Ұлттық сипаттағы пәндердің оқытылу жай-күйі, жаңартылған оқу бағдарламасын жетілдіру, сапасыз оқулықтардың пайда болу себептері сияқты көкейкесті мәселелер төмендегі мақалаға арқау болып отыр
Жақында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алдағы уақытта мектепте оқытылатын қазақ әдебиеті пәнінің мазмұны, құрылымы, тіпті, бағдарламасы да түбегейлі өзгеретіндігі жайында айтқан болатын. «Әдебиет пәні аясында оқытылатын шығармалар оқушының жас ерекшелігіне қарай, жанр, кезең, сюжеттік желісінің алуандығы тұрғысынан іріктеліп, отандық классиктердің еңбектері ерекше назарға алынатындығына» тоқталған министр осы саланың мамандарынан арнайы комиссия құрылып, қазақ әдебиетінің мектепте оқыту әдіснамасы, бағдарламасы мен оқулығы қайта пысықталатынын жеткізген еді.
Ұлттық сипаттағы пәндердің оқытылу жай-күйі алаңдатады
Осы көтерілген мәселеге орай сауал жолдағанымызда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов Президент Жолдауында айтылған «Ұлттың жаңа болмысын» қалыптастыру ісінде тәрбие мен білім берудің сапасына айырықша назар аударғанына, осы орайда мектептердегі оқулық сапасы аса өзекті мәселеге айналып отырғанына тоқталып, ұлттық сипаттағы пәндерді оқытудағы кемшіліктерді атап өтті.
«Бүгінде қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пен Қазақстан географиясы, қазақ өнері мен музыкасы сияқты ұлттық сипаттағы пәндердің оқытылу жай-күйі жұртшылықты ерекше алаңдатып отыр» деген К.Ісләмжанұлы қоғамдық ортада кеңінен талқыланып жатқан қазақ әдебиеті пәнінің олқылықтарына Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Д.Абаевтың да тоқталып өткенін назарға алып, «Қазақ әдебиеті – «Ұлттың жаңа болмысын» қалыптастырудағы ең өзекті пәннің бірі. Сондықтан ата-аналар, мұғалімдердің арасында қазақ тілі мен әдебиетін оқытуға қатысты жанашыр ұсыныс-тілектер ағыны бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде толастаған емес. Оны жинақтап, елеп-екшеп, оқыту ісіне енгізуді мамандардың еншісіне қалдыра тұрып, істі алға жылжытуға қажетті деген бірер ұсынысты алға тартқым келеді», деді. Ғалымның айтуынша, ең алдымен, сапасыз оқулықтардың пайда болу себептерін айқындап алу керек. Ал оның ең басты себебі, оқыту жүйесіне жаңа білім мазмұнын енгізген кезде ежелден қалыптасқан оқу бағдарламаларын түзу, оқулық жазу дәстүрімізді түбірінен жоққа шығарып, шетелдік үлгіні күшпен әкеліп таңумен байланысты болды. Сонымен қоса, оқыту үрдісінде қазақ әдебиеті пәнінің өзіндік ерекшеліктері де ескерілмеді. Осыдан барып, жарымжан білім стандарттары мен теориялық қателерге толы бағдарламалар жазылып, түсініксіз оқулықтар дүниеге келді. Нәтижесінде, әдеби-тарихи кезеңдер мен ірі тұлғалардың, классикалық шығармалардың қамтылу реті бұзылды. Оқулықтағы материалдардың іріктелуі, жазушылар мен шығармалардың берілу реті, олардың жас ерекшеліктеріне сәйкестігі, оқулықтың тілі, әдістемелік негізі жете ескерілмеді, қазақ әдебиеті пәнін сапалы оқытуға қажетті қосымша оқу құралдары, сыныптан тыс оқу кітапханасы, т.б. олқылықтарды жалғастырып айта беруге болады. Ал мұны қалыпты жолға салуға, әрине, біраз уақыт қажет екендігін айтқан К.Ісләмжанұлы оларды рет-ретімен жүзеге асырудың жүйесі ретінде мына мәселелерді қаперге алу қажет екендігін айтады.
