• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Қазан, 2020

Коронавирусты таратпаудың қамы

577 рет
көрсетілді

Жаз айларында қауіпті індеттің дерегі көп тіркелген өңірдің бірі – Атырау. Бұл мәселе өңір тұрғындарын да, жергілікті билікті де алаңдатқан еді. Тіпті Президенттің өзі Атыраудағы эпидемиялық ахуалды жақсартуды бақылауына алып, Үкіметке арнайы тапсырма берді. Содан бері не істелді? Қауіпті індеттің қайталануы ықтимал екінші толқынына дайындық қалай жүріп жатыр?

 

Міне, осы сауалдарға қатысты жайттар Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен мұнайлы өңірде өткен жедел кеңесте тағы бір мәрте талқыланды. Өйткені дәл қазіргі мақсат – жаһан жұртына қауіп төндірген коронавирус инфекциясының екінші толқынының алдын алу. Сондықтан Премьер-Министрдің орынбасары өңір әкімдігіне бірнеше мәселені қамтыған тапсырма жүктеді.

Оның біріншісі – эпидемиялық ахуал. Бұл мәселе өңір басшыларының ұдайы бақылауына алынып отыр. Дегенмен облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, әлі қауіпті індеттің тіркелуі тоқтаған жоқ. Мәселен, 28 қазандағы дерекке жүгінсек, Атырау облысында коронавирус инфекция­сына шалдыққан 11 266 науқас тіркеліп отыр. Осылайша бұл өңір қауіпті індеттің анықталуы бойынша Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан кейінгі үшінші орында тұр. Науқастар әсіресе Атырау қаласынан күн сайын анықталуда. Сондай-ақ аудандарда да инфекцияны жұқтырушылар бар. Тіпті Теңіз кен орнындағы мердігер компаниялардың жұмысшылары арасынан да коронавирусты жұқтыру дерегі жиі байқала бастады.

– Атырау облысындағы инфекциялық стационарларда коронавирус инфекциясымен 49 адам емделіп жатыр. Оның ішінде 29 науқас №2 облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының инфекциялық стационарында ем қабылдауда. Ал Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда 20 пациент ем алып жатыр. Сондай-ақ 87 науқас үй жағдайында емделуде, – деп ақпарат таратты басқарманың баспасөз қызметі.

Ал Атырау қалалық прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, 324 адам айыппұл жазасына тартылып отыр. Өйткені олар карантиндік шектеу шараларының талабын бұзған. Тек бір аптада түрлі іс-шараларды өткізуге байланысты 32 құқықбұзушылық анықталыпты. Оның ішінде мейрамханалар сегіз салтанатты шара өткізіпті. Түнгі мезгілде 16 дәмхана-бар, кинозал, компьютер клубтары жұмыс істеген.

Мұндай деректерді шектеу шаралары мен санитарлық талаптардың сақталуын бақылайтын 114 мониторингтік топ та анықтап отыр. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің мәліметінше, 5 шілде – 17 қазан аралығында арнайы құрылған 114 мобильдік топ 3 315 тексеріс жүргізіп, 477 карантин талаптарын бұзу дерегін анықтаған. Топ мүшелері үш күнде 2 273 нысанды тексеріп шықты. Мәселен, 22 қазанда Атырау қаласында жасырын той жасаған екі дерек әшкере болды. Индер ауда­нында осындай екі дерек тіркеліпті.

Мониторингтік топ таратқан ақпаратқа сүйенсек, той, садақа өткізу әсіресе Атырау қаласында, Жылыой мен Қызылқоға ауданында жиі байқалады. Рейд кезінде 75 дәмхана, мейрамхана секілді қоғамдық тамақтану орындарының шектеу шараларын елемей, жұмыс істегені белгілі болды. Оның 67-сі Атырау қаласында, бесеуі Жылыой ауданында тіркеліп отыр. Сондай-ақ 102 азық-түлік дүкені бекітілген уақыттан кейін де тұтынушыларға сауда жасауды тоқтатпапты. Өңір тұрғындары карантиндік шектеу шаралары күшейтілген 11 шілдеден бері 70 отбасылық шараны жасырын өткізіпті.

Екіншіден, тұрғындар мен медициналық мекемелерді дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі де күн тәртібінде тұр. Өйткені басы ауырып, балтыры сыздағандардың бәрі алдымен дәрігердің кеңесімен дәрі-дәрмек іздейтіні даусыз. Әсіресе коронавирус секілді ең қауіпті инфекцияның қайталануы мүмкін екінші толқынына дайындық мәселесі босаңсуды да, енжарлықты да көтермейді.

