• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Экономика 30 Қыркүйек, 2020

Ел экономикасына серпін беретін ұлттық жоба

263 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Жолдауында: «Отандық ауыл шаруашылығын дамытпай, елімізде бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес», деп баса айтты. Жолдауда отандық агроөнеркәсіп кешеніне ерекше көңіл бөлінуі ауылшаруашылық бағыттағы білім, ғылым саласы мамандарына үлкен жауапкершілік жүктеп отыр.

Қазақстанның агро­өнер­кәсіп кешені – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған экономиканы дамытудың басым бағыттарының бірі. Қазақстан аумағы бойынша әлемде тоғызыншы орында, ТМД елдері арасында (Ресейден кейін) екінші орында болғандықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді ұлғайту үшін барлық қа­жетті ресурстарға ие. Атап айт­қанда, жеріміздің жалпы көле­мінің 80%-дан астамын ауыл ша­руашылығы алқаптары құрайды. Ал осы алқаптардың 80%-ын жа­йылымдар алып жатыр, бұл шамамен 30 млн шартты мал мен құс басын өсіруге мүмкіндік береді.

Ауылдық жерлерде халықтың 42%-ы немесе 8 млн-ға жуық адам тұрады, олардың 3 млн-нан ас­тамы ауыл шаруашылығында жұмыс істейді. Бұл осы саланың еңбек ресурстарымен қамтамасыз етілгенін көрсетеді. Елдегі егістік алқабы 25 млн гектардан асады, бұл ауыл шаруашылығы дақыл­дарының әр түрін өсіруге мүм­кіндік береді. Қазақстан әлемдегі ең ірі астық державасы екені бел­гілі. Орта есеппен соңғы 10 жылда астық экспорты 5-тен 10 млн тоннаға дейін жетті.

Республиканың ауыл шаруа­шылығы алқаптарын суару үшін су ресурстары да жеткілікті. Су ма­мандарының есебі бойын­ша елімізде 4 млн га егістік жер­лерін суаруға мүмкіндік бар. Осын­­дай ресурстарға ие бола оты­рып, Қазақстан ауыл ша­руа­шылы­ғын дамытуда көшбасшы болуы тиіс. Алайда отандық аг­рар­лық сала­дағы дамудың абсо­люттік көр­сет­кіштері әлі де төмен болып отыр.

Республикадағы ауыл шаруа­шылығын дамытудың қазіргі жағдайы жалпы ұлттық өнім құры­лымында үлесі әлі де төмен (шамамен 5%). Ауыл шаруа­шы­лығы өнімінің жекелеген түр­лері бойынша еліміз әлі күнге дейін импортқа тәуелді. Азық-түлік қауіпсіздігі деңгейінде біз нан өнімдерін (100%), картопты (95%), көкөністі (86%), етті (83%) тұтынамыз, ал қалған өнім­дер бойынша импорттың едәуір көлемі (30-дан 60%-ға дейін жә­не одан да көп) орын алады, бұл елдің аграрлық секторының бас­қа мемлекеттерге тәуелді еке­нін көрсетеді. Әсіресе, нарық сыйым­дылығындағы кейбір өнім­дер бойынша импорттың үлесі тым үлкен. Атап айтқанда, бұл же­містердің (70%), құс етінің (56,8%), шұжықтардың (44,3%), сүт өнім­дерінің (40-50%), кон­сер­­віленген жемістер мен көкөніс­тердің (85-95%) және т. б. бойынша байқалады.

Қазақстан ауылшаруашылық өнімдерін экспортқа негізінен шикізат түрінде шығарады. Қо­сым­ша құны жоғары дайын өң­делген өнімдердің импорт­тағы үлесі төмен. Мысалы, қазақ­стандық дәнді дақылдар экспор­тының 1 тоннасы 301,4 долларды құрайтын болса, азық-түлік импорты тоннасының бағасы 408 долларға жетеді. Сондықтан болашақта өнімнің осы түрлері бойынша өндірісті ұлғайту қажет. Қазақстанда өндірілмейтін өнімдерді рұқсат етілген көлемде ғана басқа мемлекеттерден им­порттауға болады.

