Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа Жолдауында мемлекеттік жоспарлау жүйесінде адам ресурстарын барынша жұмылдыру мәселесі жан-жақты зерделенген.
Мемлекет басшысы 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет заңына сәйкес, 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25%-ға, мәдениет саласындағы қызметкерлердің еңбекақысын 35%-ға, әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақысын 30-60%-ға дейін көбейту жөнінде шешім қабылдады. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 трлн теңге бөлінеді. Төтенше жағдай кезінде тұрмысы тұралаған, күнкөріс көзінен айырылған халықтың осал топтарына әлеуметтік көмек көрсетілуде.
Мемлекет басшысы «Еңбекақысы аз мемлекеттік қызметтің қоғам үшін пайдасынан зияны көп. Бұл мәселеге жете назар аудармау кері кетуге, біліктілік пен бастамашылдықтан айырылуға, сондай-ақ ең сорақысы, жемқорлыққа әкеп соқтырады» дей келе еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіруді тапсырды.
Еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру шаралары
Еңбек – өндіріс факторларының бірі және өнімділік пен халықтың әл-ауқатына әсер етеді, адамның қоғамдағы орнын анықтайды. Еңбектің экономикалық рөлі – нарықты тауарлар мен қызметтерге қанықтыру арқылы адамның қажеттіліктерін қанағаттандыру. Еңбектің әлеуметтік рөлі – өндірістің дамуы мен жетілдірілуі халықтың көбеюіне, оның материалдық және мәдени деңгейінің жоғарылауына қолайлы әсер ететіндігінде.
Нарықтық қатынастарға көшу халықтың жұмыспен қамтылуында гендерлік кемсітушіліктің, жастардың жұмыссыздығының, «жұмыс істейтін кедейлер» феноменінің, кепілдендірілген әлеуметтік төлемдердің жоқтығын, маусымдық жұмыстың дамуына серпін береді. Бұлай болатындай себебі де бар. Біріншіден, халықтың төмен ақылы жұмыспен қамтылуы. Екіншіден, жұмыссыздық себебінен кедейліктің артуы. Кедейлік – үй шаруашылығына тән құбылыс. Ал төмен жалақы тек жеке адамдардың жұмысқа орналасу жағдайын сипаттайды.
Еңбек нарығында айтарлықтай төмен ақы төленетін жұмыс орындарының болуы өткір әлеуметтік проблема саналады. Мұндай жұмыс орындарын иемденетіндер үшін болашақта кедейлік пен жұмыссыз қалу қаупі туады, әлеуметтік проблемалардың санын одан әрі көбейтеді. Қазіргі кезде еңбек нарығы рецессияға едәуір дәрежеде бейімделді, елімізде жұмыссыздық аз.
Еңбек нарығы еліміздің экономикасы үшін неліктен маңызды? Тұрғын халықты «аз жалақы» төленетін жұмыспен қамту тығырыққа тірелетін жағдай ма, одан шығудың жолы бар ма? Жоқ әлде ең төменгі жалақы жақсы жұмысқа апаратын жолдағы уақытша эпизод па? Бұл сұрақтарға жауапты еңбек нарығындағы экономикалық саясат анықтайды, әртүрлі елдер үшін бұл жауап әртүрлі болуы мүмкін.
Ең төменгі жалақы мөлшерін қалыптастыру механизмі
«Ең төменгі жалақы» төленетін жұмыс орындарын «жоғары жалақы» санатындағы біліктіліктен ажырату үшін әртүрлі критерийлер қолданылады. Орташа жалақы мөлшерлемесінің үштен екі бөлігінен кем жалақы табу «аз жалақы» төленетін жұмыс деп есептеледі. Еңбек нарығында жалақысы төмен жұмыс орындары әрқашан болған. Айталық Еуропалық одақ елдерінің еңбек нарығында жалақысы төмен жұмыс орындарының үлесі – 17%, Швецияда – 3%, Латвияда – 26%. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы нарықтық экономикасы бар 34 елдің қоғамдастығында және дамушы елдерде бірыңғай ұлттық ең төменгі жалақы белгіленген. Ресей мен АҚШ-та аймақтардың климаттық, экономикалық және басқа жағдайларына байланысты ең төменгі жалақы сомасын белгілеуге құқығы бар. Жапонияда бірыңғай ұлттық жалақы минимумы жоқ, елдің әр аймақтарында өзіне тән ерекшеліктері ескеріле отырып ең төменгі жалақы сомасы белгіленеді. Ең төменгі жалақы мөлшері Германияда ұлттық деңгейде тек 2014 жылы белгіленді. Германияда жұмыссыздықтың түбегейлі төмендеуіне алып келген мемлекеттік саясат – Хартц реформасы. Бұл жұмыссыздыққа қарсы күрестің ең тиімді құралы болды. Германияда Хартц реформасы бойынша жәрдемақы төлеу – жұмыспен қамту саясатының дәстүрлі пассивті түрі, оқыту және қайта даярлау бағдарламаларын белсенді түрде өткізу сияқты қарама-қарсы стратегиялар қатар жүргізілді. Көптеген дамыған елдер бет бұрған еңбек нарығын икемді ету саясаты, еңбек өнімділігі төмен жұмысшыларға жаңа жұмыс орындарын ашты.
Төмен жалақы төленетін салаларды жетілдіру шаралары қандай?
Президент тапсырмасымен 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге өсті. Бұл 42 500 теңгені құрайды. Ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайды. Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс мөлшері: 2020 жылдың 1 қаңтары мен 31 наурызы аралығында – 31 183 теңге. 2019 жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда бұл мән 5%-ға өсті (29 698 теңгеден 31 183 теңгеге дейін). 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап – 32 668 теңге. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 млн 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35%-ға өседі. Ең төменгі жалақыны өсірудің нәтижесінде 6 млн-нан астам жалдамалы жұмыскердің иемденетін табысы салықтан босатылатын кіріс көлемінің ұлғаюы есебінен жылына 15 мың теңгеге дейін көбейеді.
Мұғалімдердің, әлеуметтік, мәдениет салаларындағы қызметкерлердің еңбекақысына неліктен ерекше көңіл бөлінуде? Себебі адам капиталы болашақ табыстың қайнар көзі және қоғам қажеттіліктерін қанағаттандырады. Сонымен қатар осы еңбеккерлердің адам капиталы келесі ұрпаққа адам капитал қалыптастыру үшін пайдаланылады. Ата-аналар ұрпағын материалдық тұрғыдан қамтып қана қоймай, білім мен дағдылардың ауысуын қамтамасыз етеді және қоғамның тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.
Еңбекке қабілетті жастағы адамдардың жұмысы, баспанасы бар, бірақ олардың жалақысы күнкөріс деңгейінен төмен болса кедейлер санатына жатады. Ең төменгі жалақы мөлшерін реттеу, жалақысы төмен жұмысшыларды қолдау және әлеуметтік теңсіздікпен күресу мемлекет тарапынан атқарылып жатқан іс. Бірақ бұл құрал әрдайым дұрыс жұмыс істей бермейді. Өйткені ең төменгі жалақы мөлшері өсетін болса, біліктілігі төмен жұмысшылар арасында жұмыссыздық көбейеді. Себебі біріншіден, ең төменгі жалақы мөлшері өссе, жұмыс берушінің шығындары көбейеді. Өйткені жұмысшылардың жалақысын төлеуге бұрынғыдан көбірек ақша жұмсауы керек. Бұл жұмыс берушіге тиімсіз. Жалақысы төмен жұмысшыларды жалдайтын фирмалардың нарықтан шығып кету қаупі туады. Екіншіден, жұмыскерлердің заңды нарықтан «кетуіне», бейресми еңбек нарығының кеңеюіне ықпал етеді. Үшіншіден, ең төменгі жалақының мөлшерін көтеру төмен жалақы алатындарды жұмыссыздыққа немесе экономикалық әрекетсіздікке итермелейді.
Жалақыны қалыптастыру механизмінің бір-бірімен тығыз байланысты еңбек нарығына әсері елеулі негізгі институттары бар. Атап айтқанда, еңбек заңнамасы, ең төменгі жалақы мөлшері, жұмыссыздыққа төленетін жәрдемақы.
Ең төменгі жалақы құбылысын жан-жақты бағалау тек төмен жалақы деңгейінің абсолюттік шкаласына ғана емес, сонымен қатар одан күтілетін нәтижелерге де байланысты. Егер үй шаруашылығының төмен жалақы алатын отбасы мүшесінің табысына қосымша жеткілікті балама табысы бар болса, онда отбасы кедей емес. Отбасында бірнеше аз жалақы төленетін жұмысшылардың болуы кедейлік қаупін күрт арттырады. Төмен ақы төленетін және жоғары ақы төленетін жұмыс орындары сегменттерінің бір мезгілде өсуі «поляризация» деп аталатын құбылыспен байланысты. Төмен жалақы феноменіне деген қызығушылық қазіргі заманда экономикалық теңсіздіктің артуына байланысты алаңдаушылық туғызуда. Осындай жұмыс орындарының сегментін қысқарту теңсіздікті азайтудың бір мүмкіндігі ретінде қарастырылуда.
