1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылғанда оның мүшесі ретінде сайланған 14 академиктің ішіндегі ең жасы, президиум мүшесі, Қоғамдық ғылымдар бөлімінің төрағасы, 1951-1956 жылдары Ғылым академиясының вице-президенті, Қазақ КСР-нің ғылымына еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Нығмет Тінәліұлы Сауранбаевтың туғанына биыл 110 жыл толады.
Ғалымның халқына сіңірген ерен еңбегі мен атқарған қызметтері, ғылыми жұмыстары мен ұстаздық ұлағаты туралы мақаланы жұртшылық назарына ұсынып отырмыз.
ХХ ғасырдағы ғылым мен білім, тіл мен әдебиет, мәдениет пен тарих салаларында есімдері елге кеңінен танымал болған А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Х.Досмұхамедұлы, М.Әуезов, Т.Шонанов сынды ғалымдардың ізбасарлары ретінде, олардың игі де өнегелі істерін жалғастыру барысында бір топ тіл мамандары: І.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев, А.Ысқақовтар келіп қосылды. Солардың бір белгісі Н.Сауранбаев болғаны көпке белгілі. «Тума талант, дарынды ғалым Н.Сауранбаевтың ғылыми-ұстаздық қызметінің шарықтап даму кезеңі оның 22 жасынан бастау алады», деп жазды белгілі шәкірті, филология ғылымдарының докторы, профессор Ә.Құрышжанов.
Қазақ ғылымы мен білімінің өрлеп өсу, өркендеу кезеңінде, әсіресе білімді де білікті жас мамандардың тапшы болып тұрған шағында мемлекетіміз бен үкімет Н.Сауранбаевқа зор үміт артып, оған күрделі міндеттер жүктейді. Ғылымды дамыту барысында ұйымдастырушылық қабілеті ширақ та алғыр, іскерлігі, білімдарлығымен көзге түсіп ерекшеленген жас ғалым 28 жасынан-ақ үзеңгілес, қызметтес болған Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, І.Кеңесбаев, С.Аманжолов, Ә.Марғұлан, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев, А.Ысқақов, Ғ.Бегалиев, Ж.Досқараев, С.Жиенбаевтармен бірлесе жүріп еңбек етті.
«Талапты ерге нұр жауар» дегендей, 1940 жылы ол «Қазақ тіліндегі көсемшелердің семантикасы мен функциясы» деген еңбекті орыс тілінде жазып бітірген соң Ленинград қаласындағы Н.Я.Марр атындағы Тіл мен ойлау институтында кандидаттық диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты деген ғылыми дәрежеге ие болды. Бұл еңбегі «Қазақ тіліндегі көсемшелер» деген атпен 1940 жылы жарық көргені бар. Осыдан үш жыл өткен соң ғалым, 1943 жылы жоғарыда аталған институттың докторлық диссертация қорғайтын кеңесінде «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі» деген тақырыпта орыс тілінде жазылған еңбегі бойынша докторлық диссертация қорғап, қазақ ғалымдарының арасында тұңғыш рет 33 жасында филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алғаны баршаға мәлім. 1948 жылы бұл еңбегі жеке кітап болып баспадан шықты.
Талантты да тағылымы зор ғалым Нығмет Сауранбаев қайрат-жігер, күш-қуатын, табиғи қабілеті мен барша білімін сүйікті еліміздің ғылым мен білімін, ғасырлар бойы халықпен бірге жасап келе жатқан бай мәдениетін, ұлттық тілін көркейтіп дамытуға бағыштады.
Ол өзінің толық мәндегі филолог екендігін, яғни әдебиетші және тіл маманы (тілші) екендігін құнды да мәнді, аса маңызды еңбектері арқылы көрсете білді. Оған дәлел – біріншіден, әдебиетші ретінде оның жас кезіндегі ақындығы мәлім болса, екіншіден, Абай, Жамбыл шығармаларын зерттеуі, олардың таңдамалы еңбектерін жарыққа шығарып, жауапты редакторы болуы, сондай-ақ халық ауыз әдебиетін зерттеуге ынталанып, Өтеген батыр, Мұрын жырау туралы көлемді мақалалар жазып, «Қырымның қырық батыры» туралы ізденіске бет бұруы, болашақта әдебиет саласында атқармақ іс-жоспарының жасалуы толық айғақ.
Тілші – тіл маманы ретінде Н.Сауранбаев ұлттық әліппе мен емлені жүйелеу, бірізділендіру орфографиялық норма мен емле қиындықтары жайында зерттеулер жасаған ұлт жанашыры болғаны жөнінде өз замандастарының пікірлері мен қолынан шыққан еңбектері толық куә.
