Жұқпалы індеттің таралуы Жетісу жерінде де өршіп тұр. Қазірге дейін облыста коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 700 адамнан асты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аймақтағы індетпен күрес жұмысы қалыпты жүріп жатыр. Қазір барлық емхана мен аурухана негізгі қызметін атқаруда. Өңірдегі «Жедел жәрдем» стансасы да қалыпты режімде жұмыс істеп тұр.
– Бүгінге дейін облыста тұрғындар тарапынан шағымданушылар көп болғанымен, ауруханаларда орын тапшылығы сезіле қойған жоқ. Адамдардың өз денсаулығына алаңдауы орынды. Сондықтан кез келген сұрақ бойынша емдеуші дәрігер мен «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласушылардың саны артқаны анық. Мұндай жағдайдың Талдықорған қаласы бойынша көбейгені байқалды. Бірақ дәрігерлер әр шағым бойынша жұмыс істеп жатыр. «Жедел жәрдем» қызметі аса ауыр жағдайдағы науқастарға бірінші кезекте көмек көрсетуде. Қала ауруханаларында орын саны жеткілікті. Науқастың сипатына қарай ауруханаларға бөліп орналастыру қолға алынған, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.
Алайда, облыс орталығындағы жағдай бақылуда болғанымен,
2 млн тұрғыны бар облыстағы ахуалды толық оң бағалауға келмейді. Әсіресе ауылдық өңір тұрғындары тарапынан медицина мекемелеріне көмек сұрап келушілер саны артты. Мұндай жағдай Алматы қаласы маңындағы аудандарда байқалып отыр. Мысалы, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандарына қарасты ауылдардың тұрғындары маман дәрігерлердің тапшылығы мен «Жедел жәрдем» стансасының жұмысына көңілі толмайтынын айтып, шағымдануда. Жекелеген аудандарда «Жедел жәрдем» қызметінің бір бригадасы 10 мың тұрғынға қызмет көрсетуге мәжбүр болып отыр. Сондай-ақ облыстың денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы қатты сезіледі. Бұған дейін облыс әкімінің есебінде аймақта 214 маманға сұраныс бар екені мәселе ретінде көтерілген еді.
Соған қарамастан дәрігерлер дертпен күресте барлық мүмкіндікті пайдалануда. Олардың қатарында Қапшағай қаласының ақ желеңді абзал жандары да бар. Дерек бойынша, қазірге дейін Қапшағай қаласында 170 адам «вирустық пневмония» диагнозымен ауруханаға жатқызылған. Қаладағы аурухананың терапия және балалар аурулары бөлімшелері қайта жабдықталып, провизорлық бөлімге айналып, орын саны 180 төсекке дейін көбейген. Барлық палатада оттегі тасымалдайтын баллон орнатылған. Қала бойынша 7 «Жедел жәрдем» көлігі тұрақты жүріп тұр екен. Панфилов ауданында да індетке қарсы жұмыстар алгоритм бойынша жүргізілуде. Елді мекендерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.
– Аудан бойынша 3 жедел топ құрылған. Олардың негізгі жұмысы күнделікті мониторинг жасау. Ауыр жағдайдағы науқастарды қарап, алгоритм бойынша қандай тексерулер жасау қажеттігін және емделу бағыттарын айқындайды. Ауданда 30 орындық госпиталь, 20 орындық провизорлық бөлім жұмыс істейді. Әкімшілік медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетіп отыр. Жұмысқа шыққан қызметкерлердің барлығы қонақүйге орналастырылды. Оларды тасымалдауға арнайы көлік бекітіліп, күнделікті медицина колледжінің 12 студенті волонтерлік көмек көрсетуде. Яғни еріктілер науқастарға үйіне тегін алатын дәрілерін жеткізіп беру, басқа да қызметтерге көмектесетін болады, – дейді Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Қанағат.
Алматы облысы