Алдымен, орта мектептердегі қазақ әдебиеті пәніне қатысты жалпыға міндетті білім стандарты мен оқу бағдарламалары аталған пәннің ұлттық ерекшеліктері мен қалыптасқан дәстүрі ескеріліп, мазмұндық, тілдік тұрғыдан отандық, ұлттық әдебиеттанушы ғалымдардан, әдіскер ғалымдардан және шығармашыл мұғалімдерден жұмыс тобын жасақтай отырып қайта жасау қажет. Ал қайта дайындалған жалпыға міндетті білім стандарты мен оқу бағдарламалары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, кең қоғамдық талқылаудан өткізілуі тиіс. Сонан кейін ғана Білім және ғылым министрлігінің тарапынан бекітіліп, қолданысқа енгізілгені абзал. Осы жетілдірілген стандарт пен оқу бағдарламаларына сәйкес қазақ әдебиеті оқулығының материалдары оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес іріктелген, ғалым-мамандардың сараптамасынан өткен материалдармен толықтырылып қайта жазылуы да маңызды. Оқулық авторлығына үміткер әдебиеттанушы ғалымдар, әдіскер ғалымдар мен тәжірибелі мұғалімдер іріктеліп алынып, оларға қолайлы жағдай (арнайы уақыт беріліп, жалақымен қамтамасыз ету т.б.) білім стандартын, оқу бағдарламаларын, оқулықтарды пайдаланушылар ретінде жасалып, қазақ әдебиеті курсының стандартын, оқу бағдарламаларын және оқулықтарды дайындауға Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы, Абай атындағы ҚазҰПУ, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының мамандары кеңінен тартылуы қажет. Осы ұсыныстарды жалғастыра келе К.Матыжанов оқу бағдарламалары мен оқулықтарды талдау, сараптамалық бағалау мамандарын арнайы даярлықтан өткізіп, жабық сараптамалық бағалау жүйесін енгізу, мектеп оқулықтарын басып шығаруды әрқилы баспаларға тапсыру тоқтатудың міндетті екенін назарға алды. Ал оның мазмұны мен сапасына Білім және ғылым министрлігінің тиісті құрылымы жауапты болу қажет. Оқулықты басып шығаруды маманданған, редакторлар мен корректорлар институты қалыптасқан баспалар жүзеге асырып, жалпы білім беретін мектептерде оқу үдерісіне енгізу мақсатында білім мен ғылым интеграциясы аясында «Мектепте көркем мәдениетке баулу мен оны оқытудың өзекті мәселелері» тақырыбында ғылыми-педагогикалық бағыттағы гранттық жобалар жариялауды жүзеге асырудың қажеттілігіне тоқтала отырып К.Матыжанов «Жалпы білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытылатын бірыңғай әдеби минимум бағдарламасын әзірлеп, қазақ әдебиеті курсы бойынша «мектеп кітапханасы» айдарымен хрестоматиялық шығармалардың ғылыми негізді базасын жасақтауды, БҒМ және Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы жанынан Білім стандартын, оқу бағдарламаларын, оқулықтарды пайдаланушылар ретінде қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің республикалық ассоциациясын құруды, басқа тілде оқытылатын мектептердегі қазақ тілі мен қазақ әдебиетін жеке пәндер ретінде қайта қарауды ұсынып отыр. Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы құрылымында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытылу ісін үйлестіріп, қадағалап жүзеге асыратын әдістемелік кафедраны қалпына келтіру де уақыт күттірмейтін мәселе.
Оқулыққа қатысты олқылықтар көп
«Қазақ әдебиеті» оқулықтарын дайындау барысында ескерілетін жекелеген факторларды басты назарға алған жазушы, филология ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Нұрдәулет Ақыш оқулық жасау жұмыстарында оқулықтардың дизайны мен безендірілуінің назардан тыс қалғанын алға тартады. «Оқулықтағы түрлі суреттер, өрнектер, жекелеген штрих-детальдар, графикалық талаптарға және өмір шындығына, берілген көркем шығарманың мазмұнына қаншалықты сай келетіні толық ескерілген бе? Ішінара уақыт шындығына, тарихи кезеңдерге және материалдардағы деректерге сай келмейтін суреттердің берілуі нені байқатады? Мысал үшін, Доспамбет жыраудың немесе соғыс кезін бейнелейтін суреттердегі штрихтарда жаңсақтықтар орын алған» дей келе Н.Ақыш жаңартылған мазмұндағы бағдарлама бойынша орта мектептерге арналған «Қазақ әдебиеті» оқулықтарындағы негізгі өзгерістер көзге бірден байқалатынын қаперге алды. Ғалымның айтуынша, бұрынғыдай емес, енді қазақ әдебиетінің бастау көзі сонау түркі кезеңінде, яғни ежелгі дәуірде жатқандығы жекелеген материалдар арқылы нақтыланған. Әр сыныпта осындай ретпен айналып келіп, бүгінгі кезең әдебиетінің туындылары қамтылады. 5-8-сыныптардағы оқу материалдарын кезеңдік тұрғыдан ұсынуда спираль тәсілі пайдаланылған. Оқушы әр оқулықтың басында ежелгі әдебиет нұсқалары мен ауыз әдебиетінің үлгілерін меңгере отырып, кезең-кезеңімен келеді де, соңына қарай бүгінгі заман әдебиетінің материалдарымен танысады. Оқулыққа қатысты олқылықтарды ортаға сала отырып Н.Ақыш «Қазақ әдебиеті» оқулығын жасау барысындағы басты сұрақ – «Көркем мәтін материалдары қандай қағидамен іріктеледі?» деген мәселенің төңірегінде туындайтынын айтады. Ал одан кейін оқулықтардың әдіснамалық аппараттары, яғни сұрақтар мен тапсырмалар, оқушымен бірге жасалатын басқадай креативті жұмыстардың қалай жүзеге асырылатыны көңілді алаңдатады.
