Аңсаған тәуелсіздікке біз ана тілімізден, салт-дәстүрімізден, санамыздан, жадымыздан біржола айырыла жаздап жеткен халықпыз. Бұрынғы Кеңестер Одағында ұлт республикаларының барлығында, астанасынан бастап барлық үлкен қалаларында, елді мекендерінде ұлт тіліндегі балалар бақшалары мен мектептерін аштырмау, шектеу, барларының өзін орыс тіліне көшіру саясаты күшті қарқынмен, үздіксіз, жүйелі, қатаң жүргізілді. Бұл саясат өзінің нәтижесін берді.
Бүкіл Кеңес Одағында ұлттары басқа болғанымен, тілдері орысша жаңа ұрпақ өсіп, жетіліп, қалыптасты. Мұны біз өз өмірімізден де жақсы білеміз. Алматыда, облыс орталықтарында қазақ тіліндегі балабақша мүлдем болмады, негізінен шопандардың балаларын оқыту үшін ашылған бір-бір мектеп-интернат қана болды. Қазақша балабақша мен мектептер тек кейбір облыстардағы қазақтар қалың отырған ауылды жерлерде ғана сақталып қалды. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында Алматыда Шона Смаханұлы бастаған жазушылар күресіп жүріп әрең аштырған шағындау ғана жалғыз балабақшасы болды. Алматыға келген бір сапарында Шыңғыс Айтматов ағамыздың: «Сіздер қайта жақсы екенсіздер. Біз, қырғыз зиялылары Фрунзе шаһарында қырғыз тілінде балалар бақшасын ашу керек деп мәселе көтеріп, біраз жылдан бері еш нәтиже шығара алмай келе жатырмыз», – деген сөзін құлағымызбен естіген едік. Сөйтіп, қалада өскен жастардың бәрі орыс тіліндегі балабақшалары мен мектептерде тәрбиеленгендіктен ана тілін білмейтін, немесе шала білетін «асфальтта өскен» балаларға айналды. Бүгінгі таңдағы Президент әкімшілігінде, Министрлер Кеңсесінде, парламент аппаратында, министрліктерде, қала әкімдіктерінде, соттарда, прокуратурада, басқа да жауапты орындарда қызмет атқаратындардың дені солар. Күнделікті өмірде, кеңседе, лифтіде, көшеде бәрі бір-бірімен орысша сөйлеседі. Үйлерінде балаларына қазақша үйрете алмайды. Сондықтан көпшілігі бүгінге дейін балаларын орыс мектебіне берумен келеді. Қазақ тілі олар қызмет атқаратын жоғары лауазымды кеңселерімізге кіре алмай, әлі күнге босағадан сығалауда.
Елбасымыздың кешегі Кеңес Одағы ыдыраған қиын кезеңнен елімізді аман-есен алып шығып, қазақ халқын әлем таныған халыққа, Қазақстанды әлем таныған елге айналдырудағы еңбегі баршаға аян. Бірақ ұлтымыз, халқымыз, мемлекетіміз тарих сынынан әлі де толық өтіп болған жоқ. Біздің бүгінгі ұрпақтың мойнында қарыз болып кетпеуге тиіс аса жауапты міндеттер күн тәртібінде әлі тұр. Ол – жерімізді ешкімге бермеу, тілімізді, ұлттық салт-дәстүрлерімізді, мемлекеттігімізді берік сақтау, жер бетінен ұлт, халық ретінде жойылып кетпейтін ел болып қалу.
Біз бүгінгі өзінің ата-бабасының елінде, жерінде, қазақ отбасыларында туып, өмірге келіп жатқан сәбилерді ана тіліміздің уызына жарып өсу бақытынан неге айырамыз? Олар өз елі мен жерінде болғанымен, орыс тіліндегі балабақша, мектепке бару арқылы ана тілін білу бақытынан мақұрым қалып, ана тілімізге шорқақ болып өсіп келеді. Қазақстанда туып өссе де орыс тілі олардың ана тілі болып қалыптасуда. Бұл – нонсенс, қисынсыздық, жөнсіздік, мемлекет құраушы халыққа, мемлекет тіліне жасалып отырған қиянат. Мұны осылай қалдыра беру – өз халқыңның, ұлтыңның, еліңнің тамырына балта шабу деуге болады. Өйткені бірлігі бекем, тұтастығы берік, келешегі кемел ел болу үшін ол мемлекеттің барлық халқын топтастыратын, бауырластыратын, рухани туыстастыратын – сол жердің ежелден бергі киесі, иесі, сол жерді ғасырлар бойы мекендеп келген бағзы халықтың тілі мен мәдениеті болуы керек. Қазақстанда ол – қазақ тілі. Бұған дауласатын да, таласатын да негіз жоқ.
