Ол 1959-1964 жылдары Абай атындағы ҚазПИ-дің физика-математика факультетінде құштарлықпен оқып, жаратылыстану ғылымының алуан түрлі тарауларынан, мысалы, молекулярлық және теориялық физика, физиканың тарихы, оптика, математикалық физиканың әдісі, математикалық анализ, радиотехника, техникалық механика, аналитикалық геометрия, электрлендіру, электротехника, материалдар технологиясы, астрономия, физиканы оқытудың әдіснамасы және қоғамдық-саяси пәндер бойынша жеткілікті білім алады.
Расында, Әдепхан Төреханұлының шығармашылық қабілеті, ойлау мәдениеті, ынта-зейіні қажыр-қайратпен толық білім алуға мол мүмкіндік тудырды. Рухани жетілуіне ҚазПИ мен КазГУ-дегі әдеби кештер, әсіресе, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Орынбек Жәутіков, Қажым Жұмалиев, Мәлік Ғабдуллин сынды ұлт зиялыларының, ғылым қайраткерлерінің лекция-сұхбаттарын ой жүгіртіп, санамен саралап тиянақты тыңдаудың нәтижесінде керемет әсер дарытқаны, толық білімді меңгергені даусыз. Ел басына үйірілген қайғы бұлтын балауса болмысымен қабылдаған, тазалықты, адамшылықты мұрат еткен жас науша өмірдің де, тұрмыстың да, заманның да, білімнің де, ізгіліктің де, кәсіптің де мәнін терең ұқты. Қазағымның «халық қартаймайды, қара жер қартаймайды» дейтін қағидатын жүрегімен түсінді, қаламгерлік қабілетімен түсіндірді. Мұның тағы да бір себебі бар. Тағдырдың тәлкегінде, тәтті дәмін де татқан Әдекең орта мектептің табалдырығын Қытайда аттады да, Көкшетау өңірінде жалғастырды да, 1957-1959 жылдарда ата-баба қонысы Жаркент өңіріндегі Әулиеағаш бауырындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте оқып, талай тамаша тәлімгер-ұстаздардың алдын көрді, тәлімді дәрісін бойға сіңірді. Солардың бірегейі – ісі де, сөзі де, кісілік қасиеті өзгеше «Қазақстанға еңбек сіңірген мұғалім» химик Зағира Нүсіпбекова еді. Ол ҚазПИ-де оқыған жылдарында Алаш қайраткерлерінің көзін көрген, әсіресе Сәкен Сейфуллиннің лекциясын тыңдағанын және оның шешен де келісті сөйлейтінін, көркем келбетін, кесек тұлғасын мөлдіретіп әңгімелеп, шынайы шыншылдықпен жеткізеді екен. Оқығыш, тоқығыш, ұққыш Әдепхан Төреханұлы ой-сезім, жан дүниесін байытып, көзқарасын кеңейтіп-көркейтіп, жүрек, көңіл қазынасына, рухани игілігіне айналдыра білген, ұстаздық, ақындық еңбегінде, шежірешілдік-дерекнамалық, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушылық, жазу өнерінде шеберлікпен қолданған. Оның «Тіршіліктің бір тұтас тұлғасымын» деуі шынайы сыры, жанының лала лебізі.
Ұлттың ұлық қасиеттерін болмысына дарытқан, жер-су атауларының жетік білгірі, тумысынан текті Салпық бидің шөбересі, қаракөктің тұқымы Әдепхан Төреханұлы «Өссек, өссек, өссек» деп ата-бабалары Жаратқан ие тілеген мүбәрак мекен Көктал ауылындағы Абай мектебінде 43 жыл ұстаздық етті. Келешектің кемел тұлғасын, Ұлы даланың иесін баулуда ересен іңкәрлікпен, индивидуалдық-шығармашылықпен қызмет жасады. Осы бір еңбегінің куәлігіндей – «Халыққа білім беру ісінің озық қызметкері, Алматы облысы мен Панфилов ауданының «Құрметті азаматы» атанды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Ол сондай-ақ Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі.
Бір әсерлі сұхбатында өз ісінің майталманы Әдепхан Төреханұлы ұстаз қасиеттері дейтін ұлы ұғым қандай дегенде, оның сыр-сипатын былайша жіктеп, талдап көрсетіпті. Олар: әдептілік, ойлампаздық, талғампаздық, әсерленгіш, көрегендік, еңбекқорлық, азаматтық, адамгершілік, іскерлік, тәртіптілік, мейірімділік, рақымдылық, адалдық, ақниеттілік, тілектестік, ынталылық, ұжымшылдық, сыншылдық, идеяға сенімділік, шыншылдық, сыншылдық, қисындылық, бабаларға деген сүйіспеншілік, байқағыштық, ілтипаттылық, табандылық, жауапкершілік, жайдарлылық, ашықтық, қарапайымдылық, әділдік, тапқырлық, батылдық, ұқыптылық, сыпайылық, сезімталдық және т.с.с.
