Жыл сайын 11 қазанда Халықаралық жасөспірім қыздар күні аталып өтіп, осы күні кәмелетке толмағандарды қорғау мәселелері қозғалып жатады. Биыл атаулы күн қарсаңында танымал қазақстандық әнші Қалия (KALIYA) ЮНФПА агенттігімен бірге «Қыз тағдыры» – «Оның болашағы» жобасын қайта қолға алды. Бұл игі бастамаға биыл STEPPE порталы қосылды.
Осы арада өткен жылғы бір оқиғаға орала кету керек. Егер оқырман есінде болса, былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымының 25 жыл бұрын Каирдан бастау алған әйгілі Халықтың қоныстану және дамуы халықаралық конференциясы қарашада Найробиде (Кения) жалғасын тауып, оған Қазақстан Ұлттық делегациясы да қатысқан болатын.
Жоғары деңгейде өткізілген Найроби Саммитінде отбасын жоспарлау мен ақпараттандыруда бірде бір адамның да көңілінде қаяу болмағанын, бала үстінде кеткен аналардың өлім-жітімін түбірімен жойып, қоғамдағы қыз-келіншектерді зорлық-зомбылықтан арылтып, әйел адамдар мен жасөспірім қыздарға қатысты зиянды әрекеттерді түпкілікті тоқтату мәселелері көтерілген еді. Және БҰҰ-ның Найробидегі Саммиті қазақ әншісі Қалияның «Қыз тағдыры» әнімен басталды.
Осы шаралардың жалғасы іспетті аталмыш жоба денсаулық, оның ішінде репродуктивті денсаулық және жасөспірімдердің құқықтары туралы ақпараттарды, сонымен қатар гендерлік теңдік және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алып оларға ден қою тақырыбындағы материалдарды қамтиды.
Қалай десек те, жасөспірім қыздардың мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейтін мақсаттардың заманымен үйлеспейтін тұстары бар. Оның үстіне жаһандық пандемия осы саладағы бұл мәселедегі талай түйткілді өршітті.
Қысқасы, бұл бастамаға ұйытқы болып жүрген ұйымдар мен қоғам белсенділері 2017 жылы қолға алынған «Қыз тағдыры» жобасын қайта жаңғыртуға шешім қабылдады. Өйткені бұрын талқыланған мәселелер әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ.
«Жаңалықтардан аяғы ауыр болып қалып, оны туыстарынан жасырып жүрген қыздардың баласын тастап кеткені туралы ақпараттарды жиі кездестіреміз. Жап-жас аналар тірі сәбиін тастап кетіп жатады. Себебі оның одан басқа амалы жоқ – қалай сақтану керегін, жүктілікке дейін, не кейін қайдан көмек сұрарын білмейді. Тіпті қол ұшын беретін адам болған күннің өзінде, ондай адам барынан бейхабар. Сондықтан бұл тақырыптар туралы сөйлесу өте маңызды, олар жасөспірімдер мен ата-аналар үшін көп нәрсені білдіреді. Сонымен қатар қоғам әрдайым неге ұлдардан гөрі қыз баланы көп кінәлайды? Ер адам да жүктілікке жауапты екенін сезінуі тиіс, – дейді жоба бастамашысы әнші KALIYA. – Біз өз көзқарасымызды өзгертіп, қыз бен ұл балаға тең қарым-қатынас жасау арқылы айналамызды қыз-келіншектерді құрметтеуге тәрбиелеуіміз керек. Тек тең құрмет шынайы теңдікке әкеледі.
Біздің мойнымызда үлкен жауапкершілік жатыр. Халыққа ақпарат жеткізіп, жол бастаушы болуымыз керек. Өйткені бізде мұндай мүмкіндік бар. Егер менің әнімді естіген жасөспірімдер, ата-аналар, айналадағылар бір сәтке болсын ойланып, осындай жаһандық әлеуметтік мәселе барын түсінсе, мендік мақсат орындалғаны. Мен бұл мәселені музыкада көтерсем, енді бірі – кинода, шығармада көтереді. Осылайша қоғамда сең қозғалады».
Қысқасы, репродуктивті денсаулық, әйелдердің мүмкіндіктері өзара тығыз байланысты және қоғамның дамуы үшін маңызды болғандықтан, жуырда ЮНФПА кезекті зерттеуін жүргізді. Соның нәтижесінде Қазақстандағы жасөспірімдердің үштен бірі жыныстық қарым-қатынаста болғаны анықталды.
Жыныстық қатынаста болғанын жасырмағандардың 14,8%-ында жыныстық жұқпалы аурулардың белгілері бар екені анықталдып отыр. Дегенмен, олардың 60%-ы сол инфекцияны емдеу үшін медициналық көмек алуға бармаған. Ерте жыныстық қатынаста болғанын айтқан қыздардың 38% түсік жасатып түсік тастағандарын мойындады.
Өкінішке қарай, еліміздегі 15-19 жастағы сексуалды-белсенді қыз-келіншектердің 71% ешқандай контрацепция құралдарын пайдаланбайды. Мұның соңы жасөспірімдер арасында қалаусыз жүктілік пен некесіз босанудың көбеюіне септеседі – Қазақстанда бұл көптеген еуропалық елдермен салыстырғанда жоғары. Қазіргі қолжетімді контрацепция құралдары түсік түсіру санын азайтады. Жасанды түсік жасату соңы өлімге, яки өмір бойы бала сүю бақытынан айырылуға апарып соғуы мүмкін.
АЛМАТЫ