Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелерімен кездесті. Жиын барысында талапты жастар ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, ведомство басшылары бірқатар сұраққа жауап берді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің экономикасын өркендету мәселесіне ерекше мән беріп отыр. Соның ішінде ең маңыздысы – экономиканы қазіргі жағдай талабына сай дамыту. Бұл орайда шағын және орта бизнестен бастап, өндіріс саясаты экономикасын дамытудың негізгі 10 бағыты бар. Оның барлығы жаңа экономикалық бағыт болып есептеледі. Сонымен қатар біз министрлікте басқарушылық кеңесін құрдық. Оның құрамына бізден 3 өкіл және сарапшылар қоғамынан 3 өкіл енді. Мұндағы мақсат – бізде жүргізіліп жатқан реформалар туралы есеп беру және кері байланыс орнату. Бұл ретте біз сарапшылар кеңесіне президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелерін де тартуды көздеп отырмыз, – деді Р.Дәленов.
Ведомство басшысы мемлекеттік органдардың негізгі қызметіне тоқталып, Президент Жолдауын іске асыру бағытындағы басым міндеттерді атады. Сондай-ақ министр аталған ведомство құрылымын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды да атап өтті. Оның айтуынша, алдағы уақытта корпоративтік басқаруды жетілдіру және квазимемлекеттік секторды реформалау бойынша бірқатар ұсыныс әзірленеді. Стратегиялық инвестициялық келісім жасаудың жаңа тетіктерін енгізіп, инвестициялық жобаларды іске асыруда қаржылай және қаржысыз қолдау шараларының бірыңғай пакетін ұсыну көзделуде. Бұл ретте министр аталған жұмыстарды қолға алу кезінде заңнамалық талаптардың маңыздылығына мән беру қажет екенін жеткізді.
Алдағы уақытта пандемиядан зардап шеккен шағын және орта бизнесті қолдау шаралары әлі де жалғаспақ. «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағыты аясында шағын және орта бизнеске берілген несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесі субсидияланатын болады.
Келесі аудиторияда президенттік жастар кадрлық резерві мүшелерімен кездескен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ең алдымен осы салада жасалып жатқан өзгерістерге тоқталды.
– Президенттік жастар кадрлық резервінде көптеген талантты жастар барын білеміз. Тіпті олардың жетеуі осы білім саласында еңбек етіп жатыр. Бірқатар жетістіктері де бар. Біз соған қуанамыз. Ведомствоға қызметке келген кадрлық резервтің мүшелері өзіндік оң өзгерістерін қоса ала келуде. Соның арқасында білім саласына қатысты бірнеше нормативтік актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіп үлгердік. Мұндай жұмыстар ведомствода көптеп атқарылуда. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізді балабақшамен толықтай қамтамасыз етуді жүйелі жолға қойдық. Балабақшалардың санына ғана емес, сапасына да жіті көңіл бөлінуде. Ең бастысы, баласын қай балабақшаға беретіні туралы шешімді ата-ана өзі қабылдай алады, – дейді А.Аймағам- бетов.
Министрдің айтуынша, пандемия жағдайында орта білімнің сапасын кемітіп алмау да маңызды мәселе болып отыр. Қашықтан оқыту білім сапасына кедергі келтірмеуі керек. Керісінше, Мемлекет басшысы қашықтан оқытуды бірдейлендіруді, жетілдіруді тапсырған болатын. Күн тәртібінде тұрған күрделі мәселе – осы.
– Келесі мәселе – жоғары білім беру ісі. Өздеріңіз білетіндей біз сапасы сын көтермейтін бірқатар жоғары оқу орындарының лицензиясын қайтарып алдық. Ондай оқу орындарында шәкірт сапалы білім ала алмайды. Осы бағытта күрмеуі шешілмей келе жатқан күрделі мәселелердің бары да белгілі. Ендігі мақсат – оны жүйелі түрде шешу. Сонымен қатар елімізде ұстаздыққа ұмтылған жастар көбейіп келеді. Педагогика мамандығын таңдаушы түлектердің саны артып отыр. Бұған дейін ел Президентінің тапсырмасына бойынша педагогтердің мәртебесі туралы заң қабылданған еді. Аталған заң да өз жемісін беріп келеді, – деді ведомство басшысы.
Кездесу соңында президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері ел дамуына өз үлестерін қосуға даяр екендерін жеткізіп, алтын уақыттарын қиып келген ведомство басшыларына алғыстарын білдірді.