Бұған дейін газетімізде Ермахан Ыбырайымов («Ер мінезді Ермахан»), Бекзат Саттарханов («Бекзада өнер, Бекзат батыр») және Болат Жұмаділов («Отандық бокстың оғыланы») сынды боксшылар жайында көлемді мақалалар жарық көрді. Олардың барлығы да осыдан дәл 20 жыл бұрын Сидней Олимпиадасында атой салған саңлақтар екенін жанкүйерлер жақсы біледі. Бүгінгі кейіпкеріміз – Мұхтархан Ділдәбеков. Ғасырлар тоғысында жасыл құрлықта өткен ғаламдық додада аса ауыр салмақта айқасқан айтулы былғары қолғап шебері күміс медальды олжалаған еді.
Аудан таныған көкпаршыдан әлем мойындаған боксшыға айналу үшін Мұхтарханға бар-жоғы бес жыл ғана уақыт жеткілікті болды. Қазіргі Түркістан облысының Мақтаарал ауданына қарасты Абай ауылының тұрғындары – Қабыланбек ақсақал мен Гүлімхан апа 11 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы. Сол үйдің сүт кенжесі – Мұхтархан. Қарапайым ауыл балалары секілді ол да жастайынан қара жұмысқа жегіліп, шымыр болып өсті. Ағасы Темірханға еліктеп, көкпар да тартты. Тіптен, орта мектепті тәмамдағаннан кейін де «білім аламын» деп өзге тұстастары секілді қалаға баруға асыққан жоқ. Өз қалауымен Абайда қалуды құп көрді. Ондағы ойы – ата-анасы және ағайын-бауырларының қасында болу, шама-шарқы жеткенше ұлттық өнеріміздің нәріне сусындап, көкпардың қыр-сырына қанығу. Бұл ретте Мұхтархан несібесіз емес еді. Ағасы екеуі көкпаршылардың жарысына үзбей қатысып, талай тұлпар мен түйені, ірі қара мен ұсақ малды үйіне жетектеп әкелді. Көпті көрген кәнігі көкпаршылардың өздері нар тұлғалы жігіттің жүректілігі мен тақымының мықтылығына, ептілігі мен шапшаңдығына сүйсініп «Осыдан бірдеңе шығады» деп өнеріне тамсанып отыратын. Бірақ бір мезетте Мұхтарханның өмірін күрт өзгерткен мынадай бір оқиға болды. Оны кейіпкеріміздің өзі әңгімелесін.
Мұхтархан айтады: Бір күні қаладан ауылға келген Ерхан ағам «Сені мен Шымкентке апарып қыдыртып қайтайын» деп өзімен бірге ертіп әкетті. Содан бокс үйірмесіне жетектеп апарды. Бір айдай қаланы армансыз шарлап, жаттығу залында біраз тер төккеннен кейін ауылымды сағына бастадым. Күн сайын «қашан қайтамыз?», деп Ерханның құлақ етін жедім. Ол мені алдап та, арбап та көрді. Бірақ мен еш иланбадым. Амалы таусылған ағам: «сонда сен не, қартайғанша көкпар тартпақсың ба? Жасың келгеннен кейін бұл ермек қалады. Сол кезде ешкімге керегің жоқ болады. Одан да Шымкентте қал. Осы шаһарда білім ал, жақсылап тұрып бокспен шұғылдан», деп ашуға булықты. Мен айтқанымнан қайтпадым. «Қуықтай бөлмеде жұдырықтасқанша, жазық далада көкпар тартқаным әлдеқайда артық», дедім де киімдерімді жиыстыра бастадым. Бұл әңгімеден еш нәтиже шықпайтынына анық көзі жеткен Ерхан қолын бір сілтеді де өз шаруаларымен кетті. Мен Абайға тарттым.
Арада біраз уақыт өткеннен кейін ағасының айтқан ақылы жөн екенін ұғынған Мұхтархан Шымкентке келіп, қайта бокс үйірмесінің табалдырығынан аттады. Ол кезде кейіпкеріміз 19 жаста еді. Спорттық өлшем бойынша біраз жасқа келген, жасөспірімдер мен жастар мектебін көрмеген үміткерге көп бапкердің іші жыли қоймайтыны анық. Тіпті маңайларына да жолатпайды. Бірақ Нұрғали Сафиуллин қырағылық танытты. Нар тұлғалы, дене бітімі мығым, шойын жұдырықты жігіттің бойында бұла күштің бұғып жатқанын ол іштей сезді. Сол себепті Ділдәбековке көп уақытын бөліп, бар білгенін үйретті. Иә, кезінде Мырзағали Айтжанов пен Нұржан Сманов бастаған бір шоғыр саңлақтарды тәрбиелеген білікті бапкер бұл жолы да қателеспеді. Қысқа ғана мерзімде Мұхтархан өзінің мықтылығын дәлелдеп, тек майталман мамандардың ғана емес, қатардағы қарапайым көрермендердің де назарын өзіне аударды.
