Бұл жануарлардың «тұяқтылар» аталуы аяғының табаны қалың тұяқпен қапталғандығымен түсіндіріледі. Тұяқтылардың негізгі қорегі – шөптесін өсімдіктер. Сондықтан да бұл жануарлар тауда шөптесін өсімдіктер мол өсетін жерлерді мекен етеді. «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде тұяқты жануарлардан арқар, бұлан, марал, елік, қабан кездеседі.
Белгілі бір түрлердің тіршілік ету ортасына байланысты жануарлардың тұяқтары кейбір бейімделу ерекшеліктеріне ие болуы мүмкін. Мысалы, орман және тундрадағы жануарлар түрлерінде тұяқтары кең, ал таулы және тасты жерлерде тұяқтары тар болады. Егер терең қардан немесе батпақтан өту керек болса, жануарлар тұяқтарын қозғалтып, арасын ұлғайтады. Таудың тұяқтылары тау мен құзға өрмелеу үшін тұяқтарын пайдаланады, ал солтүстікте терең қарды қазып, сонымен бірге мұзды ою үшін қолданады.
«Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде таулы Тарбағатай, Қарабас, Арқалы және Үржар, Қатынсу, Еміл өзендеріне дейін тұяқтылар өмір сүру жағдайына байланысты ауқымды аумақта таралған. Қазақстан арқары (Ovis ammon) Тарбағатай тауынан Қарабас және Арқалы тауларына қарай қоныс аударады. Бұл тауларда қар жамылғысы аз түсетіндіктен мекен етуге қолайлы. Қарабас пен Арқалы тауларында итмұрын, ырғай, ұшқат, боз, бетеге өсімдіктері басым өседі. Яғни, қыс мезгілінде осы тауларды мекен ететін арқарлар үшін бұл өсімдіктер негізгі қорек болып саналады. Құлжасының дене тұрқы 150-200 см (аналығы 110-160 см), шоқтығының биіктігі 125 см-дей (аналығында – 112 см-дей), салмағы 200 килоға жуық (аналығы 60-100 кг). Құлжасының мүйізі өте мықты, бұралып иілген, қатпарланған сақиналы, аналығында – нәзік, қысқа, сарғыш бозғылт немесе қоңыр түсті болады. Үйірімен топталып жайылады. Жазда қатты қуаңшылық болған кезде немесе қыста қар көп жауғанда қорек іздеп алысқа қоныс аударады. Жайылуға таңертең және кешқұрым шығады, кейде қыста күндіз де жайылады. Құлжалары 2,5 жаста, аналығы 1,5 жаста жетіледі. Қазан-қараша айларында күйлеп, сәуір-мамырда аналығы жалқы қозы (кейде егіз) табады.
Ал еліктер (Capreolus pygargus) таудан, қар деңгейі төмен, өзенді суы бар аумақтарға қоныс аударады. Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жерінде Үржар, Қатынсу және Еміл өзен аңғарлары еліктер үшін қолайлы. Еліктер жеміс-жидек, мүк, қына және шөптесін өсімдіктердің жүзге жуық түрімен қоректенеді. Жазда жеке-жеке, ал басқа кезде топталып жүреді. Ал маралдар қыс мезгілінде қар жамылғысы қалың болмаған жағдайда күзде ағаштардан құлаған жапырақтармен, түрлі сабақтармен және бұталардың қабығымен қоректенеді.
Жабайы шошқа, қабан, доңыз (Sus scrofa) – сүтқоректілер класының жұптұяқтылар отрядына жататын жануар. Қамыс-құрақты қопалар мен батпақты жерлерде, өзен аңғарларында көп кездеседі. Денесі ірі, екі бүйірі қысыңқы, мойыны жуан, басы сүйір, тұмсығы конус тәрізді көлденеңнен кесілген болып келеді. Ұшында жұп тұяғы бар, аяғы мықты, екеуі жақсы жетілген төрт саусағы болады. Құлағы үлкен және жалпақ, көзі кішкентай, танауы таңқы. Денесін қалың қылшық басқан. Аталығының арқасында жалы болады. Жыныстық жағынан 18-20 айда жетіледі. Күйлеуге түсуі тамыздың ортасынан желтоқсанға дейін созылады. Аналығы (мегежіні) 4-10 торай туады. Тістері көп, бұдырлы. Қарыны жіктелмеген, күйіс қайтармайды. Қорек таңдамайтын жануар, топырақты қазып құрт-құмырсқа, өсімдік тамырлары, ұлулар және ұсақ тышқандармен қоректенеді. Ересек қабан шошқаларының түсі коңыр, торайларының терісінде ұзыннан орналасқан ақ жолақтары бар. Ірі қабандардың ұзындығы 2 м, салмағы 300 кило. Топтасып өмір сүреді. Күйлеу кезінде, жекелей тіршілік етеді. Орташа 4-6 торай табады.
Иә, тау мен таста, өзен мен көлде кездесетін табиғаттың тірі байлығын сақтап, оларға қауіп төндірмей, мекен ету ортасын қорғасақ, болашақ ұрпаққа қаңқасын емес, тірі жануар ретінде жеткізсек, біз үшін ең үлкен жетістік екені анық.
Ринат ҚАБСЕМЕТОВ,
«Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің кіші ғылыми қызметкері
Шығыс Қазақстан облысы