Мемлекет басшысы шикізаттық емес экспорттың дамуын қолдау мәселесіне ерекше назар аударады. Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында идеядан нәтижеге дейін мақсатты қолдау көрсету үшін өндіруші кәсіпорындарға арналған Экспорттық акселерация бағдарламасын іске асыруға тапсырма берді.
Өткен аптада Сауда және интеграция министрлігінің «QazTrade Accelerator» Экспорттық акселерация бағдарламасы аясында «Қытайдағы негізгі сату арналары» атты екінші оқыту вебинары өтті. Вебинарға қытайлық серіктестермен жұмыс істеу тәжірибесі бар халықаралық сарапшылар қатысты.
«Шілде айының соңынан бастап біз Акселерация бағдарламасымен белсенді жұмыс істей бастадық. Екі апталық жеке кездесулер аясында Қытай нарығына экспорттаушылардың проблемалары, қатысушылардың әрқайсысының бәсекелік артықшылықтары анықталды. Экспортты жеделдетудің екінші кезеңі басталды, бұл кәсіпорындарды Қытайлық серіктестермен келісімшарттарға қол қоюға дайындауды көздейді», деді «QazTrade» «Сауда саясатын дамыту орталығының» бас директоры Арман Әбенов.
Екінші оқыту вебинарында бағдарлама қатысушылары Қытайдағы негізгі сату арналары бойынша практикалық ұсыныстар алды. Сондай-ақ осы арналарға кіру туралы келіссөздер жүргізудің қыр-сырын білді. Сонымен қатар экспорттаушылар жүгіне алатын қаржылық мемлекеттік қолдау шараларының жиынтығымен танысты.
PwC China аға менеджері Ченни Фенг Қытай нарығында тауарларды ілгерілетудің негізгі жолдары туралы әңгімеледі. Атап айтқанда, ол электрондық коммерция нарығына өз бетімен шығу туралы шолу жасап, іскерлік серіктес немесе дистрибьюторлар мен ірі көрмелерде серіктестер табу бойынша тәжірибелік ұсыныстармен бөлісті. Сонымен қатар спикер қытайлық серіктестердің негізгі мәселелеріне – өнімнің құны мен үлгілерді алу мүмкіндігіне назар аударды.
Eurasia Development Ltd. компаниясының бас директоры Андрей Прохорович Қытай нарығына шығу туралы ұсыныстар беріп, сату арналарын таңдаудағы негізгі қателіктерге тоқталды. Спикер Қытайдың біртұтас нарық емес екендігіне назар аударды және қатысушыларға Қытайдың әр аймағын өзіндік ерекшеліктері бар бөлек нарық ретінде қарастыруға кеңес берді.
Чэнни Фенг пен Андрей Прохорович атап өткендей, бүгінде Қытай әлемдегі электрондық сауда алаңдарының саны бойынша көшбасшы болып саналады. Интернет-сатылым Қытайдағы тұтыну тауарларының бөлшек сатылымының жалпы көлемінің шамамен 30%-ын құрайды. Осыған байланысты сарапшылар экспорттаушыларға Қытай нарығында онлайн сату құралдарын зерттеуге ерекше назар аударуды ұсынды.
KazakhExport Экспорттық сақтандыру компаниясы Сақтандыру департаментінің директоры Қуаныш Мұқажанов өз презентациясында шикізаттық емес тауарларды өндірушілерді және экспорттық циклдің барлық кезеңінде сыртқы нарықта қызмет көрсетушілерді қолдаудың қаржылық құралдары туралы айтты. KazakhExport Қытайдағы серіктестермен жұмыс істеу үшін әртүрлі құралдарды пайдаланады (аванстық төлемдер, келісімшарт бойынша төлемдер, экспортқа дейінгі қаржыландыру, экспорттаушылардың несиелерін сақтандыру). Бұл құралдар сыртқы нарыққа шығу кезінде қазақстандық экспорттаушыларды жеңілдетілген қаржыландыруға көмектеседі.
Биыл күрделі эпидемиялық жағдайға байланысты Қазақстанның халықаралық көрмелерге қатыспай, онлайн форматқа көшуіне тура келді. Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі Шанхайдағы (5-10 қараша) ІІІ Импорттық тауарлар мен қызметтердің қытайлық халықаралық көрмесіне онлайн форматта қатысуға шешім қабылдады. Виртуалды көрме аясында қазақстандық азық-түлік өндірушілерінің өнімдері Шанхайға Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының қолдауымен жіберіледі. Қатысушы компаниялардың өкілдері өздерінің экспонаттарын онлайн форматта таныстырады.