Биыл елімізде ÁMEN (ÁMEN Animation Film Festival) анимациялық фильмдер фестивалі қатарынан екінші рет ұйымдастырылып отыр. Ұлттық анимация саласына өлшеусіз үлес қосқан режиссер-аниматор Әмен Қайдаровтың атымен аталған басқосу 30-31 қазан күндері онлайн режімде өткізіледі.
Кинофестивальдің ұйымдастырушылары – OzgeEpic заманауи өнер кеңістігі мен Қазақстан анимациялық киностудиялары ассоциациясы. Бір ерекшелігі, биылғы фестиваль халықаралық деңгейде атап өтілмек. Атап айтқанда, Түркия, Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан және Башқұртстан аниматорлары атсалыспақ.
Шараның мақсаты – қазақ анимациясының дамуына ықпал ету және жас дарындарға қолдау көрсету. Бастама осы саладағы аға буын өкілдері тарапынан да қолдау тапқан. «Бұл фестиваль еліміздің анимациялық әлеуетін арттыруға өз үлесін қосатын мәнді қозғалыстың бірі болады. Біз аға буынның еңбегіне құрметпен қарайтын, жаңа буынның ізденісіне қолдау білдіретін қауымдастық құруды мақсат етеміз», дейді кинофестивальдің ұйымдастырушысы Мақпал Жұмабай.
ÁMEN-2020 шеңберінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен бірлесіп ұйымдастырылатын жетекші отандық және шетелдік мультипликаторлардың шеберлік сыныптары мен тренингтері өтеді. «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының қатысуымен «Қазақ анимациясының өзекті мәселелері» және «Түркі елдерінің ортақ қайраткерлері туралы халықаралық анимациялық жоба» тақырыптарында дөңгелек үстелдер ұйымдастырылмақшы. Оған қоса, «Қазақфильм» киностудиясымен бірге қазақстандық анимацияның ретроспективасы жоспарланған, оған отандық анимация тарихындағы ең үздік 16 картина кіреді (1960-2020), соның ішінде отандық анимацияның негізін қалаушы Әмен Қайдаровтың жұмыстары да бар. Қазақ анимация мектебін құруда негізгі рөл атқарған және алғашқы қазақстандық анимация студиясын ашқан мэтр Әмен Қайдаров – «Қарлығаштың құрығы неге айыр?» атты алғашқы мультфильмнің авторы. Шара барысында Қазақстан және Түркия мемлекеттерінің толықметрлі фильмдері де көрсетіледі. Айрықша атап өтерлігі, режиссер Қасиет Сақиолланың «Махамбет» мультфильмі тұңғыш рет халықаралық деңгейде көпшілік назарына ұсынылмақ.
2019-2020 жылдар аралығында түсірілген анимациялық фильмдерге арналған жалпы конкурс; 2019-2020 жылдары аралығында түсірілген студенттердің дипломдық, курстық анимациялық жұмыстары қабылданатын студенттік жұмыстардың байқауы сынды фестиваль бірнеше кезеңнен тұрады. Ал «Табиғат және адам» тақырыбындағы комикстер конкурсына барлық өтінім берушілер мен аниматорлар қатыса алады.
Сыншылар тарапынан оң қолдауға ие болған фестиваль жұмысы отандық анимация саласы мен көрермен үшін елеулі жаңалық болып отыр. Жыл сайынғы жастардың түсіріп жүрген фильмдеріне назар аударсақ, болашақ анимация мамандарының қатарға қосылып келе жатқанын аңғарамыз. Бұл ретте ÁMEN анимациялық фильмдер фестивалінің жас мамандар үшін бағыт-бағдар беруде мүмкіншілігі зор.