Апта басында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев 2020 жылдың соңына қарай инфляция деңгейі 8 пайыздан асатынын ашық айтты. Бас банкирдің сөзіне сенсек, азық-түлік бағасының үздіксіз өсуі, валюта бағамының баға белгілеу процестеріне әсері де инфляцияны жеделдетуге себеп болып отыр. Есте болса, бұған дейін Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жылдық инфляция 7 пайыз деңгейінде қалды деп мәлімдеген болатын.
Демек, Ұлттық банк пен Ұлттық экономика министрлігінің болжамдары бұл жолы да сәйкес келмеді. Сарапшылар Ұлттық банк, Ұлттық экономика министрлігі және Статистика комитеті мәліметтері арасында сәйкессіздіктер пайда бола бастағанын айта бастады. Мамандар бұл құбылыс нақты жағдайды анықтауға мүмкіндік бермейтінін, аймақтардың даму деңгейінің бір-бірінен алшақтап кетуіне жол ашатынын айтады. Инфляция деңгейінде аймақтық айырмашылықтар бар екені қазір де байқалады. Кейбір аймақтарда бұл мақсатты деңгейден едәуір жоғары, ал кейбірінде айтарлықтай төмен. Дефляциялық процестер экономиканың жағдайына өте жағымсыз әсер етеді. Бұл фактор Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылған Ұлттық статистика бюросы міндетінің ауқымды екенін көрсетеді.
Сарапшылар Ұлттық банктің инфляцияны тежеп, ырықтап отыратын мүмкіндігінің шектеліп келе жатқанын біраздан бері айтып келе жатқан болатын. Яғни инфляцияны тежеудің заманға сай тәсілдерін меңгермесек, келер жылы инфляция деңгейі 10 пайызға дейін артып, қымбатшылық еселене беретін көрінеді.
Ресми органдардың дәрменсіздігі ұсақ саудадағы кәсіпкерлерге еркіндік берді. Бұл еркіндік қарапайым халықтың қалтасын қағып, елдегі кедейшілік статистикасын арттырды. Шикізат нарығына байланған ұлттық валюта Ұлттық банктің қолдауынсыз сыртқы факторларға төтеп бере алатын деңгейде емес. Ұлттық банк жылдық инфляцияны жыл басында бекітіп, жыл соңына дейін шеңберден шықпауға тырысқанымен, геосаясат пен халықаралық саудадағы оқыс жағдайлар инфляция мен теңгені қатты тербетіп жіберетіні жиі байқалады.
Өндіріске берілген арзан несие жоғары деңгейде өнім шығаруға, өндірістің қабілетін арттырудың орнына айналымдағы ақша массасын көбейтіп, құнсыздануға себеп болды. Сондықтан сарапшылардың пайымдауынша, инфляция көлемі нақты болжануы керек. Ал бізде нақтылық жоқ. Бейресми деректер инфляцияның деңгейі 10 пайыздан асып кетті десе, Ұлттық банк пен Ұлттық экономика министрлігі екі түрлі деректі айтады. Сарапшылар осыған дейін баға реттелмей, инфляция тежелмейді деген сөзді нарықтың әлемдік стандарттарына қарап айтқан болатын. Сондықтан инфляция сыртқы жаһандық факторлардан, не болмаса ұлттық валютаның әлсіздігінен емес, бірінші кезекте экономикада шағын және орта бизнес үлесінің төмендігінен болып отырғаны Үкімет тарапынан ішінара мойындалып отыр. Елдегі қымбатшылық деңгейі шектен шығып барады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада Ұлттық банк төрағасымен кездескен кезде қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуді тапсырды, Премьер-Министр де бағаны орынсыз қымбаттатушыларға шара қолдану керегін бірнеше мәрте айтты. Бірақ әзірге нәтиже аз.
