«Egemen Qazaqstan» басылымы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялауды жалғастырады.
Бүгінгі нөмірде оқырмандар назарына БҰҰ Бас хатшысы лауазымын атқарған Пан Ги Мунның «Көпжақтылыққа оралу» атты мақаласын ұсынып отырмыз. Аталған мақала Қазақстан тәуелсіздігін алғалы бері ұстанып келе жатқан көпвекторлы саясатпен үндеседі.
Еліміз басымдық беретін мұндай бағыт бүгінгі таңда өзекті екені анық. Өйткені Таяу Шығыс, Балқан түбегі секілді даулы жерлердегі дағдарыстар тек көпжақты келісім арқылы шешіледі. Қазақстан әлемде қауіпсіздік пен тыныштық орнатуға мүдделі екенін көптеген жаһандық бастамалары арқылы дәлелдеп келеді.
Ал Үндістан үкіметінің экономикалық кеңесшісі Каушик Басу коронавирус дағдарысы кезінде экономиканы құлдыратпау туралы өзінің пікірімен бөліседі. Қазіргідей пандемия кезінде бұл да өзекті мәселе. Індетке байланысты қайта-қайта локдаун енгізе беру қиынға соғатыны айтпаса да түсінікті. Автор өз мақаласында «өгізді де өлтірмеудің, арбаны да сындырмаудың» тиімді тәсілін ұсынады.
Індет салдарынан БҰҰ Бас Ассамблеясының осы айдағы жиыны ерекше жағдайда өтті. Іс-шараға қатысушы мемлекеттердің басшылары Нью-Йорк қаласына барудың орнына оған виртуалды түрде үн қосты. Биылғы жиынның осындай бірегей жағдайда өтуі COVID-19 індетінің қаупін еңсеру үшін халықаралық ынтымақтастық, ашықтық және ортақ ережелер мен құқықтарға бағынудың тығырықтан шығатын жалғыз жол екенін анық аңғартты.
БҰҰ-ның 75 жылдық мерейтойы пандемия жағдайына тап келуі де тағдыр тәлкегі іспетті. Адам қолымен жасалған алапат апат – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі абыр-сабыр жағдайда құрылған әлемнің ең жоғары халықаралық ұйымы соғыстан кейінгі кезеңдегі басшылардың шешімі арқылы жүзеге асып, болашақ ұрпақтың осындай қиыншылықты бастан өткермеуін мақсат етті.
Таяу Шығыста және басқа да шиеленіске толы аймақтарда бейбітшілік орнатып, тұрақтылық пен дамуға кепіл болатын ұзақмерзімді, нақты шешімдерді көпжақты ынтымақтастық арқылы табу БҰҰ мен оның принциптерінің өзегі болып қала бермек. Ол халықаралық құқықтың негіздері жаһандық тыныштықтың іргетасы саналады, сондай-ақ әлемде қордаланған мәселелерді шешуде, адам құқығын қорғауда және дамудағы басты алаң.
Біз мұны Израиль-Палестина қақтығысынан анық байқап отырмыз. Бұл дағдарыстың жалғасып келе жатқанына да жетпіс бес жыл болды, БҰҰ құрылғаннан бері қарай. Оның ең тиімді шешімі екі халыққа да қолайлы, 1967 жылға дейінгі халықаралық деңгейде мойындалған шекара мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 242 және 2334 секілді қарарларына сай жүзеге асқан екі мемлекет, яғни Израиль мен Палестина жобасы.
Израиль мен Парсы шығанағындағы екі мемлекет Біріккен Араб Әмірліктері мен Бахрейннің дипломатиялық қарым-қатынас орнатуы өте өзекті саяси келісім. Бұл қадам қаншама жылға созылған сенімсіздік пен кінәлауды тоқтатады деп үміттенемін. Бірақ Араб әлемі мен Израиль арасындағы байланысты жақсартудың жалғыз жолы – Палестина мен Израиль халқына қолайлы жағдай жасайтындай, бейбітшілікте, әділдікте, тепе-теңдікте және қауіпсіздікте жүзеге асатын екі мемлекет шешімін бүкіл тараптың қолдауы. Адамдардың туа бітті берілетін құқығын басқалар бұзуы тиіс емес.
