Аймақ басшысы Серікбай Трұмов Чех Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рудолф Гикл мырзаны қабылдады. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz
Өңір басшысы Р.Гиклға ілтипат білдіріп, кездесу екіжақты белсенді ынтымақтастықтың бастауы болатынына сенім білдірді.
"Біздің өңір өзара әріптестік бойынша кез -келген диалогқа ашық және инвестициялар тартуға мүдделі. Біз өз тарапымыздан "Ақтау теңіз порты АЭА" еркін экономикалық аймағында инвестициялық жобаларды орналастыруды ұсына аламыз. Барлық қызығушылық танытқан кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге дайынбыз және Сіздерді өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырамыз", деді Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов.
Кездесуде негізінен ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, жасыл технологиялар және стартаптар бойынша сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективалары мәселелері талқыланды. Сонымен қатар тараптар Ақтауды көлік хабы ретінде дамыту мүмкіндіктері туралы айтты.
Бүгінде Маңғыстау облысы Түркия, Ресей, Қытай, Италия, АҚШ, Германия және т.б. ірі шетелдік инвесторлармен өз қызметін жүзеге асыруда. Маңғыстау облысы мен Чех Республикасы арасындағы жалпы тауар айналымы 2020 жылғы қаңтар-шілде аралығында 1640,49 мың АҚШ долларын құрады. Маңғыстау облысында чех капиталының қатысуымен экономиканың түрлі салаларында 4 бірлескен кәсіпорын тіркелген.
Облысты дамытудың басым бағыттары көлік логистикасы, туризм, агроөнеркәсіптік кешен және энергетика болып табылады. Серікбай Трұмов агроөнеркәсіп кешені саласында табиғи күн сәулесінің ұзақтығын, мал шаруашылығын, балық шаруашылығын дамытуды ескере отырып, жылыжай шаруашылығын дамытуға болатынын атап өтті.
Сонымен қатар Маңғыстаудың климаттық жағдайы өңірге электр энергиясының қосымша ресурсы үшін күн және жел электр станцияларын салуға мүмкіндік береді. Сондықтан баламалы энергия көздерін дамыту маңызды сектор болып табылады. Бұл болашақта электр энергиясын өндірудің барлық дәстүрлі әдістерін жоққа шығаратын ең перспективалы ресурстардың бірі болмақ.