Мына бір дерекке назар аударыңыз: дәл қазір барлық жан саны 3 млн-ға жетеқабыл дағыстандық ағайындар арасынан соңғы 50 жылда самбо, дзюдо, еркін және грек-рим күрестері түрлерінен Олимпиада, әлем, Еуропа чемпионы атанған 320-ға жуық балуан шығыпты. Ал біздің 13 млн 910 мың (әлем бойынша нақты қазақтың саны) қазақтан шыққан соңғы 50 жылда Олимпиада, әлем, Еуропа чемпионы атанған азаматтарды санап көріңіз. Бұл – бір.
Әрі қарай ептеп тереңдеп көрсек: ғаламда жан саны 946 мың (850 мыңы Дағыстанда тұрады) авар дейтін халық бар. Имам Шәміл мен Расул Ғамзатов осы халықтың ұлдары. Осылардан 42 Олимпиада және әлем чемпиондары шыққан екен. Бергі жағын ғана суыртпақтап айтсақ: Хаджымұрад Могомедов (еркін күрес, Атланта – 1996), Сагид Мұртазалиев (еркін күрес, Сидней-2000), Мәулет Батыров (еркін күрес, Афина – 2004, Бейжің – 2008) Олимпиада жеңімпазы атаныпты. Бұған әлемнің көп мәрте чемпионы Али Алиевті қосып қойыңыз.
Ал бар-жоғы 431 мың құмықтан: тек қана бір еркін күрес түрінен Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері – Сайпулла Абсайтов, Магомед-Гасан Абушев, Расул Батталов, Ильяс Бекбулатов, Бахтияр Ахметов, әлем және Еуропа чемпиондары мен жүлдегерлері – Насрулла Насруллаев, Нариман Исрапилов, Мұрад Рамазанов шықса, барлық күрес түрлері бойынша 17 балуан Олимпиада және әлем чемпионы атаныпты.
Легзиндер болса 385 мың адамды құрап отыр. Бізге қарағанда жан саны 26 есе аз. Ал балуандарының нәтижесі бізден кем емес. Дзюдодан әлем чемпионы Садир Айвазов, Тельман Курбанов және тәуелсіз Әзербайжан (осы елдің атынан күрескен) тарихында тұңғыш Олимпиада жеңімпазы болған Назим Курбанов бар. Самбодан әлем чемпионы атанған: Эльдар Алиев, Назир Мамедалиев, Ислам Мамедов. Еркін күрестен әлемнің екі дүркін жеңімпазы Руслан Ашуралиев, т.б. кете береді.
Таулықтардың құрамындағы дарғындар саны 490,4 мың адамды құраса, 14 жігіті әрқилы күрес түрлерінен Олипиада және әлем, Еуропа чемпионы атанып үлгеріпті. Атап айтқанда, 1995 жылы әлемнің ең үздік балуаны атағына ие болған, еркін күрестен әлемнің екі дүркін жеңімпазы, Еуропаның 4 дүркін чемпионы Магомед Азизов, Еуропа чемпионы Али Исаев, Әлем кубогының екі мәрте иегері Руслан Караев, Еуропаның екі мәрте жеңімпазы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Бузай Ибрагимов, т.б.
Дағыстанның құрамына кіретін жоғарыдағы төрт халықтан басқа: ноғай (40,4 мың), лак (161 мың), табасаран (118 мың), агул (28 мың), цахур (9,8 мың), тат (0,2 мың)... т.б. жұрттардың ұландары да қашаннан бері ту ұстап, тұлпар мініп үйренген. Атап айтқанда, еркін күрестен Олимпиада чемпионы Ширвани Мұрадов (лак), Олимпиаданың күміс жүлдегері Наси Булгаев (агул), дзюдодан Әлем кубогының иегері Камал Хан-Магомедов (табасаран) және 2002 жылы футболдан өткен әлем біріншілігінде «Алтын гол» соғып, түрік құрамасын қола медальға жеткізген Ильхан Мансыз (ноғай), т.б.
Жоғарыдағы ұлт-ұлыстар сияқты Дағыстанның құрамында болмаса да, жалпы таулықтар дейтін атқа ие қабардин-балқар (545 мың), адыгей (128,5 мың), осетиндердің (516 мың) спортта жеткен жетістіктері бізді он орайды. 128 мың адыгейдің 48 ұланы самбо, еркін күрес, грек-рим, дзюдодан Олимпиада, әлем, Еуропа чемпионы немесе жүлдегері (әлем, Еуропа кубогының иегерлері) атанып үлгерген екен. Жетістіктің басы 1948 жылы Олимпиаданың жеңіс тұғырына көтерілген Гуше Яшардан басталса, әрі қарай Аталай Махмұд, Арамбай Емиж, Асланбек Хуштов, т.б. кете береді.
Ал әлемде жарты-ақ миллион осетиннің жетістігі адыгейлерден кем түспейді. Еркін күрестен әлемнің төрт дүркін чемпионы Бесик Кудухов, екі дүркін чемпионы Таймураз Дзгоев, Олимпиаданың екі дүркін жеңімпазы Сослан Андиев, үш дүркін чемпионы Артур Таймазов (Өзбекстан атынан күрескен), әлем және Еуропа чемпиондары: Ибрагим Алдатов, Ю.Гусов, Алан Дудаев, Арават Сабеев, Ирбек Фарниев... т.б.
Қабардин-балқар бауырларымыздың да оншақты жігіті күресте әлемдік деңгейге көтерілген екен. Атап айтқанда, Билял Махов, Мулид Лампежев, Анзор Уришев, Алексей Казиев, Арсен Маиров, Расул Машезов...
Осы орайда, «таулықтар неге мықты» деген сұрақ туары анық? Әрине, бұған өз тарапымыздан да жауап беруге болар еді. Бірақ елімізге танымал бапкер мамандар және спорт саласын зерттеп жазып жүрген қаламгер-журналистер не айтар екен?!