Құрлықтық хоккей лигасында (КХЛ) бақ сынайтын елорданың «Барыс» хоккейшілерінен коронавирус індеті табылып, екі аптаға карантинге жабылғаны белгілі.
ҚХЛ басшылығы дер кезінде шұғыл шешім қабылдап, «Барыстың» алты ойынын белгісіз мерзімге ауыстырған-ды. Елорда командасының баспасөз қызметі бүгінде алты матчтың төртеуінің уақыты белгілі болғанын хабарлады.
Атап айтар болсақ, сырт айдында өтетін «Сочиге» қарсы кездесу 28 қазанға, «Кунлуньмен» болатын ойын 19 желтоқсанға және «Металлургке» қарсы матч 2021 жылдың 3 ақпанына жоспарланған. Ал 3 қарашада «Барыс» елордада Риганың «Динамосын» қабылдайды.