• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Пікір 07 Қазан, 2020

Еліне етене жақын басылым

406 рет
көрсетілді

Дәстүрлі басылымдарға жазылу науқаны жақындағанда, көненің көзі, тарихтың өзі болып отырған, салмақты газет-журналдардың санына қарап отырып кейде қынжыласың, көбінде қуанасың.

Көңіліңе қаяу түсіретіні, интернет заманында, бәрін содан аламыз, газеттің не керегі бар дейтіндердің ұшқары ойлары болса, қуанатының, тасқа түскеннің – тарих жылнамасында қалғандай, күнделікті басылымдардан бума-бума үй кітапханасын жасаған небір оқырмандарды көресің.

Профессорлар Тауман Амандосов, Әбілфайыз Ыдырысовтардың «Таңғы асты ішпей киоскіден баспахана иісі бұрқыраған газеттер алып, оқымай, дегбір таппайтын едік, студенттер! Сендерге соны айтамыз» деген ғұмырлы тілектері әлі жадымызда жаңғырып тұрғандай.

Әрине газет жайында қаяулы көңіл айтатындармен сәл-пәл келісуге де болар. Газетті оқырман қолына жеткізуші тетік – пошта қызметінің шабандығы, сылбырлығы, үйіп-төгіп аптасына бір жеткізетіні өтірік емес, рас. Талайдан бері айтылып жүрген жағдаят. Қалаларда мұндай болғанда, алыс ауылдардағы оқырманның әбден ескірген, ақпараттың құлшынысы жоқ газетті алып тұрғандағы көңіл күйін айнытпай болжаймыз.

«Егемен Қазақстан» – тұтастай Ал­тай мен Ақжайық, Алатау мен Арқа ара­сындағы ел тынысының баро­метрі, таяу және алыс шетелдегі халық­тар­дың тіршілік тамырының бүлкілін баян­­дап отырар, байсалды басылым. Шы­­ғар­машылық топтың кәсіби деңге­йін­­де сал­мақтылықпен оқылатын әрбір дү­ниесінен мол мағлұмат алатынымыз рас.

Тұтастай ел ішін қызмет бабымен жиі аралаймыз. Қияндағы қойнауда, түк­­пірде жатқан ауылдарға бұрыласың. Егіс­тік, шабындық, жайылым басындағы шаруа адамы аузынан небір «шіркін-ай» деген ойларын естисің. Соларша айтсақ, «баяғыдай неге сын, фельеотондар аз шығады, ойына келгенін оспадар қимы­лы­мен жасағандар неге аяусыз жазаланбайды, сот шешімдері неге жүрдім-бардым орындалады, айран ішкендер құтылып, жалағандар неге тұтылады?». Ел адамдары осылай ойлайды екен.

Қазіргі таңда «Егеменнің» барлық беттері түрлі-түсті суреттермен әсем безендіріліп шығарылуы оқырман ынта­сын да арттыратыны белгілі. Аймақ­тардан басылатын газеттерге де сондай талап қойылса дейміз.

 

Өлмесхан БОЛАТБЕКОВ,

қоғам қайраткері

 

НҰР-СҰЛТАН