• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 02 Қазан, 2020

Сеулде атой салған саңлақтар

2063 рет
көрсетілді

Осыдан дәл 32 жыл бұрын, яғни 1988 жылдың 2 қа­занында Оңтүстік Кореяның астанасы – Сеулде XXIV жазғы Олимпия ойында­рының алауы сөнді. 16 күнге созылған бәсекелер барысында 159 мемлекеттен келген 8465 спортшы бақ сынады. Олар спорттың 27 түрі бойынша 263 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Жалпыкомандалық есепте КСРО құрамасы жеке-дара көш бастады. Олар 55 алтын, 31 күміс және 46 қола медальды олжалады. Барлығы – 132 жүлде. Кеңес Одағы құрамасы сапында табыс­ты өнер көрсетіп, жеңіс тұғырына көтерілгендер қата­рында қазақстандық спортшылардың да қатары қалың болды.

 

Сеул Олимпиадасында төрткүл дүние жұртшылығы Валерий Люкиннің теңдессіз өнеріне тамсанды. Спорттық гимнастиканы серік еткен 21 жастағы Ақтөбенің тумасы бағана жаттығуы мен ко­мандалық жарыста алтын алса, бө­рене мен көпсайыста күміс ме­дальды мойнына ілді. Барлығы – 4 жүлде. Жалпы, Едіге Жаровтай білікті бапкерден тәлім-тәрбие алған Люкиннің одан басқа да атақтары жетерлік. Ең негізгілеріне тоқталсақ, ол – әлемнің екі дүркін чемпионы (1987, 1991) және әлем чемпионатының қола жүлдегері (1991). 1987 жылы Еуропа бірінші­лігінде бес алтын, бір күміс және бір қола медальды олжалап, қарт құрлықтың абсолютті чемпионы атағына қол жеткізді. КСРО-ның іргесі сөгілген тұста Валерий Вик­торович отбасымен бірге АҚШ-қа қоныс аударды. Сол жақта өзінің ака­демиясын ашып, бір шоғыр жұлдыз тәрбиеледі. Оның зайыбы да атақты спортшы. Анна Коченева көркем гимнастикадан әлем чемпионы және әлем біріншілігінің екі дүркін қола жүлдегері. Ал сол жұлдызды отбасында дүниеге келген Анастасия Люкина Бей­жің Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің төрт дүркін чемпионы және сол жарыстарда ол сан мәрте күміс пен қола медальдарды иеленді.

Сондай-ақ спорттық гимнасшылардың командалық сайысында 18 жастағы алматылық өрен Владимир Новиков та алтын тұғырға көтерілді.

Жеңіл атлеттердің100 метрлік эстафе­талық сайысында КСРО құрамасы 38,19 секундтық көрсеткішпен бас жүлдені олжалады. Сол команда сапында Қазақ­станның екі бірдей желаяғы өнер көрсетті. Олар – 29 жастағы қарағандылық Влади­мир Муравьев пен 22 жастағы жезқаз­ғандық Виталий Савин. Осылайша Муравьев екін­ші мәрте Олимпиада чемпио­ны атанса, Савин үшін бұл ғаламдық доданың алғашқы алтыны еді.

Ауыр атлетикадан өткен жарыста Анатолий Храпатыйға тең келер ешкім табылмады. 90 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Атбасардың алыбы қос­сайыстың қорытындысы бойынша 412,5 (187,5+225) килолық көрсеткішпен бас жүлдені қанжығасына байлады. Ол жұлқып та, серпе де көтеруде алдына жан салмады. Храпатый өзінің басты қарсыласы, КСРО-ның тағы бір өкілі Наиль Мухамедьяров пен польшалық Славомир Завададан 12,5 кило артық салмақты еңсерді. Бес дүркін әлем және Еуропа чемпионы деген дардай атағы бар Анатолий Михайлович еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де талай биік белестерді бағындырды. Отандасымыз 1996 жылы Атланта Олимпиадасында күміс алса, 1993 және 1995 жылдардағы әлем чемпионаттарында қоланы қоржынға салды. Азия ойындарында екі рет екінші орынға табан тіреді. Өкінішке қарай, Храпатыйдың өмі­рі келте болды. 2008 жылдың 11 тамы­­зында атақты ауыр атлет Ақмола облы­­сының Аршалы кенті маңында жол апа­ты­нан жан тәсілім етті. Ол небәрі 44 жаста еді...