«Өзекті әңгіменің үлкені – оқулықтардың жазылу стилі. Бұл жеке берілген көркем материалға да, әдіснамалық аппараттарға да, теориялық тұжырымдарға да тікелей қатысты. Яғни мұндайда көкейге «Жатық па? Түсінікті ме? Тілі қарапайым ба? Шәкірттің жас шамасына лайықты ма?» деген сұрақтардың оралуы заңды. Егер авторлар ойларын жеткізу барысында күрделі немесе орашолақ сөйлемдерді қолданып жатса, онда оқулық талаптары үшін ауадай қажет айқындылық, нақтылық мақсаты өз деңгейінде орындалмайды. Сонымен бірге оқулықтардың әр тұсында кездесетін орфографиялық және пунктуациялық қателерге көзжұмбайлықпен қарауға болмайды. Бұл бір жағынан ұсақ-түйек көрінгенімен, оқушының сауаттылығын дамыту үшін өте қажетті атрибуттар болып табылатыны сөзсіз. Оқулық материалдарында, әдіснамалық аппараттарда кездесетін деректердің нақты фактілер мен тарихи шындыққа қаншалықты сәйкес келетіндігіне көңіл бөле қоймайтынымыз рас. Жарық көрген оқулықтарда жекелеген қателіктердің орын алуы да сондықтан», деп атап өтті Н.Ақыш.
Негізінде, қай халықтың әдебиет оқулығы болсын шәкірттерге сол ұлттың әдебиетінде із қалдырған, тарихында белгілі бір орынға ие, ірі көркемсөз шеберлерінің шығармаларымен, әдебиет тарихындағы озық үлгілермен таныстыруды мақсат етеді. Бұл арада тек қазақ әдебиетінің ғана емес, орыс әдебиетінің жаңартылған мазмұнындағы шығармаларына және көршілес елдердегі жекелеген ұлттардың әдебиетіне назар салу артық болмас еді. Басқаны былай қойып, Достастық мемлекеттеріндегі әдебиет оқулықтарына назар салу керек. Сонымен жаңартылған мазмұндағы әдебиет оқулықтарында жоғарыда айтылған оқулық жасаудың принциптері қаншалықты деңгейде сақталған?
Ғалым атап өткендей, бұл төңіректегі сұрақтар оқулыққа бағыт-бағдар беретін тиісті құжаттарды, яғни бағдарламаларды жасаушылар халқымыздың асыл қазынасының, жазба әдебиетінің алдыңғы қатарлы үлгілерін, классиктердің туындыларын енгізуді негізгі мәселе етіп алмауынан туындайды. Оқулықтардағы көркемдігі орташа немесе тіпті төмен дүмбілез шығармалардың екшелместен еніп кетуі өкінішті. Бұның өзі жас шәкірттің әлі қалыптасып үлгермеген эстетикалық талғамын, көркем әдебиетке деген көзқарасын бұзатыны сөзсіз. Бағдарламаны жасаушылар және оқулық авторлары көркем әдебиетке қойылатын тиісті талаптардың ішінен ең алдымен тәрбиелік функциясына басымдық берген. Мысалы, 5-сыныптың қазақ әдебиеті оқулығының тарауларының атаулары «Таза, мінсіз асыл сөз», «Тәрбиенің қайнар бұлағы», «Адамгершілік – асыл қасиет» және «Отбасы құндылықтары», ал 6-сыныпта «Туған жерім – аялы алтын бесігім», «Мен – балаң, жарық күнде сәуле болған көрнекті», «Тәуелсіздік – қасиет тұнған ұлы ұғым» болып, тек бірыңғай тәрбиелік мақсатты көздеген. Басқа сыныптардағы қазақ әдебиеті оқулықтары осындай принциппен құрастырылғаны байқалады. Осы келтірілген тақырыптардан шығатын қорытынды – оқулық жасаушылар үшін алдыңғы қатарда тұрған әдебиеттің негізгі қасиеті болып табылатын эстетикалық көркемдік болмысы емес, оның тәрбиелік, кей жерлерде танымдық функциялары.