Қазір Орталық Азия елдеріндегі, бұрынғы Кеңестер Одағынан бөлініп шыққан мемлекеттердің арасындағы мемлекеттік мекемелері мемлекеттік тілде сөйлемейтін жалғыз ел – Қазақстан болып отыр. Тәуелсіз ел бола тұра өзінің мемлекеттік тілін, ана тілін білмейтін, түсінбейтін, сол тілде сөйлесе алмайтын ұрпақ өсіріп жатқанымыз ақылға сыймайтын іс. Бұған жалпақшешейлік жүрмейді. Егер бұдан әрі де осылай қалдыра беретін болсақ, бұл – өзің отырған ағаштың бұтағын өзің кесумен бірдей тіршілік болмақ. Бұл – халқымыздың бүгінгі буыны – біздің мойнымызға артылып отырған үлкен міндет. Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанда тұрамын, халыққа, елге қызмет етемін деп талпынатын әрбір жас үшін, қызметкер үшін қойылатын басты талап болуға тиісті. Қазақ тілін төрге шығару – мемлекет құраушы ұлтымыздың, қалың қазақтың әлі күнге жүзеге аспай келе жатқан асыл арманы. Отанымызда, қазақ топырағында дүниеге келген әр сәбиге ана тілін, мемлекеттік тілді үйрету – қоғамның, мемлекеттің тікелей міндеті. Латын әліппесіне де бөлмей-жармай түгел көшуіміз керек.
Бүгінгі таңдағы ұлтымызды ұйытатын ұранымыз да, еліміздің ішкі ынтымағы мен бауырмалдығын арттырып, іргесін нықтап бекітіп, алдағы кезеңде, таяу жылдарда жүзеге асыратын қадамымыз да мемлекеттік тілімізді шын мәніндегі өзінің лайықты төріне, заңды орнына оздырып, көсегесін көгерту болса керек. Бүгінгі таңдағы бүкіл қазақ халқын алаңдататын, алаңдатып отырған мәселе – осы. Мұны біз әрі-беріден соң тым кешіктіріп жібердік. Қолға алып, жүзеге асыратын кезең әлдеқашан келген еді. Осыны ешқандай айқай-шусыз, дау-дабырасыз, Қазақстанды мекендеген, оны өзінің Отаны санап, бірге туған бауырлардай болып тұрып жатқан барлық ұлт өкілдерінің түсінушілігін, ризашылығын тудыра отырып, ел иесі, жер иесі болып табылатын халқымыздың айналасына берік ұйыстырып, елі бай, жері бай, жаңа ғасырда жаңа қарқынмен өсіп-өркендеуге қажетті мүмкіндіктердің бәрі бар сүйікті Отанымызды шын мәніндегі құт мекенге, ұжмақ елге айналдыруға мемлекетіміз бен барша жұртымыз бірігіп жұмыла кірісетін уақыт жетті.
