, дәл сол жанкешті жігіттің құрметіне алыс қашықтыққа жүгіретін желаяқтар арасында жарыстар ұйымдастырыла бастады. Ол «марафоншылар сайысы» деген атауға ие болады.

Қазіргі замандағы Олимпия ойындарының тұсауы 1896 жы­лы кесілгені белгілі. Афинада өт­кен байрақты бәсекенің бағдар­ламасына марафон да енді. 40 шақырымды құрайтын сайыста 17 желаяқ бақ сынауға бел буды. Олардың денін грекиялықтар құ­раса, АҚШ, Аустралия, Мажар­стан және Францияның бір-бір спортшысы сапқа тұрды. Жарыс жолына шыққан жүйріктер арасынан Спиридон Луистың бақ жұлдызы жанды. 23 жастағы грекиялық өрен бұл қашықтықты 2 сағат 58 минут 50 секундта жү­­­гіріп өтіп, бас жүлдені ол­жа­лады. Екінші орынды тағы бір жер­гілікті марафоншы Хари­лаос Весилакос иеленсе, мажар­стандық Дьюла Келлнер үшінші сатыға жайғасты.

Спиридон Луис одан кейін дүбірлі додаларға қатысқан жоқ. Десек те ежелгі Эллада елінің ұлт­тық батыры ретінде үлде мен бүлдеге оранды. Луис жүрген жерінде толассыз сый, құрмет пен қошеметке бөленді. Даңқты марафоншы 1936 жылы Берлинде алауы тұтанған Олимпиадаға құрметті қонақ ретінде қатысып, сал­танатты рәсім кезінде Гер­манияның фюрері Адольф Гит­лерге зәйтүн бұтағын табыс етті. Спиридон 1940 жылдың көк­­темінде 68 жасқа қараған ша­ғында қайтыс болды.

1900 жылы Парижде алауы тұтанған Олимпиадада жарыс қожайындары шашаларына шаң жұқтырмады. Алғашқы екі орынды Мишель Теато мен Эмиль Шампьон еншілесе, швециялық Эрнст Фаст үшінші сатыға табан тіреді. Бұл бәсекеде алты мемлекеттен келген 13 спортшы шеберлік байқасты. Жеңімпаздың уақыты – 2 сағат 59 минут 45 секунд.

1904 жылы АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өткен Олим­пия ойындары шытырман оқи­ғаларға толы болды. Бұл жарыста америкалық желаяқ Фредерик Лорз алдына жан салмады. Мә­ре сызығын қиып өткен бетте ол жанкүйерлердің құшағына енді. Гүл шоқтарын алып, АҚШ президенті Теодор Рузвельттің қызымен суретке түсіп те үл­гер­ді. Енді бірер минуттан кейін Олим­пиада ойындарының алтын медалі Лорздың мойнында жарқырауға тиіс еді...

Іле-шала төрешілер мінген көлік стадионға келіп тоқтады. Асыға-үсіге жеткен қазылар же­ңім­паз жігіттің «ерлігін» жалпақ жұрт­­қа жария етті. Сөйтсе Лорз белгіленген қашықтықтың тең жартысына жуығын көлікпен жүріп өтіпті. Көпшілік назары­нан тыс қалған кезде желаяқ жол­да келе жатқан машиналарды алма-кезек тоқтатып, өз «жұ­­мысын» біраз жеңілдеткен екен. Сол мезетте-ақ Фредерик Лорз абыройдан жұрдай болды. Нәтижесінде Сент-Луистегі жа­рыста жүлделі орындардың бар­­лығын АҚШ құрама ко­ман­дасының өзге мүшелері ие­лен­ді. Олар – Томас Хикс (3:28:53), Аль­берт Кори (3:34:52) жә­­не Ар­тур Ньютон (3:47:33). Бұл жо­лы қа­тысушылардың саны 32-ге жет­ті.

Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі кезеңге келетін болсақ, марафоншылар сайысында аме­рикалық Джон Хейес (1908 жыл, Лондон), ОАР өкілі Кен­нет Ма­картур (1912 жыл, Сток­гольм), финляндиялық Ханнес Ко­­лехмайнен (1920 жыл, Ан­твер­пен) мен Альбин Стенроос (1924 жыл, Париж), франциялық Бугера әл-Уафи (1928 жыл, Амстер­дам), аргентиналық Ху­ан-Кар­лос Сабала (1932 жыл, Лос-Анджелес) және жапо­ниялық Сон Ки Джон (1936 жыл, Берлин) сынды саңлақтар Олимпия ойындарының жеңім­пазы атанды. 1948 жылы Лон­донда Аргентинаның түлегі Дель­фо Кабрера Гомес алдына жан салмаса, 1952 жылы Хель­синкиде чехословакиялық Эмиль Затопекке тең келер ешкім табылмады. 1956 жылы Мельбурнде француз Ален Ми­мунның айдарынан жел есті.

1960 және 1964 жылдары өткен Олимпиадада Абебе Би­киланың жұлдызы жарқы­рай жанды. Бұл спортшы жайында кеңірек әңгімелесек еш айы­бы жоқ деп ойлаймыз. Ол Эфио­пияның шалғайдағы бір ауылында тұрмысы төмен отбасында туып-өсті. Балауса кезінен қара жұмысқа жегіліп, таңның атысынан күннің батысына дейін мал бақты. Тек әскер қатарына алын­ғаннан кейін Абебенің жү­гіруге қабілеті бар екені бай­қалды. Алайда бұл жігіттің Рим Олимпиадасына қатысуы екі­талай еді. Тек дәл жарыс қар­саңында ұлттық команда са­пындағы белді бір спортшының жа­рақат алуына байланысты ғана біз­дің кейіпкерімізге Апеннин түбегіне аттануға мүмкіндік туды. Өзіне шақ аяқкиім таппай, жарыс жолына жалаң аяқ шық­қан Бикила Римде айды аспанға бір-ақ шығарып, алтын тұғырға көтерілді. Абебе 2 сағат 15 минут 16 секундтық көр­сет­кішпен рекорд жасады. Ол кезде марафондық қашықтық дәл қазіргідей 42 шақырым 195 метр­ді құрайтын.

Келесі Олимпиада Токиода өтті. Дүбірлі доданың бас­та­луына тура 40 күн қалған­да соқырішек дертіне шалдық­қа­нына қарамастан, Бикила тә­уекелге бел буды. Бұл жолы Рим­­­дегі көрсеткішін үш минутқа жақсартқан ол тағы да бас жүл­дені қанжығасына байлады. Тағы да рекорд! 1968 жылы Абебе өзінің үшінші Олимпия ойындарына қатысты. Алайда ескі жарақаты сыр берген ол мәре сызығына жете алмады. Есесіне Мехикода Эфиопияның тағы бір «қара маржаны» Мамо Волде жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Абебе Бикила 1969 жылы жол апатына ұшырады. Соның зардабын молынан тартқан даңқты спортшы 1973 жылдың күзінде 42 жасқа қараған шағында инсульттен қайтыс болды. Өз отанын­да Бикиланың беделі зор болғаны соншалық, оны соңғы сапарға шығарып салу үшін Аддис-Абебе көшелеріне 75 мыңнан аса адам жиналған екен. Ал Эфиопияның императоры 25 қазанды жалпыұлттық қаралы күн деп жариялады.

1972 мен 2004 жылдар ара­­­лығында мына желаяқтар Олим­пиада чемпионы атағына қол жеткізді: 1972 жыл – Фрэнк Шортер (АҚШ), 1976 жыл – Валь­­демар Церпински (ГДР), 1980 жыл – Вальдемар Цер­пински (ГДР), 1984 жыл – Кар­луш Лопеш (Португалия), 1988 жыл – Джелиндо Бордин (Италия), 1992 жыл – Хван Ен Джо (Оңтүстік Корея), 1996 жыл – Джозайя Тугване (ОАР), 2000 жыл – Гезахегне Абера (Эфио­пия), 2004 жыл – Стефано Баль­дини (Италия). Ал соңғы үш ғаламдық додада қара құрлықтың өкілдері шашаларына шаң жұқтырмады. Тарқатып айтсақ, 2008 жылы Бейжіңде кениялық Самуюэль Ванджиру топ жарса, марокколық Жауад Гариб пен эфиопиялық Цегайя Кебенде жүлдегерлер санатына қосылды. 2012 жылы Лондонда угандалық Стивен Кипротич алдына жан салмаса, Кенияның қос қыраны – Әбел Кируи мен Уилсон Кип­санг екінші және үшінші орындарды иеленді. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода кениялық Элиуд Кипчоге қарсылас шақ кел­­тірмесе, күміс пен қола медальдарды эфиопиялық Фейиса Лилеса мен америкалық Гален Рапп еншіледі. Міне, жоғарыдағы деректердің өзі-ақ Африка құр­лығынан келген «қара маржан­дармен» үзеңгі қағыстыру уа­қыт озған сайын қиындап бара жатқанын аңғартса керек. Соңғы Олимпиадада әлемнің әр қиы­рынан жиналған 150 атлет бақ сынады.