Ғалымның қазақ тіл білімінің фонетика, морфология, синтаксис, лексикология, лексикография, терминология, тіл тарихы, әдеби тіл, диалектология, тілдердің қарым-қатынасы тәрізді күрделі салалары бойынша ғылыми-көпшілік еңбектер жазған озық ойлы ғалым ретінде танылып, айтарлықтай табыстарға қол жеткізгенін еңбектері тізімінен анық көреміз.
Ғалым-ұстаздың білім беру ісі бойынша мектеп оқушылары мен педучилищелердің студенттеріне арналған оқулықтары мен оқу құралдары, методикалық бағдарламалар мен жаңа бағыттағы методологиясы, әдістемесі оның әдіскер екенін айқындап, оқу ісінде мәлім болғаны көпке аян.
Академик Н.Сауранбаев ғылымды біліммен ұштастыра, жалғастыра біліп, ұлт мамандарын баулып тәрбиелеу мақсатында: Қазақ ұлттық университетінде, Абай атындағы педагогикалық институтта, Қыздар педагогикалық институтында негізгі қызметінен қол үзбей жүріп дәріс беріп, мыңдаған шәкірттерге білім нәрін шашып, айтарлықтай үлес қосқан ұстаз. Ол ғылымның қара шаңырағын көтерісуде: Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, І.Кеңесбаев, А.Жұбанов сынды ғалымдармен бірге болған үзеңгілес құрылтайшы, қоғамдық ғылымды зерттеуді ұйымдастырушы басшы, халықтар достығын діттеген сарабдал қайраткер, барша болмыс тірлігімен біте қайнасқан қайтпас қайсар интернационалист.
Заңғар ғалым Н.Сауранбаевтың туып-өскен ел-жұрты қазақ тарихында есімдері белгілі атақты тұлғалар шыққан Тараз өңірі. Ол 1910 жылдың жаз айында Қордай ауданының Шарбақты ауылында кедей шаруа Сауранбайдың отбасында өмірге келген. Соңғы бір дерекке жүгінсек: «Сауранбай қарт қазақтың төбе биі – Төле бидің тікелей ұрпағы екен» (Г.Мамырбекова. Н.Сауранбаевтың балалық шағы// Ұлы дала тұлғалары: академик Н.Т.Сауранбаев. А. 2014, 7 б.)
Нығмет Тінәліұлы бұрынғы Қасық ауылындағы орта мектепте оқып, тыңғылықты білім алып жүрген кезінде-ақ, талапты әрі зейінді оқушы ретінде көзге түседі. Өзі қолдан жасап алған қалақтай домбыраны тартып, ән салуға әуес те құмар болыпты. Бұл туралы елінің азаматы М.Тоқбергеновтің «Білім және еңбек» журналында (1973, №5): «Нығмет жастайынан өнерге, ақындыққа жаны жақын болды. Тіпті он жасында домбыра жасап алып, үлкен шаршы топтың алдында үнемі төгілдіріп ән салатын. Нығыметтің әншілігіне сүйінген жұрты оны жасынан бастап-ақ «өлеңші бала» атап кеткен дегенді оқимыз.
Сол өңірдегі беделді де белгілі ел ағаларымен де тіл табыса жүріп, атақты адам Тілеміс Есполұлымен де сыйлас болған екен. Жас ақын Нығмет өзінің бір жазбасында: «Тілеміс өте шешен, өзі сықақшыл ақын болған адам. Бұрын би болған, қазақ тарихын жүйрік білген. Мұсылманша 10-12 жасымда жиын-тойда өлең айтып жүріп талай рет көргенмін. Үйінде болып, талай ән салғанмын. Тілеміс ол кезде қартайған еді, бірақ бұрынғы ерлігі, серілігі, шешендігі, сықақшылдығы қалмаған еді» дейді Ғылым академиясы архивіндегі өзінің архивінде.
Сол бір кездерде «өлеңші бала» Нығмет дүбірлі той-думандарда өз жанынан өлең шығарып, қалың жұртты аузына қаратып, тамсандырып та таңдандырып жүреді. Кей кездерде бәйгеге ие болып, жеңіп алған жорға атына мініп қайтатын күйге де жетеді. Сол кездері «өлеңші бала» Кенен атасының көзіне түсіп, қамқорлығына ие болып, үнемі бірге болып, ел аралайды. Кенекең болса Нығметті Жамбыл ата алдына да апарады. Даңқты ақын ата да «өлеңші баланың» өлеңдерін тыңдап, ақ батасын береді.
