Аймақтағы теңізді ауданның тіршілігінде басқа өңірлерден көп өзгешелік бар. Мысалы, облыстың қалған алты ауданының негізгі бағыты – күріш өндірісі. Ал Аралда 1-2 елді мекен ғана бақша өнімдерін егеді. Қалған ауылдардың күнкөрісі төрт түлік пен балық шаруашылығына байланысты өрбіп отыр. Аудандағы іргелі кәсіпорынның бірі – мыңдаған адам еңбек ететін атақты «Аралтұз» акционерлік қоғамы. Теңізді аймақтың дамуына дем беріп отырған да осы тұзшылар.
Осыған дейін «Аралтұз» АҚ компаниясы индустрияландыру бағдарламасы аясында ас тұзы мен техникалық тұз өндіретін екі испан цехын іске қосқан. Тарихы тереңде жатқан кәсіпорынды қайта құру еңбек өнімділігін екі есе арттыруға және 1200-ден астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Жаңа технологиядан кейін өнім өндіру үш еседен астам өсіп, экспорттық үлес көлемі 75%-ға жетіпті. Кәсіпорын былтыр құны 8,4 млрд теңге болатын 467,1 мың тонна тұз өндіріпті. Соның 7,7 млрд теңгені құрайтын 369,8 мың тоннасы экспортталды.
Компания қазір өндірістік қызметті әртараптандыру мақсатында жылына 300 мың тонна кальцийленген сода өндіретін зауыттың құрылысын салу жобасына кірісіп кетті. Жаңа өндіріс орны іске қосылғанда тағы 700 жұмыс орны құрылады. Бұл үшін мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 100 гектар жер телімі бөлініпті.
Осыдан 6 жыл бұрын іске қосылған бірінші испан цехына компания 2,1 млрд теңге жұмсаса, араға 2 жыл салып жұмысын бастаған екінші цех құны 1,4 млрд теңге болды. Келер жылы іске қосылуы тиіс үшінші цех «Арал тұз» АҚ үшін 3 млрд теңгеге түседі. Осылайша жаңа технология арқылы компания жылына 600 мың тонна тұз өндіру межесін иегерді. Тұздан тау тұрғызған компания аудан халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға да қомақты үлес қосып келеді.
– Пандемияның екінші толқынына дайындық барысында біз компания басшылығына 10 млн теңге көлемінде көмек көрсетуін сұрап, қолқа салдық, – дейді аудан әкімі Мұхтар Оразбаев. – Акционерлік қоғам өтінішімізді еселеп орындап, жалпы сомасы 50 млн теңгенің көмегін көрсететінін хабарлады. Қазір компания есебінен алынған дәрілер мен қажетті жабдықтар арнайы қоймада жиналып тұр. Енді екі «Жедел жәрдем» көлігін күтіп отырмыз.
Арал туралы әңгіме болғанда балық шаруашылығын айтпай кету мүмкін емес. Аудан аумағында балық шаруашылығы маңызы бар Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені мен ұзын саны жиырмаға жуық көл бар. Осылардан балық аулау лимиті биыл 7 050 тонна болып бекітілген. Кезінде теңіз жағалауынан алыстап, атакәсіптен ажырап қала жаздаған аралдықтардың даниялық балықшылар бастаған «Каттегаттан Аралға дейін» атты жоба аясында теңізге жіберілген камбала балығын аулап, лаждаған кезі де болған. Кейін «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының бірінші кезеңі нәтижесінде Кіші Арал теңізі толып, алып айдындағы балық түрі 22-ге жетті. Көкарал бөгеті салынғалы бері Кіші Аралдағы су деңгейі 42 метрге көтеріліп, жалпы аумағы 328 мың гектарға ұлғайды. Теңізден балық аулау көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 20 есеге өсіп, қазір 8 мың тоннаға жетті. Балық аулау көлемінің артуынан осы саладағы шаруашылықтар мен өңдеу кәсіпорындарында мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Қазір өңірде 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Осы кәсіпорындар тек биылдың өзінде 1 575 тонна балық өнімін Ресей, Польша, Германия, Қытай мен Грузияға экспортқа жіберді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігін айтқан еді. Бұл аралдық ағайындардың атакәсіпті жандандыра түсуге деген ықыласын оятып отыр. Теңіз жағалауындағы жұртшылық балықты аулау ғана емес, оны өсіруге де айрықша мән береді. Ауданда Қамыстыбас балық өсіру тұқымбағы бар. Оның Тастақ учаскесіндегі балық өсіру инкубациялық цехтары да тұрақты жұмыс істеп тұр. Табиғи су айдындарында балық қорын көбейту мақсатында республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға жыл сайын Кіші Арал теңізіне, Ақшатау, Приморский, Қамыстыбас көлдер жүйесіне осы тұқымбақта өсірілген бір жылғы 14 млн 800 000, екі жылғы 420 мың шабақ жіберіледі.