Осы бір таңдаулы сұңқарлық нышандар абыз ақсақал Әдепхан Төреханұлының бойында тұнып тұр. Оның ұшан-теңіз ұстаздық пен шығармашылық еңбегі – соның жарқын дәлелі. Император І Петр айтыпты: «Біреудің адам екенін, не надан екенін айыру үшін 10-ақ минут сөйлету керек? Немесе: Жүсіп Баласағұни: «Кісі сирек емес, сирек кісілік» деген-ді. Мен 2020 жылдың 14-ші наурызында тәжірибесі мен білімі, білігі мен дүние тану тереңдігі, адамгершілігі мен еңбекшілдігі бір-біріне ұштасқан ар-ожданы таза ардагермен ұлы ауыл шаруашылық ғылымының докторы, профессор, меринос қойының авторы Айбын Әдепханұлының дария дастарханының басында жүздесіп әңгімелестім, өмірбақи осы мәуелі бәйтеректей кісінің ығында жүргендей, жақсылардың рухын тірілткендей, зейін-зердеме ой жүгірткендей, нұрына бөленгендей сезіндім. Өзі толғанып жұтынтып жеткізгендей, тарих сыры, өмір жыры, ұлылар даусы көркем әуезе шерткендей. Бұл кісіде нағыз ұстазға лайық қадірлі қасиеттер, яғни білім, таным, мәдениет, парасат, ойлау деңгейі жоғары бұланайдай заңғар шығармашылық тұлға екені анық байқалады. Әдекеңмен сөйлесу, пікірлесу бір ғанибет. Ұстаз болмысы, дәрежесі, ерекше жаратылысы, пейіл-көңілі қандай дегенде Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ұстазға деген ізет-ілтипаты ойымызды сәулелендіреді. Пайғамбарлардың сардары үйінен шыққанда 2 топты көреді. 1-ші топ Аллаға жалбарынуда. 2-ші топ талапкерлерді оқытып жатыр екен. «Сонан соң Ұлы ұстаздың жіберген елшісімін ғой деп, тәлімгерлердің қатарына келіп жайғасыпты. Тегінде, адам баласын мейірленіп оқыту, қоғамды ізгілендіру – ұстаз маңдайына жазылған бақыт! Ұстаз жолы – адамшылық жолы.
Ұстаздық жолда жанкештілікпен еңбектенген ел зиялысы ой-қиялын, сезім дүниесін тербеген жаратылыстың таза, пәк көріністерін, таңғажайып суреттерін зерделі, жүйрік санамен қабылдап, мүмкіндігінше келісті сипаттаулар туындатады. Мысалы, «Белжайлау», «Бабақоныс – Басатжұрт», «Туған жерді аралап, жүр қайталық», «Сабалы», «Өртең сай», «Тауды аңсаймын» және өзге де жыр-толғаулары сыр дестесімен, сөз кестесімен айрықша көркемдік әсерге бөлейді. Табиғаттың тұңғиық сырлары мен бояуларын жандандырып, ассоциациялық байланыстар, поэзиялық салыстырулар жасайды. Мәселен:
Өмірдің өрге тартып өрімдері,
Жондарың, жоталарың керіледі.
Гүлдерге қонақтаған шық моншағы,
Адамның асау қуған тері ме еді
(«Белжайлау»).
Гүлдердің хош иісі, көркемдік әлемі оған «қонақтаған шық моншақпен» әсерлі көрініске ие болудың үстіне қазақ баласының бейне бір асау қуғандағы терімен ұқсатуы соншалықты поэзиялық безендірудің өзі.
Әдепхан Төреханұлының азаматтық әуенге бай асқақ даусында, жалынды лебізінде Мәңгілік Елге, кең байтақ көсілген даласына деген мейірім, дархандық, кемел көзқарас бар.
Таудың айбын-құдіретін, суретін, Ұлы даланың тамылжыған табиғатын, ұлылығын болмысына сіңірген, шығармашылық өнері мен өнегесін рухтандырған, қанаттандырған. Бұған мына бір сәулетті сөйлемдер, қуатты, шуақты, шұғылалы шумақтар дәлел.
Әдепхан Төреханұлының мағыналы өмірі мен шабытты ой толқындары мына бір түйдекте айқын бедерленген:
Жетпіс бесте желмеймін,
бөрі желіс аяңым,
Туған жерді өріс қылып,
өлеңімді жаямын.
