Коронавирус пандемиясына байланысты екі рет кейінге шегерілген футболдан Қазақстан чемпионатының 10-тур ойындары өз мәресіне жетті. Бұл турда топ басында келе жатқан командалар ұпайдан шашау шығармай, қарсыластарынан басым түсті.
Турдың шымылдығын Қостанайдың «Тобылы» мен Көкшетаудың «Оқжетпес» клубтары ашып берді. Жыл басында чемпиондықтан бірден-бір үміткер команда саналған «Тобыл» әзірге сенімді ақтай алмауда. Григорий Бабаян шәкірттері жеңеді-ау деген матчта жеңіліп, ұпай жоғалтады деген ойында жеңіске жетіп жүр. Яғни әзірше команданың ойыны тұрақты деп айта алмаймыз. Мәселен, алдыңғы турларда ел біріншілігінің алты дүркін чемпионы «Астананы» 2:0 есебімен жеңсе, кейін Шымкенттің «Ордабасы» клубынан 4:0 есебімен тас-талқаны шығып жеңілді. Чемпионаттың қазірше аутсайдер командасы «Оқжетпеспен» өткізген ойнында Жереми Манзорроның 65-минутта соққан голының арқасында әрең дегенде үш ұпайға қол жеткізді. Кейінгі үш матчта тең ойнаған көкшетаулықтар бұл турда ұпай ала алмады. Десе де матч тең ойынға лайық дәрежеде өткенін айта кеткен жөн.
Өткен турда «Оқжетпеспен» 2:2 нәтижесімен тең түскен Ақтаудың «Каспийі» бұл турда «Тараз» клубына еш қарсылық көрсете алмады. «Тараз» соңғы рет 15 наурызда өз алаңында «Ордабасы» клубынан 3:2 есебімен басым түскен соң кешегі күнге дейін жеңістің не екенін білмей келе жатқан еді. Екі таймда бір-бірден гол соққан «Тараз» үш ұпай иеленіп, турнир кестесіндегі жағдайын біршама жақсартып алды. Бұл тараздықтардың екінші жеңісі екенін де айта кетейік. Ал жеңілістен көз ашпай келе жатқан ақтаулықтар турнир кестесінде соңғы орында қалып қойды.
Ал осы турдың ең тартысты және ең көп гол соғылған ойыны «Шахтер» мен «Жетісу» арасында өтті. Екі команданың да статистикасы қызық. Мәселен, Қарағанды клубы бұл матчқа дейін үш рет тең түссе, жетісулықтар қатарынан үш ойында жеңіске жеткен-ді. Сондықтан футбол мамандары бұл матчта «Жетісу» еш қиындықсыз жеңіске жетеді деп болжаған. Алайда кездесудің 70-минутына дейін «Шахтер» 2:0 есебімен алда келді. Әне-міне дегенше ұзақ күттірген жеңісін тойлауға жақын тұрған кеншілер командасы айналдырған 20 минут ішінде үш гол өткізіп алып, қолда тұрған үш ұпайынан айырылып қалды. «Жетісу» сапынан екінші тайм басында алаңға шыққан шабуылшы Айбар Жақсылықов 70 және 83-минутта дубль жасап, есепті теңестірді. Арада бір минут өткенде Педру Эужениу таблодағы көрсеткішті 3:2-ге жеткізді. Осылайша «Жетісу» ойында камбэк жасап, төрешінің соңғы ысқырығы шалынғанша ойындағы жеңімпазды анықтау мүмкін емес екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Шымкенттің «Ордабасы» клубы бұл турда Петропавлдың «Қызылжар» командасын қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Өткен турда «Қайсар» клубымен тең түскен «Ордабасы» Жоао Паулоның арқасында бір ұпай еншілеген болатын. Ал кешегі матчта Жоаоның соққан жалғыз голының арқасында үш ұпайға қол жеткізді. Чемпионаттың ең үздік сұрмергеніне айналған бразилиялық футболшы осымен қатарынан жетінші ойында гол соғып, «Ордабасыны» турнир кестесіне жоғары орындарға қарай жетелеп келеді. «Қызылжар» кейінгі үш тур бойы қарсыластарына ұпай сыйлаудан әріге аса алмай жүр. Өткен турда «Қайраттан» 1:0 есебімен жеңілсе, оның алдында «Тобылдан» 2:0 нәтижесімен ұтылды.
Чемпионатты тәуір бастаған «Астананы» рестарттан кейін не қырсық шалғаны белгісіз, ойыны тегі жүрмей қойды. Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Беларусьтің «Динамосынан» 6:3 есебімен, Еуропа лигасында деңгейі мен қаржылық жағдайы бойынша бірнеше есе төмен «Будучность» командасынан 1:0 есебімен жеңіліп, жанкүйерлерін жерге қаратты. Ішкі чемпионатта да жағдайы аса мәз емес. 10-турда «Қайсармен» кездескен ел чемпионы соңғы минуттарда жеңісті жұлып алды. Ойынның 87-минутында қорғаушы Жарко Томашевич гол соғып, командасына маңызды үш ұпай сыйлады.
Қаржылық жағдайға байланысты биылғы Қазақстан чемпионатынан Павлодардың «Ертіс» клубы шығып қалған соң біріншілікке 11 команда қатысып жатқаны белгілі. Сондықтан әр тур сайын бір командаға демалыс беріледі. Бұл жолғы кезек Алматының «Қайрат» клубына жеткен екен. Чемпионатты өте сәтті бастаған «Қайрат» қазіргі таңда қарсыластарынан қара үзіп, турнир кестесінде көш бастап келеді.
10-турдан кейін сұрмергендер көшін, жоғарыда айтқанымыздай, «Ордабасының» шабуылшысы Жоао Пауло бастап тұр. 11 матчта («Ордабасы» өзге командаларға қарағанда екі ойын артық өткізген) ол қарсылас қақпасын 7 мәрте дәл көздеген. Кейінгі орындарға Абат Айымбетов пен Рунар Мар Сигурьонссон жайғасқан. Олардың еншісінде бес голдан бар.