Әйелдер арасындағы волейболшылар сайысын КСРО құрамасы сәтсіз бастаған еді. Аса шиеленісті өткен ойында олар Жапониядан 2:3 есебімен жеңілді. Есесіне одан кейінгі кездесулерде Оңтүстік Корея мен ГДР-дың қыздарын тас-талқан етіп, өз тобында бірінші орынды иеленді. Жартылай финалда Қытайды қарсылас құрлы көрмесе, ақтық сында Перуден айласын асырды. Осылайша Кеңес Одағы құрамындағы өзге волейболшылармен бірге Алматының АДК клубы сапында ойнаған – Елена Чебукина мен Ольга Кривошеева да алтыннан алқа тақты.

КСРО баскетболшылары да дәл жо­ғарыдағыдай жағдайды басынан кешірді. Тұсаукесер кездесуінде Югославиядан 79:92 есебімен ұтылған Александр Гомель­скийдің шәкірттері одан кейін қарқын­дарын күрт күшейтіп, қарсы келгендердің барлығын қапы қалдырды. Жартылай финалда АҚШ-ты ұтты – 82:76. Финалда Югославиямен қайта кездесті. Бұл жолы Кеңес Одағының өрендері басым түсті – 76:63. Сол чемпиондар командасының сапында Алматының СКА клубының серкесі Валерий Тихоненко да өнер көрсетті. Бұл – оның спорттық ғұмырындағы ең зор табысы. Оған дейін және одан кейінгі жылдары Тихоненко әлем чемпионатының үш дүркін күміс жүлдегері және Еуропа чемпионы атанды.

Жамбыл облысының Қаратау қала­сында дүниеге келген Евгений Яровен­коның есімі Қазақстанның футболшылары арасынан шыққан тұңғыш және әзірге жалғыз Олимпиада чемпионы ретінде тарихта қалды. Бұл табысқа ол 1988 жылы қол жеткізді. Майталман маман Анатолий Бышовец баптаған команда Сеулде С тобында өнер көрсетіп, бірінші орынды иеленді. Алғашқы матчта алаң иелерімен (0:0) тең түскенімен, келесі кездесулерде Аргентина (2:1) мен АҚШ-тан (4:2) айласын асырды. Ширек финалда Аустралияның қақпасына жауапсыз үш гол соққан КСРО құрамасы жартылай финалда Италияны қосымша уақытта (3:2) ұтты. Финалда атышулы Бразилия футболшыларымен жолдары қиысты. Оңтүстік Америкадан келген команданың сапында Ромарио Бебето, Жоржиньо, Андре Крус, Клаудио Таффарел, Алоизио, Жуан Пауло сынды сайыпқырандар өнер көрсеткеніне қарамастан, Кеңес Одағы жеңіске жетті. Шешуші бәсекенің 29 мину­тында Ромарио есеп ашқанымен, 60 минутта Игорь Добровольский 11 метрлік нүк­­теден таразы басын теңестірді. Ал 103 минутта жеңіс голын Юрий Савичев соқты.