Республикамыздағы қалаларда, басқа ұлттар көбірек қоныстанған өңірлерде, өзге ұлт өкілдерін айтпағанда, қазақ отбасыларының біразының арасында әлі күнге дейін орыс тілінің тоңы сіресіп жатыр. Оларға қазақ тілін кім үйретеді, қалай үйретеді, үйрете ала ма, жоқ па, белгісіз. Бірер жыл бұрын газеттен: «Осыған дейін Петропавлдағы 20-ға жуық балабақшалардың біреуі ғана таза қазақ тілінде болып келсе, таяуда осындай тағы бір балабақша ашылды!» – деген сүйінші хабар оқығанымыз бар-ды. Республиканы тұтас алғанда қалалардағы қазақ тілінде оқытатын мектептер саны «Егемен Қазақстанда» шыққан дерек бойынша (12.10.2013 ж.) небәрі 15 пайызды құраған екен. Республикадағы ұлты қазақ балаларының 37 пайызы сол кезге дейін орыс мектептерінде оқып келіпті. (Қазіргі деректер біздің қолымызда жоқ). Мемлекет тарапынан нақты әрекеттер жасалмағандықтан сол үрдіс әлі күнге жалғасып келеді. Орыс тілді мектептер латын әліппесіне көшпей, кириллицада қала береді дегелі бұл тенденция күшейе түскен тәрізді. Мәжіліс депутаты Р. Халмұрадовтың бірер жыл бұрын Үкіметке жолдаған сауалында елімізде орыс тілінде сабақ беретін 1700-ден аса мектеп бары айтылды. Оны бітірушілер ағылшын тілінде әжептәуір сөйлеп шығады, ал қазақша екі сөздің басын қосуға қиналады. Орыс тілді мектептерде қазақ тілінен дәріс беретін білікті ұстаздар жетіспейді. Олардың сапасы өте төмен. Орыс мектептерін бітірген балалардың қазақ тілінен тапсырған тест жауаптары қорытынды балда есепке алынбайды. Сондықтан оларда оқитын балалар қазақ тілін шындап үйренуге құлықсыз. Нәтижесінде осы уақытқа дейін қазақ тілін білетін қазақтар ғана бір-бірімен қазақша, ал тіл білмейтін қандастарымен де, орыстармен де орысша сөйлесумен келеді, соған мәжбүр. Не өзгерді? Түк өзгерген жоқ. Сөйтіп, Қазақстан халқы (соның ішінде қазақ халқы да) келешекте тіл жөнінен қазақшаны білетін және білмейтін болып екі жікке айрылғалы тұр. Өте қауіпті тенденция. Еліміздегі 10 мыңға жуық жетім және жартылай жетім ұл-қыздар тәрбиеленетін балалар үйлеріндегі оқу-тәрбие жұмыстары да негізінен орыс тілінде жүргізіліп келе жатқандықтан, олардың түлектері де қазақ тілін үйренбестен өмірге қадам басуда.
Тәуелсіздік алғаннан бергі өткен отыз жылға жуық уақыт мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда, мемлекеттік тіл мәртебесін нығайтуда жекелеген азаматтардың немесе қоғамдық бірлестіктердің ғана күш салуы жеткіліксіздігіне, бұл мәселеде мемлекеттің өзінің тегеурінді ықпалы басым болуға тиіс екеніне толығынан көз жеткізді. Өйткені шынтуайттап келгенде тек мемлекет қана жас ұрпақтың мемлекеттік тілде тәрбие алуы, мемлекеттік тілдің қоғам өмірінің барлық саласында қолданылуы мәселесін лайықты түрде шешуге қабілетті екені анық.
Осы жерде айта кетуге болады, Елбасымыздың ана тілін сүйетіні, оның қадір-қасиетін жақсы білетіні, үздіксіз назар аударып, қамқорлық жасауы, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп қоғамымыздың алдына айқын мақсат қойып, талап етуі арқасында тәуелсіздік алған жылдар ішінде бірқатар оң нәтижелерге қол жетті. Демографиялық жағдайымыз да бірте-бірте, өне бойы жақсарумен келеді. Бүгінгі таңда республика халқының 72 пайызы қазақтар, республикадағы мектеп жасындағы балалардың да сонша пайызы қазақ мектептерінде оқиды деген дерек бар.
