Парламент Сенатында өткен кезекті Үкімет сағаты «Білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту саласындағы цифрландыру: жай-күйі, қолжетімділігі және қауіпсіздігі» тақырыбына арналды.
5 331 елді мекенге интернет жеткізілмек
Сенаторлар цифрландырудың қазіргі жағдайы, интернетпен қамтамасыз ету және аймақтардағы ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін кеңінен талқылады. Алқалы жиынның басында сөз алған Сенат Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров індет жағдайында цифрландыруды дамытудағы кемшіліктерді ескере отырып, мемлекеттік органдардың жұмысындағы тәсілдерді қайта қарау қажет екенін алға тартты.
Вице-спикер қазіргі уақытта ADSL технологиясы бойынша 118 қала мен 4 558 ауылдық елді мекен интернетпен қамтамасыз етілгенін айтты. Оны әрі қарай дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінде халықтың шамамен 40 пайызы ауылда тұрады. Байланыс операторлары қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты жоюға бағытталған желілік құрылыс жобасын жүзеге асырып жатыр.
«Қазақстанда дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету сервисі әзірленуде. Бұл жеке деректердің пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік береді. Елімізде соңғы кезге дейін дербес деректерді қорғау жөніндегі уәкілетті орган болмағанын айту керек. Дербес деректерді жинау, өңдеу және қорғау мәселелерінің барлығы операторлардың қарауында болды. Бұл – адам құқықтарын қорғаумен тығыз байланысты өте өзекті мәселе. Сондықтан оны тиісті мемлекеттік органдар жедел шешуге тиіс деп есептейміз», деді Н.Әбдіров.
Үкімет сағатында Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин баяндама жасап, интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары жөнінде жан-жақты мағлұмат берді.
Оның айтуынша, жыл соңына дейін 5 331 елді мекенге интернет жеткізу жоспарлануда. Интернет желісін дамыту үшін елімізде екі ауқымды жоба іске асырылып жатыр. Біріншісі – МЖӘ механизмі арқылы оптикалық интернетті тарту. Жоба бойынша 2,4 млн адам тұратын 1 260 ауылға интернет желісі тартылуда. Егер 2018 жылы 56 ауылға оптикалық желі тартылса, биыл 944 ауыл интернетке қосылады. Бұл жобаға 75 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Жоба аясында 3 700 мемлекеттік орган мен бюджеттік мекемелерге байланыс жеткізілді.
Екінші жоба 250 адамнан көп тұрғыны бар 928 ауылды 3G және 4G, FWA технологиясы бойынша мобильді интернетпен қамтуды көздейді. Қазір оның 72-сі мобильді интернетке жалғанған.
«Интернеттің сапасы төмен болуының бірнеше негізгі себебі бар. Біріншіден, бізде интернет сапасы бойынша заңнамалық талаптар жоқ. Сондықтан байланыс саласының реттеушісі ретінде өзгеріс енгізу қажет. Екіншіден, телекоммуникация желісінің 90 пайызы радиорелелік желіде және әуе байланыс арналары бойынша салынған. Бұл дегеніміз кіші телеком операторлары өздеріне радиожиіліктер алып, оларды қызмет көрсету үшін пайдаланбауда. Радиожиілік ресурстарды тиімді қолдану маңызды екені түсінікті. Біз арнайы аудит жасап, пайдаланылмай келе жатқан жиіліктерді мемлекетке қайтарып алуды жоспарлаудамыз. Бірақ ол үшін тиісті стандарттар мен заңнамаға өзгерістер енгізу қажет», деді Б.Мусин.
Бұл ретте министр радиожиіліктерді бөлудің жаңа стандарттарын бекіту керек екенін, тұрғын үй кешендерін интернетсіз пайдалануға беруге тыйым салынатынын айтты. Ол ұялы байланыс ұйымдарына бөлінген радиожиіліктер үшін төлемақының жылдық мөлшерлемесін 90 пайызға қысқарту арқылы ауылдық елді мекендерде кең жолақты ұтқыр байланыс желілерін салуға арналған қаражатты қайта инвестициялау мақсатында салықтық преференциялар беруді ұсынды.
Қазіргі уақытта ауылдық елді мекендерде сымды телефония қызметтері мен пошта қызметтері жыл сайын 8 млрд теңгеге субсидия алуда. Енді ведомство интернетті ауыл үйлеріне дейін жеткізу үшін телеком операторларын ынталандыру ретінде оптикалық байланыс және басқа технологиялар арқылы қосылған интернетті үйге жеткізуді субсидиялайды. Нәтижесінде ауыл тұрғындары қазіргі заманғы көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік алады.