Былтыр «Арал теңізі» балықшылар қоғамдық бірлестігінің бастамасымен балық қорын көбейту мақсатында қолға алынған жоба жемісін беріп, «Ғаламдық экологиялық қордың» 11 млн теңге қаржылай қолдауымен Ақшатау ауылында инкубациялық цех салынды. Оған Ресейден УЗВ қондырғылары алынып, жұмыс басталып кетті. Биыл жоба жетекшілері осы цехтан 4 миллион шабақты айдынға жіберді.
Осыған дейін аралдықтардың басты мәселесі көшелер мен жолдардың жағдайы болып келгені жасырын емес. Биыл осы мақсатқа 662,6 млн теңге бөлініп, Арал қаласындағы 33 көшені жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазір жалпы ұзындығы 17 шақырымнан асатын 28 көшенің жолына асфальт жабындысы, ал 5 көшеге қиыршық тас төселді. Аудандағы Ескіұра елді мекенінің кіреберіс жолы да ретке келтіріліп жатыр. Ол жыл соңына дейін толық аяқталады.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тұзшылар мекені Жақсықылыш кентіндегі 18 көшені орташа жөндеу үшін 337,7 млн теңге қаралыпты. Осы мақсатта мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, бүгінде жеңімпаз болып танылған мердігер «Арал құрылысы» ЖШС жұмысқа кірісті. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 42,7 млн теңгеге Тоқабай елді мекеніне кіре беріс жолы жөндеуден өткізілуде. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға «Ақлақ – Қаратерең», «Самара – Шымкент – Бекбауыл», «Жаңақұрылыс – Бекарыстан би» автожолдары жөнделіп жатыр.
Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020-2021» бағдарламасы шеңберінде ауданда 16 жобаны іске асыруға 2,9 млрд теңге қаржы қаралған. Жұмыссыздықтың алдын алуға арналған бағдарламаға орай аудан орталығындағы екі колледж күрделі жөндеуден өткізіліп, «РБ-Строй» ЖШС қаладағы мұрағат ғимаратын жаңартып жатыр.
Аралдағы өндірістік алаңнан ірге көтерген тағы бір нысан – Qazaq Camel ЖШС-нің құрғақ түйе сүтін өндіретін кәсіпорны. Құны 1,5 млрд теңге болатын жоба толық іске қосылғанда мұнда 130 адам еңбек етеді. Қазір қажетті жабдықтар толық жеткізілді. Серіктестіктегілер енді шетелден оны орнататын мамандардың келуін күтіп отыр. Кәсіпорын өнімі негізінен шетелге экспортталады.