Қабылданған мемлекеттік қол­дау шараларына қарамастан, елімізде өндірістің жалпы көле­міндегі ауыл шаруашылығы өнім­дерін қайта өңдеу кәсіп­орын­дарының үлесі төмен болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәй­кес, қайта өңдеу зауыттарының қуаты тек 20-60% ғана жүктелген. Өндірілетін еттің, сүттің, жемістер мен көкөністердің 30%-ы ғана өндіріледі. Сондықтан ет және сүт өңдеу кәсіпорындары толық жүктемемен жұмыс атқара алмай отыр. Себебі малдың негізгі басы үй шаруашылықтарында шо­ғырланған. Онда өндірілген аз өнім шағын көлемде жергілікті на­рық­та ғана сатылады. Үйде өн­ді­рілген өнімдер көптеген көр­сет­­­кіш бойынша санитарлық-ги­­гие­­налық талаптарға сәйкес кел­мейді.

Үй шаруашылықтарында көкөніс дақылдарының – 40%, кар­топтың – 56%, еттің – 60%, сүттің – 74%, жеміс-жидектің 95%-ы өндіріледі. Бұл шаруашылықтар өндіріс көлемінің аздығына байланысты өсірілген егінді сатуды іс жүзінде ұйымдастыра алмайды. Сондықтан олар өздері өсірген өнімді арзан бағамен делдалдарға сатуға мәжбүр. Өнімді делдалсыз өткізу өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін 1,3 есеге арттырады деп есептелген. Ал делдалдық байланыстарды қысқарту есебінен өнімнің үстеме бағасы 15-20%-ға төмендейді.

Қайта өңдеу кәсіпорын­да­ры­­ның жұмысына шикізатты жос­парлы, тұрақты жеткізудің болмауы, сондай-ақ олардың мате­риал­­дық-техникалық база­сының әл­сіз­дігі де кері әсер етеді. Мы­са­лы, ет өнеркәсібінде жұмыс іс­тей­­тін қондырғылардың 12-15%-дан ас­пайтын бөлігі ғана бәсе­кеге қабі­летті өндірісті қамта­масыз етеді.

Ет комбинаттарындағы меха­ни­ка­ландырудың орташа деңгейі 30-40% құрайды, бұл ретте тиеу-түсіру жұмыстарының 80%-ы адам күшімен орындалады. Ет комбинаттарында жұмыс­шы­лардың 50%-ы жұмысты қолмен атқарады. Қосымша құны жоғары ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару үшін олардың көлемін арт­тырып қана қоймай, дайын өнім өндірісін де ұлғайту қажет. Ол үшін өңдеуші кәсіпорындарға шикізат жеткізудің көлемін ұл­ғайту қажет. Осы саланың да­муын және «өндірістен тұтынушыға дейін» технологиялық тізбектің барлық қатысушыларын ынталандыра алатын экономикалық механизмдердің болмауы те­жейді. Бүгінде бұл жүйелі «тізбек» бұзылғандықтан, өңдеуші кәсіп­орындардың шикізат жеткізу­ші­лермен, яғни тікелей агроқұ­ры­лымдармен тұрақты байланысы жоқ. Шикізат пен қайта өңдеу өнімдеріне бағаның қалыптасқан диспаритеті, яғни оның алшақтығы да агроөнеркәсіп кешенінің да­муына кері әсер етеді. Іс жүзінде өндіріс шығындары алынған тү­сіммен өтелмейді. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы да­қыл­­дарының егістік алқабы, мал басы және оны өндіру көлемі қыс­қарды.

Осы мәселелерді шешу үшін мемлекет қолдауымен қоса инвес­тиция тарту арқылы қайта өңдеу өнеркәсібін дамытудың ұзақ­мерзімді бағдарламасын әзірлеу қажет. Соның аясында салық заңнамасына ауылшаруашылық кәсіпорындарының салық жүйесін жеңілдету, оларға жеңіл пайызбен несие бөлу және т.б. мәселелерді іске асыру қажет.

Агроқұрылымдардың ұсақтығы – отандық ауыл шаруа­­шылығы саласындағы өзекті мә­се­­ленің бірі. Қазіргі кезде елі­­міз­де ауылшаруашылық өнім­дерін өндірумен 200 мың­нан астам түрлі меншік ныса­нын­дағы агроқұрылымдар жұмыс атқа­рады. Олардың 188 мыңы немесе 94%-ы – шаруа (фермер) қожалықтары. Ұсақ шаруа қо­жа­лық­тары сан жағынан басым­дыққа ие болғанымен, жалпы өнім­нің 31%-ын ғана өндіреді. Олардың 40%-ында 10 га-дан аспайтын жері ғана болғандықтан, шаруашылық деңгейі қарқынды түрде, кең көлемде тауар өндіруге қабілетсіз. Ұсақ фермерлер жаңа технологиялар мен заманауи тех­никаларды пайдалануға жағ­дайы толық жете бермейді. Осы­ның салдарынан ірі және ұсақ кәсіпорындар арасындағы өнім өндіру көрсеткішінің едәуір алшақтығы байқалуда. Мемлекет басшысы сондықтан Жолдауда – «тікелей кооперация» (вертикалды) және «көлбеу кооперацияны» (горизонталды) тиімді дамытуды тапсырды.