Статистикалық иллюзия экономикаға қауіпті
Экономист Шыңғыс Ергөбек экономикалық өсімді қамтамасыз ететін драйверлердің аздығы, тіпті жоқтығы, дәстүрлі экономикалық модельдің дағдарысы, ішкі бәсекенің болмауы, икемсіз бюрократиялық аппараттың тиімсіз мемлекеттік бағдарламалары тиісінше экономиканың инновациялық компонентінің төмендеуіне алып келгенін айтады.
Қазақстан кейінгі жылдары экономикалық стагнацияда өмір сүріп келеді. Стагнацияның негізгі көрінісі экономиканың өсуінің тоқтауында ғана емес, оның төмендеуінде болып отыр. Осыдан шамамен бес жыл бұрын әлемдік нарықтағы мұнай құнының құлдырауы ішкі жалпы өнімнің төмендеуіне айтарлықтай әсерін тигізді. Сарапшының пайымынша, назар аударатын кезекті мәселе – орталық атқарушы органдардан шыққан ақпарат шынайылыққа ие болуы керек. Бүгінде қоғам көп нәрсені өз бетінше болжай алады. Ресей экономикасының кезекті санкциялардан бас көтере алмауын, отандық өндірістің бәсекеге қабілетінің төмендеуін, экспорттаушы кәсіпорындардың мемлекеттік қолдауға мәжбүрлігін, шетел валютасына сұраныстың тұрақты түрде артуын халық біліп отыр. Ал көріп отырып қам жасамау – жауапсыздықтың көрінісі.
– Бірақ негізгі фактор – сенімсіздік. Экономикалық өсімнің көрсеткіші, үкіметтің экономикалық саясатына сенімнің көрсеткіші – инфляция. Әлем дағдарыспен күресіп, бас көтере алмай жатқан күннің өзінде Қазақстан табысты иллюзиясын сақтауға тырысқан елдердің бірі болды. Статистикалық иллюзиямен өмір сүру экономика үшін қауіпті, – дейді Ш.Ергөбек.
Азық-түлік бағасының өсуі инфляцияның ресми цифрларын шаң қаптырды. Статистика комитетінің мәліметтеріне сәйкес, 2020 жылғы 9 айда азық-түлік бағасы 7,4 пайызға қымбаттаған. Тек тамыз, қыркүйекте бағаның өсуі жұмыртқаға – 4,4%, құмшекерге – 1,5%, макарон өнімдеріне – 1%, ұнға, сиыр етіне, шайға, мұздатылған балыққа – 0,9%-дан, жылқы етіне – 0,8%, шұжық өнімдеріне – 0,7%, қой етіне, сары майға, мәйекті ірімшікке, – 0,6%-дан, нанға, күрішке 0,4%-дан белгіленген. Статистика жөніндегі комитеттің мәліметтері бойынша халық табысының өсуі бағаның екпініне ілесе алмай қалды.
Қазан айы қырын қарап тұр
Қыркүйектің қабағы оң болмады. Жиын-терін аяқталып, өнім қамбаға түссе де қымбатшылықтың қабағы әлі қату. Экономика ғылымдарының докторы Бейсенбек Зиябеков инфляция деңгейін бәсекелестік ортаны жақсартуға жағдай жасау арқылы төмендетуге болатынын, бұл нарық заңы екенін айтады. Экономистің пайымынша, біздегі жағдай нарық заңына кереғар болып тұр. Демек ендігі беталыс «біздегі инфляцияның ерекшелігі неде?» деген сауалға жауап іздеу.
Сарапшылар біздің жағдайдың өзге елдерден айырмашылығы инфляция сыртқы сауда көлеміне қарай есептелетінін, ал базардағы баға ішкі сұранысқа қарай реттелетінін айтады. Сондықтан бұл ретте нарық немесе баға сұранысқа байланысты болып тұрмағаны белгілі. Егер баға сұранысқа тәуелді болса, өркениетті елдердегідей, таңертеңгі баға кешке қарай төмендеп, ертесіне тіпті сөреден алынып тасталар еді. Бірақ мұндай тәжірибе елімізде жоқ. Қолдануға болатын мерзімі өтіп кеткен азық-түлік түрлері қара базарларда ғана емес, ірі сауда желілерінде де көптеп кездесетінін көреміз.
