«Арманда! Ұсын! Іске асыр!» 4 жылдан бері қазақстандық жастардың ұранына айналған осы сөздер жеке әлеуметтік жобасын іске асыруға бел буған Жастар корпусы дамыту жобасының қатысушыларына дем беріп келеді.
Осы жылдар ішінде 10 мыңға жуық жас Үйлестіру агенттігінен грант ұтып алып, өз әлеуметтік кәсіптерін ашты. Еліміздің барлық аймағының жастары 3 мыңға жуық әлеуметтік жоба жасап, менторлардың қолдауына ие болып, жеке кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренді.
Биыл Жастар корпусын дамыту жобасы еліміздің ең ірі екі аймағы – Қарағанды және Алматы облысының жастарына тағы да 310 грант бөліп отыр. Әр аймаққа 155 грант тиесілі. Сонымен қатар жастар жоба жасап қана қоймай, ай сайын 40-60 мың теңге көлемінде шәкіртақыға ие болады. Бұл да қазіргі қиын жағдайда жастардың сағы сынбас үшін жасалған көмек.
Zhasproject жобасының тағы бір ерекшелігі, жастар өз өнімдерін ауыл тұрғындарына бес ай көлемде тегін таратады. Жобаның Алматы облысындағы қатысушысы Әйгерім Тұрағалды Панфилов ауданының Үлкенағаш ауылында дүниеге келген. Кішкентайынан еті тірі ол мектепте қоғамдық жұмыстарға, байқауларға қатысып жүлделі орындарды иеленді. Бала кезден қолөнермен айналысқанды жаны сүйетін. Алматы қаласында орта мектепті тәмамдап, 9-сыныптан кейін дизайнер мамандығына түскісі келген. Алайда ата-анасы рұқсат етпегендіктен 11 сыныпты толық аяқтап, Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алады. Студент кезінде әпкесі екеуі екі жыл түрлі тойларды безендірумен айналысты, гүлден баннер жасап, мейрамханалардың сәнін келтіруді үйренді.
2018 жылы Алматы облысы Сарыөзек ауылының жігітіне тұрмысқа шыққан Әйгерім Нұрбақытқызы үй шаруасына қарап отырмай, 3 айлық тігін курсын тәмамдады. Курстан кейін өз отбасына және туыстарына, дүниеге келген перзентіне арнап түрлі киімдер тіге бастады.
– Осылай тігін өнері мен дизайнға әбден машықтанып алдым. Бір күні жолдасым Zhasproject жобасы жайлы айтты. Жолдасым Дәурен Жұмабек те 2017 жылы аталған жобадан грант жеңіп алып, аудандағы мүгедек жандарға жәрдем етті. Содан кейін мен де бағымды сынап көруге бел будым, – дейді Әйгерім.
Карантинге байланысты үзіліс жарияланғанмен Жастар корпусын дамыту жобасы өз жұмысын ары қарай жалғастырып, Әйгерім жобада жеңімпаз атанды. Пандемияға байланысты туындаған қиын кезде Әйгерім өз өнерін халықтың игілігіне пайдалануда. Қазіргі таңда ол ауыл тұрғындары мен мектеп оқушыларына ай сайын 100-ден аса маска таратып жүр.
Болашақта Әйгерімнің өзінің дербес брендін қалыптастырып, тігіншілік өнерін әрі қарай дамытсам деген мақсаты бар. Zhasproject жобасы арқылы топпен бірігіп жұмыс істеуді үйренді. Кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, осы салада өзін жетілдіруді көздейді.