• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Қазан, 2020

Сайлаушылар тізімі пысықталады

436 рет
көрсетілді

Орталық сайлау комиссиясының отырысында Парламент Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлауда сайлаушылар тізімдерімен жұмысты ұйымдастыру мәселесі сөз болды.

 

Отырысқа саяси партиялар, Ішкі істер министрлігі, «Азаматтарға арналған үкімет», Сыртқы істер ми­нистр­­лігі, бейнеконференция арқылы ау­мақтық сайлау комиссиялары мен об­лыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдері ап­парат­тарының басшылары және бұқа­ралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз алған Комиссия төрағасының орын­басары Константин Петров сай­лау­шылар тізімін жасақтаудың ретін түсін­дірді.

«Сайлаушылар тізімдерін қалып­тас­тыру процесін енді аумақтық сайлау комиссиялары бақылайды, олар әкімдіктер ұсынатын тізімдердің «Же­ке тұлғалар» деректер қорымен сәй­кестігін анықтап, жергілікті атқарушы органдармен пысықтайды. 2020 жылғы 1 қа­зан­дағы жағдай бойынша сайлаушы­лар тізіміне 11 820 318 азамат енген. Сайлаушылар тізімін деректер қоры­ның негізінде қалыптастыру осы­ған дейінгі кейбір кемшілікті жоя­ды. Бұрындары бір азамат өңірлік бір­неше тізімде көрсетіліп, соңында ешқайсысында болмай шығатын еді», деді К.Петров.

Белгілі болғандай, сайлаушылардың тұрғылықты жері бойынша тізімін тиісті жергілікті атқарушы орган жасайды. Оған республиканың сайлау құқығы бар 18 жасқа толған, әрекетке қабілетті, бас бостандығынан айыру орындарында отырмаған азаматтары енгізіледі. Нақты бір сайлау учаскесінде тіркелу үшін азамат сол сайлау учаскесінің аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркеуде болуы керек. Ал уақытша тіркелген азаматтар сайлаушылар тізіміне жергілікті атқарушы органдарға өтініш арқылы ене алады. Тіркелмеген күннің өзінде 10 желтоқсанға дейін дауыс беру учаскесін таңдауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ азаматтардың тіркелген жері бойынша сайлауға келе алмайтыны белгілі болса, өтініш жазып, басқа учаскеге ауыса алады. Бұл ретте жергілікті атқарушы орган азаматты тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығарып, дауыс беретін учаскенің тізіміне өздері енгізеді.

Әкімдер сайлаушылар тізімін да­уыс беру басталғанға дейін жиырма күн бұрын, яғни 20 желтоқсаннан кешік­тірмей акт бойынша учаскелік сайлау ко­мис­сиясына электронды түрде және қағазға шығарып, ал аумақтық комис­сияға электронды нұсқада ұсынуы керек.

Әрбір азамат тізімдегі өзі туралы де­рек­терді тексеруге, тізімге енгізіл­­мегені не­­месе шығарылып тастал­ғаны туралы, одан бөлек деректерде жіберілген дәл­­сіз­­діктер туралы шағым жасауға құ­қылы.

Республика бойынша азаматтардың уақытша мекенжайы бойынша құрыл­ған 558 учаске бар. Мұндай учаскелер бойынша сайлаушылар тізімі дауыс бе­руге 5 күн қалғанда жасалып, 1 күн қалғанда нақтылануға тиіс. Бұл сайлау учаскелері демалыс үйлерінде, сана­то­­рийлерде, тұрақты емдеу-профи­лак­тикалық мекемелерінде, шалғай­дағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын жер­лерде, алыс мал шаруашылығы учаске­лерінде, тергеу изоляторлары мен уа­қытша ұстау изоляторларында, Қазақ­стан Республикасына тиесілі сайлау күні ашық суда жүрген кемелерде және әскери бөлімдерде құрылған. 51 елдегі Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанынан ашылған 66 сайлау учаскесі тағы бар. Бұл жерде шет мемлекетте тұратын, ұзақмерзімді іссапарда жүрген және республика азаматының паспорты бар отандастарымыз дауыс бере алады.

Отырыс барысында Орталық сайлау комиссиясының ақпараттық-тех­ни­калық орталығының директоры Қанат Арсақбаев ведомстволық жүйелерді интеграциялау, аумақтық сайлау комиссияларымен техникалық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, сайлау­шылар тізімдерінің толықтығы мен дұрыстығын бақылауды жүзеге асыру бойынша жүргізілген жұмыс туралы айтып берді. Одан бөлек Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев азаматтарды тұрғылықты жері бойынша есепке алу және тіркеу бойынша ағымдағы жағдай туралы баяндады.

Облыстық, республикалық маңызы бар қалалар және елорда әкімдері ап­па­раттарының басшыларына да сөз бе­рілді. Олар сайлаушылардың тізімін жа­сау сапасын арттыру және call орта­лық­тарды ұйымдастыру бойынша жүр­гі­зіліп жатқан жұмыстар туралы хабар­лады.

Отырысты қорытындылай келе, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев сайлаушыларды құқықтық сауаттылық танытып, 10 желтоқсанға дейін заңда бел­гі­­лен­ген мерзімде сайлаушылар тізімінде бар-жоғын анықтауға ша­қыр­ды. Сондай-ақ ол жергілікті атқа­рушы органдарға тұрғылықты мекен­жайы бойынша дауыс беруге құқы­лы барлық азаматтың тізімге енуін қада­ғалауды ескертті.

Отырыс қорытындысы бойын­ша арнайы қаулы қабылданды. Оған сәйкес әкімдер келіп түскен бар­лық өтініштерді ескере отырып, сай­лау­шылардың нақты тізімін жасауға мін­детті. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар азаматтарды сайлаушылар тізіміне енгізу туралы ақпараттандыру үшін онлайн сервистер мен сall орта­лықтар ұйымдастыруы қажет.