Бұл көңілге аздаған жұбаныш әкеледі. Алайда шешілмеген түйіндер әлі көп. 2008 жылғы 23 қазан күні Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІV сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасымыз былай деп еді: «Академик Дмитрий Лихачевтің егер бір халықты өз тілі мен мәдениетінен алшақтатсақ, онда ондай халық та жоқ дегені бар еді. ХХ ғасырдың аяғында қазақ халқының тілі мен мәдениеті жойылып, құрып кетуге аз қалды. Сол себепті ұлтымыздың өзінің жоғын қайта түгендеу жолындағы батыл ұмтылысы – заңды құбылыс. Бұған басқа этнос өкілдері де түсінушілікпен қарап, қолдайтындығына көз жеткізіп келеміз. Мен мұндай қолдауды бір кезде осында қоныс аударып, Қазақстанды өз Отаны ретінде бағалайтындардың алғысы деп түсінемін. Екіншіден, бұл Қазақстан жеріндегі әр ұлт пен ұлыстың өзара бірлік пен татулықта өмір сүруіне негіз болады деп ойлаймын. Бұдан кейінгі кезеңде Қазақстандағы қазақ тілінің рөлі күшейе бермек. Әрине, орыс, ағылшын және өзге тілдерді дамыту мәселесін де қолдайтын боламыз. Мемлекеттік тілді ең алдымен біздің балаларымыз білулері қажет».
«Нұр – Отан» партиясының ХІІІ съезіндегі сөзінде Елбасымыз осы мәселеге қайта оралып: «Біз мемлекеттік тілде оқытудың жетекші жүйесін құрамыз. Қазақстан азаматтарының барлығы дерлік қазақ тілін меңгеретін болады» дегенді айтқан еді. Президентіміз Қ. Тоқаев та осыдан бірер ай бұрын «Ана тілі» газетіне берген арнайы сұхбатында: «Мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс. Орыс тілін де оқыту керек. Ал ағылшын тілін 5-6 сыныптардан бастап мектеп бағдарламасына енгізген абзал» деп алда тұрған міндеттерді одан әрі нақтыландырып, айқындап берді.
Бізде үкімет басшылары, білім министрлері жиі ауысып жатады, олардың мемлекеттік тілге жаны ашып, қамқорлық көрсетейін деген құлшынысы байқала қоймайды. Мемлекеттік тілді өмірімізге сала-сала бойынша, жүйелі түрде кеңінен енгізу жөніндегі жұмысты шындап қолға алып, ұйымдастару шараларын нәтижелі, тиянақты жүргізуге не ынталары, не қабілеттері жетпейді. Жыл сайын осы салаға миллиардтаған теңге қаражат бөлінеді. Қаражат негізінен игеріледі, нәтиже байқалмайды. Жоғарыда айтқанымыздай, бұрын Елбасымыз анда-санда бұл мәселеге назар аударып, қамшыласа ғана Үкімет, министрлік пен әкімдіктер әлдеқандай жұмыстарды жүзеге асырып, істеп жатқандай сыңай танытатын, жер-жерде, мекемелерде тіл үйрететін курстар аштық, ананы істеп жатырмыз, мынаны істеп жатырмыз деп есеп беретін. Бірақ бәрібір түптеп келгенде, ауызға алатындай, көңіл көншітетіндей нәтижелер байқала қоймағанын айтуға, мойындауға мәжбүрміз. Осыны салиқалы, сабырлы ақыл сарабына салып, алыс-жақын айнала төңірекке, әлем елдерінің тәжірибесіне көз жіберіп, мықтап ойланғанымыз, тығырықтан шығатын жолды аспай-саспай, адаспай іздеп тапқанымыз жөн сияқты.
