2020 жылдың біз күтпеген «жаңалыққа» толы болғанын айтпаған адам, жазбаған басылым қалмаған шығар, сірә? Жыл басында Аустралияның өртке оранғанын жазған болатынбыз. Басқа апаттарды, пандемияны есептемегенде тағы бірнеше мемлекетте орман өртеніп үлгерді. Жақында ғана АҚШ-тағы ормандардың өртке оранғаны мәлім болды. Тіпті хабарлардан орман өртінің арнайы маусымдары да болатынын білдік. Ал сол өрттерге біздің қатысымыз жоқ па, ойланып көрдіңіз бе?
Аустралиядағы орман өртінен кейін ғалымдар зерттеу жүргізіп, оның себебі мен салдарын анықтамақ болды. Өрт басталмай жатып-ақ аймақта 2008 жылдан бері жауын азайып, құрғақшылық деңгейі артқаны туралы, сондықтан орман өртінің аумағы да, көлемі де көп болатыны алдын ала болжаныпты. Аустралиядағы өрттің көлемі үлкен болғаны соншалық, ғарыштан түсірілген фотосуреттерде де анық көрінеді. Түтін Тынық мұхитынан асып Оңтүстік Американың да ауа сапасына әсер етіпті. Тілсіз жау бүгінге дейін 30 кісінің өмірін қиып, 18,6 млн гектар аумақты шарпыған. 1 млрд-қа жуық жануар жапа шекті. Канада мен Сібірде де орман өрті туралы хабар тарады. Қуаныштысы сол, өрт адамдар мен жануарлар мекендейтін жерден алыс болған.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, өрттің салдары тек Аустралиямен ғана шектеліп қоймай, жаһандық деңгейде қауіп төндіріп отыр. Өрттен шыққан түтін Тынық мұхиты арқылы Атлант мұхитына өтіп, одан Америка құрлығының оңтүстігіне жетті. Одан әрі Үнді мұхиты арқылы Аустралияға қайта келген. Аустралияның ғарыштан түсірілген фотосуретінде әлі күнге дейін жалғасып жатқан өрт пен әлемді айналып, қайта келген түтіндер анық көрінеді. Яғни мәселе аймақтық емес, жаһандық. Ал мәселенің себебі ше? Ғалымдардың пайымдауынша, өрттің себебі де жаһандық. Аустралиядағы, Калифорниядағы өртке сол жақтағы климат емес, тіпті Қазақстанда отырған біздің әрекеттеріміз де әсер ететін көрінеді.
Зерттеушілер өртке аптап ыстық, құрғақшылық, найзағай, жел, апаттар сынды факторлар әсер етеді дейді. Аустралия метеорология бюросы былтыр басталған өртті құрлықты қоршаған мұхиттармен байланыстырады. Әсіресе Үнді мұхитында суық су мен жылы ағыстардың қатар келуінен дейді. «Бәріміз білетіндей, мұхит, өзен, көлдегі су белгілі бір процестерден кейін жаңбыр болып жерге оралады. Ал Үнді мұхитындағы суық су атмосфера қабатына өтіп, жаңбыр халінде жерге түсе алмайды. Сондықтан белгілі бір маусымдарда құрғақшылық пайда болады. Бұл тек Аустралия емес Африка құрлығының да мәселесі. Өйткені екеуінің ортасында орналасқан Үнді мұхитындағы суық су мен жылы су ауысып отырады. Суық су қай материктің жағалауына келсе, сол маусымда құрғақшылық болады деген сөз. Бұл 100 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе», дейді бюро мамандары.
Ал 2019 жылдың соңына қарай мұхиттағы жылы ағыс деңгейі рекордтық межеден асып, жағдай бұрынғыдан да қиындай түсті. Ақпараттардан Аустралияда ормандар өртеніп жатқанын оқысақ, Үнді мұхитымен шектескен Африкада керісінше жауын күшейіп, су басты. Кейбір мемлекеттер 20 жылдан бері мұндай жауынның болмағанын, 4 күнде жылдық жауын мөлшерінен 3 есе көп жаңбыр жауғанын айтып, шағымданды. Яғни түсінгеніміздей, мұхиттағы жылы және суық ағыстың ауысуы Африка мен Аустралиядағы жауын деңгейіне әсер етеді. Ғалымдар мұны «әткеншек» деп атаған. Сонымен бірге табиғаттағы бірқатар процесс дәл осы «әткеншек» моделімен жұмыс істейтінін алға тартады.