Клас­сикалық күрестен 74 кило сал­мақ дәрежесінде белдескен 25 жас­тағы Дәулет Тұрлыханов бас жүлде алуға лайық еді. Барлық бәсекеде өзінің мық­тылығын мойындатқан ол финалда Ким Ен Наммен күш сынасты. Ким осы жарыстағы Оңтүстік Кореяның чемпиондық тұғырға көтеріледі деген соңғы үміті еді. Сол себепті де төрешілер жер­гілікті балуанның ығына жығылып, Дәулетке көпе-көрінеу қиянат жасады. Осының салдарынан қандасымыз күміс медальды қанағат тұтты. Араға жылдар салып БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Ким «Финалдық сайыстың тағдыры сая­си тұрғыдан шешілгенін» мойындады. Тұрлыханов қазақтың маңдайына біткен жұлдыз екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ол – Барселона Олимпиадасының қола жүлдегері (1992), әлем чемпионы (1989), әлем біріншіліктерінің күміс (1993) және қола (1987) жүлдегері, Еуропа (1987) мен Азияның (1995) чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы (1994).

XXIV жазғы Олимпия ойындарының қола медалін еншілегендер қатарында ватерполшы Сергей Котенко мен Нұрлан Меңдіғалиев, жүзуші Константин Петров, сырықпен секіруші Григорий Егоров, боксшы Александр Мирошниченко және баскетболшы Ирина Герлиц сын­ды жерлестеріміз бар. Олардың бар­лығы да Қазақстанның төл түлектері. Су спортын серік еткен саңлақтардың бар­лығы да Алматыда дүниеге келсе, Егоров – Шымкентте, Мирошниченко – Қостанайда, ал Герлиц Павлодарда туды.

Сеул Олимпиадасында көптеген керемет рекордтар мен тосын нәтижелер де тіркелді. Мәселен, ГДР-дың жүзушісі Кристин Отто алты рет алтыннан алқа тақты. АҚШ-тың мақтанышы Мэт Бион­ди бес мәрте теңдессіз деп танылды. Сонымен қатар Бионди бір күміс пен бір қоланы қоржынына салды. Спорттық гимнасшылар сайысында КСРО-ның өкілі Владимир Артемов төрт рет бас жүлдені олжаласа, Дмитрий Билозерчев үш рет дара шықты. Одан бөлек, Артемов та бір күміс, Билозерчевте бір қола бар. Жеңіл атлеттердің жарысын америкалық Флоренс Гриффит Джойнер үш алтын және бір күміспен қорытындылады. Тағы бір таңдай қағарлық жағдай, сырықпен секіру (Сергей Бубка, Родион Гатауллин, Григорий Егоров) және балға лақтыру сайыстарында (Сергей Литвинов, Юрий Седых, Юрий Тамм) жүлделі орындардың барлығын Кеңес Одағының спортшылары иеленді. 400 метрге жүгіру (Стив Льюис, Батч Рейнольдс, Дэнни Эверт) және ұзындыққа секіруде (Карл Льюис, Майк Пауэлл, Ларри Майрикс) АҚШ-тың ерлер командасының мүшелері дәл сондай құрметке бөленді.

Оңтүстік Кореяның астанасында өткен Олимпия ойындарының келеңсіз тұстары да аз емес. Солардың арасындағы ең негізгілеріне тоқталсақ, жарыстың ашылу салтанатында алқызыл алауды тұтандырған кезде аспанға ұшырылған көгершіндердің біразы тірідей өртеніп кетті. Бокстан 71 кило салмақ дәрежесінің бас жүлдесін Рой Джонс пен Пак Си Хун өзара сарапқа салды. 19 жастағы Американың жас жұлдызы қарсыласын бәсекенің басынан аяғына дейін қуып жүріп сабағанымен, төреші кәріс спорт­­шысының қолын көтерді. Бұл оқи­­ғаның аяғы дау-дамайға ұласты. Өзде­рінің кінәларын жуып-шаю үшін ұйым­дастырушылар мен АИБА басшылары Олимпиаданың ең үздік боксшысына тиесілі Вэл Баркер кубогын Рой Джонсқа табыс етті. 54 кило салмақтағы ширек финалдық сайыста Александр Христов пен Чон Ир Бьюн күш сынасты. Ринг қожайыны Болгарияның өкілін қасақана түрде бірнеше рет баспен ұрды. Төреші Кейт Уокер төрт-бес мәрте ауызша ескер­ту жасады. Одан еш нәтиже шық­паған­нан кейін жекпе-жекті тоқтатты. Соған наразы болған бір топ көрермен Жаңа Зеландиядан келген әділқазыны шабуылдап, соққыға жықты. Бұзақылар былай тұрсын, осы саланың басы-қасында жүр­ген жергілікті шенеуніктер мен күзет­ші­лер де «бұл іске белсене қатысты» деседі.

