(Соңы. Басы 198-нөмірде)
Өз халқының көпшілік бөлігінің төл мәдени мұрасының асылдарын ұмыта бастағанына және орыс басқыншыларының ыңғайына жығылуға бет алғанына Абайдың жаны күйзелді. Ол Ресей әкімшілігі үшін жайлы тілмаштар мен жандайшаптар даярлауға ғана жеткілікті мөлшерде аздап сауат аштыратын орысша білім беру ісінің сыңаржақтығын сынады.
Ол көбіне-көп балаларды орыс мектебіне берудің бірден-бір себебі – кейінірек ата-аналар өз перзенттерінің жәрдемі арқылы жер дауына байланысты, кей жағдайда ғана болмаса, өмірі бітпейтін заң саласындағы талас-тартыстардың кезінде иемденуге тиісті дүние-мүлік байлығын көздеушілікте жатқандығын түсінді. «Интернатта оқып жүр» атты өлеңінде (1886 жыл) ол осындай оқудан түлеген баланың бейнесін былайша сипаттайды:
Ынсапсызға не керек,
Істің ақ пен қарасы.
Нан таппаймыз демейді,
Бүлінсе елдің арасы.
Бұған қоса ол:
Ойында жоқ бірінің
Салтыков пен Толстой,
Я тілмаш, я адвокат,
Болсам деген бәрінде ой,
Көңілінде жоқ санасы, – деп қамықты.
Жастарды білім жолындағы келеңсіздіктерден шын сақтандыра отырып, ар-абыройды төкпеуге үндеген ол былайша ақыл-кеңес берді:
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Военный қызмет іздеме,
Оқалы киім киюге.
Бос мақтанға салынып,
Бекер көкірек керуге.
Қызмет қылма оязға,
Жанбай жатып сөнуге...
«Талапты ерге нұр жауар»,
Жүріп өмір сүруге.
Ресей әкімшілігінде қызмет істейтін және өмірдегі қадір-қасиет атаулыдан жұрдай болған мұндай қазақтарға қатысты Абайдың кекесіні мына жолдарда ащы мысқыл түрінде көрініс тапқан: «Байлар, олар өздері де бір күн болса да, дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малыменен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, білім – ешнәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса, құдай тағаланы да паралап алса болады дейді. Оның діні, құдайы, халқы, жұрты, білімі, ұяты, ары, жақыны – бәрі мал».
Абайдың кемелденген поэзиясында оның өз халқының басына төнген бүліншілікті терең сезінуінен туған күрсініс бар. Бұл, мысалы, «Қалың елім, қазағым...» өлеңінде (1886) айқын белгі береді:
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Мұндай түсініктер қоғамдық проблемалардың алдында дәрменсіз болған ілгерідегі зар заман мектебінің өкілдерінен қалған еді. Абай болса қазақтарды әрі қарай іс-әрекетке және төзімділікке шақырды:
Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,
Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным,
тырқың?
Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық,
Қыр артылмас болған соң,
мінсе қырқың?
Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың,
Не түсер құр күлкіден
жыртың-жыртың...
Абайдың орысшадан аударған дүниелері – қазақ мәдениетіне қосылған ғажайып әрі құнды қазына. Ол қазақтың мәдени ұғымына жақын тақырыптағы шығармаларды қайта сөйлетуге және қайта түсіндіруге оқтын-оқтын талпыныс жасап, алуан дәрежедегі табысқа қол жеткізді. Крыловтан жасаған аудармаларында қазақтың мәдени ортасына жетуі жеңілірек болуы үшін ол мысалдардың ақылгөйлік түйіндерін жиі өзгертіп отырған. Оның Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасын аударуы – айтарлықтай керемет оқиға. 1887 жылдан бастап Пушкиннің және оның кейіпкерлері Онегин мен Татьянаның есімдері Абайдың аудармалары арқылы бүкіл Қазақстанға танылды. Абай – тек сөз шебері ғана емес, сонымен бірге қазақ музыкасынан терең түсінігі бар сазгер болғандықтан, көптеген аудармаларын әнге көшірді және ол әндер сал-серілердің орындауы арқылы кеңінен таралып кетті. Бұлардың ішінде, бәлкім, ең кеңінен таралғаны Татьянаның Онегинге жазған хатының ән-аудармасы болар. Сонымен бірге Абай Лермонтовтың поэзиясынан да үлкен шабыт тапты. Сексенінші жылдардың ортасынан былай қарай Абай Лермонтовтың поэзиясын аударумен тынымсыз шұғылданды. Оның орыс поэзиясынан жасаған барлық аудармаларының жартысынан көбі дерлік Лермонтовтан алынған. Бұған қосымша Абай поэзиясының үлкен бір бөлігі Лермонтов сарындарына тікелей бейімдеуден туған немесе ұлы орыс ақынының күшті ықпалы арқылы өзіндік өрнегін тапқан дүниелерді қамтиды.
