Ұлы даланың уысынан түспей, дәуір бетіне бояуын төккен сәулет өнерінің ғажайып үлгілері құмсағат ғұмырдың сынына сыр бермей, жаңа ғасырмен дидарласты. Талайлы тағдырдың топаңы қалыңдаса да тарпаң тарихтың тартуындай талғампаз, тәкаппар туындылар көненің көзіндей сол кербез қалпында. Содан ба, жақыннан үңілген жанды қилы-қилы ой сілеміне жетелейді. Құдды оқ тисе де омақаспай, найзасына сүйеніп шейіт кететін баяғының батырларындай. Бұл кереметті, сіз, сол замандағы құрылыс заттарының сапасымен салмақтауыңыз мүмкін. Әйтсе де адамның қолынан шыққан кейбір алып ғимараттар шегесіз салынғанына сенесіз бе?
Әлқиса, 1206 жылы селжұқтар аралдың тасты топырағымен іргетасын қалаған деседі. Шебердің есім-сойы есте жоқ. Аңызға сүйенсек, ғимарат осы аймаққа келген ислам дінін ұстанушыларға тиесілі. Содан ғой, түріктер бірде-бір шегесіз тұрғызылған 800 жылдық тарихы бар Чаршамбадағы мешітін бұлдайтыны. Ал орыстар Кижидегі шіркеуді мәдени құндылығының бастауы санайды. Құрылыс иесі жалғыз балтамен өрнектеп, кейін құралын көлге лақтырып кеткен көрінеді. Әрине, мұның бәрі сіз бен бізге ертегідей көрінуі мүмкін. Бірақ сұлулығын жоғалтпаған жасампаз ғимараттар ақиқатшыл. Бәз-баяғы кейпінде.
Енді елге оралайықшы. Бізде мынандай бар, мынандай бар деп, әлемнің назарын өзімізге аударуға болады-ақ. Десе де қазақтың байырғы қарапайымдылығы қасынан қалсын ба? Орта ғасыр сәулет өнерінің озық үлгілері Бабажа хатун, Айша бибі кесенелері, Қарахан мазары, Қожа Ахмет Ясауи кешені уақыт тезінен өтіп, мәңгілік мұраға айналды емес пе? Бабалардың сарқытындай сәулетті жәдігерлер қайта қалпына келіп, енді шөкпестей биікке жайғасқан. Сондай ерекше ескерткіштердің бірі, шегесіз салынған – Жаркент мешіті. Қала орталығына орналасқан бұл кешенді ғимараттың сан алуан әдемі нақыштармен безендірілген қабырғалары, жақтауларындағы өрнектері, қайқы шатыры, мұнарасы көздің жауын алады. Көрген сайын орыстар Эпифаний шіркеуімен теңестіріп кетеді екен. Бұл тұста бүлік шығаруымызға болатындай. Эпифаний қайда? Жаркент қайда? Ара-тұра ауызға алмасақ, көршіміздей қадірлеп, күнде көңіл бөліп жатқанымыз жоқ. Несін жасырамыз. Жә, бұл енді өз алдына бөгенайы бөлек әңгіме.
Хош, бүгінде «Жаркент мешіті көркем-сәулет мұражайы» атанып, алыстан келген қонаққа құшағын жайып, туризмнің бір тетігіне айналып отыр. Осы тұста тарихтан таған тартсақ болатындай. Мұнаралы мешіттің салынуының нәтижесінде Жаркент 1882 жылы уезд орталығы болып бекітіледі. Себебі мешіт қабырғасы уезге бағынышты Нарынқол, Кеген, қырғыздардың бірқатар аймақтары мен Шонжы, Қоғалы, Сарыөзек, Жаркент өңірі тұрғындарынан жиналған қаражатымен тұрғызылған. Жергілікті халық сайлаған құрылыстың бас мердігері, көпес – Уәлиахун Юлдашов, бас сәулетшісі – жергілікті халық Мұқан деп атаған қытай шебері Хон Пик.
Қазіргі Жаркент қаласынан 200 шақырым жердегі Кетпен тауынан емен, қарағай бөренелері өгіз арбамен тасып әкелінгеннен кейін Хон Пик бастаған Бұқара, Самарқаннан шақырылған 75 шебер жұмысқа кірісті. Шеберлер тек құрылыс материалдарын сүргілеп, шауып, жуан бөрене тіреулерді көлеңкеде арнайы шыт матаға орап кептіріп, тақтайларға айшықты суреттер оюға бірнеше жыл арнайды. Сөйтіп алдын ала дайындалған құрылыс материалдары бір шегесіз құрастырылып, 1892 жылдың жазында жұма мешіті бой көтереді.