– Облыста қажетті дәрі-дәрмектердің, оның ішінде коронавирус инфекциясына қарсы препараттардың екі-үш айлық қоры бар. Дәріханалар желісіндегі дәрілік заттардың төмендемейтін қорын қамтамасыз ету үшін «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы тұрақтандыру қорына 684,5 млн теңгеге аса қажетті 40 түрлі дәрі-дәрмектер сатып алынды. Ал 620,1 млн теңгенің дәрілік заттары тұрақтандыру қорының қоймасында сақтаулы тұр. Сондай-ақ 64,4 млн теңгенің дәрілік заттары облыстың 164 дәріханасына таратылды. Сондай-ақ өңірге демеушілік көмекпен 251,2 млн теңгенің дәрілік заттардың 9 атауы бойынша дәрі-дәрмектер жеткізілді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев.

Үшіншіден, өкпені жасанды желдету аппараттарымен, оттегі концентраторларымен қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Себебі қауіпті індет өршіген жаз айларында осындай аппараттардың ауадай қажеттігі сезілді. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдуәлиевтің айтуынша, медициналық ұйымдарға 224 жасанды тыныс алу, 27 рентген, 10 компьютерлік томография аппараты алыныпты. Бұған қоса 977 оттегі концентраторымен, 1000 пульсокисметрмен қамтамасыз етілді.

– Қазір облыста коронавирус инфекциясынан емдеу үшін 520 инфекциялық кереует дайын тұр. Коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық аясында тағы да 2 080 инфекциялық, оның ішінде 120 реанимациялық кереуетті жасақтау мүмкіндігі бар. Мұндай кереуеттер инфек­циялық стационарлар жаңа модульдік ауруханаларда, облыстық ауруханаларда, сондай-ақ барлық аудандық аурухана мен Теңіз кен орнында да дайындалады, – дейді А.Байдуәлиев.

Оның айтуынша, өңірде үздіксіз жұмыс істейтін 8 ПТР-тест зертхана бар. Бұл зертханалар бір күнде 3 636 тест сынамасын зерттей алады. Ал 224 жасанды тыныс алу аппаратымен қамтылған медициналық мекемелерге қосымша тағы 14 аппаратты жеткізу көзделіпті. Қазір облыстық перинаталдық орталықта орталықтандырылған оттегі стансасы іске қосылған. Тағы 7 медициналық ұйымда оттегі стансасы іске қосылғалы отыр.

Өңірде 200 орындық модульді инфек­циялық аурухана құрылысы жүріп жатыр. Онда 180 стационарлық төсек, 20 кереует­тік реанимация мен қарқынды терапия бөлімдері болады. Аурухана құрылысын «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясының тапсырысымен «BI Industrial» ЖШС қолға алған еді.

Жобалаушылардың мәліметіне сүйенсек, инфекциялық ауруханалар стандартымен салынып жатқан аурухана ғимараты жылдам құрастырылатын құрылыс технологиясына сәйкес, модульді блоктардан тұрғызылуда. Медицина қызметкерлері мен ем алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заманауи құралдармен жабдықталады. Ауруханада әкімшілік бөлігі бар медициналық блок, қабылдау-диагностикалық, операциялық блогы бар жансақтау, сондай-ақ галерея түріндегі дәлізбен байланысқан бірнеше бөлім бар. Нысан жобасы медициналық логистика мен инфекциялық бақылауды сақтай отырып, бір-бірімен ыңғайлы байланысқан блоктармен жасақталыпты. Карантиндік және қарқынды терапия бөлімдері бөлек орналасады.

Мұнда 56 екі, 16 үш орындық палата, 6 бір орындық, көшеге жеке шығатын есігі бар 7 екі орындық бокс, қарқынды тера­пия бөліміне 20 кереуетті орын, қабыл­дау-диагностикалық бөліміне 5 бокс қарастырылып отыр. Персоналға арнал­­ған санитарлық бақылау бөлмелері барлық құрылымдық бөлімшеде таза және инфек­циялық аймаққа бөлінген. Адам­дардың қозғалысы бір-біріне кедергі келтір­мейтін­дей санитарлық-гигиеналық және эпидемиялық талаптар қарастырылып отыр.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов өңір басшылығына коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу қамы үшін осындай қадау-қадау мәселелерді назарда ұстап, сондай-ақ карантин режімін сақтау қажеттігі туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

 

Атырау облысы