Абай шығармаларының қазақша толық жинағында қазақ ақыны аударған Лермонтов өлеңдерінің жиырма екі атауы кезігеді және олардың қатарына «Бородино», «И скучно, и грустно» («Әм жабықтым»), «Не верь себе» («Өзіңе сенбе»), «Пленный гусарь» («Тұтқындағы батыр»), «Дума» («Ой»), «В альбом» («Альбомға»), «Кинжал», («Қанжар»), «Выхожу один я на дорогу» («Жолға шықтым») секілді белгілі өлеңдерімен бірге, Лермонтовтың «Демон» («Шайтан»), «Измаил-бей» және «Вадим» тәрізді кейбір ұзақ поэмаларынан жасалған үзік-үзік аудармалар кіреді. Сондай-ақ Лермонтовтың батыс поэзиясынан алып орысша сөйлеткен шығармаларының, мысалы, Байронның «Hebrew Melodies» («Көңілім менің қараңғы») және Гетенің «Uber allen Wipfeln ist Ruh» («Қараңғы түнде тау қалғып») туындыларының қазақша аудармаларын табуға болады. Салыстырмалы түрде алғанда, Абай аудармалары әрқашан еркін. Ол әдетте түпнұсқаның тек қана негізгі қаңқасын алады да, оның аудармасын өзінің ой-пікірлерімен жаңғыртады. Ақын көбіне Лермонтов ұсынған мотивтерді дамытады немесе кеңейтеді, сол себепті оның көптеген аудармалары өзінің төл туындыларындай болып кеткен. Негізінен, ол түпнұсқаның жалпы мағынасын және эмоционалдық әуезін сақтауға тырысады. Мысалы, Лермонтовтың мына өлеңін алайық:
Лермонтов:
И опять безумно упиваюсь
Ядом прежних дней,
И опять я в мыслях полагаюсь
На слова людей.
Абай аудармасы:
Ішіп, терең бойлаймын
Өткен күннің уларын.
Және шын деп ойлаймын
Жұрттың жалған шуларын.
Тағы сене бастаймын
Күнде алдағыш қуларға.
Есім шығып қашпаймын,
Мен ішпеген у бар ма?
Абайдың шығармалары көңіл күй жағынан әр алуан. Табиғатты және өмірге терең құштарлық сезімін көрсететін жылдың төрт мезгілі туралы лирикалық өлеңдерінен, сондай-ақ қазақ өмірін шынайы бейнелеуінен оның Пушкинмен және Лермонтовпен тығыз үндестігі тағы да көрінеді:
Жазғытұры
Жазғытұры қалмайды
қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі.
Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер
құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай
кемпір мен шал,
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.
Безендірген жер жүзін тәңірім
шебер,
Мейірбандық дүниеге нұрын төгер.
Анамыздай жер иіп емізгенде,
Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер.
Абайдың кейінгі шығармаларында алаңсыз шат-шадыман көңіл күй жоғалып, өмірдегі сәтсіз іс-әрекеттерінің көптігінен туған түңіліс түптің-түбінде поэзиясында көрініс тапты. Оның батыс ілім-білімі мен мәдениетіне жоғары баға берген ағартушылық күш-жігері орыстардың, сондай-ақ мұны қазақ тайпаларының дәстүрін сату деп түсінген өз халқының дінбасылары және рубасылары тарапынан қатты қарсылыққа тап болды. Айдауда жүрген революционерлермен жақын достығы Ресей әкімшілігінің мазасын қашырды, ақырында либерал орыстар мен қазақтардың мәжіліс орнына айналған Абай ауылының сыртынан бақылау қойылды. Қазақтың ру ақсақалдары мен діни жетекшілері оған қарсы ұйымдасып, орыс губернаторына «ақ патшаның жауы» деген мәлімет жеткізді. Бұл қастық пен өсек-аяңның сәтті болғаны соншалық, көптеген сенімді достарынан бастап өз әулетінің мүшелеріне дейін одан теріс айналды. Өмірінің соңына қарай оңаша және оқшау тіршілік кешкен Абай өз өлеңдерінде көбіне-көп жалғыздық сезімін және достарының сатқындығына деген күйінішін жырлады:
Көңілім қайтты достан да,
дұшпаннан да,
Алдамаған кім қалды тірі жанда?
Өзінің достары мен шәкірттері төңірегінен қаша бастағанда, ол 1889 жылы былай деп жазды:
Күшік асырап, ит еттім,
Ол балтырымды қанатты.
Біреуге мылтық үйреттім,
Ол мерген болды, мені атты.
Алайда тағдыр тәлкегіне ұшырағанына қарамастан, Абай өз идеялары жолындағы күресті жалғастыра берді. Оның Қазақстанның мәдени дамуына қосқан маңызды үлесі өте жоғары бағалауға лайық. Абай діни сипаты басым араб пен парсы сөздеріне толы, халықтың қалың бұқарасына түсініксіз қазақ әдебиетінің бұрынғы арналарын жаңалап-жаңғыртып, кеңейтуге негіз қалаған ең алғашқы және озық ойлы тұлға еді. Абай ұғынықсыз тіркестерден таза, жалпы жұртшылыққа түсінікті, мейлінше қарапайым үлгідегі жаңашыл және кей кезде революцияшыл идеяларды білдіретін жазба әдебиетті өмірге әкелді. Ол көптеген формалық жаңалықтарды енгізді және өзінің философиялық жазбаларында прозаны кең ауқымда бірінші болып қолданды.
Бүгінде Абай қазақтың өткен ғасырдағы аса ұлы сөз зергері болып танылды. Ресейде Пушкин қандай тұлғалы болса, Қазақстанда Абай да сондай жоғары құрметке ие. Қазақ әдебиетінің інжу-маржаны саналатын оның шығармалары орысшаға, сондай-ақ КСРО-ның басқа да көптеген тіліне аударылды, есімі кешеуілдеңкіреп болса да кең танылды. Ол туралы романдар мен драмалар, сондай-ақ зерттеу еңбектер жазылған.
АҚШ, Солтүстік Каролина
1958 жыл