«Жұмыс бірінші кезекте» стратегиясының салдары екі түрлі болуы мүмкін. Біріншіден, ең төменгі жалақы төленетін жұмыспен қамтамасыз ету уақыт өте келе жалақының жоғарылауына ықпал ететін болса, онда бұл «жұмыс бірінші кезекте» стратегиясының пайдасына салмақты дәлел. Екіншіден, жұмысшылар аз жалақы төленетін жұмыс орындарынан тез арада жұмыссыздық жағдайына қарай жылжып кетсе немесе адамдар «аз жалақы» жағдайына «қамалып» қалса да стратегияның зияны бар.
Жалақысы төмен жұмыс орындарын көбейту тұрғын халықты жұмыспен қамтуды және жұмыссыздықты төмендетуге көмектеседі. Еңбек нарығындағы жұмыс күшіне деген сұраныс, ұсыныс көптеген төмен өнімді жұмысшылардың жұмыссыздық төлемдерінің, ең төменгі жалақының және жалақыға салынатын салықтардың жоғары болуына байланысты.
Тұрғындарды ақылы жұмыспен қамту экономикадағы тұрақтылыққа әсер етеді. Біріншіден, кәсіпкерлер өнімділігі төмен жұмысшыларды жалдауға мүдделі емес, олардың еңбегінен түсетін кірісі шығындарды өтемейді. Екіншіден, мұндай жұмысшылардың жұмысқа орналасуға деген ынталары аз. Өйткені олардың жұмыс істегенде табатын табысы әлеуметтік төлемдерден кем. Қысқаша айтқанда, жұмыс істемеген тиімді. Жас балалары бар әйелдер, жастар, жалғызбасты адамдар, білімі және біліктілігі төмен мамандар, кездейсоқ жұмысшылар, шағын кәсіпорындарда жұмыс істейтін мигранттар үшін төмен жалақы алу қаупі жоғары.
Төмен жалақы төленетін жұмысшылар жоғары ақылы жұмысшыларға қарағанда орташа білімі және тәжірибесі аз. Адамдардың төмен жалақы төленетін жұмыс орындарында болу фактісінің өзі болашақта олардың жоғары жалақы төленетін жұмысқа орналасу мүмкіндігін азайтады. Жалақысы төмен жұмыспен қамту адам капиталының жиналуын тежеуі мүмкін. Фирмалар «нашар» жұмыс орындарында жұмыс істейтін жұмысшыларды оқытудан бас тартқандықтан немесе біліктіліктің кәсіби жоғалуына байланысты оның құнсыздануына әкеліп соқтырады. Болашақта жоғары ақылы жұмысқа орналасу мүмкіндігін азайтады. Сонымен қатар жұмысшыларға төмен жалақы төлеуді фирмалар өнімділіктің төмендігі туралы сигнал ретінде қабылдауы мүмкін, бұл ақылы жұмыс орындарына деген ұмтылысты жояды.
Мемлекетке тәуелділік еңбек нарығында жаңаша әрекеттерді жасауды талап ететіні анық. Алайда төмен ақы төленетін жұмыс уақытша, жоғары ақылы жұмысқа «трамплин» аралық кезеңі де болуы мүмкін. Ал төмен жалақы саясаты екі негізгі элементті қамтуы керек. Біріншіден, еңбек нарығында сұранысқа ие бәсекеге қабілетті адам капиталын қалыптастыруға бағыттау. Бұл мәселе еңбек нарығынан тыс оқытуға және жұмыс процесінде оқуға тікелей қатысты. Екіншіден, жұмысшыны бүкіл өмір бойы оқытып сүйемелдеу керек.
Қазақстан мамандануы және халықтың табысы әртүрлі аймақтардан тұрады. Нашар дамыған аймақтар үшін аз төленетін жұмыс күші өте маңызды. Аймақтар арасындағы теңсіздікті азайту және жұмыс беруші кәсіпорындар шығындарын өтеуі үшін ең төменгі жалақы және жұмыссыздық бойынша жәрдемақы мөлшерін тепе-теңдік жағдайында ұстап тұру – экономикалық саясат үшін өте маңызды.
Ләззат СПАНҚҰЛОВА,
экономика ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономикалық зерттеулер орталығының бас ғылыми қызметкері
АЛМАТЫ