Халықтың табысына қалай әсер етпек?
Сарапшылар Үкіметтің бақылауы керек екенін айтады. Бірақ бұл мәселеге екі тарап та тиісінше назар аудармай отыр. Экономистер 5 пайыздық жылдық инфляцияның өзі 10 жылдан кейін халықтың табысының 40 пайызын құнсыздандырып жіберетінін, монетарлық саясаттың басты көрсеткіші инфляция болуы тиіс екенін айтады. Халықтың қаншалықты байығаны немесе кедейленгені инфляция деңгейіне қарап анықталады.
Б.Зиябеков Ұлттық банктің бар мақсаты – инфляцияны ауыздықтаумен шектеліп отырғанын жеткізді. Экономикалық өсімді жүйелендіру – Ұлттық экономика министрлігінің құзыреті. Халықтың табысына әсер ететін фактор – инфляция қарсаңында жалақы мен зейнетақыға қосылатын тиын-тебен емес, нақты экономикалық өсім. Сондықтан сарапшылар соңғы кезде Ұлттық банк пен Үкіметтің экономикалық блогы, Ұлттық статистика бюросына тізе қосып қимылдайтын кез келгенін, нарықтың әлсіреп қалмауына екеуі де жауапты екенін көбірек айтады.
– Кей кезде Үкіметтің ұстанымы статистикалық экономикаға көбірек ұқсайды. Үкімет пен Ұлттық банк экономикалық өсім мен халықтың әл-ауқатын статистиканың деректеріне, халық дастарқанына қарап бағалайтын жағдайға жеттік. Қымбатшылық, девальвация қаупі төне бастаса, зейнетақы, шәкіртақыны көтеру мәселесі күн тәртібіне шығады. Бұл факторды сарапшылар дене қызуы көтеріліп, алқына бастаған экономиканы аспиринмен емдеуге теңеп жүр. Үкімет салалық ведомстволардың жұмысын компьютерлік томографиядан өткізуді қолға алу керек. Сол кезде ғана қай бағыттың дертке көбірек шалдыққаны, қай бағыттың тек «дем салумен» ғана қатарға қосылатыны анықталып, қазақстандық инфляцияның әлемдік стандарттан ерекшелігі айқындалады, – дейді Б.Зиябеков.
Сарапшылар сыртқы сауда балансындағы қымбат мұнай мен құнсызданған теңге арасындағы айырмашылықтың өзі жұмыс орындарын сақтап қалуға, ШОБ арқылы ішкі нарықты инвестициялауға мүмкіндік беретінін айтып отыр. Осы ретте Б.Зиябеков бюджет пен төлем балансы тапшылығының қатар келуі қауіп төндіруі мүмкін екенін айтады. Бірақ оны көп күш салмай және терең талдаусыз шеше салуға тырысатыны сарапшыларды алаңдатады. Бұрын теңгенің кенеттен құнсыздануына Ұлттық банктің интервенциясы және Ұлттық экономика министрлігінің инфляциялық қатердің ықпалын әлсіретуге бағытталған әрекеттері жол бермей келген болатын. Бағаға монополия заңы ықпал етеді, Үкімет инфляциямен күресуді монополия заңын шектеумен бастау керектігіне назар аудара бастады.
Қазақстанның өзге аймақтарындағы баға Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы бағаға қарап бет түзейді. Екі қаладағы бағаны жел шайқап өтсе, өзге өңірлерде баға аспанға ұшып кететінін ескерткен сарапшылар елдегі инфляция екі фактордың қысымында тұншығып отырғанын талайдан бері айтып жүр. Әуелі сауда желілері, қара базарлар монополияландырылған. Нарық экономикасында инфляцияны бірінші кезекте өсіретін монополистер. Ал елімізде бағаны реттеп отырған төрт-бес компания олигополиялық саясат арқылы бағаны өзара келісіп, тікелей қадағалау жасайтыны жасырын емес. Бағаға әсер етіп отырған тағы бір мәселе – делдалдардың көптігі. Тауар өндірушіден алушыға дейін төрт-бес қолдан өтіп келеді.
