Испания үкіметі Мадрид басшылығынан COVID-19 індетінің қайта өршуіне байланысты қалада қатаң шаралар енгізуді сұрайды. Бұған аймақта вирус жұқтырғандар санының күрт өсуі себеп болып отыр.
Жұма күні 12 мың тұрғынның коронавирус жұқтырғаны анықталған. Ал елде тіркелген науқастардың жалпы саны 700 мыңнан асты. Бұл – Батыс Еуропадағы ең жоғары көрсеткіш. Осылайша Мадрид бірінші толқын кезіндегідей Испаниядағы індеттің ошағына қайта айналып барады. Бір қызығы, елде денсаулық сақтау министрлігінің құзыреті аймақтарға жүрмейді. Сол себепті орталық орган аймақ басшыларына ескерту жасаудан аса алмай, шара қолдануға қолы байлаулы.
Жалпы, аймақта кейбір қауіпсіздік шаралары жасалғанымен, өңірді жартылай жабу туралы ұсыныстан бас тартқан. Денсаулық сақтау министрі Сальвадор Илья қазіргі шаралардың еш нәтиже бермейтінін алға тартып, батыл қадамдар жасайтын кез келгенін еске салды. Өйткені денсаулық сақтау өкілі тұрғындардың денсаулығы мен індеттің көршілес өңірлерге тарап кетуіне алаңдайды.
Жалпы, қыс жақындаған сайын Испания секілді ғаламшардың солтүстік бөлігінде орналасқан өзге де елдерде індеттің қайта бас көтергені байқалады. Соңғы апталарда тіркелген науқастар саны екінші толқынның келгенін байқатты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да күн салқындағанға дейін Еуропа мен өзге елдерге қауіпсіздік шараларын қайта күшейтуге кеңес берді.