– Классикалық әдебиеттің өкілдері және олардың шығармалары аталмағандықтан, оқулықтарда қазақ әдебиеті, яғни төл әдебиетіміз тиісінше көрініс таба алмайды. Жас шәкірт ең алдымен қазақ әдебиетінің классикалық туындыларын оқып, үйреніп, солардан эстетикалық сезімін қалыптастырып өсуі тиіс, – деген Н.Ақыш оқулықтарға ең біріншіден, мейілінше көркемдік талаптарға жауап бере алатын, идеялық түйіні, айтар ойы мығым авторлардың көркем туындыларымен қамтылуы тиіс. Ал қазақ әдебиетіндегі орны әлі анықталмаған авторлардың көркемдігі әлсіз шығармаларының енгізілуі сондай талғамсыздықтан орын алып отыр. Есесіне оқырмандарына көптеген тамаша туындылар ұсынып, қазақ әдебиетінің айтулы классиктерінің бірі болған Сәбит Мұқановтың атының аталмауы қалай? Оның атақты «Ботагөзін» былай қойғанда, «Өмір мектебі» трилогиясы немесе «Адасқандар» романы мен «Сұлушаш» поэмасы әдебиетіміздің алтын қорындағы дүниелер емес пе. Ал ортаңқол, қалай болса солай жазыла салған туындылар көркемдік-эстетикалық талғамды, обьективті қабылдау психологиясын бұзады, әдебиет туралы дұрыс түсінікті қалыптастыра алмайды. Өкінішке қарай, ондай материалдар еніп кеткен.
Жаңартылған мазмұндағы әдебиет оқулықтарына ескі әдебиет нұсқаларын енгізу дұрыс та шығар, деп санайды автор. Алайда көне дәуірге сапар шегу үшін оқитын шәкірттің белгілі бір тарихи-танымдық дайындығы болуы керек. Әлі орта мектепте жүрген оқушының мұндай дайындығы өте аз. Ежелгі түркі дәуірі мен одан бергі хандық дәуірі арасындағы әдебиетті түсіндіру үшін мұғалімдердің өздері қиналып қалады.
Оқулықтың бағдарламаларын, басқа да тиісті құжаттарын және сол оқулықтың өзін жасау аса жауапты жұмыс екенін тағы да еске сала келіп, мемлекеттік маңызы бар мұндай іске кез келген адамды араластыра беруге болмайтынын қадап айтқымыз келеді, – дейді Н.Ақыш. Оған тек дайындығы бар, ісіне әбден берілген лайықты мамандардың ғана араласқаны орынды. Сондықтан да республикада қазақ тілінің барлық саласын және қазақ әдебиетінің арғы-бергі кезеңдерін арнайы зерттеп отырған екі іргелі мекеме Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтын тікелей араластыру қажет.
Білім жүйесінде кемшіліктерге жол берілді
Жаңартылған білім беру бағдарламасын жетілдіру жолдарын қаперге алған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлжаһан Орда осы орайдағы пікірімен бөлісе келе «Қазіргі таңда әлемдегі озық тәжірибелер қазақстандық оқу жүйесіне енгізіліп, орта және жоғары мектептер Блум таксономиясы бойынша оқытылып, TIMSS, PISA сияқты оқушылардың функционалдық сауаттылығын тексеру мен бағалаудың халықаралық бағдарламасына өтті. Бұлар оқушылардың қабілетін тексеру мен бағалаудың әлемдегі озық бағдарламасы ретінде танымал. Осы бағдарламалар бойынша мектеп мұғалімдері соңғы жылдары жаңартылған білім мазмұнын игеру үшін біршама семинарларға қатысып білімдерін жетілдірді, біліктіліктерін арттырғаны үшін үстеме еңбекақы алуда. Жаңа бағдарламаны оқу жүйесіне енгізу көп ізденуді, ыждағаттылықты, білімді қажет етеді. Кәсіби мамандар үшін оқушылардың қабілетін тексеру мен бағалаудың әлемдегі озық бағдарламасын жасау да, сол бағдарлама бойынша «Қазақ әдебиеті» оқулығын жазу да оңай шаруа болған жоқ. Мемлекет тарапынан қаншама қамқорлық жасалғанмен, білім жүйесінде біршама кемшіліктерге жол берілді» деп атап өтті.