Бір таңғаларлығы, қытайлық шебер жобасын құпиялап, жеке дара өз жоспарымен жүргізді. Алайда болашақ ғимараттың жалпы көрінісі мен сәулетшілік ерекшеліктеріне байланысты салдырушы бас мердігер мен шебердің келісімі болған екен. Кешеннің жалпы жобасына бас қақпа, күнделікті бес уақыт намаз оқылатын кіші мешіт, медресе, үлкен жұма мешіті, күйдірілген көк кірпіштен қаланған сәнді дуал қоршау, оңтүстік және солтүстік жағындағы қосымша шағын қақпалар енген.
Жалпы, шығыс халқы құрылыс өнеріне жастарды қасына ертіп жүріп үйретеді. Құрылыс саласындағы өзіндік қолтаңбаларын ұрпағына мұрагерлікке қалдыратын болған. Ал мешіттің жобасын жасырған Хон Пик те сондай өзіндік ерекше атамұра үлгісі бар шығыс шеберлерінің бірі де бірегейі болатын. Сондықтан ол Жаркент мешітінің құрылысына бірде-бір шеге қолданбай, өрнектелген ағашты қиюластыру арқылы жасады.
Мұражай мамандарының айтуынша, бас мешіттің көне қытай үлгісінде қос қабатты қайқы бел шатыры 122 бөрене бағаналарға бекітілген. Әсіресе шатыр құрылысы айрықша күрделілігімен ерекшеленеді. Мешіт шатырының жиектерін иіп, қайық тәріздес етіп көтеруге «дау», «гун» деп аталатын имек сырықтар пайдаланылған. Ғажайып сырлы ғимараттың қабырғаларында, шатыр қапталдарында 1500-ден астам алуан түрлі сурет, араб-парсы тілдеріндегі көне жазу үлгілері бар. Бұл ою-өрнектерді зерттеушілер тақырыптық мазмұнына қарай бірнеше топқа бөледі. Олар – жергілікті халықтың ою-өрнек нақыштары, геометриялық кескіндер, қоршаған табиғат, өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесі, дінге қатысты белгі шарттар.
Бас мешіттің төріндегі дінбасы отыратын мінбер сәкінің босаға тұсындағы қабырғаға үнді халықтарының үлгісімен аңыздарға арқау болған зәйтүн «өмір ағашы» кескінделген. Шеберлердің әшекейге, сәнді пішіндерге, түске көп мән бергендігін тек ғимарат келбетінен ғана емес, қолданбалы өнер бұйымдарынан – әдемі шырағдандардан, ағаштан ойып істелген сәнді мінберден де байқау қиын емес. Мұнда көбінесе ақ, қара, қызыл, жасыл, сары, көк түстер өте сәтті, үйлесімді қолданылады.
Шыны керек, Қытайдың, Жапонияның, үндінің ертеректегі ғимараттарының көпшілігі ағаштан салынған. Шығыс сәулет өнерінің бұл ерекшелігінің өзіндік себептері бар, соның ең бастысы – ағаштан жасалған ғимараттардың зілзалаға төзімділігі. Мешіт құрылысының өзіндік ерекшелігі мен дараланып көрінетін бөлігінің бірі – бас қақпа. Ол Орталық Азия мен Қазақстанның дәстүрлі сәулет өнеріне тән пішінде. Порталдың идеялық, көркемдік жағынан атқаратын қызметі – көрнекілік пен асқақтық. Бұл әдетте құрылыстың өзге бөліктерімен салыстырғанда оның көлемін ұлғайту арқылы жүзеге асырылады екен.
Қала тұрғындарының қай-қайсысы болсын мешіттің қыр-сырына қанық. Тұрғындар кешеннің ішкі формасынан халықты бірлікке бастайтын үлкен идеяны көретінін айтады. Жалпы, портал иіндісі өсімдік сарынындағы ашық түсті өрнектермен көркемделген де, оның сыртқы бетінің маңдайшасы гүл оюлармен, араб жазбаларымен толтырылған үш ойындымен бітеді. Порталмен бүйірлес күмбез төбелі екі бөлме мешіт қызметшілеріне арналған. Бас қақпаның оңтүстік, солтүстік қабырғаларымен жанаса медресе үйі орналасқан. Мұнда кезінде жергілікті жастар бастауыш діни білім алған. Осының бәрі қызметке арналған ғимараттар сәулетінің халық қолөнерімен тығыз байланыста екендігін дәлелдейді. Мешіт құрылысының жұмысына әртүрлі ұлт өкілдерінің қатысуы да ғимаратқа өзіндік ерекше түр беріп, әр ұлттың сәулетшілік, сәндеу үлгілері кең қолданылғаны байқалады. Бұл туралы бұрынырақта журналист Мырзағали Нұрсейіт жазған болатын.
Өкінішке қарай, қазақ даласында бой көтерген көрнекті мешіт кезінде кеңес идеологиясының қысымына тап болады. Түлкі заманның түртпегі ақыры ғимараттың қақпасын ішінен жаптырды. Десе де бірегей өнер туындысын өлтірмеуге тырысқан қараша құнды жәдігерді құнттап, қанша дәуір алмасса да бүгінге жеткізді. Шегесіз мешіттің шежіресі осындай.