Цифрландыру ісі қайтсе ілгерілейді?
Интернет сапасына халықтық бақылау жүргізу үшін Bailanys bar сервисі іске қосылды. Кез келген азамат смартфон арқылы интернет кемшіліктерін оңай жолдай алады. Қазіргі уақытта тексеру бойынша 50 мыңнан аса адам аталған сервисті пайдаланды. Министрдің сөзіне қарағанда, мемлекеттік бақылау мақсатында байланыс сапасын мониторингілеу бойынша 17 жылжымалы өлшеу кешені сатып алынуда.
Сондай-ақ Б.Мусин мемлекеттік органдардағы цифрландыру кемшіліктерін атап өтті.
«Басқа министрліктермен бірлесе экспресс талдау жасадық. Қазіргі кезде Денсаулық сақтау министрлігінде 50-ден аса ақпараттық жүйе бар. Біз олардың тек 24-ін ғана көрдік, қалған 28-і біз үшін белгісіз болды. Құзыретті министрлік ретінде олардың бар екенін білмедік. Мұндай сұрақ неден туындады? Біріккен IT-архитектура толыққанды жасалмаған, яғни ол жасалса да министрліктер соған сай жұмыс істемейді. Ведомство құрылымындағы ұйымдардың ішінде тиісті ақпараттық жүйелерді стандарттарға сәйкес жасамайды, салдарынан олар бізге көрінбейді. Сол себепті дәрігерлер бірнеше жүйеде жұмыс істеуде. Әрине, бұл жағдай қызмет көрсету уақытын ұзартады. Сондықтан осы саладағы проблемаларды шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе бірыңғай архитектура әзірленуде. Осы саладағы басты мәселе – платформаны қажетті деңгейде қосу. Барлық ақпараттық жүйені біріктіріп, жобаны толыққанды іске қосу үшін Денсаулық сақтау министрімен тиісті келісім жасал- ды. Бұл тұрғыда дәрілік заттардың, төсек-орындардың, денсаулық паспорттарының дерекқорлары құрылуда», деді министр.
Оның айтуынша, мемлекеттік органдарды цифрландыруда бірқатар мәселе бар. Бірінші кезекте – IT-мамандардың әлсіз кадрлары. Сонымен қатар маңызды мәселенің бірі – мемлекеттік қызметтердің үлесін автоматтандыру үшін жарысу. Барлық күш-жігер сапаға емес, санға бағытталды.
«Мемлекеттік органдарды цифрландыру проблемаларын жүйелі шешу үшін кадрлар мен біліктілік мәселесіне мән беру керек. 8 мемлекеттік органда цифрландыру бағытында дербес жауапты вице-министрлер бекітілді. Бірақ олармен жұмыс атқаратын 500-ден аса адамның орташа жалақысы 150 мың теңгені құрап отыр. Олардың деңгейін де көтеру керек. Сондықтан біз цифрлық құзырет орталығын ашамыз. Онда жүйелік талдау, процестердің реинжинирингі, деректерді басқару және басқа бағыттарда осы қызметкерлердің біліктілігін арттырамыз», деді Б.Мусин.
Министр індет кезінде білім беру мекемелері қашықтан оқытудың қиындықтарына тап болғанын, бұл ретте цифрлық контентті дамыту қажет екенін айтып, цифрлық оқулықтарға көшуді ұсынды. Бүгінгі таңда 13 білім беру платформасы әзірленіп, бекітілді. Осылардың қайсысы нарықта жақсы қызмет көрсетсе, сол платформа білім беру саласындағы бір көпір болады.
Әлеуметтік қатынастар саласын цифрландыру аясында әлеуметтік төлемдер үшін ID әмиян жасау; зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде есептеу; отбасының цифрлық картасы; әлеуметтік төлемдердің бірыңғай тізілімі; еңбек шарты, е-еңбек кітапшалары сияқты іс-шаралар пысықталып жатыр.
Маңызды тақырыпты талқылауға депутаттармен қатар Сенаттың Жас сарапшылар клубының мүшелері де қатысты. Олар цифрландыру жұмысына қатысты ой қосып, ұсыныстарымен бөлісті.
Үкімет сағатының қорытындысы бойынша ұсыныстар қабылданды. Бұл өз кезегінде мүдделі мемлекеттік органдарға жолданады, сондай-ақ заң жобаларын қарау барысында және комитеттің жұмысында ескеріледі.
Үкімет сағатын Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті мен Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті және Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті ұйымдастырды.