Осындай кемшіліктерді түзеу мақсатында Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов білім саласындағы кейбір олқылықтарға назар аударып, қазақ әдебиетінің мектепте оқыту әдіснамасын, бағдарламасы мен оқулығын қайта пысықтау керектігі туралы айтқан болатын. Ендігі кезекте сала мамандары жаңартылған бағдарламадағы кемшіліктерді түзеу, толықтыру, пысықтау жұмыстарын жүргізу керек.
Саннан сапаға көшу мақсатын көздеген жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасында «Қазақ әдебиеті» пәнінің аясы тарылып, қаламгерлер мен шығармалар саны тым шектеліп қалды. Осының салдарынан қазақ балалар әдебиетінің негізгі өкілдеріне мектеп оқулықтарында орын берілмеді. Бұл олқылық қарапайымнан күрделіге қарай оқытуды көздейтін бағдарламаның дұрыс жүзеге аспауына алып келді. Атап айтатын болсақ, қазіргі таңда 7-сыныпта М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын, 9-сыныпта І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын оқыған бала 10-сыныпта Ұ.Есдәулетовтің «Біз түркілерміз», 11-сыныпта С.Сейфуллиннің «Сыр сандық», Қ.Аманжоловтың «Өзім туралы», Т.Молдағалиевтің «Бауырлар» өлеңін оқумен шектеледі. 8-сыныпта М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы, 10-сыныпта Ш.Мұртазаның «Тәуекел той» әңгімесі оқытылады. Мектеп жасындағы балалардың жас ерекшелігін ескермеудің салдарынан орта буындағы балаларға кең құлашты эпикалық шығармалар, жоғары сыныпта шағын жанрлар оқытылуда.
«Осылайша жаңартылған бағдарламада саннан сапаға көшуді үйлестіре алмадық. Қаламгерлерді іріктеу барысында бірсыпыра көрнекті ақын-жазушылар бағдарламаға енбей қалды. Кеңестік дәуір әдебиетіне топырақ шашатындар С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафиндерге үрке қарайтын болды. Қаламгерлердің жеке басынан пендешілік іздеушілер ақын-жазушылардың шығармаларын көркем сөз өнеріне қойылатын талаптар бойынша бағалау, іріктеу керектігін ұмыт қалдыруда» деген Г.Орда «Ұлттық әдебиеттің негізгі ерекшелігін танытатын, бір өзі бір театрдың жүгін арқалаған сал-серілер мен қазақ халқына ғана бұйырған суырып салма өнерді көрсететін халық ақындарының шығармалары мектеп бағдарламасынан түбегейлі алынып тасталды (халық ақындарынан жалғыз Жамбыл Жабаев қана оқулыққа енген). Әр дәуірдің негізгі ерекшелігін түсіндіретін шолу тараулар атымен жоғалып кетті» деген алаңдаушылығын білдіреді. Ғалым атап өткендей, әдебиеттің тарихы мен теориясы сақталғанымен, сыны назардан тыс қалды. Сонымен бірге қоғам өмірін сын тезіне алатын сатириктердің бірде біреуінің шығармасы оқулыққа енген жоқ. Қорыта айтқанда, жоғарыдағы айтылған өзекті мәселелер жаңартылған білім беру бағдарламасы мен «Қазақ әдебиеті» оқулығын жетілдіре түсу керектігін байқатады. Жаңартылған бағдарламаны толықтыруда осыдан бір ғасыр бұрын жас ұрпақты жаңаша тәрбиелеу, жаңаша білім беру мақсатында жазылған А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедов, Е.Омаров, Н.Төреқұлов, М.Дулатов, С.Қожанов, Ә.Ермеков, Ф.Ғалымжанов, Б.Сәрсенов, И.Тұрғанбаев, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонановтардың оқу құралдарын назарда ұстап, өткеннен өнеге алсақ нұр үстіне нұр болар еді.
Ал мектеп оқулықтары арқылы ұлттық менталитетті балалардың санасына сіңіруді Алаш қайраткерлерінен үйренген жөн. Халықаралық стандартқа сүйене отырып, жаһандану кезеңіне сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарды алдыңғы кезекке шығаруды жадыда ұстап отыру керек.