• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қараша, 2020

Маңғыстауда коронавирус жұқтырған 160 медицина қызметкеріне өтемақы төленді

161 рет
көрсетілді

Маңғыстау облысында коронавирус инфекциясына шалдыққан 160 медицина қызметкеріне 320 млн теңге өтемақы төленді. Қауіпті індеттен көз жұмған 8 медицина қызметкерінің жанұясына 80 млн теңге, қосымша 1 қызметкерге жергілікті бюджеттен 10 млн теңге төленді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаева мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ол өңірлік баспасөз конференциясында жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы қызметкерлерінің үстемақы төлеу мәселесіне тоқталды.

"Мәселен, қазан айына дейін үстемақы төлеуде қызметкердің нақты жұмыс істеген уақыты күндермен есептелсе, 15 қазаннан бастап тәртіп өзгереді. Енді жұмыс істеген уақыттары сағатпен есептелетін болды. Бұл жағдайда бұрынғы нұсқамамен соңғы төленетін үстемақының мөлшері едәуір азаятыны анықталды. Жедел-жәрдем қызметінің кіші буын қызметкерлеріне үстемақы төлеу көзделмеген. Десе де пандемия кезінде жұмыс көлемінің ұлғаюына байланысты, кіші буын қызметкерлерінің жалақы көлемін ұлғайту мәселесі қарастырылады", - деді Жамал Жаманбаева.

Өңірдегі І және II деңгейді инфекциялық стационарда 57 адам ем алып жатыр. 57 науқастың 8-і тест тапсырған, сынама оң нәтиже көрсетті.

"Қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде 5 науқас жатыр. 4 науқастың жағдайы ауыр, тағы 1 науқас өте ауыр хәлде деп бағалануда. Біреуі тыныс алу аппаратына қосылған. Бұл бөлімге түскендердің нашарлауына жедел тыныс жетіспеушілігі және ілеспе аурулардың болуы себеп.  Бүгінде аймақтың оқшаулау орындарындағы төсек-орын жүктемесі 27 пайызды құрайды. Сондай-ақ Маңғыстауда жедел-жәрдем автокөлігінің санын көбейту мақсатында 62 реанимобиль алынады. Қазіргі уақытта 20 жедел-жәрдем көлігі пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін ауылдық елді-мекендерге 34 медициналық УАЗ автокөлігі алынатын болады. Күні кеше 2 жылжымалы медициналық кешен алынып, Қарақия және Түпқараған ауданына берілді", - деді Жамал Жаманбаева. 

Облыс көлемінде 215 инфекциялық І-ІІ сатылы төсек орын, реанимациялық төсек саны 43. Анықтамасыз шетелден келген Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтарына арналған карантиндік стационарларда барлығы 270 төсек орын бар.