Белгілі бір аймақтарда жауын мөлшері артқанын естісек, «жаһандық жылынудың басталғаны қайда?» деп ойлап қалатынымыз бар. Бұл – аймақтық деңгейде ойлану. Табиғи процестерге тек өзіміз өмір сүріп жатқан аймақтың жағдайына қарап баға беріп, белгілі бір тұжырымдамаларды жоққа шығару мүмкін емес. Өйткені табиғатта барлығы әткеншектегідей ауысып отырады. Яғни сіз тұрып жатқан қалада биыл жауын көп болса, екінші бір аймақта – құрғақшылық. Ал жағдайдың белгілі бір уақыттан соң ауысатыны дәлелденген.
Табиғат философы Тимати Мортон мынадай мысал келтіреді. «Пластик ыдыстан су не кофе ішкеніңізде, сіз және пластик қана бар. Бұл – аймақтық деңгейде ойлау. Ал дәл сол сәтте әлем бойынша миллиондаған кісі сіз сияқты аймақтық деңгейде пластик пен өзін ғана ойлап отыр. Бұл пластиктің одан әрі өндіріле беруіне ықпал етеді. Сондықтан арамызда ең болмағанда біреуіміз бұл жерде тек өзіміз бен пластик емес, миллиондаған адам, табиғи процесс барын, пластиктің оған зияны көп екенін ойлауымыз керек», дейді. Жаңа заман философы жаһандық деңгейде ойлау керектігін, табиғатты тыңдау қажеттілігін алға тартады.
Жақында Калифорнияда да орман өртенді. 12 кісінің өліміне себепші болған өрт 880 мың гектар аумақты шарпыды. Тұрғындар мен мамандардың айтуынша, мұндай өрт соңғы рет 1987 жылы болыпты. 3 мың ғимаратты күл еткен жалын бірнеше күн бойы Калифорния аспанын қызғылт түске бояды.
Бұларды оқи отырып орман өрті бізден тым алыс, сол Аустралия, АҚШ-та болып жатыр, елге келе қоймас деген ойда боламыз. Қазақстанда тіпті орман да аз емес пе?! Дегенмен Қазақстан да орман өрті қауіпі бар мемлекеттер қатарында. Ал статистика орманның өртенуі жыл сайын бірнеше есе өсіп жатқанын көрсетіп отыр. Мәселен, 2018 жылы 200-ден астам орман өртенсе, 2019 жылы 499 өрт тіркелген. Ал биыл тамыз айында ғана 484 орман өртке оранған.
2020 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы үлкен ормандардың бірі өртенді. Бұл жағдай мемлекетке 1,8 млрд теңге көлемінде шығын келтіріп отыр. Бұл тек санауға келетін материалды шығын, ал қоршаған орта мен адамдарға тигізген әсері қанша? Біздің елде оны есептеу әлі де дәстүрге енбеген.
Мамандар орман өртінің апаттық өрттерден бірнеше есе қауіпті екенін айтады. Өйткені оны бақылау, бұру, тежеу қиын. «Казавиалесоохрана» РМҚК директоры Амангелді Асанов «Өртке желдің әсер ететіні белгілі. Сондықтан өрт аумағын алдын ала болжау қиын. Менің тәжірибемде 1 сағат ішінде жел бағыты алты рет ауысып, сәйкесінше жалын да бағытын өзгертіп отырды», дейді. Қазақстандағы орман өртінің қауіпті болуына тағы бір себеп – географиялық ерекшелік. Өрт таулы аймақтарда болса, оны сөндіру қиын. Онымен қоса биіктеген сайын температура жоғарылайтыны тағы бар. А.Асанов қарағайлы ормандар өртенсе, ауа температурасы 1000 градусқа дейін, яғни металл еритін деңгейге дейін жететінін айтады.
Қазақстандағы ормандардың өртенуіне көбіне найзағай мен құрғақшылық себепші болады екен. Адамдардың да кінәсі жоқ емес. Орман шаруашылығы комитетінің ақпаратына сүйенсек, 2020 жылы 5 облыста үлкен орман өрттері орын алған. Алматы облысында 7 836 га орман өртенген. Түркістан облысында 4 681, Шығыс Қазақстан облысында 4 346 га, Павлодар облысында 2 000 га, Батыс Қазақстан облысында 1 316 га орман отқа оранған.
Жаратылыстану ғылымында «көбелек эффекті» деген ұғым қалыптасқан. Оған салсақ, сіздің біліп-білмей істеген мардымсыз әрекетіңіз басқа бір жерде, басқа бір уақытта үлкен әрі болжанбаған салдары болатын хаосқа алып келуі мүмкін. Табиғат философы Тимати Мортонның да айтпағы сол. Қазір сіздің жай ғана пластик дегеніңіз келешекте үлкен апаттың себебі болуы ғажап емес. Бәлкім, бұған дейінгі әрекеттеріміздің жауабы 2020 жылы қайтарылып жатқан шығар? Жаһандық жылыну да, түрлі климаттық өзгерістер де бүгін және біздің әрбір әрекетімізге тәуелді екенін ұмытпайық.