Жетпіс бес жыл көргенім,
ай менен күн, аспаным
Өмірімде өшпейтін,
менің өмірбаяным.
...Сайын дала, шың-құздар,
сырласамын бақтармен
Құрдас болып кетемін,
мамырмен де, ақпанмен.
(«Жетпіс бесім сұр киік»)
Ақынның басты мұраты – адалдық пен тазалық, ізгілік пен мейірбандық. Ендеше осы бір мөлдір қасиеттер әдемі көрініс тапқан:
Халықтың байтақ тәжірибесін, тәлімін, тұрмысын, жөн-жобаларын, этномәдениетін жүйрік білетін Әдепхан ақсақал «Киіз үйі қазақтың», «Тайқазан», «Ошақ», «Ер-тұрман», «Көкпар», «Қамшы» дейтін жырларында білгірлік танытады, поэзиялық суреттеулер өрбітеді:
Салшы, ана, оюлаған сырмағыңды,
Сырмағыңда жасырын
сыр қалың-ды.
Етбетімнен жатып ап оқиыншы,
Жазған ою-өрнекпен сырларыңды. («Сырмақ»)
Поэзияның сәні – сыр мен сезімге ой мен суретке бағынған көркем теңеулер тізбегі қандай мәнерлі, әуезді десеңізші!
Адам баласының рухани жетілуінің айрықша бір қайнар көзі – ғаламды, жаратылысты, өсімдіктер әлемін, жанды-жансыз дүниені шынайы ниетпен, түйсікпен, қабілетпен көре білу. Көре білу көреген зердені жақсы қасиеттермен байытады. Осы тұрғыдан келгенде, Ұлы даланың даңқты суретшісі Әбілхан Қастеевтің өнерпаздық, суретшілдік тұлғасын білімпаздықпен түбегейлі сипаттаған. Ой жүгіртіп оқиықшы:
Нәзік лиризм, күйлілік, сыршылдық – Ә.Төреханұлы поэзиясының басты сипаты. Ол нені жырласа да жан-тәнімен, ақындық қуатпен, суреткерлік қабілет-қарыммен, көркемдік сұлулықпен сыңғырлатып жеткізеді:
Аққу көркем айдын көлді іздеген,
Ақ бөкенді көрсем жапан
түзде мен,
Жоғалтқаным табылғандай
іздеген,
Гүлді көрсем жапырағын үзбеген,
Соны сәулем өзің бе деп қаламын.
Ат суарып қайтсам
сылқым бұлақтан,
Үн естісем сыбдыр
қаққан құрақтан,
Ай сәулесі түскен ерке толқынға,
Жар қабақтан жасырын
тас құлақтан,
Соны сәулем өзің бе деп қаламын.
Ұстаздығына сөзге, ойға, пікірге ұсталығы ұштасқан Әдекеңнің біраз өлең-жырлары ел тарихы мен тұлғатануға қатысты («Қарақол мен Есенқол», «Әтікей батыр», «Салпық би бабамның рухымен сырласу»). Шежірелік деректер мен тарихи мәліметтер де жеткілікті. Бұларды ақыл елегінен өткізіп, талғампыздықпен қолданады.
Білімдар кей ретте ғылыми поэзия үлгісіне де («Көк күмбезі») жүгінеді, қазақтың даналық көзқарасы мен ғибратты пайымдауларын да («Қазақ айтқан») гүлдендіріп жырлайды.
Ұстаздық жолда ел алғысын арқалаған, әдеби-шығармашылық, ұлттық педагогикалық еңбегінде халық даналығын, ел мен жер тарихын зерделеген Әдепхан Төреханұлының «Әулиеағаш» турасында толқып тебіренгенде «Заманының сырласы, ғасырлардың құрдасы», «Ақсақалы ағаштың, берекесі орманның» дейтін лағыл лебізі бар. Ендеше өзі де қазақтың шежірелі, данагөй ақсақалы. Ол айтады: «Сонау 1954 жылдан бастап әкелеп, ағалап, алдарынан кесе өтпей, қадір-құрмет тұтатын қасиетті ақсақал әкелерім мен сезімтал, сыр мінезді ағаларымнан естіген, ел-жұрт арасындағы аңызға айналған, шежіре сарынды» баяндарды жүйелеп жаздым. Соның айғағы – оның Қожбамбет би (1815-1883), Салпық би (1830-1900), Қараменде би (ХVI ғ.), Сады би, Тана би, Дәулет би, Малдыбай би, Шәнті би (1833-1900), Шойнақ батыр жайлы жазбалары. Заманның, халықтың сөзін сөйлеген ділмәр-шешендердің елдік істері, ересен тапқыр билік-кесімдері келісті әңгімеленеді. Ұлы Жібек жолының тарихымен де байланыстыруы да бұл жазбалардың тарихилық, мәдениеттанушылық, елтанушылық мәнін тереңдете түседі. Айталық, «Сауда Салпық», «Бай Салпық», «Би Салпық» Жаркенттегі мешітті сәулеттендіруге, қала, егіншілік мәдениетін өркендетуге, ғажайып гүлдердің тұқымдарын, ағаштардың көшеттерін ит арқасы қияннан әкеліп отырғызғанын бажайлап түсіндіреді. Өркениет биігіне құлаш ұрған Салпық бидің алтыннан (мұнда қытайша жазу бар) және гауһардан (мұнда орысша жазу бар) құйылған мөрлері болған. Асылы, Салпық би тұлғасы мен мұрасы толық баяндалған.
