Бір данышпан айтқан екен «Екі рет оқуға тұрмайтын кітап бір рет оқуға да тұрмайды» деп. Ал мен бұл кітаптарды (Тұрысбек Сәукетайдың «Қилы тағдыр» романдар циклі. 6 кітап) екі, үш, бәлкім, одан да көп оқыған шығармын. Менің бұл кітапты оқуым – құмды шөлді ұзақ шарлап, кенезесі кепкен адамның кенет тастай тұмаға бас қойғанындай болды. Қомағайлана, тойымсыздана оқыдым. Оқымадым – сімірдім, сіңірдім. Өзім де сол әлемге сіңіп, еріп жоғалдым. Өзім – өзім емес, кітап кейіпкерінің біріне айналдым. Өз еркімнен тыс кейіпкер тағдырын, кейіпкер тауқыметін, мақсат – мұратын қабылдадым. Тіпті бұл кітапта мен бармын деп ойладым. Кез келген оқырман осы күйге түсер еді. Өйткені кітап кешені емес, ертеңді емес, дәл осы кезді, осы заманды, осы қоғамды, осы адамды, біз бен сізді, жазып отыр. Өз кейіпкерімнің кейінгі тағдырына алаңдағаным соншалық – авторды іздеп барып, әлі басылып шықпаған қолжазбасын оқыдым. Неге дейсіз ғой.
Себебі бұл кітап – тұнып жатқан тұңғиықты астан-кестен еткен таскесек.
Себебі бұл кітап – тұмса дүние шаранасын дар айырып, дүниеге ерте келген шақалақтың шарылы...
Себебі бұл кітап – оқыдым деуге жүрек керек, оқымадым деуге ұят керек кітап.
Себебі бұл кітап – кем дегенде жарты ғасыр кейін жазылу керек еді. Бірақ бұл кітап бүгін жазылды. Міне, осынысымен де құнды. «Нағыз қаламгер кешені емес, ертеңді емес, бүгінді жазу керек» депті Пушкин. Бір білгені бар. Бүгінді жазу оңай ма? Оған жүрек керек, «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген жанпидалық керек. Әсіресе, заманды көшкен соң, билікті құлаған соң, билеушіні өлген соң ғана «сазайын» беріп, «жау кеткен соң қылышымызды боққа шауып» үйренген басымыз бұған ашық күнде аспаннан жасын түскендей шошына, кіржие қарадық. Қабылдай алмадық. Шынында, қабылдауға қорықтық. Көрмеген, естімеген боп отырғанымыз да содан. Көргендеріміз бірден «пәлеңнен аулақ» деп, ат бойымызды ала қашып, «эклектика» дедік, «иссидент» дедік, «бұл заманнан жылтыраған жақсылық таппай, тек жамандай беріпті дедік. Абайға да осылай дегенбіз. Өз заманымыздың тамаша ақыны Ақсұңқарұлы: «Абай – рентген. Кеудеңе тоссаң, күллі иттігің көрінеді» депті. Сол айтқандай Тұрысбек Сәукетайдың бұл туындылары рентген. Егер оған қоғам мен билік кеудесін тосса, күллі иттігі, тыржалаңаш бейнесі көрінеді.
Бұл кітап – осы күнге дейін бойымыз үйренген көне қыпшақтың қыш қорғандарынан жеткен күңгір-күңгір қоңырау үні де, сардалада жосылған жортуылдар үні де емес. Не болмаса сұлулық пен гармонияға, махаббат пен сезімге бөктіріп, қуанышты күрсініспен аяқтап, оқырманды әженің әлдиіндей ұйқыға жетелейтін кітап емес.
Бұл – кітап, керісінше, «ұйықта, қазақ, баю-баюмен» қалғып жатқан, тоғышарлық қанағатын місе тұтқан, жаныңды сілкіп, жүрегіңді жұлқып, тамырыңда қалған тамшы қаныңды қайнатып, өзіңнің ұлт екеніңді, тіпті адам екеніңді еске салады. Осы өзіңе де беймәлім бойыңдағы бір бұла сезім бас көтеріп, ұйқыдағы арыстандай жалыңды күдірейтіп, ақ пен қараның, жауыздық пен жазықсыздың, билік пен әлсіздің күресіне еріксіз араласып кетесің.