Асан Қайғы, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, ертеректе әл-Фараби, беріректе Абай, Жамбыл сынды даналар, Қарасай, Ағыбай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды батырлар шыққан қазақ ұлты, қазақ жұрты, қазақ деген халықтың тілі, салт-дәстүрі, асыл тегі жойылып кету-кетпеу, тарихта қалу-қалмау жауапкершілігі біздің ұрпақтың мойнында тұр. Осы істің кенеуі, шешімі бір-ақ нәрседе. Ол – мемлекет қаржысына салынған, салынатын, қазынадан қаржы бөлініп, тәрбиешілер ұсталатын балалар бақшасының, бөбектер, балалар үйінің барлығындағы тәрбиені «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген Конституциямыздың қағидасын басшылыққа алып, түгелдей мемлекеттік тілге көшіру. Және мұны бүгінгі таңда ешқандай реніш тудырмай-ақ жүзеге асыруға болады. Қалаларда, жер-жерлерде жас отбасылардың барлығы қай ұлт екеніне қарамастан, балабақшадан орын тигеніне қуанады. Ересектерге тіл үйрету қиын болғанымен, балаларға – оңай. Ата-аналардың ешқайсысы балаларының мемлекеттік тілді игеруіне қарсы емес. Тәуелсіз елімізде дүниеге келіп жатқан әр сәбиге, еліміздің болашақ азаматына мемлекеттік тілді үйретуге ата-анасы қабілетсіз болса, бұл міндетті мемлекеттің өзі мойнына алуға тиіс. Міндетті. Және мұның өзі ешқандай дабырасыз-ақ білім берудің жалпыға ортақ жаңа, мемлекеттік бағдарламасын, стандарттарын қалыптастыру барысында жүзеге асыруға болатын міндет. Мемлекеттік тіл – этнос мәдениетінің де, қазақстандық патриотизмнің де басты тұғыры бола алады. Ол үшін балалар бақшасында балдырғандарға мемлекеттік тілде тәрбие беретін кадрларды сапалы, жеткілікті етіп дайындау қажет. Педагогикалық колледждердің, жоғары оқу орындарының санын көбейту, қазақ мектебін бітірген қыздарды соларға көптеп тартып, тездетіп оқытып, диплом беріп, қазақ ортасындағы, орыс, өзге жұрт ортасындағы барлық қалалар мен поселкелердегі мемлекет меншігіндегі бөбектер үйі мен балалар бақшаларындағы тәрбиені тегіс мемлекеттік тілге көшіру керек. Мұның уақыты жетті де. Сонда олардың одан арғы оқулары мен алатын білімдері қазақ тілінде жалғасады. Қазір жекеменшікте ашылған балалар бақшасы аз емес. Олардың көбі және орыс тілінде. Олар әзірге солай қала тұруына болар еді.
Қазіргі қалыптасқан ахуалдан шыға алатын жол бар ма? Ондай жол бар дейміз. Ол – тіл саясатын өте сәтті, мұқият, дәйектілікпен жүргізіп келе жатқан Балтық жағалауындағы үш республиканың жемісті тәжірибесі дер едік.
Кеңес Одағы ыдырап, одақтас республикалар тәуелсіздік алған кезеңде тілдік тұрғыдан және халқының құрамы жөнінен алғанда бұл республикалардағы ахуал біздің Қазақстанға ұқсас болатын. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Кеңес Одағына біржола қосылған бұл республикаларға орыстар мен орыс тілді мамандар жан-жақтан тоқтаусыз ағылып келіп жатты. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Латвия халқының саны екі жарым миллион болса, соның жартысынан сәл ғана астамы латыштар, отыз пайызға жуығы орыстар, қалғандары украиндар, белорустар және басқа да ұлттардың өкілдері еді. Эстония халқы бір жарым миллионға жуық болса, 1970 жылы соның 975 мыңы ғана эстондықтар болатын. Литвадағы жағдай да осыған ұқсас еді. Бұл республикаларда орыс тілінің беделі де, таралуы да өте жоғары деңгейде болды. Орыс мектептері көп еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл республикалар әуелі мемлекет қаржысымен жұмыс істейтін балалар бақшаларының барлығын бірден өздерінің ұлттық тілдеріне көшіріп жіберді. Ұлттық мектептеріне басымдық беріп, қолайлы жағдайлар туғызып, олардың санын өне бойы арттырып отырды. Орыс тіліндегі жекеменшік мектептер мен балалар бақшалары біразға дейін сақталып қалды. Кейінірек мемлекеттік тілде тәрбие беру талабы