Бүгінде адамзатты алаңдатып отырған дауасыз дерттің алдын алу мүмкін болмай отыр. Десек те, жер бетіне төнген нәубеттің бетін қайтаруға әркім үлес қосуы керек. Біз осы ретте алаш баласы үшін саналы ғұмырын сарқыған ағартушы тұлғалардың бірі – Халел Досмұхамедовтің есімін ел есіне салып қойғымыз келеді. Өткеннен сабақ алмасақ, бүгінді бағамдай алмаймыз.
Төмендегі мақалада қазақ даласын бұған дейін де шарпыған қатерлі дерттермен күрестегі Х.Досмұхамедовтің ұлтқа деген жанашыр істері баяндалады. Негізінен қаламгерлігінен, ғалымдығынан бөлек ең алдымен Халел Досмұхамедов жалпы аурулар және жұқпалы аурулар хақында оннан астам мақала жазған теоретик вирусолог-дәрігер.
Алдымен профессор Халел Досмұхамедов биология ғылымындағы аса қиын да күрделі бағыт – тез тарайтын жұқпалы аурулардан сақтану жолдарын іздестіруге ерекше мән берді. Сондықтан ол аса қауіпті оба ауруының тұрақты, жұқпалы ауру екенін зерттей келе, оны таратушы кеміргіштер, бүргелер екенін анықтап, адамдар мен жан-жануарларды тұрақты сақтандыруға айрықша назар аударды. Бұл індет, егер санитарлық шаралар дер кезінде жүргізілмесе, ауру тез тарайтынын және аса қауіпті аурулар қатарына жататынын сол кездің өзінде мойындатқан. Ғылыми зерттеулерге қарағанда, жұқпалы індет жер бетінің барлық бөліктеріне таралып үлгерген. Тек қана Аустралия мен Антарктидада ғана тіркелмеген.
Халел Досмұхамедов жұқпалы аурулар маманы болғандықтан, ол ауруды таратушы және тасымалдаушы немесе оба ауруының қоздырғышын сақтаушы бүргелерді жоймайынша бұл індеттен айығу қиын болатынын өз мақалаларында халықтың есіне салып, хабардар етіп отырған. Сол кездегі зерттеулерде, кейбір дерекке жүгінсек, 1920-1949 жылдар арасында 3476 адам оба ауруымен ауырған. Ғалым жұқпалы аурулардың маманы ретінде жүргізілген сақтандыру, емдеу шаралары, кейбір дәрі-дәрмектер бола тұра, өз қорытындысын бермегенін ескерте отырып, ауру пайда болғанға дейінгі шараларды жүргізуді ұсынған. Осыған байланысты 1914-1918 жылдар аралығында жұқпалы аурудан сақтандыру, ұйымдастыру шаралары жүргізіле бастаған.
1918-1921 жылдары жекелеген зерттеулерде Батыс Қазақстан өңірінде оба індеті болмаған деп жазылады. Алайда осы жылдары Орал облысында, Қызылқоға жерінде жұқпалы індетті қадағалау болмағанын Гришин, Князевский сынды ғалымдар анықтап берді. Сол жылдары аталған жерлерде және Орал облысының көптеген елді мекендерінде сипной тиф, холера аурулары кең тарағандықтан , оба ауруын бақылауға мұрша болмағанын зерттеуші Генке (1925 жыл) өз еңбегінде атап көрсетеді. Оба ауруы 1923-1924 жылдары Индер ауданының Мамай төбе бөлімшесінде бір жылға созылып, көптеген адамды шығынға ұшыратқан. Ал Қызылқоға ауданының солтүстік-батысы мен оңтүстік-шығысында 1917-1922 жылдары оба ауруы тұрақты, жылма-жыл кездесіп тұрған.
Әсіресе профессор Халел Досмұхамедовтің вирусолог-дәрігер екендігін «Жұқпалы аурулар хақында» деген мақаласы айқын аңғартады. Ең алдымен ол жұқпалы аурудың қалай пайда болатынын былай деп көрсетеді: «Алла тағаланың жер жаһанға жіберген аурулары бар, бұл аурулардың бір қатары жұқпайды, бір қатары жұқпалы. Жұқпалы аурулардың көбі құрт аурулар. Бір адамның ішіне, яғни қанына бір аурудың құрты кіре қалса һәм өсіп-өнетін жұғымды орын тапса, бір құрт бірнеше минөтте бірнеше мың, яғни миллион болып өсіп-өніп кетеді. Бұл құрттардың көбі уын шашады, уы қанға таралып, адамды ауру қылады». Жұқпалы аурулардың ауыздан аққан сілекей, түкірік, қақырық, құсық, мұрыннан аққан су, арттан шыққан нәжіс, қан арқылы тарайтынын ескертеді. Сонымен бірге жұқпалы аурулардың құрттары адамға жұққан соң бір қатар уақытқа дейін ауырта қоймайды. Бұл құрттарға өсіп-өнуге уақыт керек. Шуманың құрты жұққан соң 3-5 күнге дейін ауыртпауы мүмкін. Шешек жұққан соң бір жұма, яғни он күн білінбей жүреді деп қаперге береді.
Вирусолог-дәрігер Халел Досмұхамедов жұқпалы аурулардан сақтану жолдарын да көрсеткен: «Адамның ішкі сарайы сау болса, дені таза болса, тамағы тоқ болса, ауру жұқпасқа, жұқса да ауырмасқа себеп болады. Науқас адамдарға, нашар адамдарға, аш адамдарға жұқпалы аурулар да жұққыш болады. Киімі бүтін, суықта жылы киім киген, үсті-басын таза ұстаған, моншаға түсіп жуынған, қолын-бетін жиірек сабындап жуған ауру жұқпасқа себеп болады. Көп кісімен қатынасқан, әр үйге қыдырып тамақ ішкен, көп адаммен бір табақтан тағам жескен адам әртүрлі аурулардың жұғуына себеп болады».
Көріп отырғанымыздай, Халел Досмұхамедов кәсіби вирусолог-дәрігер ретінде жұқпалы ауруларға қатысты қазақ халқының жағымсыз қасиеттеріне көп мән береді. «Қазақта науқастың көңілін сұрайтын әдет бар. Аурулы болған кісінің көңілін аулаған жақсы десек те, жұқпалы аурулардың көңілін сұраймын деп ауырған кісінің қасына бару жарамайды», дейді.
Осының өзі көп нәрсені аңғартып тұр. Айтпағымыз, бүгінде жаһанға жайылған жаппай індетті жеңіп шығуда Халел Досмұхамедов еңбектерінің маңыздылығы айрықша.
Өткеннен сабақ алу қай уақытта да артықтық етпейді.
Айдар САБЫРОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, педагогика кафедра-лабораториясының доценті