Ауылдық жерлерде, әсіресе аграрлық секторда қызмет ететін білікті жас мамандарды тарту мақ­сатында бірінші кезекте ұсақ шаруашылықтардың коопе­ра­цияға бірігуі мен ғылым, білім, өндіріс интеграциясын қарқынды түрде жүргізу қажет. Көлбеу коо­пе­рация қызметіне қарай немесе белгілі бір өнімді өндіруге ма­ман­данған ауылшаруашылық кә­сіпорындарының бірігуі ар­қы­­лы жасалады. Сондықтан олар­­дың құқықтық мәртебесі мен эко­номикалық дербестігі сақта­лады. Кооперативтердің тікелей үлгісі – өнім өндіруші шаруа­шылық субъектілердің тек қана бірігуі емес, сонымен қа­тар олардың өндірген өнім­дерін сақтау, тасымалдау, қайта өңдеу және тұтыну­шыға жеткізу. Аталған үлгі марке­тингтік қызметтің кең дамуына, республикадағы жекелеген аймақтардың сыртқы және ішкі нарығын бақылауға айтарлықтай мүмкіндік береді. Ол халық шаруашылығының басқа да салаларында агро­өнді­рістік интеграцияны дамытуға, өндіріске ғылыми-техникалық жетіс­тіктерді енгізуге, сонымен қатар жер, ең­бек және материал­дық ресурс­тар, тауар айналы­мындағы шығын­дарды төмен­детудің тиімді жолдарын айқын­дауға мүмкін­д­ік береді. Коопе­рацияның осы үл­гісі респуб­ли­камыздың жеке ай­мақ­тарында ішкі және сыртқы нарықты зерделеуде маркетинг­тік қызметті кеңінен дамытуға ық­пал етеді. Елімізде кооперация өз деңгейінде дамымай отыр­ған­дықтан, нәтижелі қызмет етумен олардың қалып­тасуына жағдай жасауда және ауылда кооперацияны дамытуда қолданыстағы заң барлық кедергілерді жоюы тиіс.

Ауыл шаруашылығы да­қыл­дарын суару кезінде суды жоғалту себептерінің бірі – пайдалану нәтижесінде 60-70% тозған суару жүйелерінің техникалық жай-күйі. Бұл суармалы жерлердің тозуына және олардың ауыл шаруа­шылығы айналымынан шығуына, суармалы судың артық шы­ғындалуына, топырақ құнарлы­лы­ғының төмендеуіне әкеледі.

Қазіргі кезде су ресурстары мәселелерін кең көлемде қарас­тыратын болсақ, алдағы уақытта Қазақстан үшін бұл күр­де­лі мәселеге айналатыны анық. Елі­міздің аймақтарындағы су ресурс­тарының бірқалыпты тарал­­мауы, жаһандық жылыну, кли­маттың өзгеруі, антро­погендік факторлар, сондай-ақ республикадағы басты өзендердің трансшекаралық болып табылуы, яғни су бастау алатын көрші мемлекеттердің экономикасының қарқынды дамуы, ондағы ха­лық санының өсуі суға деген сұранысты жоғарылатып отыр.

Ауыл шаруашылығының дамуы – су ресурстарының сар­қылуын, тұздану және батпақтану есебінен суармалы жерлердің қысқаруын, су үнемдеу технологияларын қолданудың төмен деңгейін, инженерлік жүйелерді қайта жаңарту қажеттілігін, жайы­лым аумақтарын суландыру және қалпына келтіру бойынша жүйелі жұмыстардың болма­уын, суды ысырапсыз тұтынуды, сондай-ақ өзендердегі, көлдердегі су деңгейінің төмендеуін және т.б. қиындатады. Осылайша, ауыл шаруашылығын дамытуда көптеген мәселе жинақталды және оны жедел шешу үшін ел Президенті Үкіметке бизнеспен бірлесіп, бес жылға арналған агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бойынша сапалы жаңа Ұлттық жоба әзірлеуді тапсырды. Бұл елдің азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге, ауыл кәсіпкерлерінің табысын ұл­ғайтуға, еңбек өнімділігін 2,5 есеге және отандық ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді.

 

Тілектес ЕСПОЛОВ,

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры, ҰҒА вице-президенті, академик

 

АЛМАТЫ