оларға да қойылды. Еуропалық Одаққа арқа сүйеген Балтық жағалауы елдері осылай тіл саясатын табандылықпен батыл жүргізе берді. Өз болашақтарын өздері тұратын осы елдермен байланыстырған, байланыстырғысы келетін орыстар мен өзге ұлт өкілдері де бұл республикаларда балаларын латыш, эстон, литва тіліндегі балабақшалары мен мектептеріне беретін болды. Орыс тіліне ағылшын, француз тілдері сияқты шет тіл ретінде оқытылатын мәртебе берілді. Уақыт олардың мұндай шешімдерінің мейлінше дұрыс болғандығын көрсетті. Олар өздерінің мемлекеттік тіл туралы заңдарына белгілі бір уақыт өте келе ол заңды одан сайын орнықтырып, жетілдіре түсуге қолайлы жағдайлар туындаған кезде өзгерістер енгізіп отыруды да естерінен шығарған жоқ. Кеңес Одағы ыдыраған кезде халықтарының тілі біржола орыстанып, жойылып кетуге аз қалған бұл республикалар тілдік саясатты осылай дәйектілікпен дұрыс жүргізгендерінің арқасында ана тілдерінің іргетасын біржолата орнықтырып, бекітіп алды. Бұл елдердің тұрғындары қазір түгелге жуық мемлекеттік тілді біледі және жас ұрпақ астаналарында да, қалалары мен селоларында да сол тілде тәрбие алады, сол тілде сөйлейді. Сөйтіп, Балтық жағалауы елдерінде өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында жойылып кетуге аз қалған ұлттық тілдері біздегідей босағада қалмай, мемлекеттік мекемелерінің де, тұрмыс-тіршілігінің де төріне шығып, өзінің лайықты орнын алғанын, халқының тұрмысын жақсарту, ілгерілеп даму жолында ешқандай көштен қалмағанын, өсіп-өркендеп, ілгері басып келе жатқанын айқын көруге болады. Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдаған елдердің бәрінде ол заңдардың іске асуын, орындалуын өне бойы жіті қадағалап, тексеретін, қажетіне қарай шара қолданып отыратын арнайы құрылымдар бар. Ондай құрылымдардың аса қажет екенін, оларсыз мемлекеттік тілді өмірге енгізу және оны қадағалау мүмкін болмайтынын, өрге баспайтынын өмірдің өзі көрсетіп берді. Латвияда ондай құрылым «Мемлекеттік тіл орталығы», ал Францияда, өзге кей мемлекеттерде «Тіл полициясы», «Тіл инспекциясы» деп аталады. Дұрыстығын уақыт дәлелдеген осындай тәжірибелерді біз де зерттеп, ақылға қонымды, әділетті, қисынды қадамдарын мемлекеттің мүмкіндігін, тегершіктерін солар сияқты пайдалана отырып, өмірге енгізгеніміз жөн болар еді деген ой келеді еріксіз.
Тіл жайына келгенде кейінге қалдырмай, бүгінгі таңда қолға алып, жылдамырақ шешілуге тиісті өзге де мәселелер баршылық. Солардың ең бастысы – «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылдау. Ондай заң мемлекет аумағындағы мемлекеттік тілге қатысты мәселелердің барлығын реттеуге, шешуге тиіс. Ондай заң әлемнің барлық мемлекеттерінде бар. Мұндай заң, әрі-беріден соң, орыс тіліне төніп тұрған қауіп жоқ бола тұра, осындай заңды баяғыда қабылдап алған Ресейден де, Еуропа, Балтық жағалауы елдерінен де бүгінгі таңда бізге керегірек. Ол ең алдымен мемлекеттік тілімізді Конституцияда айтылған өз тұғырына қондыру үшін керек. Бұл заң мемлекеттік тілдің қолданылу аясын анықтайды, міндеттейді, орыс тілінің де, елімізде тұратын өзге ұлттардың да ешқайсысының тілдеріне қысым жасамайды. Қайта өзге ұлт өкілдеріне өздері тұратын елдің мемлекеттік тілін білуге барынша мүмкіндік туғызып, олардың ұрпақтарының алдынан қай салада болмасын ешқандай кемдік көрмей, емін-еркін қызмет етуіне жол ашады. «Мемлекеттік тіл туралы» заңды өмірге нақты, жүйелі жемісті енгізу үшін осы мәселемен тыңғылықты айналысатын министрлік немесе арнайы мемлекеттік агенттік құрылуы қажет екені түсінікті.
Ұлт көсемі А. Байтұрсынұлы айтқандай, тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалатынын естен шығармауға тиіспіз.
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
Болат БОДАУБАЙ