– Тауар бағасының қымбаттауына тікелей ықпал етіп отырған делдалдарға бақылау аз. Супермаркеттерге, ірі сауда дүкендеріне өнімді тікелей зауыттан өз бағасына алатындай жағдай жасалуы керек. Сондықтан бизнеске де бақылау қойып, керек кезінде демеп отырғанның артығы болмайды. Бұл қарапайым халық үшін қажет, – дейді Б.Зиябеков.
Азық-түліктік емес тауарлардың бағасына әсер етіп, қымбатшылықтың көрігін қыздырып жіберетін келесі фактор – импортқа тәуелділік.
Қазақ дастарқанындағы азық-түліктің басым бөлігі – импорт
Пандемия әлемдік экономиканың әлсіз тұстарын жалаңаштап берді. Нобельдің бейбітшілік сыйлығы биыл БҰҰ дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына бұйырды. Бұл аштыққа қарсы күрестегі күш-жігері мен қақтығыс аймақтарында бейбітшілікке қол жеткізуге қосқан үлесі үшін берілді. Халықаралық экономистердiң кейбiрi кедей елдер мен ұсақ шаруашылық иелерi көп пайда табуы үшiн азық-түлiкке қойылған кедергiлердi алып тастау керегiн көлденең тартады. Бiрақ бұл тауарлардың 80 пайызы сырттан тасымалданатын қазақстандық нарыққа тиiмсiз екенi даусыз. Министрлер кабинетiнiң биылдан бастап түрлi жәрдемақы, жалақы, өтемақы мен зейнетақыға қосқан болмашы тиын-тебенi инфляцияның жұмырына жұқ болмады. Былтыр күздегi қымбатшылықтың алғашқы күндерi-ақ халықтың күнделiктi тұтынатын тауарларының бағасы қымбаттап, Үкімет шешімінің алдын орап кетті.
– Азық-түліктік өнім өндіретін отандық үлесті өсіріп, ұлттық валюта бағамының тұрақты болуын қамтамасыз етуіміз қажет. Тек қана долларға қатысты емес, саудалық серіктес елдер валютасына шаққанда да біздің теңгеміздің тұрақты бағамы болуы тиіс. Үшіншіден, табиғи монополистер тарифінің өсуін шектеу керек, – дейді Б.Зиябеков.
Баға динамикасына әсер етеді
Сарапшылар сыртқы факторлардың әсеріне төзімді болу үшін ішкі сұранысты жақсарту және экспортты әртараптандыру, ішкі нарықты ынталандыру есебінен импорт көлемін қысқарту керектігін айтады. Себебі инфляцияның деңгейі баға динамикасына әсер етеді. Яғни Қазақстандағы ақша-несие саясатына серпіліс керек екенін зерделеу үшін маман болудың қажеті жоқ. «Ұлттық банк макроэкономикалық жағдайларға бағдар жасауды терең игеруі тиіс. Макроэкономикалық тепе-теңдікті зерттеп, «Өндірістің қуаттылығы қандай? Берген қаржыны ұқсата ала ма, түсімі қаншалықты сенімді?» деген мәселеге назар аударуы қажет. Әлем нарығында өзгелермен бірге қайнаймыз. Бізден өзге елдер де қымбатшылықтың кермек дәмін сезе бастады. Бірақ шикізаттың арзандағаны немесе қымбаттағаны біздің жағдайымызға неге әсер етпейді? Жауабы жоқ сауалдар көп.
Қысқасы, «Біздің инфляцияның ерекшелігі неде?» деген сауалға Үкіметтің экономикалық блогы да, сарапшылар да жауап береді деп ойлаймыз. Сол кезде ғана статистика инфляцияның дауылынан қорғап қалатын иммунитетке айнала алады.
АЛМАТЫ