Автор шеберлігі – ғажап. Бас кейіпкердің тұлға, тұрпат, кескін-келбет, іс-әрекет, мінез-құлық сипаттарын молынан пішіп, сомдап жонғандай кесек катарсистік образ жасап, оқырманды оған «ғашық» етеді. Оқырман енді одан бір сәт айырыла алмайды. Сан қилы тағдырдың, шытырман оқиғалардың, күрделі де қызықты сюжеттердің, мөлдіреген сезімдер мен тұнып тұрған тіл шұрайының ләззатына малтығып жүріп, бір сәт бас кейіпкерден көз жазбайды, іздейді. Әккі автор оқырман үмітінің торығып, үзілер шағында бас кейіпкерді күтпеген жерден жарқ еткізеді. Олақтық жоқ. Бас кейіпкерді оқиғаның алтын қазығы етіп, сан салалы сюжеттерді тоғыстырып әкеп, небір эпизодтық шегіністер мен лирикалық көріністер, шешендік иірімдер, детальдық символдар, жұмсақ юмор, тылсым мистика арқылы байланыстырып отырады. Бірақ, бас кейіпкер ғұмыры аяқталмайды. Аяқталса, келесі кітаптың оқырманға қажеті де болмас еді. Біз әдетте жазушыларды «пәленшенің образын керемет сомдаған» деп мақтаймыз. Ал біздің автордың сомдаған, бірде-бір қасиет – сипатын қалдырмай ашқан образы – ол қоғам, заман образы, бейнесі. Оқырман өз заманын, өз ортасын, өз замандасын, өзін көреді.
Қарапайым халыққа алаңда топырлап жүрген топ ретінде ғана жылына бір мәрте көрсетіліп қоятын суреттен басқа біз Желтоқсанның қай сырын біліппіз? Сол Желтоқсанның нағыз бейнесін, оның туу себептерінің жария болмаған құпиясын, сұрқия шовинизмнің жасырын әрекетін, саясат пен идеологияның жалтақ, жағымпаз, екі жүзділігін көреміз. Ел тағдырын сеніп тапсырғандардың да байлық пен билік, бақ пен тақ жолындағы қырқысын көреміз. Элита деп аталатын топтың халық көзінен тасадағы масқарасын көріп жағаңды ұстайсың. Транзиттік тұлғалардың (басқа ұлт болса да) саясат пен биліктегі «ойындарын» аймандай ашып береді. Заманымыздың генетикалық құнары – зиялы қауымның да бет-пердесі сыпырылып, ақ пен қарасы, шындық пен жаласы жарқ ете түседі. Тарихи тұлғалар: Қонаев, Тәшенов, Сүлейменов, Колбин, Горбачев т.б. тек көшбасшылық – көсемдік сипаты ғана емес, адам, азамат, тіпті қарапайым пенде ретіндегі астамшылығы мен тайсақтығы, өкініші мен күйзелісі қандай ашылған. Әсіресе, Қонаев осы кітаптан соң ғана халқына, қазағына жақындай түседі.
Көркем шығарманың құдіреті көркемдігінде ғой. Бәрінен бұрын көз алдыңызда қимылдап тұрған мына тірі суреттерге не дейсіз?
– Ұлы шаһар екі өкпесі қысылып, ыңыранып жатыр.
– Алаңда басына жүген-ноқта кимеген бұла жастық шарқ ұрып жүр.
– Таң бозын басына киіп боздаған пойыздың ішінде азаттық аңсап бұлқынған қазақтың жас жүрегі өзінің бұлыңғыр болашағына қарай зымырап бара жатты.
– Жастық қуатпен тепсінген серпімді дене ақ төсектің үстінде уызға малған алтын қасықтай дір-дір етіп жарқырап жатты.
Ал сіз уызға малған алтын қасықты соңғы рет қашан көріп едіңіз?
Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ,
сыншы