Сеулде допингпен ұсталғандар да кездесті. Басы дауға қалғандар арасында Бен Джонсон да бар. ХХ ғасыр­дың сексенінші жылдары аса қысқа қа­шықтыққа жүгіретін жігіттер арасында Бен Джонсонның алдын орайтындар кемде-кем еді. Желмен жарысқан жүй­рік талай байрақты бәсекеде Үйең­кі жапырақтылар елінің абыройын асқақ­татты. 1984 жылы Лос-Анджелесте өт­кен Олимпиадада қос қола медальды ие­ленді. 1985 жылы әлем чемпионы атанып, рекордтық көрсеткішке өзгеріс енгізді. Арада екі маусым өткенде жоға­рыдағы нәтижесін қайта жаңартты. 1988 жылы Сеул Олимпиадасында төрт­күл дүние жұртшылығын тамсандырып, 100 метрлік қашықтықты 9,79 секундта жүгіріп өтті. Бұл – әлемнің жаңа рекорды!

Алайда үш күннен кейін WADA Джонсонның допинг қолданғанын анық­тады. Беннің өзі де айыбын мойындады. Қатаң жазаға ұшырап, атақ-даңқының барлығынан айырылды. 1991 жылы Джон­сон үлкен спортқа қайта оралды. Бірақ көп ұзамай допингпен қайта ұсталды. Ол кездегі жаза тіптен қатаң болды. Канада спринтері жарыстардан мүлдем алыстатылды. Сол кезде әйгілі желаяқтың: «Мен ұзақ уақыт бойы маған сенім артқан, менің тілеуімді тілеген, мені пір тұтқан миллиондаған адамды алдап келдім. Қазір соны ойласам, өкініштен өзегім өртенеді. Сол үшін қатты өкінемін. Бірақ енді бәрі кеш. Енді қалай ақталсам да мені ешкім түсіне қоймас», деп теледидар алдында еңіреп тұрып жылағаны күні бүгінгідей көз алдымызда.

Маңызды жарыстар барысында кейбір спорт­шылардың әділдік, адалдық және адамгершілік принциптерін ысырып қойып, жеңіс тұғырына көтерілу үшін жоғарыдағыдай арамза жолды таңда­ғандарына да сан мәрте куә болдық. Десек те, арамызда теріс пиғыл­дан бой­ларын аулақ ұстайтын, жүректері шы­найы бәсекелестікті ғана қалай­тын аза­маттардың басым екені белгілі. Солар­дың бірі – Лоуренс Лемье. Олим­пиаданың қызған шағында желкенді спорттан сайысқа түскен Канаданың өкілі екінші орында келе жатты. Енді оның күміс медальды иеленуіне еш кедергі жоқ еді. Бір мезетте ол қатты соққан желдің сал­дарынан Сингапурден келген қос спорт­шының яхтасы аударылып, шарасыз күй кешкенін байқайды. Лоуренс дереу бағытын өзгертіп, соларға көмекке келеді. Нәтижесінде сингапурліктер дін-аман, ал Үйеңкі жапырақтар елінің өкілі 21-орында қалып қояды. Есесіне жүрегі жұмсақ, ниеті таза Лоуренс Лемье жаңа дәуірдегі Олимпиада қозғалысының алтын бастауында тұрған әрі ХОК-тың тұңғыш президенті Пьер де Кубертеннің медалімен марапатталды.