Мұхтархан айтады: Ағам мені боксқа берген соң бірер айдан кейін ауылға барды. Үйде босқа жата бергенше көкпар көріп қайтайын деп дүйім халық жиналған жерге беттепті. Ойында еш нәрсе жоқ. Әдеттегідей ең бірінші болып ақсақалдарға сәлем беруге ыңғайланған еді, сол жерде тұрғандар оны қоршап алып, біраз «қысқан» екен. «Тәп-тәуір көкпаршыны қалаға әкетіп нең бар еді?! Мына жақта біз ұтылып жатырмыз, ал сенің мүлде ұятың жоқ екен», деп зекіпті. Бүкіл қариялар ұрысқанда, ағам кірерге тесік таппапты. Көкпар көруге барған сайын еститіні сол әңгіме. Ал арада бірер жыл өткен соң мен Азия ойындарында Иранның алыбын шалқасынан түсіргенімді бүкіл ауыл тұрғындары көріпті. Жайшылықта көкпардан басқаға қызықпайтын қарттар сол жекпе-жек жайында жиі әңгімелеген көрінеді. Азия ойындарынан кейін: «Күні кеше ғана біз көкпаршылар ауылы ретінде облысқа танылсақ, бүгін міне, боксшылар ауылы ретінде күллі әлемге танылып отырмыз», деп өз ризашылықтарын білдіріп, Ерханды алма-кезек құшақтарына қысыпты.
Мұхтархан Ділдәбеков үшін 1998 жыл аса табысты болды. Алғашында Қазақстан мен Куба құрамалары арасында Алматыда өткен матчтық кездесуде ол жасындай жарқырады. Әлемдік бокстың қос алпауыты арасындағы бәсекеде ұзақ уақыт бойы таразы басы теңселіп тұрды. 11 жекпе-жектен кейін Бостандық аралының өкілдері 6:5 есебімен озып тұрды. Алда – соңғы тартыс. Барлық үміт – Мұхтарханда. Егер ол ұтса, командалық сайыс біздің пайдамызға шешіледі. Өйткені сол кездегі ережеге сай тең есеп тіркелген жағдайда жеңімпаз аса ауыр салмақтағы боксшылар бәсекесінің нәтижесі бойынша анықталады. Бұл жекпе-жекте Ділдәбеков ерледі. Жастар арасындағы әлем чемпионы Феликс Соттоны сабап тастаған қандасымыз барша қазақстандық жанкүйерді қуантты. Екінші жарысы – Азия ойындары. Бангкокте өткен жарыстың жартылай финалында Әлем кубогының иегері, өзбекстандық Ләзизбек Зәкіровті 9:5 есебімен ұтса, финалда бойы да, салмағы да өзінен едәуір ауыр Иранның алыбы Мұхаммед Резаны үшінші раундта ұрып жықты.
Аса ауыр салмақта жұдырықтасқан қазақ боксшылары арасынан кезінде Әбдісалан Нұрмахановтың атой салғанын жақсы білеміз. Одан кейін Серік Өмірбековтің өнері көпшілік көңілінен шықты. Олар бүкілодақтық және құрлықтық додаларда дараланғанымен, әлемдік деңгейде жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілген бірде-бір қандасымыз болмады. Барша Алаш жұрты сол олқылықтың орнын Ділдәбеков толтырады деп үміттенді. Арада бір жыл өткенде қазақтың қайсар ұлы сол үмітті ақтады.
1999 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында Мұхтархан күміс медальды иеленді. Негізі ол финалда өзбекстандық Рустам Саидовты ұтқан еді. Алайда әділдікті белден басқан төрешілер жеңісті жергілікті боксшыға берді. Есеп – 7:8. Сол жылы Хьюстонда өткен әлем чемпионатында Ділдәбековтің мықтылығына тәнті болдық. Бастапқы бәсекеде грузиялық Леван Меквабашвилиді нокаутқа жіберіп, ширек финалда германиялық Дженгиз Кочты (8:4) қапы қалдырған ол жартылай финалда италиялық Паоло Видоцтан (3:1) айласын асырды. Ақтық сында түркиялық Синан Самил Санмен тең түсті – 4:4. Төрешілер біраз кеңесе келе, Анадолы елі өкілінің қолын көтерді. Осылайша, аса ауыр салмақта күш сынасқан қазақтың ұлы тұңғыш рет әлемдік додада жүлде алды.