Өз әкесі Төреханның (1908-1945) Күләймен, Дәнемен айтыстарын хатқа түсірген. Бұлар қыз бен жігіт айтысының бірегей үлгісі. Сонымен қатар үздік мақал-мәтелдерді де жинақтаған.
Ол жер-су атауларының шығу төркіні мен шынайы сырын ел аузындағы көне аңыздарға сүйене отырып айқындайды. Бұл орайда «Әулиеағаш», «Делегей», «Қызылеспе», «Керей бұлақ», «Майлы шоқы», «Малайқара», «Басатқарағай», «Бурақожыр», «Баркөрнеу», «Сымтас», «Үйгентас» және т.с.с.
Жер-су тамыршысы «Жоңғар Алатауы» ұғымын былайша түсіндіреді: «Жоңғар» «жоталы, жонды», яғни «жоны қарлы жоталы Алатау», «жоны қар Алатау» сонан ықшамдалып «Жоңғар Алатауы» аталған дейді. Немесе «Қыз ұясы» құзының мағынасы: Алапат айқаста қазақтың қаһарман жігіті мен оның періштедей мінсіз сұлу жаратылған қарындасы жау қолына түседі. Қалмақ қолбасшысы қазақ аруына ғашық болып, тілегін жеткізеді. Егер де келісім берсең, ағаңа еркіндік берем деп уәде береді. Бұған қыз көнбейді. Бірде қалмақ нояны аңда жүріп заңғар құздағы мұзбалақтың ұясын көріп, оның балапаны ұшуға талпынғанына көңілі ауып, биікке өрмелеп шығатын сайыпқыран жігіт іздейді. Бірақ ешкімнің де жүрегі дауаламайды. Сонан не керек тұтқын қыз құз жартастың басына шығып, балапанды мен қолыңызға қондырамын дейді. Бір шартым бар: ағамды елге, үйге қайтарасың. Қыз өжеттігімен сайтанның сырғанағындай жартастың үстінен балапанды қолға түсіреді. Ақылы асқан ару аппақ тәнім мен таза жүрегім қалмаққа қор болғанша, арқанды босатып жіберіп, осы бір ұяны асыл сүйегім мәңгі-бақи тұрақ етсін деп, зарлы жартасқа жабысып қалған. Сол бір заманнан даңқты қыз мекендеген құз «Қыз ұясы» атанған деп жазады шежіреші. Сондай-ақ ақынның «Қыз ұясы» дейтін дастаны да бар.
Ә.Төреханұлының «Ұлттық таным-тағлымы», «Еңкеймеген еменнің бұтақтары», «Баркөрнеу», «Елім дархан, жерім бай» (үш томдық) деген танымдық, тағылымдық еңбектерінде ұлттық салт-дәстүрлер, халықтық педагогика, ойын-сауықтар, ұлттық бұйым түрлері, ұлттық болмыстың киелі ұғымдары, даналық қағидаттар мәні, мағынасы, асыл тегі тексеріледі.
Оның қазақ радиосынан да «Сағыныш сазы», «Назгүлім», «Тау қызы», «Қызыл еспе», «Жайлау әні» (әні, сөзі автордікі), «Жаз дидарлы Жаркент», «Анама» (сөзі автордікі), «Қырқыншы жылдардың келіншегі» атты әндері шырқалады.
Тегінде, ұстаздық жолда өнегесі мен өрелілігін, шеберлігі мен ізгілігін аямаған, өнер жолында «өмір жырын, тарих сырын» толғаған, қыран көрегендігімен мәуелі әулеттің бағбанына һәм «адамдық диханшысына» айналған сексеннің сеңгіріне шыққан ел серкесі абыз ақсақал Әдепхан Төреханұлының ел-жұрты, ер-тұрманы аман болғай деп тілеймін!
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор