Бізге абырой әпермесе де айтайық, ТМД елдері ішінде Қазақстан – COVID-19-ға байланысты алаңдаушылық индексі ең төмен ел. Сарапшылардың айтуынша, адамдарымыз коронавирус туралы аз сөйлесетін, тыңдамауға тырысатын, өте аз оқитын көрінеді. Психологтер мұны «психикалық сарқылу» деп атайды. Алайда қайта басталу ықтималдылығы жоғары індеттің екінші толқыны келе қалған жағдайда өз ресурстарымызды қалай қалпына келтіре аламыз?
Бұл туралы Алматы Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының психологі Гүлнара Дощанова әңгімелейді. Алдымен Гүлнара Халидинқызының еліміздің жетекші медициналық мекемелерінде 27 жылдық клиникалық тәжірибесі бар екенін алға тарта кетейік. Әрі карантин кезеңінде «қызыл аймақта» науқастар мен дәрігерлерге көмектескен еңбегі бар. Осы арада психолог-дәрігерге қойылған сауалдар қоғамға ортақ, жиі қоятын сауалдардың жиынтығы деуге болады.
– Адамдар қазір бастан кешіп отырған жағдай – апатия мен ашудың қоспасы. Коронавирус тақырыбы ауызекі әңгімеден біртіндеп жоғалып келе жатыр. Қауіп үйреншікті жағдайға айналған сияқты, енді оған қатысты қандай да бір әрекет етуге күш қалмады. Шын мәнінде, ұзақмерзімді торығу бізді сарқылуға әкеледі. Талай адам психологиялық тұрғыдан күйіп кетті, сондықтан апатияға ұшырайды. Біздің ашуымыз көбінесе «бұл бәле қашан аяқталады?» деген сұрақтан көрініс табады. Бірақ бәрі қалыпты жағдай. Ең бастысы – қорықпау және үрейленбеу. Меніңше, жағдайдың бірінші толқын кезіндегіден қиын болуы екіталай, сондықтан көп уайымдаудың қажеті жоқ. Ол кезде бәріміз бұған экономикалық, медициналық тұрғыдан дайын болмадық. Ал енді бізде тәжірибе бар, яғни екінші толқын салыстырмалы түрде жеңілірек өтуі керек. Қазір мен сізге өзіңіз әсер ете алатын, басқара алатын әрі шеше алатын мәселені ғана таңдап, қалған нәрсенің бәрін ұшақтағыдай жіберуге кеңес беремін, – дейді дәрігер.
– Мұның бәріне төзу үшін психологиялық ресурстарымыз бар ма, оны қалай және немен жігерлендіру керек?
– Коронавирустан қорқуды толығымен жеңу әлдекімнің қолынан келетіні екіталай. Бұл қажет те емес. Өйткені бұл адамды карантиндік шараларға немқұрайлы қарауға және ол өз кезегінде ауру қаупінің артуына әкелуі мүмкін. Біздің қолымыздан келетін ең жақсы нәрсе – сабыр сақтау мен барлық сақтық шараларын орындау. Қазіргі жағдайда инфекциядан қорқу қалыпты жағдай. Сондықтан онымен күресудің мәні жоқ. Ең бастысы, оның фобияға айналуына жол бермеу.
– Сіз «қызыл аймақта» жұмыс істедіңіз, пациенттер сізге қандай сұрақтар қойды және оларға қалай көмектестіңіз?
– Мен 3 айға жуық «қызыл аймақта» вирус жұқтырған науқастармен жұмыс істедім. Науқастардың көпшілігін мазасыздық, дүрбелең, өлім қорқынышы, ешқашан емделмеу үрейі мазалады. Оларда өздерін басқара алмау және дәрменсіздік сезімдері болды, тыныс алудағы қиындықтарды сезінді. Бұл олар үшін өте қорқынышты болды. Олармен үнемі әңгімесіп, консультациялар бердім. Қорқыныш деңгейін төмендету бойынша психокоррекциялық жұмыс жүргіздім, суицидтік мінез-құлық қаупін жойдым. Иә, мұндай да науқастар болды.
– Ковид шынында да психикаға әсер ете ме?
– Иә, өкінішке қарай, ковид адамдардың психикасына әсер етті. Бұл әсіресе ауыр сырқаттанған науқастарда айқын байқалды. Мазасыздық, торығу, күйзеліс, тіпті суицид инфекцияның жаңа «жанама әсерлеріне» айналды. Сонымен қатар «сынған жүрек синдромы» немесе стрестік кардиомиопатия деп аталатын сирек кездесетін аурудың танымалдылығы артып келеді. Аталған синдром кезінде сол жақ қарыншаның алдыңғы қабырғасының миокард инфарктісіне тән ЭКГ-нің өзгеруімен қатар жүретін жүрек жеткіліксіздігінің немесе кеуде қуысының ауырсынуы орын алады.
