Тамыз айы төл валютамыз үшін жайлы болды. Бір айдың бедерінде бағамы 1 АҚШ долларына шаққанда 412-418 теңгелік дәлізден асқан жоқ.
Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Иван Сердюк тамыз айының басынан АҚШ тауарлық қорларының азаюы, Бейруттағы жарылыс сынды факторларға байланысты мұнай бағасы шамалы көтерілгенін, бұл фактор ұлттық валютамыздың біраз уақыт бойы тұрақтануына себеп болатынын айтқан еді. Сондай-ақ И.Сердюк мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы біздің валютаны қолдайтын негізгі факторлар болатынын да еске салған. Қысқасы, 2020 жылдың тамызы Ұлттық банкті де, теңгемізді де ұялтқан жоқ.
Қыркүйектің басында тамыздағы валюта нарығындағы жағдайдарға шолу жасап, журналистермен кездескен Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова да тамыз айында шетел валютасының теңгеге қатысты жаңалықтары нейтралды сипатта болғанын айтты. Мұнай бағасында да аса өзгеріс болмады, баррель 44,15-45,86 доллар аралығында шамадан тыс құбылмай саудаланды. Тамыздың басында АҚШ пен Еуроаймақтың өндірістік секторындағы іскерлік белсенділік туралы мәліметтердің беталысы белгілі болып қалды. Қолайлы макроэкономикалық статистика аясында әлемдік қор индекстері өсуін жалғастырды. Мысалы, америкалық S & P500 акциялар индексі тамызда 7%-ға өсті, әлемдік қор нарығының жағдайын бейнелейтін MSCI World индексі тамызда 6,5%-дан астам өсті. Алайда инвесторлар тәуекелінің одан әрі өсуіне пандемияның беті қайтпауы және алпауыт елдер арасындағы сауда қақтығыстарының күшеюі себеп болған.
– Тамыз айында АҚШ долларының арзандауы әлемнің назарын аударды. Бұл жағдайда Федералдық резерв жүйесі ұзақ уақыт бойы икемді ақша-несие саясатын жүргізуі мүмкін. Себебі АҚШ-тың қазынашылық міндеттемелері нақты ставкаларының төмендеуіне де әсер етті және алтын бағасының көтерілуін унциясына 2 мың доллардан жоғары деңгейге дейін жеткізді, – дейді Ә.Молдабекова.
Доллардың әлсіреуі дамыған елдердің ұлттық валютасына қалай әсер етеді? Бұл дамыған елдердің сарапшылары үшін мәңгілік тақырып. Теңгенің тағдыры тек мұнай бағасы немесе АҚШ долларына ғана тәуелді емес екені енді белгілі болып жатыр. Сарапшылар теңге тек екі фактордың емес, көрші ел Ресейге қарсы бағытталған Батыстың санкциясы, сыртқы саудадағы импорттың үлесінің қыспағында екенін айтады. Бір айда қазақстандық валюта долларға қатысты 8 теңгеге әлсіреді, бірақ рубльге қатысты нығайды. Қазақстан қор биржасы төрағасының орынбасары Наталья Хорошевская қыркүйектің басында журналистерге берген сұқбатында теңге тамыз айында негізгі валюталарға қатысты әлсірегенімен, рубльге шаққанда күш жинап алғанын айтқан-ды.
Ұлттық банк тамыз айында валюта нарығына қатыспаса да пайыздық мөлшерлемелер өзгерді. Биржадағы сауда шілде айындағы 2,1 млрд АҚШ долларынан 2,2 млрд АҚШ долларына дейін өсті. Тамыз айындағы теңгенің кенеттен күш алып, бір бағаны ұзақ уақыт ұстап тұруына осы факторлар да әсерін беріпті. Ұлттық банк өкілінің пайымдауынша, тамыз айындағы маусымдық фактордан да теңге жыл сайын біразға дейін қор жинап алатын. Бірақ биылғы пандемияға қатысты маусымдық фактор теңгеге әсер ете алмады.
– Тамыз айында кепілдендірілген трансфертті қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банк Ұлттық қордан 681 млн долларды сатты. Трансферттің конверсия мөлшері өткен айлармен салыстырғанда айтарлықтай төмен болды. Бірақ бұл валюта нарығында теңгерімсіздікке, басқаша айтқанда, теңгенің тым қатты арзандап кетуіне жол бермеді. Квазимемлекеттік сектор компаниялары өздерінің міндеттемелері шеңберінде валюта түсімдерінің бір бөлігін – 266 млн долларды сатты. Бұл валюта нарығында ұсыныс пен сұранысты теңестірді, – дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Тамыз айының соңында алдын ала мәліметтер бойынша Қазақстанның халықаралық резервтері Ұлттық қордың активтерін қосқанда 94,1 млрд долларды құрады. Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері бір айда 22 млн долларға өсіп, 35,4 млрд долларға жетті. Алтынның үлесінде де өзгеріс жоқ.