Байыптап қарасаңыздар, Олим­пия ойындарындағы марафоншылар сайысында санаулы ғана мемлекеттің өкілдеріне бас жүлде бұйырған екен. 1896-2016 жылдар аралығында 28 алтын медаль сарапқа салын­са, Еуропа құрлығының өкіл­дері – 12, афри­калықтар – 9, америкалықтар – 5 және азиялықтар 2 алтынды олжалапты.

Өкінішке қарай, Қазақ­стан­­ның бірде-бір марафоншысы бүгінге дейін әлемдік дең­гейдегі додалардың бірде-біреуінде олжа салған емес. Осы орайда «Бұл бапкерлік мектептің әлсіздігі ме, әлде алыс қашықтыққа жүгіретін жігіттеріміздің жігерсіздігі ме?» деген сауал туындайды. Бәлкім, осы саланың тізгінін ұстаған азаматтар жеңіл атлетиканың бұл түріне айтарлықтай мән бер­­мей жүрген болар? Ол жағы бізге беймәлім. Бірақ оған таң­дануға да болмайтын шығар. Себебі кезінде Жер шары­ның алтыдан бір бөлігін бауырына басқан Кеңес Одағы өкіл­дерінің өздері Олимпия ойын­дарында небәрі бір рет қана жүлде алды. Оның иегері – Са­тымқұл Жұманазаров. 1980 жылы Мәскеуде алауы тұ­танған ғаламдық додада Қы­р­ғызстанның Талас облысының тумасы мәре сызығын 2 сағат 11 минут 16 секундта қиып өтіп, қола медальды мойнына ілді. Оған дейін де, одан кейін де КСРО-ның құрамында бол­ған мем­лекеттер өкілдерінің еш­бірі Жұ­­маназаровтың бұл көр­сет­кі­шін қайталай алған жоқ.

 

Дерек

- Олимпия ойындарында ең көп алтын алған Эфиопияның марафоншылары. Олар төрт рет топ жарды. АҚШ пен Францияның өкілдері үш мәрте жеңімпаз атанса, Финляндия, ОАР, ГДР, Кения, Аргентина, Италияның спортшылары екі реттен теңдессіз деп танылды. Грекия, Жапония, Чехословакия, Польша, Оңтүстік Корея және Уганданың желаяқтарына бір-бір бас жүлдеден бұйырды.

- Жеңіл атлетикадан әлем чемпионатының тұсауы 1983 жылы кесілді. Сол аралықта өткен 17 жарыстың марафоншылар бәсекесінде Кенияның «қара маржандары» бес рет қарсылас шақ келтірмеді. Испанияның желаяқтары үш рет дара шықса, Эфиопия мен Марокконың өрендері екі мәрте алдарына жан салмады. Сондай-ақ Аустралия, Жапония, АҚШ, Уганда және Эритерияның қоржындарында бір-бір бас жүлдеден бар.

- Соңғы рет әлемдік рекорд 2018 жылдың 16 қыркүйегінде жаңарды. Берлин марафоны кезінде Кения өкілі Элуид Кипчоге мәре сызығын 2 сағат 01 минут 39 секундта қиып өтті. Былтырғы 12 қазанда дәл сол желаяқ Венадағы додада 1 сағат 59 минут 40,2 секундтық көрсеткішке қол жеткізген еді. Алайда ресми жарыстарда қойылатын кейбір ережелер мен талаптар сақталмағандықтан, бұл нәтиже есепке алынбады.

- 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында Қазақстанның туы астында Тахир Мамашев өнер көрсетті. Оның көрсеткіші – 2:30:26. Нәтижесінде 70-орынға табан тіреді. Сол жарыста жеңімпаз атанған кениялық Самуюэль Ванджиру мәре сызығын 2сағат 06 минут 32 секундта қиып өтті.