Миллиондаған жазықсыз жандардың өмірін қиып, тағдырын тәлкекке салған сталиндік саяси репрессия, халық жадында жазылмас жара болып қалды. Осындай тарихтың қасіретті жылдары жайлы архив құжаттары, музей жәдігерлері естелік айтады.
Еліміз етек-жеңін жиып, егемендігін алған соң жер-жерлерде жазықсыз жазаланғандарды еске алатын және тағзым ететін мемориалдық ескерткіштер, музейлер ашылды. «Аза тұту» кітаптары жарық көріп, оқырманға жол тартты. Бүгінгі ұрпаққа тарихтың қасіретті жылдарын көрсету үшін жыл сайын Өскемендегі «Сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» музейінде ашық есік күні ұйымдастырылады. Онда репрессия, депортация құрбандарының ұрпақтары, студент жастары және мектеп оқушыларының қатысуымен, еске алу іс-шаралары өтіп тұрады.
Ғасырдан астам тарихы бар Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері «ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы саяси репрессия» тақырыбымен 1960-1970 жылдардан бастап айналыса бастады. Ал 1980-1990 жылдардың басында белсенді түрде репрессия, депортация тақырыбына материалдар жинақталды.
1920-1940 жылдардағы қасіретті бастан кешкен халық қуғын-сүргінге ұшырады, қызыл қырғынның құрбаны болды. Өкінішке қарай, отбасылық архивтерде ақталғандары туралы бір жапырақ қағаз ғана қалған. Музей қызметкерлері бір тілім қағаз негізінде репрессияға ұшыраған жандардың ұрпақтарынан есте қалған естеліктерін, қолда бар материалдарын алып қалуға тырысады. Кейбіреуінің немере-шөберелері қолдарындағы құнды құжаттарын, фотоларын өздері әкеліп, табыстап жатады.
Солардың бірі Тарбағатай ауданының, Өскемен қаласының құрметті азаматы Амангелді Қажыбаев атасы Дайырбек Испаев және әкесі Қажыбай Дайырбеков туралы материалдарды музей қорына өткізді.
Әкесі Қажыбай Дайырбеков 1909 жылы Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданы, Голощекин ауылдық кеңесінде дүние есігін ашыпты. Кейін «байдың баласы, қызмет бабын асыра пайдаланды, колхозшылар арасында кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жұмысын жүргізді, колхоз шаруашылығына зиян келтірді» деп танылып, үстінен қылмыстық іс қозғалып, жазаға тартылған.
1997 жылы 9 шілдеде Шығыс Қазақстан облыстық соты берген анықтамада Қажыбай Дайырбеков 1937 жылы 13 қарашада Шығыс Қазақстанның НКВД «үштігінің» қаулысы бойынша 10 жылға сотталып, жазасын еңбекпен өтеу лагеріне жіберілгені туралы жазылған. Сотталғанға дейін Тарбағатай ауданы Голощекин ауылдық кеңесте хатшы болып жұмыс істепті.
Амангелді Қажыбаев әкесі туралы естеліктерінде: «Ол кісі өмірінде бір қатты сөз айтпаған, үкіметке, партияға да өкпе білдірмеген, достары көп, замандастарының, туыстардың арасында абыройлы, беделді болған еді», деп жазады.
Ал атасы Дайырбек Испаев 1868 жылы Тарбағатай ауданы Қызыл ту ауылдық кеңесінде туыпты. Сауатты, ауқатты отбасынан шыққан ол ер жеткен соң Тарбағатай ауданының Сарбұлақ колхозында малшы болып жұмыс істеген. Алайда Сарбұлақ колхозы ұжымының арасында «Кеңес өкіметіне қарсы зиян келтіретін мақсатта үгіт жүргізді» деген 58-баптың 10-тармағы бойынша айып тағылады. 1941 жылдың 17 тамызында Тарбағатай аудандық НКВД шешімімен жауапқа тартылды. Араға бір жыл салып, 1942 жылы 21 мамырда Дайырбек Испаевтың Өскемен түрмесінде қайтыс болуына байланысты іс тоқтатылады. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің берген анықтамасында көрсетілген.
Ал қайтыс болу актісінде «жүрек қан тамырлары соғуының әлсіреуі салдарынан» деп жазылған екен. Кейін туыстары Мәскеуге дейін хат жазып, Дайырбек Испаев ақталған.
– Іс тоқтатылып, ақталғаны туралы облыстық соттың 1960 жылы 6 сәуірдегі құжатын көргенде, ерекше толқыныста болдым, – деп еске алады Амангелді Қажыбаев.
Ол өмір бойы әкесі мен атасын ақтау үшін көп ізденген екен. Тағдыр тәлкегіне түскен туғандары жайлы ақпарат алу мақсатында талай құзырлы органдардың табалдырығын тоздырған. Тек 2017 жылы ғана әкесі мен атасы туралы ресми құжаттарды қолына алған. Көп жылғы ізденістен соң саяси қуғынға ұшыраған туғандарының «ақталды» деген тілдей анықтамасы ұрпақтары үшін үлкен қуаныш еді.
Міне, бір отбасының екі бірдей адамы «халық жауы» атанып, зұлмат жылдардың құрбаны болған екен. Амангелді Қажыбаев қандай қызметте болсын, әкесінің «халық жауы» деген баппен сотталғанын еш жасырмаған. Әкесі Қажыбай Дайырбеков жазасын өтеп шыққаннан кейін, көп жылдар Алтай қорғасын құрылыс кәсіп, орнында жұмыс істепті. 1967 жылы мүгедектігіне байланысты зейнеткерлікке шығып, 1973 жылы қайтыс болған. Сталиндік саяси қуғын-сүргін жылдарындағы бір отбасының қысқаша тарихы арқылы мыңдаған адамның басына түскен қасіретті тағдырларды білеміз.
Бұл дегеніміз, өткен тарихымыздың қаралы беттерін есте сақтау, жазықсыз жапа шеккендерді әрдайым еске алып, рухына тағзым ету – кейінгі ұрпақтың борышы.
Фарида Бегімханова,
«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» музейінің меңгерушісі
Шығыс Қазақстан облысы