Кенекеңнің қасында үнемі бірге жүріп, аталық қамқорлығына разы болғанын білдіргендегі Нығмет Тінәліұлының Кенен ата туралы өлеңі Ғылым академиясындағы архиві – академик Н. Сауранбаев архивінде барын көрдік. Оның қысқаша нұсқасы:
«Айбарлы, асқар белім, қуат кенім,
Шарықтады күш алып, сенен елім
Өзің – күш, жарық – сәулең,
көркің – бақыт,
Рухыңмен жаңарды Совет елім.
Жарығым сен де аспанда, мен асқарда,
Балапан ем, біткенде сен аспанға
Құрыш білекті, жау жүрек бала бүркіт,
Боп өстім, сенен түскен Нұр астында».
Жамбыл мен Кенен аталары Нығметке осы өнерін шыңдай беру туралы аталық ақыл-кеңестерін бергенмен, өнерлі де өрелі жастың ой-арманы білім алып, ана тілін ардақ тұтып, тіл маманы болуды шын жүрегімен қалайды. Сөйтіп, 15 жасынан білім қуып Алматыға келеді де 1925-1928 жылдары ҚазКРО оқу-ағарту институтының дайындық курсына оқуға түсіп, оны бітірген соң 1928-1932 жылдары ҚазКРО халық-ағарту институтын өте жақсы оқып, мамандығы бойынша диплом алған соң ҚазКРО оқу-ағарту комиссариатының инспекторы болып қызмет атқарады.
Қызыл армия қатарына шақырылған ол 1933-1934 жылдары 24 атқыштар дивизиясы, 71 атқыштар полкінің курсанты ретінде әскери борышын Виница қаласында өтей жүріп, 1935 жылы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласының А.И.Герцен атындағы мемлекеттік педагогикалық институттың филология факультетіне сырттай оқитын студент болып қабылданады. 1935 жылы Н.Сауранбаев осы институттың 1 және 2 курстарына қатар емтихан тапсырып, оның 3 курс студенті болады. Сол жылы РСФСР оқу-ағарту комиссариатының жанындағы ғылыми-зерттеу институтының Ленинградтағы бөлімшесіне барып аспирантураға қабылданады. Ол аспирантура программасын өте жақсы аяқтап, 1938 жылы Қазақстан оқу-ағарту халық комиссариатының қарамағына қызметке қабылданады. Сол жылдың екінші жартысында ұйымдастырылған оқу-ағарту комиссариатының мектептер жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының ғылыми жұмыстар жөніндегі директорының орынбасары болып, 28 жастағы Н.Сауранбаев бекітіледі де 1941 жылға дейін еңбектенеді.
1941-1946 жылдары КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалында алғаш құрылған тіл, әдебиет және тарих институтының директоры болып Н.Сауранбаев тағайындалады да жас маман көптеген жауапкершілікті сезінеді. Әлбетте жаңадан құрылған, іс-шарасы қауырт та мол ғылыми-зерттеу институтының қыруар жұмысын тез арада жандандырып, жолға қою, бір қалыпқа келтіру оңай шаруа болмағаны кімге де болса аян. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген ғой халық даналығы. Ғылыми-зерттеу жұмысының сапасын арттыру мақсатында М.Әуезов, І.Кеңесбаев, С.Аманжолов, Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин, Ғ.Мұсабаев, Е.Смайылов т.б. ғалымдарды қызметке тартып, ізгі істерді бірге де бірлесе істеуге бел байлап кірісудің нәтижесі зор болып, оңды істер атқарылды. Институт қызметкерлері мен оның директоры тарапынан осы кезде атқарылған аса ірі де күрделі жұмыс – Ұлы Абайдың жүз жылдық мерейтойын өткізуге жаппай кірісіп кеткен қауырт іс еді.
Н.Сауранбаевтың осы кезде қаламынан туған «Абай жаңа көркем әдебиеттің атасы» көлемді де маңызды әрі соны мақаласы «Социалистік Қазақстан» газетінде (1945 ж. 8 сәуірде) жарық көреді. Ол облыстық газеттерде: «Социалистік құрылыс (1945 ж. 8 апр.)», «Ленин туы», «Оңтүстік Қазақстан (1945 ж. 8 апр.)», «Большевиктік жол» газеттерінде басылып шықты. «Абай основополжник новой казахской литературы» деген мақаласы Ғылым академиясының хабаршы журналында, «Казахский классик» мақаласы «Литературная газета (1945, 11 авг.)», «Основополжник новой казахской литературы» (к 100 летию со дня рождения Абая) «Казахстанская правда» газетінде (1945, 25 марта), «Ленинская знамя» (1945, 14 апреля) сияқты мақалаларының газеттерде жариялануы – сол кезде аспаннан алтын түскендей болғаны сөзсіз.
Телғожа ЖАНҰЗАҚ,
филология ғылымдарының докторы, профессор