• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Ең қысқа әңгіме 01 Қазан, 2020

Көктемірдің көтерілісін кім басқарды?

1991 рет
көрсетілді

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориал­дық музейінде ХVІІІ ғасырдағы ұлт-азаттық көтерілісінің батыры – Сапура Мәтенқызының жорық жолдарымен жүріп өткен тарихи-танымдық экспедиция жұмысы қорытындыланды. Жа­қын­да жергілікті тарихшылар мен өлкетанушылардан құралған топ Қобда және Ойыл аудандарына сапармен барып, Елек пен Қобда өзендерінің қиылысында батыр қыз сарбаз жинап, жасақ құрған жерлерді аралап келген болатын.

Ел ішінде «Көктемір», «Көрінбес» атанған 22 жастағы Сапура басқарған қазақ жасағы 1775-1776 жылдары Орынбор шекаралық шебінің бойындағы Жоғарғы Жайық, Қызыл, Таналық, Ор бекіністері, Ильинск және Елек әскери бекеттеріне бірнеше рет тұтқиылдан шабуыл­дар ұйымдастырып, жазалаушы отрядтардың қазақ жеріне ішкерілей кіру жолдарын кесті. Ол Нұралы Әбілқайырұлының Орынбор губернаторымен одақ­тастығына қарсы тұрып, Досалы сұлтанның қолдауымен Жайықтың бергі беті мен Қобда-Елек бойындағы қазақтардың қарсылық қозғалысын басқарды. Ел ішінен Көктемірге қосылған ерлердің саны 5 мыңнан асқанда, әскери тұрағын Қобда мен Електің арасына көшірген. Оның қолы жылдам орын ауыстыра алатын партизандық күрес тәсіліне жақсы машықтанған. 1775-1776 жылдары көтеріліс қатты қызғанда, соғыс тәсілдерін жақсы меңгергендігі мен жер жағдайын жақсы білгендігінің арқасында, соңынан түскен Нұралы ханның қуғыншылары мен жазалаушы отрядтан үнемі құтылып кетіп отырған. Ешкім көрмеген, «ерекше сиқырлы күшке ие, көріпкел және жындармен байланысты» деп қауесет таратқан Көктемір қыздың көте­рілісіне Еділ бойын­дағы Пугачев көтерілісінің ұшқын­дары да себеп болған.

Сапура Мәтенқызы Пугачев жасағында шайқасқан қазақ сарбаздарымен де байланыс­та болғаны анық. Мұның дәле­лі, белгілі тарихшы Нәйла Бек­маханованың «Көктемір ту­ра­лы аңыз» кітабы мен Із­тай Мәмбетовтің «Пугачевтің нө­кері», «Көктемір» поэмала­рында айтылған тарихи мәлі­меттер.

1776 жылдың жазында Көк­темір көтерілісі тез басылды. Сапура Мәтенқызы жазалаушы отрядпен шайқаста қаза тапты ма, әлде шегіне-шегіне басқа жақ­қа көшіп кетті ме, ұрпақтары қалды ма деген сұрақтың жауабы жоқ. Осы кезге дейін Сапу­ра сапында шайқасқан сарбаздар туралы білетін көнекөз қарт­тардың әңгімесі жазып алынбай, Көк­темір көтерілісін жүйелі түрде ешкім зерттемепті.

«Пугачев көтерілісін індете қазса, бізге беймәлім көптеген де­рек­тердің беті ашылар еді. Қалай болғанда да бұл істе кәсіби тарихшылардың тиянақты да адал жұмысы керек. Өйткені Сапура Мәтенқызын тану үшін ең алдымен Орынбор, Омбыдағы сол кезеңдегі қазақ тарихына қатысты деректерді, әскери есеп­терді сөйлету керек», дейді ақын Мейірхан Ақдәулетұлы.