2000 жыл. Сидней Олимпиадасы. Бастапқы бәсекеде польшалық Гжегож Киельсаны (16:5) жеңген Мұхтархан Ділдәбековтің жолы ширек финалда Алексис Рубалкабамен қиысты. Қарсыласының бойы – 204 сантиметр, салмағы – 125 кило. Мұхтарханның бойы – 190 сантиметр, салмағы – 97 кило. Бұл боксшыдан қандасымыз бір рет жеңілген. Ғаламдық додаға оның тамаша бабында келгенін біз алғашқы кездесуінде-ақ аңғарғамыз. Рубалкаба Германияның өкілін бірінші раундта-ақ ауыр нокаутқа жіберді. Соққының жойқын болғаны соншалық, дәрігерлер неміс жігітін зембілге салып, ауруханаға алып кетті. Бірақ қазақтың батыры кубалық қабыланнан еш қаймыққан жоқ. Құлақ шекеден құлаштап соғып, оны сан мәрте тәлтіректетті. Нәтижесінде 25:12 есебімен айқын жеңіске жетті.
Мұхтархан айтады: Ол кезде күллі әлемде Рубалкабадай бойшаң боксшы жоқ болатын. Куба алыбының Олимпиада жүлдегері ресейлік Алексей Лезинді етпетінен құлатқанын, Өзбекстанның қос мықтысы Ләзизбек Зәкіров пен Рустам Саидовты қуып жүріп сабағанын өз көзіммен көрдім. Зәкіровтің одан тайсақтағаны соншалық, рингтен секіріп қаша жөнелгенде, спорт кешеніне жиналған көрермендер күлкіге қарық болды. Өзім де Алексиспен бір мәрте жұдырықтастым. Гаванада өткен Кардова Кардин турнирінде 2:3 есебімен есе жібердім. Сиднейде жолымыз қайта қиысты. Әдетте бапкерім Нұрғали Сафиуллин екеуміз әр жекпе-жек алдында бейнетаспа арқылы қарсыластардың өнерін зерттейтінбіз. Ал сол жолы жаттықтырушым маған бейнетаспаны көрсетпеді. Оның себебін кейін білдім. Рубалкаба менің алдымда ғана неміс боксшысын оңдырмай құлатқан екен. Дәрігелер оны ауруханаға әкетіп, есін әзір жидырыпты. Сол себепті де Нұрғали аға басқа боксшылар мен бапкерлерге: «Бұл бәсекенің қалай аяқталғаны жайында Мұхтарханға айтпаңдар», деп өтініпті. Ол ой «Шәкіртім рингке еш алаңсыз және қобалжымай шықсын. Ол да ет пен сүйектен жаралған адам ғой, беті қайтып қалып жүрер» деген ниеттен туындаған екен. Абырай болып, бұл жекпе-жекте дәу қараның осал тұсын тауып, жартылай финалда күш сынасу құқығына ие болдым.
Жартылай финалда өзінің сыралғы қарсыласы өзбекстандық Рустам Саидовты (28:22) сан соқтырған қазақ боксшысы финалда ұлыбританиялық Одли Харрисонға (16:30) есе жіберді. Нәтижесінде Сиднейден Мұхтархан Ділдәбеков күміс жүлдемен оралды. Ғасырлар тоғысындағы төрт жылдықтың басты додасында нар тұлғалы қандасымыздың өнеріне күллі әлем жұртшылығы тамсанып, құлшына қол соққанына осы жолдардың авторы да куә болған еді.
Олимпия ойындары мен әлем чемпионатындағы күміс және Азия ойындарындағы алтынынан бөлек, кейіпкеріміздің басқа да толып жатқан атақтары бар. Ол – Азия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері (2002, 2006), Азия біріншілігінің күміс (1999) және қола (2004) жүлдегері, Афро-Азия ойындарының күміс жүлдегері (2003). Көптеген халықаралық турнирлер мен елішілік жарыстардың жеңімпазы.
Әдетте біз шет мемлекеттегі спортшылардың рекордтарына тамсанып, таңдай қағып жатамыз. Ал ондай мықтылар біздің елде де бар. Мәселен, Мұхтархан Ділдәбековті алайық. 19 жасында бокс қолғабын алғаш киген ол екі жылдан кейін Қазақстан біріншілігінде дара шықты. 22 жасында Азия ойындарының жеңімпазы, 23 жасында әлем және құрлық чемпионаттарының күміс жүлдегері атанды. 24 жасында Олимпия ойындарында күміс медальды мойнына ілді. Бар-жоғы бес жыл ғана уақыт! Рекордтың «көкесі» осы емес пе?! Расында да, Мұхтархан Ділдәбековтің осы толағай табысына таңданбау мүмкін емес.