Тамыздың теңгеге деген қабағы түзу болғанымен, қыркүйек айы аса жайлы басталмады. Айдың басынан бері теңгеміз тұрақтылығын сақтай алмады. Ұлттық банк өкілі мұның себебін мұнай бағасының арзандауынан деп біледі.
Қыркүйек айының басынан бастап мұнай бағасы күрт төмендей бастады. Артынша бір ай бойы міз бақпаған теңге де құбылып шыға келді. Сарапшылар мұның себебін инвесторлардың көмірсутекке деген сұранысының төмендеуінде деп отыр. Себебі инвестордың «ертең баға қандай болады?» деген алаң көңілін қалыпқа түсіретін жағдайдың ауылы әзірге алыс сияқты.
COVID-19-ға қарсы AstraZeneca вакцинасының сынақтарын тоқтата тұру туралы хабарламалар туындаған кезде инвесторлар әліптің соңын күтуге ыңғай танытқан. Қыркүйектің ортасында мұнай бағасы қалыпқа келетін ыңғай танытып, қор биржасында қозғалыс басталды. Бұл уақытша алдамшы үміт пе, әлде сенуге болатын фактор ма? Ешкім дөп басып айта алмай отыр.
Қыркүйек айының соңына қарай Федералдық ашық нарық комитетінің жиыны өтеді. Бұған дейін АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі ставкалардың ұзақ уақыт бойы төмен деңгейде болатынын ескерткен болатын. Демек, АҚШ долларының жағдайы енді белгілі бола бастайды. Ұлттық банктің де тек сырттай бақылап отыратынын да, валютаны реттеу үшін қосымша тетіктерді пайдалануға шешім қабылдайтынын да сол кезде білетін боламыз. Әлемдік нарық коронавирустық пандемия мен оның салдары, сондай-ақ осы жылдың қарашасында АҚШ-тағы президент сайлауының кері салдарының ықпалын әлсіретуге дайындықты бастап кетті. Ресей рублі де геосаяси тәуекелдердің ықпалында қалды. Сарапшылар рубльдің әлсіреуі алдағы уақытта жалғаса беретінін айтып отыр.
Мұнай бағасының шешуші факторларын COVID-19 және ОПЕК+ мүшелерінің саясаттағы ендігі бағыты анықтайды.
– Ұлттық банк сыртқы және ішкі нарықтардағы оқиғаларға бақылауды жалғастырады және төтенше жағдайлар туындаған кезде қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қолда бар құралдардың барлық спектрін пайдалануға дайын, – дейді Ә.Молдабекова.
Ресейлік экономистер рубль қыркүйек-қазан айларында құнсызданады деп болжам жасап отыр. Көрші валютаның әлсіреуі теңгенің теріс динамикасы қаупін тудырады. Апта басынан бері сарапшылар «қазақ теңгесінің бағамы қалай өзгереді және мемлекет теңгенің нығаюына қалай түрткі бола алады?» деген мәселеге алаңдай бастады. Ресей рублінің әлсіреуі жаңа девальвация қаупін еселетіп жібергенін көріп отырмыз.
Жыл басынан бері рубль 21%-ға әлсіреді, түрік лирасы, бразилиялық реал және оңтүстік африкалық рандпен бірге ең көп зардап шеккен валюталар тобына кірді. Өткен аптадан бастап ғаламтордың ресейлік блогында да рубльдің тағдыры туралы қарама-қайшы болжамдар пайда болды – кейбір сарапшылар оның уақытша нығаюын болжайды, ал басқалары ресейлік банктер есеп айырысудың доллармен есептелетінін айтып жатыр. Қазірдің өзінде ресейлік валюта G-20 елдерінің ішіндегі ең құбылмалысы болып шықты.
Тамыз айында кез келген елдің валютасы салық демалысы, адамдардың еңбек демалысын алуы, саяхаттауы тәрізді маусымдық фактордан күш алып, қазан айына дейін ес жиып қалатын. Бұл жолы екі фактордың да әсері аз болған тәрізді. Пандемия қыспағынан ШОБ-тың 80 пайызы салықты аз төледі, шетелге саяхаттау шектелді. Теңгеміздің қыркүйек айы басталмай жатып алқынып қалуына осы факторлар әсер еткенге ұқсайды.
АЛМАТЫ