– Неліктен адамдардың көпшілігіне оқшаулау мен карантин моральдық тұрғыдан өте қиын тиді?
– 2020 жыл – сенімсіздік пен үлкен алаңдаушылық жылы. Наурыз айының соңында бүкіл әлемде алғаш рет өзін-өзі оқшаулау режімі енгізілді. 3 айға жуық біздің әдеттегі қалыпты өміріміз тоқтап қалды, жұмыс пен оқу онлайн режіміне ауыстырылды, достармен және туыстармен кездесулер тек бейнебайланыс арқылы мүмкін болды. Біз өзімізді коронавирустан құтқару үшін оқшауландық. Бірақ өзімізді өзімізден құтқара алдық па? Көпшілік оқшаулануға төзбеді. Сондықтан адамдар күйзеліске жиі беріле бастады. Мазасыздық пен дүрлігу күшейіп, «паранойя» деңгейі жоғарылап, анық ойлау қабілеті төмендеді.
Оқшаулау кезінде көбіне болып жатқан оқиғалардағы түсініксіздік, нақты нұсқаулардың болмауы және әртүрлі дереккөзден дәйексіз ақпарат алу салдары өте жағымсыз әсер етті.
– Сіз тәжірибелі психолог ретінде «Пандемия кезінде адамдар не істеу керек?» деген нұсқаулық бере аласыз ба?
– Үрейленбеңіз! Ақпарат көздерін бақылаңыз. Оның әсер етуіне жол бермеңіз. Өзіңіз үшін улы емес, пайдалы болатын ақпараттың оңтайлы мөлшерін анықтаңыз. Адамдар карантин мен аурудан мықты болуы керек. «Ауырмау» тапсырмасынан басқа, сіз өз өміріңізді жаңа форматта қалай ұйымдастыруға болатынын ойлауыңыз керек. Ауру – шкафтағы сөре ғана, тұтас шкафтың өзі емес. Ауру – мен емес, ауру менде бар. Ауырып қаламын деген уайым немесе онсыз да жайылған вирус сіздің толық тұлғаңызды қамтып алмауы маңызды. Карантиннен басқа өмірде не бар? Вирус басқаның бәрін жоқ қылмайды. Адамда үміт, сенім, рақат, өнер, сұлулық, бауырмалдық пен шығармашылық бар.
Қирандыларды қайта құру, өмірді ұйымдастыру маңызды. Күнделікті тұрақты әрекеттер тұрақтылықты сақтауға көмектеседі. Егер бұрын ұйымдар, мектептер, университеттер, жұмыс өмір құрылымын құрған болса, енді сіз өз өміріңізді «өз бетіңізше» құруға тиіссіз.
Өзгеретін жағдайларға бейімделу керек. Есіңізде болсын, егер жаңбыр жауса, онда сіз қолшатыр алып, одан әрі өз кәсібіңізбен айналысуыңыз керек. Үмітсіздік пен жағымсыз жағдайларға берілудің қажеті жоқ. Өзіңізді жақсылыққа баулып, өмірге оң көзқараспен қарауға тырысыңыз. Есіңізде болсын, біз бұған дейін де көп нәрсені бастан өткердік, бұл да өтеді. Өмір өзгерістерден тұрады. Ал біздің тұрақтылыққа деген махаббатымыз адамды жалқау қылады. Сондықтан жаңа мәселелермен бірге жаңа міндеттер, мүмкіндіктер мен шешімдер келеді. «Мен неге әсер ете аламын, не істей алмаймын?» деп өзіңізге сұрақ қойыңыз. Егер сіз жағдайды өзгерте алсаңыз, әрекет етіңіз, өзгерте алмасаңыз, бақылаңыз. Ең бастысын есте ұстаңыз, пандемия өтеді және онымен байланысты дүрбелең де өтеді. Егер сіз оған мойынсұнбасаңыз және бәрін дұрыс жасасаңыз, ешкім зардап шекпейді. Карантин аяқталғаннан кейін қиын жағдайдың сізге күш бергенін түсінесіз. Өзіңізге мұқият болыңыз, қауіпсіздік шараларын ұстаныңыз, бәрі жақсы болады.
АЛМАТЫ