Бұрын сауда орындары санаулы ғана Арал қаласында кейінгі кездері ірі орталықтар салына бастаған. Былтыр «Сулпак» дүкені іске қосылса, жуырда тұрмыстық техникалар сататын «Эврика» сауда орталығы жұмысын бастады. Жаңа сауда үйі 32 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Өткен жылы «Egemen Qazaqstan» газетінде осы аудандағы Сексеуіл кентінің шеткі аймағындағы балалардың орталықтағы мектепке қатынау үшін ондаған рельстен өтіп жүргені туралы мақала жарияланған еді. Сол күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Твиттер парақшасында «Egemen Qazaqstan» газетіндегі «Темір жолды жағалап топ бала жүр» атты мақаладан Сексеуіл кентінде 360 бала күнделікті мектепке бару үшін 13 рельсті кесіп өтетінін оқыдым. Бұл – өте өзекті мәселе. Оны шешу үшін Үкімет нақты шаралар қабылдауы қажет» деген пікірін жариялады. Осыдан кейін сең қозғалып, ұзақ жыл сағызша созылып келген мәселе қысқа уақытта шешімін тапты. Кентте «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020-2021» бағдарламасы аясында салынып жатқан мектеп құрылысын көрдік. Пандемия кесірінен мамыр айында басталуы тиіс нысанның алғашқы кірпіші тамызда қалана бастапты. Құны 733 мың теңге болатын 300 орындық білім ошағын салып жатқан «Энергомера» ЖШС өкілдері нысанды жыл соңына дейін аяқтауға тырысатындықтарын айтады.
– Мына вирус кедергі болмағанда осы уақытта бітетін құрылыс еді. Уақыт қанша тығыз болғанымен де сапасына баса мән береміз, – дейді учаске бастығы Айдай Боранбаев. – Қазір мұнда 70-ке жуық адам еңбек етуде. Олардың дені жергілікті жігіттер. Жақын арада Алматы қаласынан тағы 30-дан астам жұмысшы келеді.
Құрылысшылар материалдарды Қызылорда, Арал, Ақтөбе мен Шымкент қалаларынан алдыруда. Нысанның төбесін жауып, жылу қазандығын салып бітірген мамандар енді бар күшті ішкі жұмыстарына жұмсамақ.
Аудандағы әлеуметтік нысандар қатары жақында Шижаға ауылында салынған емханамен толықты. Оны мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында қазір Шымкент қаласында тұратын осы ауылдың тумасы салып беріпті. Бұл саладағы тағы бір жаңалық жақында Арал қаласында IQ білім беру орталығы ашылғаны болып тұр. 10-11 сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындау, мотивациялық тренингтер ұйымдастырып, болашақ білікті маман болуына бағыт-бағдар жасауды көздейтін орталықта қазір 33 оқушы білім алып жатыр. Алдағы уақытта бастауыш сынып оқушыларын да қамтып, оларды Назарбаев зияткерлік мектебі, Білім және инновация лицейлеріне түсуге дайындау да жоспарда бар. Орталықтағылар бірінші тоқсан каникулында ауыл мектептері оқушылары үшін онкүндік оқыту семИнарын өткізуді ойластырып отыр.
Бүгінде елімізде тұрғын үй мәселесінің ең өткір әлеуметтік проблемалар қатарында тұрғаны рас. Аралда да өз баспанасына қол жеткізгісі келетіндер қатары аз емес. Сондықтан да биыл көктемде қаладағы №2 шағын аудан аумағынан 1 қабатты 4 пәтерлі он тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жоба қаржысы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» келісімшарт негізінде облыстық бюджет есебінен бөлініп отыр. Соған сәйкес жаңа баспанаға аталған банк арқылы кезекте тұрған салымшылар қол жеткізе алады. Осылайша жыл соңына қарай бір мезетте аралдық 40 отбасы баспаналы болмақ.
Теңізді ауданда елді мекендерді газдандыру, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында да баянды бастамалар бар. Бұл сонау бір жылдары тартылған теңізді тастай көшкен елдің байырғы жұртқа оралып, бүгінде берекелі тіршілікке бет бұрғанын көрсетеді.
Қызылорда облысы