Түркияның Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Коджа отандық вакцинаның адамдарға сынала бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Фахреттин Коджа Текирдагтағы Капаклы ауданындағы "Кочак Фарма" фармацевтикалық кәсіпорнында болды. Бұл кәсіпорында коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеу бойынша зерттеулер жүргізіліп жатыр. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, бүгінде Түркияда 13 вакцина әзірленуде. Соның біріне адамдарға сынақ жүргізуге рұқсат берілді.
"Өздеріңіз білетіндей, Түркияда вакцина жасау жұмыстары жалғасуда. Денсаулық сақтау министрлігі мен Эрджиес университетінің қолдауымен жасалған вакциналардың бірі жануарларға сыналып, сәтті нәтиже берді. Осылайша, клиникаға дейінгі сынақ кезеңі аяқталды. Енді біз бұл екпені адамдарға егуге көшеміз", - деді ол.