1945 жылы көпшілік қанқұйлы екі дүниежүзілік соғыстан әлем ақыры сабақ алды деп үміттенді. БҰҰ-ның Жарғысында ұйым «ұрпақты соғыс апаттарынан қорғау үшін», жаһандық даму мен демократияға бастайтын бейбіт әрі бірегей қадам ретінде іргетасы қаланғаны айтылған. Содан бері БҰҰ-ның аясында құрылып, жұмыс істейтін халықаралық ұйымдар мен институттар әлі де мүлтіксіз емес. Соған қарамастан, жетпіс жылдан аса уақыт бойы ұйым бейбітшілікті, қауіпсіздікті, адам құқығын, әлемдегі экономикалық және әлеуметтік дамуды әрдайым қолдап келеді.
Осы мұраны ерекше атап өту үшін, The Elders (Үлкендер – А.А.) көпжақтылықты қорғау мақсатында арнайы есеп әзірледі. Бұл жаһандық тәуелсіз көшбасшылар тобының іргетасын Нельсон Мандела қалаған еді. Осы топта мен төрағаның орынбасары болып қызмет етемін. Жоғарыда айтылған есепте біз қазіргі әлем басшыларына арналған 5 әрекетті атап көрсеттік. Олар:
– БҰҰ Жарғысында айтылған құндылықтарға иек арту;
– БҰҰ-ның бейбітшілік пен қауіпсіздікті ынтымақтас әрекеттесу арқылы шешудегі құзыретін күшейту;
– Covid-19 індетімен күресу мақсатында денсаулық сақтау жүйесін жетілдіріп, алдағы пандемияларға әзірлікті пысықтау;
– Климат өзгеруіне байланысты Париж келісімінде көрсетілген міндеттемелерді орындауға зор ынта таныту;
– Тұрақты даму мақсаттарының бәрін орындауға жігер білдіру.
Бүкіл әлем елдері бұл мақсатқа қол жеткізу көпжақты саясат жүргізу екенін мойындауы тиіс. Бұл баршамыздың мүддемізге сай. БҰҰ-ның осы айтылған мақсаттарға қол жеткізе алмауы ұйымға мүше мемлекеттердің, әсіресе БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты бес мүшесінің (АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай) өз міндеттерін орындамауына тікелей байланысты. Егер мемлекеттер ұлттық мүддесін ортақ міндеттерден жоғары қойса, бәріміз ұтыламыз.
Биылғы шілдеде пандемия жағдайына байланысты гуманитарлық дағдарысты одан әрі тереңдетпеуі үшін оқ атуды жаһандық деңгейде тоқтату жөніндегі 2532 қарарын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бір ауыздан қабылдануын зор ықыласпен тыңдадым. Сондай-ақ мұны БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш алғаш рет наурызда айтқанда қызу қолдайтынымды жеткіздім. Әйтсе де, қарар мәтініндегі кей мәселелерді талқылауға маңызды бірнеше айдың кеткеніне ішім ашыды.
Қанды қақтығыстар мен қатыгез пандемия кезінде семантикалық мәселені талқылау халықаралық қоғамдастыққа қаралы хабар жеткізген секілді. Денсаулық саласына келген тікелей кері әсерінен бөлек, індеттің салдарынан туындаған экономикалық дағдарыс ұзаққа созылып, жағдайды қиындатады. Әлемнің көптеген даулы бөліктеріндегі онсыз да нашар ахуалға кері әсерін тигізеді. Қазір дипломатиялық доп ойнайтын кезең емес.
Содан бері БҰҰ Әлемдік азық-түлік бағдарламасы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең қиын гуманитарлық дағдарысты бастан өткеруіміз мүмкін екенін ескертіп, Йемен, Сомали, Нигерия және Оңтүстік Судан секілді аймақтарда 600 мыңнан астам бала аштық пен тамақ тапшылығынан қайтыс болуы ықтимал екенін жеткізді.
COVID-19 дағдарысы адамзатқа ортақ құндылықтар мен әлсіздіктерді көрсеткен қаралы хабар секілді. Егер пандемиямен күресте сәтсіздікке ұшырасақ, ынтымақтастық пен ортақ әрекеттерді жаңартып, қауіп-қатердің алдын алмасақ, вирустың құрбандарына құрметсіздік көрсетіп, БҰҰ-ның іргетасын қалағандардың бізге артқан үмітін ақтамағанымыз.
Пан Ги Мун,
The Elders тобы төрағасының орынбасары. БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы және Оңтүстік Кореяның бұрынғы сыртқы істер министрі
Copyright: Project Syndicate, 2020. www.project-syndicate.org